Қазақстанның философиялық мұрасы және оның маңызы

Халқымыздың күні бүгінге дейін жинақталған бай рухани және мәдени қазынасын біз ұлттық тәуелсіздік тұрғысынан таразылай бастасақ, оның болашақта бүкіл әлемді елең еткізуі мүмкін ерекше қуаты, ең алдымен, философиялық ­ дүниетанымдық астары өте терең сөз өнеріміз бен саз өнерімізде жатқанына көз жеткізер едік. Кең дала төсінде мұнаралары күндік жерден көзге шалынатын шаһар да салып байқаған, сол шаһарларындағы алтындатқан ақ сарайларда да тұрып көрген түрік жұртының ата қонысында қалған ұрпақтары ­ қазақ ұлты ­ бәлкім ол мекендерін талай рет ойран­топыр еткен соғыстардан сабақ алғаны болар, бәлкім еркін тұрмысқа бейім табиғи қалауы болар, бәлкім қатал табиғат пен кең байтақ даламыз болар, әйтеуір, кейін енер біткеннің бәрінен сөз бен сазды жоғары қойыпты. Және, осы өнерді бір­бірімен бітістіре, ажырамас тұтастықта дамыта отырып, бойындағы барша рухани қуатын соған сіңіре білген. Философиялық ­ көзқарастық астары тереңде жатқан мәдени мурамыздың туындыларын мазмұны мен бояуын төмендетпей өзге тілдерге аударып, әлем жұртшылығына таныта алсақ, қазіргі қазақ мәдениетінің әлемдік мәдени арнаға қосар кәусар бұлағының басы сол болар еді… Әр дәуірде ежелгі Қазақстанды қоныстанған арий, ғұн, сақ тайпалары «кейін басқа жаққа көшіп кеткен, олардан қалған мәдениеттің сіздерге қатысы жоқ» дейтін қызғанышқа толы қаңқу пікірлер кейде кездеседі. Қазақ кең байтақ даласындағы мәдениет дамуының біртұтастығын, ежелгі дәуірлерден бастап күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан күретамыр желісін сырттағы «зерттеушілерден» гөрі мына сіз бен біз жан дүниемізбен анығырақ сезінеміз. Сол дәуірлерден сақталған таңбалы тастардағы суреттерді де, «Авестадағы» жырларды да, Анахарсистің қанатты сөздерін де біз өзгелерден гөрі өзгешелеу түйсікпен тереңірек ұғынамыз, түсінеміз. Бұл ­ бір. Екіншіден, «Тоны көк», «Күлтегін» іспетті тасқа қашалып жазылған жырлар, Қорқыт Ата, Әбу Насыр әл ­ Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани сынды бабаларымыз түбі бір түрік жұртының бәріне ортақ десек те, «қара шаңырақ иесі болып қалған» (Мағжан Жұмабаев) қазақ халқына етене жақын. Сондай­ақ, хатқа түсіп, Еуропа мұрағатында қатталып қалған қыпшақ дәуірінің жәдігері ­«Кодекс куманикустағы», өзге де тарихи жазбалардағы жырлардың да түпкі иесін тапқаны ешкімнің намысына тимес. Осылардың барлығы біздің бай мәдени мұраларымыздың бастаулары, ежелгі көшпелі дүниетанымын қалыптастырған тұлғалар…

