ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ

Елбасы өзінің 2011 жылдың 28 қаңтарындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауында әлеуметтік жаңғырту мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айта отырып, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі халықтың әл-ауқатын нығайту, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту сияқты маңызды мәселелерді көрсеткен болатын [1]. Әлеуметтік мәселелерді шешу дәстүрлі түрде мемлекеттің міндеті деп есептелінеді. Нарықтық қарым-қатынастар дамуының бастапқы кезеңінде мұндай ұстаным Қазақстан Республикасына ғана емес, сонымен қатар басқа елдерге де тән болатын. Мемлекеттің басты құндылығы – адамдар болуы себепті, оның басты міндеті де өз азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсарту екені белгілі. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ осы басты қағиданы жіті назарда ұстап келеді. Ел экономикасының нақты мүмкіндіктеріне қарай, халыққа әлеуметтік қамқорлықтың деңгейі әр кезеңде әртүрлі жағдайда болғаны рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл мәселе аса күрделі болатын. Соңғы он жылда мемлекеттің адам капиталының даму дәрежесін көрсететін білім мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларына ерекше назар аударып, осы салаларға жұмсап жатқан қаражатының өсуі бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың қарқындылығын байқатады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде жыл өткен сайын республикамызда әлеуметтік міндеттемелер қомақты бола түсіп, біз ТМД мемлекеттері арасында көшбасшылар қатарындамыз. Елде тұрақты даму мен халықтың хал-ауқатын қалыпты деңгейге жеткізудің стратегиялық факторының бірі – қазіргі заманғы өркениетті кәсіпкерлікті қалыптастыру. Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты Қазақстанда да жаңа идеялардың қайнар көзі іспеттес экономиканы әртараптандырудың кілті — кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру ісіне айрықша маңыз беріліп отыр. Оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы –қоғам үшін маңызды. 197 Әйелдер кәсіпкерлігі бәсекелес нарықтық ортаны құруға мүмкіндік туғызады, нарықты тауарлар және қызметтермен қанықтырады, сұраныстың өзгерістеріне икемді жауап береді және тәуекелді жобалар мен жаңалықтар енгізеді, мамандарды, капиталды, негізгі сондай-ақ, қосымша материалдарды толықтыру көзі болып табылады. Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы еңбекке қабілетті халықтың жұмыс бастылық деңгейін және олардың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізеді. Бұл феноменді әйелдер кәсіпкерлігін зерттеп жүрген америкалық ғалымдар Р.Петерсон мен К.Вермейер «әлемдік масштабтағы тыныш революция» деп көрсетіп, тәуелсіз кәсіпкерлікке деген әйелдердің қызығушылығын осылай тұжырымдады. Ал бұл құбылысты қазіргі заманғы кәсіпорындағы әйелдер рөлінің өзгергенін талдай келе америкалық ғалым Д.Нэсбит «жаңадан пайда болған мүмкіндіктер жарылысы» деп бағалады [2. 