ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЙ ТЕАТРЫНЫҢ 1937 ЖЫЛҒЫ ДЕПОРТАЦИЯҒА ДЕЙІН ҚИЫР ШЫҒЫСТА ҚҰРЫЛУЫ

Алматыдағы Мемлекеттік музыкалық комедия корей театры – Корей түбегінен тыс жерде орналасқан жалғыз корей театры. Басынан кешкен орасан қиыншылықтарға қарамастан осы күнге дейін өзінің ұлт алдындағы рухани парызын мақтанышпен атқарып келеді деп айтуға болады. Өткен 2007 жылы Қазақстандағы Корей театрына 75 жыл толды. Ал осы театрдың негізі ХХ ғасырдың басында Ресейдің Қиыр Шығысында құрыла бастаған көркем өнерпаздар үйірмесінен басталады. Қазақстандағы Республикалық Корей музыкалық комедия театры 1932 жылы Ресейдің Қиыр Шығысында дүниеге келген болатын. Оның негізін сол кезде Қиыр Шығыста кең өріс алған театрлық өнерпаздар үйірмесі құраған болатын. Олар Қиыр Шығыстағы Владивосток, Благовещенск, Чита, Хабаровск, Ново- Уссуриск қалаларында орналасып, негізінен қойылымдардың өткізілуіне тәуелді болған. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қызмет етіп келген бұл кішкене үйірмелер ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін труппаламен ауыса алатындай стационарлы болмады. Алайда 20 жылдардын бастап, корей үйірмелері қойған қойылымдарының мазмұны социалистік бағытта өзгерді. Корей драматургы мен Корей театрының әйгілі режиссері Иосиф Кимнің еңбектерінен жоғарыда айтылған корей театрының негізі болған бірнеше көркем өнерпаздар үйірмесін атап өте аламыз. Мысалы: Владивосток қаласындағы темекі фабрикасының тұсындағы үйірме, «Щинханчон» (Корейлік жаңа ауыл) клубы тұсындағы үйірме, Владивосток қаласының № 8 мектеп тұсындағы көркем өнерпаздар үйірмесі, «Пуциловка» ауылының шаруа жастарының үйірмесі және педагогикалық техникум тұсындағы көркем өнерпаздар үйірмесі /1/. Ресейдің Қиыр Шығысындағы корей және қытай театрларының құрылуы туралы В.А. Королеваның жазған мақаласында «Корей театрының негізін құраған үйірмелердің қызметі туралы алғашқы мәліметтерден олардың қарапайым көркем өнерпаздар үйірмесі екенін білуге болады. Ал актерлер ретінде, әрине, колхозшылар, балықшылар, студенттер болды,» деген /2, 217/. Бұл мәліметтен олардың тек театр негізі ғана болмай болашақ Корей театрының өмірі мен тағдырының ерекшелігін анықтаған болатын. Өйткені сол кезден бастап корей театрлық үйірмелері ауылды жерлер мен колхоздарды аралап гастрольдерге шығатын. Алайда бұл үйрмелердің нақты қай күні құрылғаны туралы мәліметтер жоқ. Бірақ, көркем өнерпаздар үйірмелеріндегі корей актерлерінің қызметі 1920-1932 жылдарды қамтиды деп есептеледі. Бұл сол кездегі елдегі саяси өзгерістерге байланысты: Қазан революциясының жеңуі Кеңес Өкіметінің билікке келіп, соның себебінен ҚиырШығыста корейлік жер шаруашылығы мен балық шаруашылығы колхоздары пайда бола бастады. ХІХ ғасырдың аяғына дейік кәрістер тек өз шаруашылығы мен күн көруін ғана ойлаған болса, ХХ ғасырдың басынан бастап олар саяси өмірге де араласып, қызығушылық танытатын болды. Мұның бірнеше себебі бар деп айтуға болады. Ең алғашқы себебі ретінде Орыс-жапон соғысы. Бұл соғыстың негізінен Корей жері мен Қиыр шығыста жүргізілгені