Абай шығармашылығы ­ қазақ халқының бай руханиятының жиынтығы деуге болады. Абай ­ қазақ халқының ар­ожданы, биік рухы. Қазақ мәдениетінде халықтың кемшіліктері мен жамандықтары туралы одан өткір жазған кім бар? Және кім одан артық ағартушылық арқылы қараңғылықтан құтылудың қамын ойлады? Қазақ қоғамының ішіндегі алауыздық пен қырқыстан, жамандық пен пәлекеттерден шаршағаны мен көңілі қалғанына қарамастан, Абай халық рухын жандандыру арқылы бұл коғамның өзінің жетілмеген әлемін өзгертуге, кемелдіктің биігіне жетуге мүмкіндігі бар екенін көрсетіп берді. Абайдың философиясы халық рухының көрінісі ретінде әртүрлі мәдениеттердің түйіскен тұсын білдіреді, ол мәдениеттердің бір бірімен сұхбатын және автордың өзімен өзінің сұхбатын айқарып ашады. Абай уақыттан және кеңістіктік шекарадан тыс биік рухани кемелді деген жалпы адамзаттық ұмтылысты білдіруші, сондықтан ол арқылы және оның шығармашылығы арқылы қазақ мәдениеті әлемнің көптеген мәдениеттеріне үйлесе түсінікті болып шығады. Қазақ халқы және оның бай рухани мұрасы өзге халықтардың өкілдерінің жүрегінен орын тепті және бұл үдеріс ­ жаңа бүгінгі адамзаттық қауымдастықты қалыптастырудың, оның гуманистік құндылықтары мен мұраттарының бастауы. Үшінші мыңжылдықта қарқыны жеделдей түскен жаһандық тұтастану, шекара талғамайтын қаржы мен ақпарат ағындары өзін сақтап қалмақ болған әрбір ұлтты жаңа қатер қаупінен қорғануға мәжбүр етіп отыр. Ендігі жерде өзіндік «менің» сақтауға ұмтылған әрбір жұрт, ең алдымен, тарихи жадын, бірегей ұлттық болмысы мен ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ерекше ділін, дәстүрлі төл мәдениетін дамыту, жалпы жаңарған ұлттық рухты аман алып қалу жолында жанталасуы қажет. Біз үшін жасанды, әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өз төлтумалығымызды, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлауымыз бен кейпімізді сақтап қалуымыз маңызды болып отыр. Батыс мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай XXI ғасырдағы рухы биік жаңарған мәдениетімізді дамытқанымыз жөн… Үш жүз жыл бойы бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан ұлттық идеяны ту етіп дербес мемлекетін орнатып, айналасы он алты жылдың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді, ­ деп таң қалатындар болса, сол ұлы күш осы ­ ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген ұлттық намыс пен ұлттық, азаттық рухы. Сонау көк түріктер заманында айбынымен жарты әлемді ықтырған жауынгер жұрттың тікелей мұрагерлері кейін адамзат көшінің соңына сырғып, бодандық қамытын мойнына киеді деп кім ойлаған?! Бұл, бәлкім, кезінде ертеңгі болашағын парасатпен багамдай алмай, қауіп­қатерді елең қылмай, өзге жұрт жаппай меңгеріп жатқан жаңалық атаулыны көзіне ілмей астамсыған тәкаппарлығымыздың жазасы болар. Бұл, бәлкім, адамзат дамуының ұлан­асыр дамуының он бойында көшбасшылық тізгінін алма­кезек қолына алған халықтарды дүркін­дүркін сынға салып, ділі мен тілінің, рухы мен төзімділігінің беріктігін тексеріп отыратын тарих заңы болар. Қалай болғанда да, бір кезде ат тұяғы жетер маңдағы жұртты айбынымен сескендіріп, Еуразия құрлығының орталығын емін­еркін иемденген бостандық сүйгіш халқымыздың сыртқы және ішкі қайшылықтар мен жанжалдар шырмауынан шыға алмай, ақыр соңында бодандық бұғауына маталып тынғаны ақиқат.

