Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті

Қазақстандағы ұйғырлар дегеніміз, 1864 және 1881 жылғы патшалық Ресеймен Манжур­Қытай империялары арасында жасалған шекара бөлісі жөніндегі келісімнен кейін Қытай отарлығын мойындамай қазақ жеріне бас сауғалап келген ұйғырлардың ұрпағы болып табылады. Одан кейінгі әр түрлі тарихи, әскери, саяси өзгерістер мен дүрбелеңдер тұсында, әсіресе 1962 жылғы Құлжада болған “29 май қанды оқиғасынан” кейін Қазақстанға қашып өткен ұйғыр босқындарының есебінен көбейе түсті. Бұл күндері ұйғырлар көршілес қырғыз, өзбек, тәжік және түркмен жерінде өмір сүріп жатыр. Олардың жалпы саны 250­300 мыңдай деп есептелінеді. Алматы қаласында 1934 жылдан бері ұйғыр театры жұмыс істейді. Тек Қазақстан ұйғырлары ғана өз ана тілінде газет­жорналдар шығарып, ана тілінде білім алады. Орыс кирил алфавиті үлгісіндегі ұйғыр жазуын пайдаланады. Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті ғасырға жуық уақыт ішінде күрделі даму басқыштарын басып өтті. Ұлттық классиканың дәстүрлі үлгілерінен бір мезгіл қол үзіп қалған Қазақстан ұйғыр әдебиеті қазан төңкерісінен кейін пайда болған баспасөз төңірегінде ауыз әдебиеті негізінде қалыптаса бастаған болатын. Осы барыста туысқан қазақ, қырғыз, өзбек әдебиеті мен орыс әдебиетінің озық үлгіренінен үйреніп қалам тербеген ұйғыр ақын­жазушылары тез есейіп, әдебиеттің барлық жанрларында жемісті еңбек етті. Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінде прозалық жанр жетекші орын алады. Әсіресе ХХ ғасырдың 60 жылдарынан былай қарай әңгіме, повесттер шеңберінен алқыған кең тынысты романдар, дилогия, трилогиялар легі дүниеге келді. Олар негізінен тарихи таақырыптарға арналды. Ұйғыр халқының мәдени өміріндегі айтулы оқиғаның бірі ­ 1934 жылы Алматыда шаңырақ көтерген ұйғыр театрының ашылуы болды. Пердесі классикалық шығарма “Анархан” драмасымен ашылған ұйғыр театры И.Саттарвтың “Ғерип­Сәнәм” пьесасымен толықты. 60 жылдардан былай қарай кең тынысты, қат­қабат тартысқа толы драмалық шығармалар арт­артынан дүниеге келді. Х. Абдуллиннің “Лүтпулла”, Ш. Шаваевтың “Біләл Назым”, А.Ашировтың “Садыр Палван” драмалары сахыналанып ұйғыр театрын жаңа қойылымдарымен байыта түсті. Қазақстандағы ұйғыр поэзиясы да өзіндік қалыптасу, даму кезеңдерінен өтті. Аға буын ақындар И. Искандиров, И. Бақтия, Х. Хамраев, И.Бахниязовтар негізін қалаған ұйғыр поэзиясы 60 жылдардан кейін жаңа бөлеске көтерілді. Бұл жылдарда С. Маматқұлоев, М. Абдрахманов, Р.Розиев, М. Хамраев, И. Жалилов, Ж. Розахунов, А. Долетов, Д. Ясинов, А. Құтлықов, Б.Аршидинов, А. Ғаниев, И. Ушуров қатарлы ақындар поэзияның әр саласында көзге көрінерлік шығармалар жазды. Қазақстандық ұйғыр ақындары соңғы жылдары азаматтық, саяси лирикаға, отаншылдық рухтағы эпикалық жырларға көбірек ден қойып жүр.

Читайте также:  ЖЕТІ ЖАРҒЫ - ҚАЗАҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

Оставить комментарий