белгілі. Соғыстың зардаптарын әрине жергілікті тұрғындар көрді. Сол кезде Қиыр Шығыстың тұрғындары ретінде кәрістер мен қытайлардың саны басым болды. Екінші себебі ретінде Кореяның немесе Чосон мемлекетінің жапон аннесиясына ұшырауы. Туған жерлерінің жапондардың қол астына өтуі корей халқының беткеұстарларынан бастап шаруаларына дейін мазалаған болатын. Оған мысал болатын сол кездегі Қиыр Шығыстағы кәрістерінің ақпаратшысы «Сонбон» (Авангард) газетінің мақалалары. Және де үшінші себебі Кеңес Өкіметінің орнауы мен халықты сауттандыру мен саясаттандыру шаралары болып табылады. Мұндай шарттарда корей театрының негізі болған үйірмелердің атқараған рөлі орасан болды. Тек театр ғана заманның осындай шарттарында халықтың ойы мен сезімдеріне эмоциналды әсер ете алатын күшке ие болатын. Мұны байқаған Кеңес өкіметі театр мен театрлық қойылымдарды барынша кеңестік мазмұнды қамтуына бағыттады. Мысалы Қиыршығыстық большевиктер партиясының ішкі комитеті театрлық қойылымдар басқармасын ұйымдастырып, оған Қиыр Шығыстағы барлық театрлар мен үйірмелер бағынышты болды /2, 217/. Ең алғаш Владивостокта құрылған Жұмысшы Жастар Театры 1930 жылы құрылып, оның директоры болып Ён Сенён тағайындалды. Ал бұл театрдың ұжымы небәрі отыз адамнан тұрды. Бұл театрдың алғаш қойылымы ретінде ұжымдастырудың нағыз қайнап тұрған уақытында қойылған «Целина» атты спектаклі болды. Алайда бұл театрдың қызметі ұзаққа бармады. Егіннің шықпай қалуы мен аштықтың басталуы салдарынан 1931 жылы бқл театр таратылып, «Рыбник» профсоюзының орталық комитеті тұсындағы корейлік мәдени-насихат ұжымына айналды /1/. Осыдан бір жыл өткеннен кейін В.А.Королёва, Г.В. Кан и И.Ф.Кимнің Хабаровск өлкесінің Мемлекеттік архивіне сілтеме жасай отырып берген мәліметтеріне сүйенсек, яғни 1932 жылдың 9 қыркүйегінде корей драмалық көркем өнерпаздар үйірмесінің негізінде Корейлік аймақтық жылжымалы театры құрылған болатын /1, 2, 3/. Бұл театрдың құрылуына бірнеше қажеттіліктер әсер еткен болатын. Ең алдымен Қиыр Шығыста кеңес өкіметі орнағаннан кейін кәрістер санының күрт өсуін айтуға болады. 1932 жылдың 1 қаңтарында кәрістердің саны 199,5 мың адамды құраған болатын. Яғни, 1923—1931 жылдар араығында көшіп келген кәрістердің саны 89 мың адамға өскен, бұл көрсеткіштен кәрістердің саны революцияға дейінгі 60 жыл бойы көшіп келген кәрістер санынан екі есе артық болды /2/. Әрине, осындай көрермендер үшін бірнеше көркем өнерпаздар үйірмесі жеткіліксіз болды. Үйірмелерге қарағанда жоғары деңгейдегі жақсы жабдықталған құрылым, яғни, театр қажет болды. Жай ғана театр емес, кәрістер орналасқан бүкіл аймақты қамтитын жылжымалы театрды ұйымдастыру қажеттілігі туды. 1932 жылы корей театры құрылғанымен оның қызметі бірнеше қиыншылықтармен кездескенін Хабаровск Өлкесінің Мемлекеттік Мұражайынан табылған құжаттар анықтап көрсете алады. 