Читайте также:  Ел дзю-досының болашағы

Ұлы Абай айтқандай «Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп», жат жұрттың қабағына жалтақтаған үш ғасыр бойғы өзгеге тәуелділік халқымыздың бірнеше буын ұрпағының бойындағы тәуелсіз елдік, отаншылдық, ұлтжандылық рухын езіп­жаншып, дүниетанымымыз бен ділімізді әр түрлі қитұрқы идеологиялық қисындар қалыбына салуға тырысып баққаны рас. Бірақ, халық көкірегіндегі тәуелсіз елдігін қайта орнатсақ деген сенім мен үміт ұшқыны қоздап жанып, ауық­ауық лап етіп белгі беріп қалатын. Әсіресе, XX ғасырдың басында қаулап өсіп жетілген демократиялық ұлттық интеллигенция шоғыры, ұлттық кәсіби саяси және интеллектуалдық элита өз халқының мүддесі мен болашақ дербес даму бағдарын айқындауға бел шеше кірісті. Олардың қатарында Ә. Бөкейханов, М. Шоқай, М. Дулатов, М.Жұмабаев, А. Байтұрсынов, Ш. Құдайбердиев және тағы басқа данышпандар болды. Жан­жақты білімдарлық пен парасаттылықты, саяси күрестің тәсілдері мен қалыптасқан жағдайды шынайы бағалай білуді жетік меңгерген демократияшыл қазақ зиялыларының бұл тобы бұрынғы ұлт ­ азаттық көтерілістердің жалаң қылышпен зеңбіректің аузына қарсы шабатын ақкөз басшыларынан мүлде өзгеше туғын. Олар туған халқының көзін ашып, көмескі тартқан рухын оятып, біліммен қаруландырып, бірте­бірте тәуелсіз ел болуға жеткізудің қиын да болса, ен сенімді жолын саналылықпен таңдап алды. Бірақ, осындай кәсіби зиялылар қаққан тәуелсіздік қоңырауының сарыны ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бостандық пен тәуелсіздікті, азаттық пен дербес дамуды аңсаған біз атаған азаматтар рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі тәуелсіз демократиялық ел болуға жеткізіп отырған да сол биік өршіл рух… «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы 2003 жылдың 4­ сәуіріндегі Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізінде жасалып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қеңесінде қабылданып, (2004­2006, 2007­2008,2009­2011 жж.) іске асырылуда. Президент Жолдауында посткеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік тілде гуманитарлық білімге арналған толыққанды қор құру жайлы кең және ауқымды мәселе қойылды. Бұл әлемдік мәдениеттің, ғылымның, философияның, әдебиеттің, бүкіл гуманитардың ең үздік үлгілері толық қазақ тілінде сөйлеуі керек деген сөз. Сонымен бірге қазақ халқының бай рухани және мәдени мұрасы осы саладағы жетістіктерді ескере отырып, қазақ тілінде толықтай көрініс табуы керек. Бұл қазақ халқының бай мәдени дүниетанымдық інжу ­ маржандары мен мұрасының жүйеленуін, кең таралуын және насихатталуы қажет етеді. Мұндай күрделі мәселе алаш реттік республика қоғамтанушыларының ғана емес, бүкіл ел алдына қойылды. Ол жаһандану дәуіріндегі елдің рухани қауіпсіздігін, мәдени өзіндік төлтумалығын, республиканың тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық және мәдени бірегейлігін және жаңа коғамдық сананы қалыптастыруға өзінің үлкен әсерін тигізеді. Тәуелсіздік алысымен «Қазақ даласының ойшылдары» атты 5 кітаптан тұратын зерттеулер сериясы жарық көрді. Бұл топтамалардың 4 кітабы жарық көрді, енді 5­ші кітап баспаға даярлану үстінде. 2004 жылы Вашингтонда менің «Қазақстандағы мәдени мұра және әлеуметтік трансформация» атты көлемді кітабым ағылшын тілінде жарық көрді. Ұлттық философиялық мұра бойынша жұмыстарды кезең­кезеңге бөліп жүйелі жүргізуде осындай зерттеулердің маңызы айтарлықтай болды. ҚР БҒМ Философия және саясаттану институты Республиканың жоғары оқу орындары өкілдерінің күш­жігерін біріктіре отырып, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы» (20 томдық) топтамасына қосу мақсатында іріктелген мәтіндерді құрастыру, аудару, сараптама жасау, беташарлық мақала жазу, түсініктемелер беру, ғылыми редакциялау сияқты кең көлемде жүргізілген ғылыми жұмыстардың үйлестірушісі болды. Сонымен қатар 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» және әл ­Фарабидің «10 томдық шығармалар жинағы» мемлекеттік тілде түңғыш рет жарық көрді. 2009­2011 жылдары түңғыш рет 5 томдық «Қазақ философиясы» кітабының топтамасы дайындалып, ол алғашқы рет ағылшын тілінде жарық көрмек. Материалдарды сұрыптау осылайша ғылыми жұмыстардың өркениетті елдердегі деңгейіне сәйкес шынайылық пен объективтіліктің өлшемдеріне төтеп бере алады. Бұл дүниежүзілік интеллектуалдық кеңістіктегі бәсекелестікке үйренудің өзіндік көріністері деуге болады. «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру ­ қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жаңарған рухани келбетін, жаһанданған әлемдегі жаңа Республиканың орны мен ұстанымын, оның өркениетті қауымдастықтағы беделі мен мәртебесін көтеретін теңдесі жоқ гуманитарлық бағдарлама. Бұл бағдарламаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі жетекшілігі орынбасары Мәулен Әшімбаев басқаратын Қоғамдық кеңес өз жұмысын сәйкес тиімді де нәтижелі түрде жүргізуде.

