Қазақстан кеңістігіндегі түркітану

Қазақ тіл білімі жалпы түркілік зерттеулер сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген энциклопедист ғалым М. Қашқаридің Диуани лұғат­ат­түрк еңбегінен бастау алады. Қазақ тілінің зерттелу тарихы жалпы түркі тілдерінің зерттелуімен байланысты. Қазақ тіл білімі түркітану ғылымының бір саласы болып табылады. Түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың басым көпшілігі бір кездегі Ресей империясына қарағандықтан, түркітанудың алғашқы пайда болған жері де сол Ресей екені белгілі жайт. Түркі тілдерінің тарихын зерттеудің аса маңызды көздері – Орхон­ Енисей, көне ұйғыр жазба ескерткіштері, ортағасырлық араб, парсы, түркі ғалымдарының еңбектері және ХVІІІ ғасырдан бергі Батыс Еуропа мен орыс ғалымдары зерттеулері. ХІХ ғасырға дейінгі ғылыми еңбектерде түркі тілдері даралана зерттелуден гөрі жалпы түркі тілдерімен немесе оның жеке топтарымен (оғыз, қыпшақ, қарлұқ т.б.) практикалық түрде танысу негізінде оларға тән заңдылықтарды анықтау, салыстырмалы сөздіктер жасау, шағын грамматикалық очерктер жазу дәрежесінде болғаны белгілі. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Ресейде түркітану ғылымының негізі салынды. Бұл кезде Мәскеу, Петербор, Қазан қалаларында ірі түркітану орталықтары қалыптасып, М.А. Казам­Бек, О.фон Бетлингк, И.Н. Березин, Л.З. Будагов, Н.И. Ильминский сияқты түркітанушылар түркі тілдерін теориялық тұрғыда зерттеуге ден қойды. ХІХ ғасырдың 60­жылдарынан бастап түркі тілдерінің қай­ қайсысы болсын зерттеу нысанына айналуымен қатар, өзара жүйелі түрде салыстырылып отырды. Көне және орта түркі жазба ескерткіштері мен түркі тілдері арасындағы генетикалық, құрылымдық байланыс анықталып, түркі тілдерін жіктеуге үлкен мән берілді. Оған сол кездегі Петербор мектебінің көрнекті өкілдері В.А. Гордлевский, А.Н. Самойлович, С.Е. Малов, Н.Ф. Катанов, Н.И. Ашмарин, В.А. Богородицкий т.б. зор үлес қосты. Олар бірқатар жалпытүркілік сөздіктер мен күрделі зерттеулер қалдырды. Сонымен қатар, ХVІІІ­ХІХ ғасырларда Орал­Алтай тіл білімінің дамуына байланысты түркітану проблемалары Батыс Еуропа ғалымдары Ф. фон Страленберг, В. Шотт, М.А. Кастрен, Г.Й. Рамстедт, В. Томсен т.б. еңбектерінде зерттелген болатын. Қазақ тілі кіретін қыпшақ тобындағы түркі тілдер жайында материалдар, мәліметтер орыс тарихы үшін көне замандардан­ақ белгілі болған. А.Н. Кононов ескі қолжазбаларда көп кездесетін кірме сөздерге орысша түсініктер беріліп отырғанына қарап, сөздік жасау тәжірибесі орыстарда ХІ ғасырдан бұрын болған деген пікірді қостаған. Осындай лексикографиялық тәжірибенің алғашқы үлгілері ретінде Се татарский язык және Толкование языка половецкого деп аталатын екі сөздікше болғанын көрсетеді (Кононов А.Н. История изучения тюркских языков в России. – Л., 1982.). ХІХ ғасырдың орта кезеңінде орыс ғалымдары түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының этнографиясын, тарихын, тілін, әдебиетін ғылыми талдаулар жасай отырып, зерттеуге кірісті. Зерттеу жұмысымен айналысатын орысша оқыған бірлі­екілі зерттеуші қазақ арасынан да табылды. Бұлар қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақын­жыраулардың өлең­жырларын жазып алып, кітап етіп бастырды. Орыс алфавитінің графикасымен қазақ тілінде кітаптар жазды. Бұл ретте Ш.Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, И.Н. Березин, Н.Н. Пантусов, А.Е. Викторов және т.б. еңбектерін атауға болады. І Петр заманында Сібірді мекендеген түркі халықтарының тілдерін зерттеу жолға қойыла бастағаны белгілі. 1725 жылы Петербор Ғылым академиясы құрылған соң, бұл бастама жүйелі сипат алды. Еділ, Каспий бойындағы, Орал, Сібір, Орта Азиядағы түркі халықтарының тарихын, қоныс, тұрмыс жайын, тілі мен әдебиетін зерттейтін арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. 1747 жылы академик П.