1932 жылдың қыркүйегінен бастап 1933 жылдың сәуір айына дейін қызмет атқарған театрдың осы жылы таратылуына тура келді. Себебі театрдың алғашқы директоры Ким-Тхяйдың уақытылы есебін өткізбей, қаржысын өз бетінше жұмсауы болды. Сондықтан жас театрдың ұжымын Театрлық қойылымдар басқармасы қаржыландырудан бас тартып, театр ұжымын таратты. Ал театр директорын қызметінен босатып, қамауға алды. ВКП(б) Обкомының Корей театрының жұмысын тексеруі нәтижесінде мынадай ұсқынсыз көрініске куәгер болды: әртістер ешбір қолдаусыз қалып, материалдық жабдықтарға да мұқтаж болды. Театрдың белгілі мекен орны мен репертуары да болған жоқ. Бір қарағанда, мұндай тығырықтан шығар жол жоқтай болып көрінгенімен, театр актерлерінің тынымсыз еңбектері мен күш жігерінің арқасында 1933 жылы шілде айынан бастап корей театры өз жұмысын қайта бастады. Бұл жолғы корей театрының труппасына 18 актер – 15 ер адам және 3 әйел адам кірді. Директор қызметіне жеке тұлғалық қасиеттерімен бірге театр өмірі мен ұжымын жақсы танитын, корей тілін жетік меңгеруімен көзге түскен В. Тен ұсынылды. Осыдан басап, корей театының өмірі жақсы жаққа бұрылды. Театр дотацияларға ие бола бастап, репертуарын кеңейтіп, баспасөз беттерінен актерлер мен режиссерлердің табыстары туралы жариялана бастады. Осы кезден бастап Корей аймақтық жылжымалы театрының актерлер труппасы қалыптаса бастады, театрдың жанданып қалыптасуының негізі болған режиссерлер, драматургтар мен актерлері тәрбие ала бастады. Корей театрының Қиыр Шығыстағы қызметі тұсында (1932-1937жж.) төмендегідей шығармалар көрермендерназарына қсынылған болатын: 1932 ж. – Мун Седюннің «Жанып жатқан үй» және «Қызыл қаны»; 1933 ж. – Ён Сенённың «Қызыл жалын» мен «Тянфендон жалыны»; 1934 ж. – Ким Ги Чердің «Шығыс партизаны», Цай Ённың «Шығыс теңізінен келеген белгі», Тхай Дячунның «Аралық»; 1935 ж. – Ли Деннимнің «Чунхян атты қыз туралы әңгіме», Цай Ённың «Тянханмонг», Ким Хяунның «Солтүстік- Шығыс магистралі», Дин Удың «Шкипер Сансеб», Тхай Дячунның «Син Черсан»; 1936 ж. – Чай Ённың «Симчен атты қыз туралы әңгіме», Ли Гирсу, Цой Гирчун мен Тхай Дячунның «Қолдан қолға ауысқан қызыл жалау», Ён Сенённың «Дауылдан кейін» мен «Олимпик», А. Арбузовтың «Алты сүйікті», Б. Белоцерковскийдің «Өмір шақырады»; 1937 ж. — К. Треневтің «Любовь Яровая» мен Тхай Дячунның «Құлдар» атты қойылымдары театр сахнасынан орын тепті. Аталған шығармалардың ішінен «Чунхян атты қыз туралы әңгіме» атты шығарманы ерекше атап өткен жөн. Бұл осы аттас классикалық шығарма негізінде жасалғандықтан аталмыш театрдың сахнасынан әлі күнге дейін көруге болады. Көптеген өнертанушылар корей театрының өмірі осы шығарманы қойған күннен бастап санауға болады дейді. Бұл шығарма корей театрының бетке ұстар шығармасы ретінде атауға болатын себебі – бқл шығармады театрдың ең үздік актерлерінің ойынын да айтуға болдаы. Иосиф Кимнің айтуы бойынша бұл спектакльдің премьерасы 1935 жылдың 6 қыркүйегінде «Синханчхон» клубында қойылған. Оның табысы күткеннен де асып түскен болатын. 