Читайте также:  Батыс өркениетінің алар орны

Әлемдік философиялық мұраны қазақ тіліндегі оқырмандарға жүйелі түрде жеткізу мәселесіне тоқтала кетелік. Сарапшылардың таңдаулары арқылы әлемдік философиялық ойдың ең озық үлгілері іріктеп алынып, қазақ тіліне аударылды. Платон, Аристотель, Кант, Гегель және тағы басқа философияның ғұламалары қазақ тілінде сөйледі. Бұл антологиялық ұстынмен таңдаудағы негізгі принцип ­ улы философтардың шығармаларындағы тәуелсіздігімізге демеу болатын, рухани жетілуімізге көмек беретін идеяларды жас ұрпаққа барынша төлтумаға жақын нұсқада жеткізу болып табылады. Бұл қадамдарымызды жүзеге асыру үшін күрделі философиялық мәтіндерді қазақ тіліне тәржімелей алатын Қазақстандағы ен алдыңғы қатарлы кәсіби мамандар жұмылдыруда. Жоғары мектептің қазақ тілді студенттері мен магистранттарына, аспиранттары мен докторанттарына, оқытушылары мен жалпы оқырман қауымға жоғарыда жасалып жатқан игілікті істердің шапағаты мол боларына сенімдеміз. Тек айта кететін бір жәйт: жарық көріп жатқан томдарға көптеп сұраныс болып жатқанымен таралымы өте аз көлемде болып отыр. Сондықтан Қазақстанның барлық түкпірлеріндегі қалың оқырманға «Мәдени мұра» бағдарламасының өнімдерін жеткізуді, оларды кеңінен насихаттауды ғалымдар өз қолына алғаны жөн деген пікірдемін. Әрбір ұлт өзінің мәдени мұрасын жоғары деңгейде қадірлеген сайын ол әлемдік жұртшылық алдындағы, Ұлы адамзат тарихы алдындағы мәртебесін биіктете түседі. Руханияты мен мәдениеті жоғары халықтың болашағы да жарқын және айқын болады.