158-б]. Әйелдердің экономика саласында динамикасы – мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы айқындаған негізгі бағыттардың бірі де – әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету. Әйелдер республикадағы 8,5 миллион экономикалық белсенді тұрғындардың ішінде 4,2 миллионды құрайды. Сонымен қатар, 2005 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта ЖІӨқұраудағы әйелдер үлесі 36-дан 39% дейін өскен. Ерлер мен әйелдердің жалақыларының балансы бойынша оң серпін байқалады: соңғы жылдары 61-ден 66% дейін көтерілген [3, 5 б]. Әйелдердің экономикалық белсенділік деңгейінің аз ғана өсу үрдісі бар, алайда ерлермен салыстырғанда төмен, бұл бірінші кезекте, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуымен, осының салдарынан еңбек қызметінен олардың ерте кетумен байланысты. Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің қалыптасуы мен дамуы қоғам үшін тиімді құбылыс. Елдегі әйелдер кәсіпкерлігінің жағдайы мен перспективасын, жалпы әлеуметтік- мәдени сипаттамаларын анықтау мақсатында автор әлеуметтанулық зерттеу (сұрау салу) жүргізді. Зерттеуге Астана қаласының шағын және орта кәсіп иелері — 60 кәсіпкер-әйел қатысты. Іріктеу жиынтығы негізінде қызмет көрсету, денсаулық сақтау, білім беру, сауда, азық-түлік өнеркәсібі сияқты салалардағы кәсіпорындарды басқаратын әйелдер мен қыз- келіншектер сұралды. Әйелдер кәсіпкерлігін көптеген әлеуметтанушы-ғалымдар гендерлік тұрғыда зерттеп жүр. Кәсіпкер әйелдер мен ерлердің салыстырмалы ғадетіне қатысты көптеген зерттеулер көрсеткендей, еркіндік, мақсатқа бағытталу, бастамалық, өзгермелі экономикалық жағдайларға бейімделу деңгейі сияқты іскерлік қасиеттердің негізгі критерийлері бойынша ерлер алдыңғы қатарда. Дегенмен, іскерлік салада әйелдер мынадай артықшылықтарға ие: оларда аса менмендік жоқ, кәсіпорынның стратегиясын дайындауда үлкен жауапкершілік танытады, адамдармен сыпайы, жақсы қарым-қатынаста болады, өзінің интуициясын белсенді пайдаланады, әлеуметтік жауапкершілігі мол. Осы қасиеттерінің арқасында кәсіпорын міндеттерін іске асыруда ерлерге қарағанда біршама артықшылықтарға ие болады. Мұның бәрі әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігінің маңызды әлеуетін сипаттайды. Әйелдер кәсіпкерлігінің бұрыннан әйелдер қызмет етіп келе жатқан, өздеріне ыңғайлы салаларда дамуы байқалады. Ол салалар қатарында тұрмыстық қызмет көрсетулер, қоғамдық тамақтану, сауда, білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, денсаулық сақтау, қонақ үй шаруашылығы және басқалар бар. Ал әйелдер тарапынан аз игерілген салалар құрылыс, транспорт, шикізат өнеркәсібі болып табылады. Жоғарыда атап кеткеніміздей, әйелдер кәсіпкерлігінің ер адамдар кәсіпкерлігіне қарағандағы ерекшеліктері зерттеу нәтижелерінде дәлелденді. Сауалнамада респонденттер басқару стилі, мейірімділік, эмоциялық сияқты негізгі әлеуметтік индикаторларды таңдаған (1-кесте). 198 Кесте 1 Әйелдер кәсіпкерлігінің ер адамдар кәсіпкерлігіне қарағандағы ерекшеліктері Жауап нұсқалары Пайыздық көрсеткіштер Басқару стилі 62% Қаржыландыру көздері 26% Желілік байланыстар құрылымы 12% Мотивация және жетістіктер 42% Тапқырлық, жаңашылдыққа ұмтылу 46% Мейірімділік, эмоциялылық 10% Қосындысы 100%-ға тең емес, өйткені респонденттер жауаптың бірнеше нұсқаларын белгілеуі мүмкін. Кәсіпкерлік қызметпен айналысқаннан бері орын алған жағымды өзгерістер ретінде әйелдер тұрақты кіріс, әлеуметтік-материалдық, отбасылық жағдайдың жақсаруы, өз бетінше шешім қабылдай алатын еркін және тәуелсіз болу, көлік сатып алу, шетелде демалу, өз ісінің нәтижесін көру, достары мен таныстарының көбеюі, белсенділіктің жоғарылауы, бос уақыттың көбеюі сияқты факторларды