С. Палластың (1711­1811 жж.) басқаруымен Барлық тілдер мен наречиелердің салыстырма сөздігі деп аталатын 4 томдық еңбегі (1790­1791 жж.) жарық көреді. Онда 19 түркі тілдерінің лексикалық деректері қамтылған еді. А.Н. Кононов осы сөздікте қазақ сөздері берілгеніне қарап, басқа көптеген түркі тілдері сияқты қазақ тілінің зерттеу объектісіне айналуы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады деген пікір айтқан. Сонымен қатар қазақ тілі туралы ХVІІІ ғасырдың соңғы кезеңінде жиналған бірқатар қолжазба материал Ф.П. Аделунгтың (1768­1843) архивінде сақталғанын көрсетеді (Кононов А.Н. История изучения тюркских языков в России. – Л., 1982.). Қазақ тілі лексикасын алғаш салыстырып зерттеген ғалымдардың бірі – көрнекті неміс ғалымы Юлиус Генрих Клапрот (1783­1835 жж.). Оның 1825 жылы жазылған еңбегінде алдымен қазақ халқы туралы қысқаша тарихи анықтама, одан соң түрік, Қазан татары, Тобыл татары және монғол тілдерінің сөздерімен салыстыра отырып жасаған қысқаша французша­қазақша сөздікше берілген (Klaproth J. Sur la langue kіrgіz. – Kazan, 1825.). Одан кейін ХІХ ғ. 20­30 жж. аралығында Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет еткен Алексей Ираклиевич Левшиннің (1799­1879 жж.) Описание киргиз­казачьих или киргиз­кайсацких орд и степей (СПб, 1832) деп аталатын қазақ тарихы мен этнографиясын зерттеуде елеулі із қалдырған еңбегінде қазақ тіліне, әсіресе оның фонетикасы мен лексикасына едәуір көңіл бөлген. Мысалы, басқа түркі тілдеріндегі ш орнына с; й орнына ж айтылатынын көрсеткен (бұл кітап 1996 жылы «Санат» баспасынан қайта басылып шыққан болатын). Орыс түркітанушылары мен миссионер­ғалымдарының қазақ тілін практикалық мақсатта жүйелі түрде даралай зерттеулері ХІХ ғасырдың орта шенінен басталады. Осы орайда орыс түркітанушылары қатарында Г.И. Спасский, С.С. Уваров, Х.Ф. Френ, М.А. Казем­Бек, Г.С. Саблуков, О.фон Бетлингк, А.Н. Самойлович, В.В. Зернов­Вельяминов сияқты құнды еңбектерімен танымал болған, түркологияға өздерінше үлес қосқан ғалымдарды атап өтпеуге болмайды (Қайдаров Ә., Оразов Ғ. Түркологияға кіріспе. – Алматы, 2004.). Олардың еңбектерінің бірқатарында тек практикалық емес, ғылыми талдаулар да жасалып отырды. Белгілі шығыс зерттеушісі, ғалым­миссионер, профессор Николай Иванович Ильминский (1822­1891 жж.) 1860­1861 жылдары Қазанда шыққан Материалы к изучению киргизского наречия деп аталатын еңбегі шын мәнісінде миссионерлік мақсатта жазылған еңбек болатын. Сөйте тұра ол қазақ тілінің грамматикалық жүйесін зерттеуге арналған алғашқы еңбек болып табылады. Кезінде бұл еңбек қазақ тілін үйренушілер арасында аса бағалы оқу құралы болғаны белгілі (Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. – Казань, 1861.). Н.И. Ильминскийдің Материалы к изучению киргизского наречия атты еңбегі үш бөлімнен (кіріспе, дыбыс бөлімі, грамматика бөлімі және сөздік) тұрады. Осы еңбектің сөздік бөлімінде қазақ сөздері орыс тіліне аударылып, сөз мағыналарын кең түсіндіруге мән берген. П.М. Мелиоранский сөздіктің шағындығына қарамастан, оны өте жоғары бағалаған. Бұл сөздікті қазақша­орысша алғашқы сөздіктердің бірі деп қарауға болады. Н.И. Ильминскийдің бұл еңбегі туралы айтылғанда мынадай жайттар есте болуы керек. Біріншіден, автор қазақ тілін жеке тіл ретінде емес, наречие деп зерттеген. Мұның себебі түркі тілдерінің шыққан тегі жағынан бір­біріне жақындығына қарап, ол кезде олардың бәрі түрік тілінің наречиелері (диалектілері) деген көзқарас орын алған (В.В. Радлов, Л.З. Будагов және т.б.). Екіншіден, Н.И. Ильминский өзінің еңбегін қазақ (қырғыз) наречиесін зерттеу материалдары деп атағанымен, оларды өзі атап көрсеткендей, «Жартылай Орынбордан, жартылай Орал даласының батыс жағынан және жетірулықтар мен байұлылықтар қоныстанған жерлерден жинадым», – дегенді атап айтады (Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия//Учение записки Казанского университета. – Казань, 1861.). Бұл материалдардың жалпы қазақ тіліне тәндігінен гөрі белгілі аймақтық сипаты басым екені байқалады. Сол себепті Н.