Адамзаттың рухани әлеміне барынша толыққанды көңіл бөлгенімізден ешқашан ұтылмаймыз. Осындай тарихи қадамдардың арқасында халқымыз өзінің мемлекеттік тілдегі білімін жетілдіру бағытында асқақ биіктерге көтеріліп, Орталық Азияның нағыз рухани жетекшілігін атқаратын тарихи субъекті айналары анық деген ойдамын. Қазірдің өзінде көп томды мәдени және философиялық мұраны жариялау жөніндегі жұмыс пен дайындық процесінде әр түрлі әрі ұйымдастырушылық, әрі әдіснама сипаттағы сұрақтар туындайды. Мысалы, қандай да бір ойшылды, шығарманы таңдау барысында біз қандай өлшемді жетекшілік етіп алуымыз қажет: оқу мен білім беру бағдарламаларының мұқтаждықтарын қамтамасыз етеміз бе, әлде халықтың ұлттық сана­сезімі мен мәдениетін дамыту негізгі бағдар жасаймыз ба? Ақиқат әрқашанда аралық деңгейде орналасатыны белгілі. Бұл екі үрдісті, бағыт­бағдарды мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында ескергеніміз жөн іспетті. Адамзат тарихындағы ең қасіретті жиырмасыншы ғасыр бізге оңай мұра қалдырған жоқ: қырғын соғыстар, діни экстремизм, терроризм, ұлтаралық соғыстар мен қақтығыстар, рухани азғындық, экологиялық және антропологиялық апаттар. Бірақ үміттің сәулесі, адамдардың санасы мен ізгілікті еркіне деген сенім бізге өмір сүруге және болашаққа қатысты жоспарлар құруға көмек береді. Бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету әлемдегі адамзаттық болмыстың шынайы рухани негіздерін сақтау мәдениет пен руханият арқылы іске асатыны даусыз. Қоршаған әлемді, адами өмірді әр түрлі ұғымдар, түсініктер, көркем бейнелер арқылы рухани игеруге ұмтылмайтын, даналық тағылымдарды қорғалмайтын тарих толқынындағы халық та, ұлттық мәдениет те болмайды. Ол саланы қадірлемеу, оның философиялық байыбына жетуге тырыспау этностық рухани құлдырауына, әлеуметтік дағдарысына алып келуі мүмкін. Сондықтан дүниені әмбебап кейіпте танып­білуге, өрнектеуге талаптанатын философиялық дүниетаным кез келген мәдениет үшін, тарихи кезең үшін адамгершілік, гуманизм принциптерін тарататын маңызды феноменге айналады. Қазақ халқы даналыққа құштар халық, философия оның өмір сүру формасы болып табылады. Ал, енді қазақ халқының сан ғасырлық тарихында орасан зор рухани байлық, даналық тағылымдары болғаны және қазір де бар екені белгілі. Мәселе сол рухани дүниені жүйелі түрде, кәсіби сараптаудан өткізе отырып келесі ұрпаққа жеткізе білуде. Бұл біздің халқымыз алдындағы рухани парызымыз. Міне, осы мағынада біздің әріптестеріміз, қазақстандық философтар қауымы бірталай ғылыми­ зерттеу жұмыстарын атқарды. Бұрын жеткілікті назар аударылмай келген философиялық танымның ұлттық түріне барынша ыждағаттылықпен назар аударыла бастады, тарихтың «ақтаңдақтары» болып келген көптеген жаңа ойшылдар мен шығармаларға жаңа түсініктемелер де берілді. Шығыстың бай, әралуан философиялары, солардың ішінде қазақ халқының философиялық мұрасы батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, мифологияда, поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мақал­мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін­өзі тануын, сөйтіп өзін басқаға таныту, бәсекеге қабілетті тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық ­дүниетанымдық және дәстүрлі этикалық тұрғыдан жан­жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы ­ шығыстық философиядағы, ен алдымен, ұлы Абай «Адам бол!» дегендей, толық рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік ең жоғары кісілік мазмұнмен байытқан философия. Қазақ философиясы дегенде оның ежелгі түріктік бастауларын, халықтық және кәсіби формаларын айтқан дұрыс.

Читайте также:  Тәсіл: Тілдің ойындары

Қазақ халқының философиялық мұрасын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру формасы ретінде түсінгені, жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы бай философиялық ­ дүниетанымдық мазмұнды ашып көрсету үшін оны компаративистік тәсілдердің көмегімен қайта саралағаны дұрыс болар еді. Жалпы тарихи процесті зерделеудің қиындығы да осында. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғүмар Қарашев, Мәшһүр Көпеев және тағы басқа даналар ой еркіндігін өздерінің дүниетанымының басты принциптерінің бірі етті, сөйтіп жаңа ұлттық ояну философиясын ұсынды. Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру тек тәуелсіздік жағдайында ғана толық іске аспақ, ал оның негізгі мақсаты тұлғаның рухани қалыптасуын іске асыру, ұлттық сана мен рухты ояту, оны тәуелсіздік жолындағы жасампаздық іске қосу, сөйтіп, еліміздің рухани тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Әлемдік философияның, яғни Ежелгі Қытай мен Үндістаннан басталып, қазіргі Батыс Еуропалық философияға дейінгі ғұламалар шығармаларының озық үлгілері болып есептелетін антологиялық ұстынмен жинақталған үзінділер мен тарауларды оқырмандарға ұсынудың астарында жастардың қазақ тіліндегі философиялық мәдениетін көтеру мақсаты жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында жетіспей келген мемлекеттік тілдегі оқу материалдарының орнын толтыру мүддесі алға қойылған; екіншіден, бұрын жеткілікті деңгейде қолға алынбай келген күрделі философиялық мәтіндерге аударма жасау мәселесі жолға қойылып, елімізде философия саласында кәсіби аудармашылар корпусы қалыптасты және олар өзара біріге қызмет атқарудың арқасында көптеген философиялық терминдерге ортақ, бірізді баламалар тауып та үлгірді. Мәселен, глобализация деген ұғымды жаһандану деп, менталитет деген ұғым діл деп айтылса, зерде, рассудок ­ пайым деген кейіпте қолданысын таба бастады. Осындай терминологиялық базаны нығайту мақсатын қойған ғылыми тұрғыдағы қадамдар мемлекеттік тілдің еліміздегі қолдану аясын кеңейтуге, оның мағыналық, ұғымдық жағынан алғанда лингвистикалық қауқарын тереңдетуге барынша игілікті ықпалын тигізеді деген ойдамыз. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көріп жатқан тамаша туындыларды оқитын оқырман қауымды қалыптастырған жөн. Сонда ғана ұлттық рух пен ұлттық намыс оянады. Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру жастарды тәуелсіз және еркін ойлауға үйретеді. Ой еркіндігі, пікір дербестігі қазақ халқының қанына туа біткен қасиет. Оған ақын­жыраулар дүниетанымы, би­шешендер және ағартушылар философиясы кепіл. Қалыптасқан пікірлер мен қағидаларға күмәнмен қарау ­ қазақ ойшылдарының негізгі ұстыны.