көрсетеді. Бұл баламалар кәсіпкер әйелдердің өз қызмет түріне көп жағдайда риза екенін аңғартады. Сондай-ақ, қазіргі кездегі кәсіпкер-әйелдердің әлеуметтік көңіл-күйлері мен жағдайы позитивті екені зерттеулер нәтижесі көрсетіп отыр. «Сіз бүгінгі өмір сүру деңгейіңізге, Отбасыңыздың қалай өмір сүріп жатқанына қаншалықты ризасыз?» деген сұраққа респонденттер толық ризамын (36%) және ризамын деген дұрыстау (64%) деп жауап берді. Әйелдердің дәл қазіргі кездегі өмір сүру салтына, сапасына осылай шүкіршілік, ризашылық білдіруі – адам табиғатындағы ділдік ұстанымдар мен әлеуметтік оптимизм көріністері. Ең бастысы, елдегі тұрақтылық пен даму белгісі ретінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің оң дәрежесін көрсетеді. Көптеген экономикалық-әлеуметтанулық әдебиеттерде кәсіпкерліктің ғылыми түсіндірмесі белсенді түрде қарастырылып, экономикалық анықтамасымен қатар, мәдениет құбылысы, әлеуметтік жаңғырту құралы, өнегелік-этикалық құндылықтар жүйесі сияқты сипаттамаларда көрсетіледі. Бұл сипаттамаларға әйелдер кәсіпкерлігі толығымен сәйкес келеді. Себебі, кәсіпкер әйелдер осы қызмет түрімен айналысу арқылы тек экономикалық қана емес, сондай-ақ рухани, әлеуметтік-мәдени игіліктерге қол жеткізуді мақсат тұтады. Мұны респонденттердің жауап нұсқаларынан байқауға болады — әйелдер еңбек ету арқылы табысқа, байлыққа жетуді (17%) ғана көздемейді. Олардың басты мотиві жеке капиталға ие болу арқылы қоғамда жақсы бала тәрбиелеу, мықты отбасын құру (29%) болып табылатыны анықталған. Ал келесі кезекте өзін қауіпсіздікте сезіну, қысым көрсету қаупін сезінбеу деген жауап нұсқасы берілді (2-кесте). Бұл кәсіпкер-әйелдердің индивидидуалдық бағытын айқындайды. Әйелдер ділімізге, дәстүрімізге сәйкес, адамгершілік, сыпайылық, инабаттылық сияқты адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді игерген, сонымен қатар, қазіргі жаһандану заманындағы нарықтық қарым-қатынастар негізінде «экономикалық адам» тұжырымдамасына сәйкес, дамыған экономикалық белсенділік, эгоистік, рационалдылық, мансапқа ұмтылушылық сияқты сипаттамаларға ие болып отыр. Әйелдер денсаулық, отбасы, бақыт, махаббат, діни сенім сияқты байлықтарды адамның өміріндегі басты маңызды құндылықтар деп түсінеді. Әйтсе де, қазақстандық іскер әйелдердің құндылықтық қалаулары көп жағдайда анық прагматикалық пен рационалдылық көрініс табады. Олар үшін білім, ақша, мансап, яғни материалдық жағдай негізгі қажеттіліктер болып табылады. Еңбектің, жұмыстың, мансаптың қажеттілігі күннен- күнге жоғарылауда. Себебі жұмысқа ынталану – өмірге ынталанудың бір бөлігі. 199 Кесте 2 Жеке капитал иемденудің қажеттігі Жауап нұсқалары Пайыздық көрсеткіштер Өмір сүру үшін 15% Баю үшін 17% Қоғамда әлеуметтік мәртебе мен беделге ие болу 10% Өзін қауіпсіздікте сезіну, қысым көрсету қаупін 19% сезінбеу Жақсы бала төрбиелеу, мықты отбасын құру 29% Экологиялық таза ортада өмір сүру 10% Елімізде әйелдер өздеріне тән шығыстық икемділікті, батыстық ынталылық қасиеттерді бірдей қабылдайды. Бойына екі бірдей өркениеттің барлық жаңалықтарын бірден сіңіре алады. Қазақстандық әйелдер өзіндік жетістіктерге қол жеткізу, қоғамға пайдалы болу, қиындықтарға қарамай тез шабыттанып, жақсы өмір сүруге және алға ұмтылу сияқты керемет қасиеттерге ие және олардың бұл болмысы бұрынғыдан да күшейіп келеді. Әйел бизнесі жылдан жылға