1935 жылғы 4 қыркүйекте жарық көрген «Сонбон» корей газетінде театр құрылғалы үш жыл өтіп, он пьесадан артық қойылымдардың жарық көргеніне қарамастан «Суретші Пан Ирчудің көркемдеуіндегі Ён Сенённың «Чунхян атты қыз туралы әңгіме» атты қойылымы жүздеген аншлагқа төтеп берді. Адамдар осы қойылымды көру үшін ғана Владивостокқа арнайы келеді. Осы қойылымның арқасында ғана театрды енді мамандандырылған деген атауға ие бола алады,» деген жолдарды оқуға болады /1/. Бұл шығарманың табысты болуы актерлердің музыкалық, билеу өнері мен сахналық көріністері нағыз ұлттық нақышты бейнелеп көрерменге жеткізе алды. Және тағы бір маңызды жағдай: корей дәстүрлерін бекем ұстанған ересектер мен Ресейдің Қиыр Шығысында туылып, кеңестік мемлекетте жаңаша тәрбие алып жатқан жастардың да көңілінен шыққан шығармаға айналғаны. Осы Ресейдің Қиыр Шығысында қарапайым адамдар өздерінің құрметті орнын тапқан алғашқы да жалғыз корей ұлттық театры дүниеге келді. 1935 жылға қарай театр орталық және жергілікті өкіметтің қолдауымен аяғына нық тұра алатын жағдайға жетті. Театр директоры В.Тен мен режиссер Цой Енның және бүкіл ұжымның бірлескен еңбектері театрдың болашақтағы шығармашылық өмірінің табысына әсер етті. Театр ұжымының қатарына Ким Дин, Ем Сен Ен, Цой Бондо сияқты талантты актерлері мен режиссер Ен Сен Ен сияқты талабы мол тұлғалар қосылды /2/. Алайда мұндай шығармашылық табыстарға қарамастан театр өз мүмкіншіліктерін барынша жүзеге асыра алмады. Өйткені театрдың өз ғимараты болмады да, клубты жалға алып қойылымдарды қойған болатын. Сондықтан 1937 жылдың 13 мамырында қойылған «Любовь Яровая» атты спектакль Владивосток қаласының М.Горький атындағы театрының сахнасында қойылған болатын. Алайда бұған қарамастан бұл қойылым бас айналдырар табысқа жетті. Спектакль аншлагпен өтті: «Театр көрерменге толы болды. Спектакльді тек кәрістер ғана емес, корей тілін білмейтін адамдар да көрді,» — деп баспасөз беттерінен оқуға болатын еді /2/. Алайда, осындай бас айналдырар табыстан небары төрт айдан кейін құрамында 22 адам қызмет ететін Корей аймақтық жылжымалы театры басқа да ұлттық мекелермен бірге КСРО СНК мен ВКП(б) №1428-326 сс «Қиыр Шығыстағы шекараға жақын аймақтағы корей ұлтты тұрғындарды көшіру туралы» 1937 жылдың 21 тамызында қабылданған қаулысы бойынша Қазақстандағы Қызылорда қаласына көшірілді /3/. Сол кездегі театрдың замандастары Корей аймақтық жылжымалы театрының қыөметін жоғары бағалағап, оны «шынайы мәдениет ошағы» деп атаған болатын. Шынымен де театр Қиыр Шығыс аймағында орын тепкен корей тұрғандарын мәдени-ағартушылық пен тәрбиелік жұмысында жұмысшылар, балықшылар мен селолар мен колхоздарда ауыл шаруашылығымен айналысқан адамдардың алдында қойылымдар қою арқылы айтарлықтай маңызды рөл атқарды. Корей театры сол кездегі заманның саяси, экономикалық және басқа да қиыншылықтарға қарамастан Қиыр Шығыстағы кәрістерде кеңестік идеологияның қалыптасуына үлкен үлес қосып, сонымен қатар ұлттық сана-сезімін сақтап қалуына орасан зор үлесін қосты деп айтуға болады. Осы кезде театр ұлттық мәдениетін сақтап қалған тек ұлттық театр ретінде ғана емес, заманға сай мамандандырылған театр ретінде де қалыптасқанын атап өтіп, қазіргі күнге дейін кәрістердің жойылуға айналған коре маль, яғни корей тілін сақтап қалған бірден бір көзі деп атауға болады.

Читайте также:  Құқық философиясы туралы

Оставить комментарий