И. Ильминский жинап бастырған материалдарды С.А. Аманжолов қазақ тілінің батыс диалектісін зерттеу үшін құнды еңбек деп бағалайды (Аманжолов С.А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алматы, 1959.). Шыққан мерзімі жағынан Н.И. Ильминскийден кейін аталатын Михаил Африканович Терентьевтің (1837­1909 жж.) Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская (СПб., 1876) атты еңбектерін айтпай кетуге болмайды. М.А Терентьев еңбегінің алғы сөзінде қазақ тіліне қатысты грамматика бөлімін Н.И. Ильминскийдің Материалы к изучению киргизского наречия еңбегіне сүйеніп жазғанын, кейін оны сұлтан Ж. Бөкеев пен Г.Г Ибрагимовтың қарап шыққанын ескертеді (Терентьев М.А. Грамматика турецких, персидских, киргизских и узбекских языков. – СПб., 1875.). Еңбек негізінен қазақ тілінің морфологиясына арналып, онда сөз таптары жайында бірқатар талдаулар жасалған. І.К. Кеңесбаев Н.И. Ильминский тұрғысында былай деп атап көрсетеді: «Роль Н.И. Ильминского в истории изучения казахского языка особенно велика, ибо он проложил первую тропу в его изучении, за что и снискал всеобщее уважение» (Кенесбаев І.К. Основные вехи изучения языка казахского народа. – Алма­Ата, 1967.). Н.И. Ильминский өзінің тілмаштық қызмет атқарып жүрген жылдары қазақ тілінің практикалық жағының нығая түсу себебін былайша түсіндіреді: «Моя трехлетняя служба в Оренбургском крае сблизила меня с киргизами (казахами). Я был изумлен, что этот народ, кочевой, чуждый, на наш взгляд цивилизации, и по­татарский почти вовсе неграмотный, обладает однако же замечательным искусством говорить; я полюбил киргизский язык, характерный, сохранивший в себе много следов тюркского быта. Киргизская степь окончательно воспитала во мне уважение вообще к народному языку на который я стал смотреть как на подлинный документ для лингвистических исследований, тогда как книжный язык представлял больше или меньше искусственную, случайную и произвольную смесь разных языков и наречий. С таким радикально изменившимся взглядом вернулся я в Казань” (Гумбольдт В. фон. Избранные труды по языкознанию: пер с нем. / под общ. ред. Г.В. Рамишвили: посл. А.В. Гулыги. – 2­е изд. – М.: Прогресс, 2000.). 1859 жылы Орынбор қазақтары облысының бастығы болған В.В. Григорьев Н.И. Ильминскийге қазақ балаларын орыс тіліне жаттықтыратын тілашар оқулық жазуды тапсырған. Н.И. Ильминскийдің қазақ балаларына арнап жазған тілашар оқулығы Самоучитель русской грамоты для киргизов деген атпен 1861 жылы Қазан қаласында жарық көреді. Н.И. Ильминскийдің қазақ балаларына арнап жазған бұл оқулықтан басқа, екінші еңбегі – Материалы к изучению киргизского наречия. Бұл еңбек те 1861 жылы Қазан қаласынан басылып шықты. Өз ісіне қатаң талап қоя білетін Н.И. Ильминский өз еңбегінің алғысөзінде былай деп жазған: «В том убеждений, что мой краткий опыт прочтут только те, которые занимаются восточными языками и уже знают по­татарский, я в грамматической части указал почти только отличные от татарских киргизские формы. Несколько пообширнее мой словарь, но и он далек от полноты» (На память о Николае Ивановиче Ильминском. – Казань, 1892.). Материалы к изучению киргизского наречия еңбегіндегі шағын сөздік басылып шығып отырған қазақша­орысша сөздіктердің басы еді. Н.И. Ильминский сөзтізбені орыс алфавитіне өз тарапынан қосқан толықтыруларды пайдалана отырып, еңбектің алғашқы грамматикалық бөлігіндегі дыбыстардың орналасу тәртібіне сай, өзі түзген жүйе бойынша құрған. Бұл тұрғысында М. Малбақов былай дейді: «Ондағы көздеген ойы – этимология дыбыстардан басталады деген ой желісін өрбіту, дыбыстарда, олардың орналасу тәртібінде белгілі бір заңдылық бар дегенді дәлелдеу болса керек» (Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. – Алматы, 2002.).

Читайте также:  Кəсіпорынның іскерлік беделін бағалау əдістері

Оставить комментарий