салаланып, құрылымданып жатыр, әйтсе де Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі шетелдегі кәсіпкерлік деңгейімен салыстырғанда серпін алмай отыр және енді дамып келе жатқанын аңғартады. Сұралған кәсіпкер әйелдердің ішінде кәсіпкерлік әрекетпен 12 жылдан көп айналысқандары және айналысқанына әлі бір жыл толмағандары 10%-дан, ал 5 жыл шамасында айналысқандары 32%. Шағын кәсіпкерлер — 82%, ал орта кәсіпкерлер — 18%-ды құрады. Зерттеуге қатысқан кәсіпкерлердің когорталық сипаттамалары: ең төменгі жас шамасы — 20 және ең жоғары жас — 55 жастағы аралығындағы қыз-келіншектер мен әйелдер. Көптеген зерттеулердің және біздің зерттеудің нәтижелері қазақстандық кәсіпкер-әйелдің жасы орташа есеппен 36-38 жасты құрайды, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысу өтілі орташа есеппен 5-7 жылды құрайтыны байқалды. Қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзіндік белсенді топ ретінде кәсіпкер-әйелдердің әлеуметтік портретін айқындау барысында олардың білім деңгейіне, біліктілігіне, іскерлік қабілеттеріне мән беру қажет. Біздің зерттеуімізге қатысқан кәсіпкерлердің көп бөлігі жоғары білімді мамандар — 64%. Оның ішінде 4% ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежесі бар екенін көрсетті. Ал сұралғандардың 20% арнайы орта білімді мамандар. Респонденттердің кәсіби статусын анықтай келе, мынадай мамандық иелері екені көрсетіледі: техникалық – 26%, гуманитарлық – 18%, педагогикалық – 16%, медициналық – 12%, экономикалық – 14%, құқықтық – 10%, ауыл шаруашылықтық – 4%. Бұл зерттеу нәтижесінен бизнеске қабілеттері мен мүмкіндіктерімен қоса, арнайы даярлығы бар білімді мамандардың үлкен жауапкершілікпен келетіні байқалады. Респонденттердің пікірінше, жоғары білімнің болуы – өмірдегі біршама табыстарға жетудің алғышарты. Көп еңбектену және күш-жігердің болуы табысқа жеткізеді деп санайды. Материалдық игілік кәсіпкер бизнесінің дамуын, оның мүмкіндіктері мен іскерлік қасиеттерінің сәттілігін оның серіктестері мен тұтынушыларына, қоршаған адамдарға паш етуінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Жоғары материалдық жағдайға жетудің басты белгілері – білім және ақша. Кәсіпкерлік ортада ақша іс-әрекеттің нақты бір кәсіпорынды құру, жаңа идеяның жүзеге асуы сияқты мақсаттарына жетуінің маңызды құралы болып табылады. Сонымен қатар, нарықтық экономика мен бәсекелестік орта іскер әйелдерді әрдайым барлық нәрсе жөнінде қосымша білім алып отыруға итермелейді. Сол себепті адамның білімі мен біліктілігі — стратификациялық мобилдік пен жоғары материалдық әл-ауқат және игіліктерге жетудің маңызды әрі негізгі арнасы, сондай-ақ құралы болып табылатын басты құндылықтар. 200 Кәсіпкер әйелдердің пікірінше, кәсіпкерліктің дамуына көбінесе этникалық, ұлттық факторлар көп әсер ете қоймайды. Сонымен қатар, елдегі кәсіпкерліктің дамуына өңірлік- аумақтық факторлар әсер ете ме деген сұраққа әйелдердің 40%-ы «иә», ал 54%-ы «жоқ» деп жауап берген. Бұл көрсеткіштің себебі ретінде мынадай жауап нұсқалары көрсетілген: бизнестің дамуынының әр түрлі мүмкіндіктері, әр түрлі бизнес-климат, тұтынушылар мен клиенттердің әлеуетінің деңгейі, тауарлардың өтімділік қарқыны. Бұл көрсетілген жауап нұсқалары елдегі кәсіпкерлік әлеуеттің аймақтық деңгейге (қала мен ауыл) байланысты кәсіпкерліктің қазіргі жағдайын көрсетеді. Әйтсе де, кәсіпкерлер адамның бизнес заңдылықтарына икемді келуі оның ұлтына, дініне, тұрған жеріне байланысты емес, өз бойындағы жеке қабілеттері мен қасиеттеріне байланысты деп бағалайды. Бұл тұжырымды В.