Еркін ойлау Адамзаттың танымын кеңейткен талай­талай ғылыми және техникалық жаңалықтардың ашылуына, өнер мен шығармашылық туындыларының пайда болуына, күрделі саяси­экономикалық мәселелердің шешілуіне себеп болды. Аудармашының ыждағатты еңбегін талап ететін қызметін ­ басқа ешкім емес, негізінен, кәсіби қазақ тілін жетік білетін философтар атқаруы тиіс, өйткені философияның категориялық (ұғымдық) аппаратының мәні мен мазмұнын бұрмалауға жол беруге болмайды. Әдеби мәтіндердің тамаша тәржімалау немесе журналист ­ аудармашылар философиялық мән мен мазмұнның жіктелуі маңызды болып табылатын мәтінмен жұмыс істей отырып, еріксіз түрде шынайы басқа акценттер жасау арқылы мәтіннің мазмұнын өзгертуі немесе оның мәнін оқырманға дейін толық жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан тұтастай жұмыстың сапасын қамтамасыз ету үшін қазақ мәдениетіне қатысы бар, әсіресе, ежелгі, маңызды мәтіндерді іріктеуді, мәтіндердің аударылуы мен түпнұсқамен бірегейлігін тексеруді, біртұтас категориялық аппарат пен бірыңғай терминологияны жасақтау және философиялық редакциялауды, негізгі идеялар мен қағидалардың түсініктемелерін дайындауды және т.б. міндетіне алатын дайындық кезеңіне интеллектуалдық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да ерекше көңіл аударылу қажет. Қазақ тіліндегі 20 томдық «Әлемдік философиялық мураға» қатысты бұл жауапкершілікті кәсіби философ ­ аудармашылармен қамтамасыз етілуін талап етіп қана қоймай, ең алдымен, әлемдік философиялық ойдың аса бай қазынасынан анағүрлым көрнекті ойшылдарды іріктеп алуды керек етті. Олардың шығармаларын таңдау біздің тәуелсіз еліміздің мәдени және рухани дамуының қажеттіліктерінен туындады. Қазақ тілі әлемдік ойшылдардың рухани байлығы осы тілде сөйлей бастағанында ғана, бұл тіл әрбір адамның күнделікті өмір ­ қамында қажеттілікке айналғанында ғана және оның сөздік қоры, коммуникативті және мәдени қызмет аясы байытылғанда ғана, жаңа терминдер мен ұғымдар пайда болғанда ғана толық қанды мемлекеттік тілге айналады. Ендеше, мемлекеттік тіл философия тіліне, ғылым тіліне айналады. Бұл қуанарлық жағдай. Философиялық аударма деген түбірінен жаңа сала пайда болды. Осы жерде Аристотельдің «Метафизикасын», әл ­ Фарабидің «Музыка жайлы үлкен кітабын», Кант пен Гегельдің шығармаларын және тағы басқаларын қазақ тіліне аударудың қиындықтарын айтқан жөн.

Оставить комментарий