В.Радаевтың «экономикалық адам» үлгісіне сәйкес түсіндіруге болады. Адамның экономикалық іс-әрекеті оның ұлты, діні, әлеуметтік ұстанымдары, құндылықтары және басқа да белгілеріне қарамастан, ұтымды және жеке даралығын мойындататын әрекетте болуы ықтимал. Бұл адам үлгісі – жеке қалауларына негізделіп дербес шешім қабылдайтын атомдалған жеке адам, бірінші кезекте өз мүддесін ойлайды және жеке пайдасын ұмтылуға тырысады, алға қойған мақсатына біртіндеп жетуге тырысады, оған жетудің қандай да бір құралын таңдауда салыстырмалы түрдегі шығындарға көңіл аударады, сондай-ақ өз қажеттіліктерін біліп қана қоймай, оны қанағаттандырудың құралдары жайлы қажетті ақпаратқа ие болады [4.] Қазіргі жаһандану мен экономикалық интеграция үрдісінде адамдар, әсіресе эконмикалық агенттер «экономикалық адам» үлгісінде сипатталады. Бұл үрдіс кәсіпкер-әйелдерді қамтуы да таңғаларлық мәселе емес. Сол себепті, іскер әйелдерді рационалды, тәуелсіз, өзімшіл және ақпараттанған деп бағалау артық болмайды. Әйтсе де, адамдардың өзара әрекеттесуі барысында туындайтын және бір-біріне қоғамдық өмірдегі құбылыстар мен процестер әр түрлі қатынастар барысында әлеуметтік әрекет көрінеді. М.Вебер экономикалық мінез-құлықты әлеуметтік мінез-құлықтың ең ұтымды түрі деп қарастырады. Әйелдер кәсіпкерлігін әлеуметтік тұрғыдан зерттеу бұл феноменнің әлеуметтік аспектілерін жан-жақты қарастыруды талап етеді. Кәсіпкерлер әлеуметтік тобы қоғамда өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар, заманауи қоғамда маңызды рөл атқаратын қоғамның жігі болып табылады. Әйел кәсіпкерлер қазіргі нарықтық заманда белсенділік танытып, олардың күш-қуаты, энергиясы экономикалық садаға бағытталған, тіпті «басқалардан үздік болу» принципіне ұмтылады. Еліміздегі әйел кәсіпкерлігінің әлеуметтік портретін жасау үшін олардың құндылықтары, білімі мен интеллекті, шығармашылық қабілеттері, кәсіби шеберліктері, бизнестегі мотивтері, сонымен қатар, басқа әлеуметтік-мәдени, психологиялық сипаттамаларын толыққанды зерттеу қажет. Әлеуметтік портретін сипаттау арқылы мынадай нәтижелерді ұсына аламыз: елде кәсіпкер әйелдер білімді, өз ісіне тиянақты қарауға және өзін әрқашан жетілдіріп отыруға ұмтылатын, әлеуметтік жауапты, қоғам мүддесіне қызмет ететіні анық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – өркениетті экономиканың, саясаттың, қоғамның фундаменталды құндылықтарының бірі, көптеген кәсіпорындар үшін бірінші орында тұрған басымдық. Кәсіпкерлер бизнестің тұрақты және ұзақ мерзімді дамуы, кәсіпорынның мәртебесі, бизнестің инвестициялауға тартымдылығының жоғарылауы, бизнестің билік пен қоғаммен өзара әрекеттестігі сияқты мәселелерді ұғына отырып, әлеуметтік жауапкершілік – өз ісінің міндетті атрибуты екенін түсінеді. Зерттеу барысында кәсіпкер әйелдер үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды фактор екені айқындалды. Елдегі экономикалық белсенді, шағын және орта кәсіпорындарды басқаратын әйелдер қолынан мүмкіндігінше әлеуметтік көмек көрсетуге талпынады. Зерттеуге қатысқан респонденттерге әлеуметтік жауапкершілікті бизнесті жүргізудің 10 белгісі ұсынылды: 1). Қоғамға сапалы тауарлар мен қызмет көрсетулерді ұсыну; 201 2). Салық төлеу; 3). Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін жұмыс орындарын ашу; 4). Қоғамның дамуына көмектесу; 5). Қоршаған ортаны қорғау саласында саясатты қолдау; 6). Персоналға қатысты адамгершіліктік саясат ұстану; 7). Кәсіпорынның ішкі және сыртқы қатынастарында этикалық нормаларды сақтау; 8). Заңнаманың барлық нормаларын орындау; 9). Өндіретін өнімнің мүмкін болатын жағымсыз нәтижелері туралы шынайы ақпарат жеткізу; 10). Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру (қайырымдылық іс-әрекет пен қорларды, меценаттықты қолдау, білім беру, мектеп, балаларға көмек көрсету, кедейлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуді қолдау). Жоғарыда көрсетілген белгілердің ішінде респонденттердің пікірінше, ең маңыздысы ретінде мыналар анықталды: 1. Қоғамға сапалы тауарлар мен қызмет көрсетулерді ұсыну; 2. Персоналға қатысты адамгершіліктік саясат ұстану; 3. Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру (қайырымдылық іс-әрекет пен қорларды, меценаттықты қолдау, білім беру, мектеп, балаларға көмек көрсету, кедейлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуді қолдау). Қоғамның дамуына көмектесу, салық төлеу, ұлттық экономикаға үлесін қосу және қоршаған ортаны қорғау – маңызды, бірақ қосалқы факторлар. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапты болуы – қоғамның тұрақтылығы мен өркениетті даму динамикасының негізгі көрсеткіші Соның нәтижесінде әйелдер бизнесіне мемлекеттен қолдау көрсетіліп, ілгері дамуы мен институт болып жетілду үрдістері жүріп жатыр. Сонымен, республикада баяу болса да байыпты, жаңа әлеуметтік феномен – әйелдер кәсіпкерлігінің табанды да табысты дамып жатқанын айта аламыз. Бұл үрдіске жоғарыда атап өткеніміздей, қоғам да, мемлекет те мүдделі. Кәсіпкерлік қызметті дамыту арқылы негізгі біршама қоғам үшін маңызды жетістіктер мен игіліктерге қол жеткізе аламыз. Бұл идеяны жүзеге асырудың негізінде халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату, жұмыссыздық деңгейін төмендету, үкіметтік емес ұйымдардағы әйелдер қызметін жандандыру, әлеуметтік жаңғырту, мықты орта тапты қалыптастыру, нарықтық бәсекелестік орта құру, т.б. жатыр. Әйелдер кәсіпкерлігінің мынадай мүмкіндіктері бар: біріншіден, әйелдер қозғалысын дамыту саласында орын алады; екіншіден, әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік-құқықтық қолдауда және әйел-кәсіпкердің белсенді рөлінде өзін әйелдер қозғалысына қатыстылығын және оның демократияландыру процесін дамытудағы азаматтық қоғамның қалыптасуындағы, экономиканың нығаюындағы проблемаларға қатысы бар екендігін сезінуі [5. 31-б]. «Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз» деп Елбасының айтқаны бар. Бүгін де Қазақстан қоғамында әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктіліктері мен іскерліктерін танытып келеді. Әдебиеттер 1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауы 2. Состояние гендерных исследований в Казахстане: политика, образование, культура. – Алматы, «Қазақ университеті, 2010. 3. Қазақстан әйелдері мен ерлері. Статистикалық жинақ //Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігі. – Астана, 2010. 4. Радаев В.В. Экономическая социология. – М.:Аспект Пресс, 1997. 202 5. Әлеуметтану. — Алматы, «Қазақ университеті» – 2004.

Оставить комментарий