iRef.kz

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНДУСТРИАЛДЫ ДАМУЫ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның мақсаттарына нақты жобалардың жергілікті жерлердегі басшылары мен жауапты орындаушыларының қызметіне байланысты тиімді қол жеткізуге болады. Осы қойылған міндеттерді басшылардың не орындаушылардың біреуі басқаларына қарағанда жақсырақ орындайтыны белгілі. Бұл, бір жағынан, объективті себептерге, ал екінші жағынан, жұмысты тиімді ұйымдастыру, ұйымдастырушылық және шаруашылық-басқарушылық қабілеттер сияқты жобаға қатысушылардың жеке қасиеттеріне де байланысты болуы мүмкін. Бірақ, мұнда ең бастысы, барлық жобалар сәтсіздікке жол бермей, табысты орындалуы тиіс. Осыған орай аталмыш жетістікке қол жеткізетін менеджмент технологиялары бар ма деген мәселе туындайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай технология — «жобалық менеджмент» деп аталады. «Жобалық менеджмент» жүйесінің пайда болу тарихы сонау 1937 жылы Америкадан бастау алғанымен, тек өткен ғасырдың 50-ші жылдары ғана аталмыш технология жаппай қолданысқа ене бастады [2]. Қазіргі заманғы жобаларды басқару әдістерінің негізінде 20 ғасырдың 50-жылдарында АҚШ-та жасалған жұмыстарды құрылымдау мен желілік жобалау әдістемелері жатыр. Жобаның жетістіктілігі әр түрлі әдістемелерде түрліше бағаланады: Дәстүрлі әдістеме: егер жоба уақытында және талап етілген сапамен іске асырылса, яғни тапсырыс беруші мен атқарушы арасындағы келісім жабылса онда ол сәтті деп саналады. Жетістіктің бағалануы тапсырыс беруші мен атқарушыға ортақ. Икемді әдістеме: егер тапсырыс беруші қанағаттанса, жоба табысты деп саналады. Мұнда тапсырыс беруші мен атқарушының болашақта басқа жобаларға қатысты ынтымақтастығының жалғасуына көңіл бөлінеді. Жетістік тапсырыс беруші тұрғысынан бағаланады. PRINCE 2: кем дегенде 3 категорияның – бизнес, тұтынушыға бағытталу мен технологиялық жетілудің тепе-теңдігі кезінде жоба табысты деп саналады. Бұл әдістемеде жобаның қаржылық жетістігіне, тұтынушылардың қанағаттанғандығына мән беріледі. Жетістіктің бағалануы бизнес, тұтынушы мен атқарушы тұрғысынан әр түрлі мүмкін [4]. Англияда мемлекеттік органдардың жұмысы кезінде жобалық менеджменттің PRINCE 2 атты бірыңғай стандарты бекітілген. Барлық жұмыстар осы стандарт бойынша жүргізіледі, әрбір министрлікте жобаларды басқаратын лауазымды адамдар бар. Қытайда жобалық менеджмент стандарттарын осыдан 20 жыл бұрын қолдана бастады және әрдайым жобалық менеджментті жеке секторда, не болмаса мемлекеттік құрылымдарда қолданудың аясы осы елде кеңейіп келеді. Мұндай тәсілдің қандай артықшылықтар беретіндігін ескере отырып, таяу уақытта Қытай мемлекеті 1 миллион жобалық менеджерді оқытып, даярлауды жоспарлап отыр [3]. 206 Жобалық менеджердің жүзеге асырылып отырған жоба саласындағы білімі қаншалықты мамандандырылған болуы қажет деген мәселелер көп туындайды. Мамандардың айтуынша, адамның сол салада маман болуы керек және жобалық менеджмент дағдыларын игеріп алуы жөн. Бірақ қазіргі уақытта жүздеген мамандар қатысатын салааралық жобалар бар. Сондықтан ерекше ықылас бір саланың маманына емес, жобаның кәсіби менеджеріне беріледі. Қазақстанда жобалық менеджерлерді дайындау жүйесі құрылған. Оның бірінші кезеңі 2010-2011 жылдары аяқталады. Яғни Қазақстанға жобаларды басқару саласында жоғары білімі мен тәжірибесі бар арнайы мамандар қажет. Қазақстан Республикасының жобалық менеджерлер одағының президентінің мәлімдеуінше Қазақстан дамуының индустриалды-инновациялық стратегиясын нәтижелі жүзеге асыру үшін 1500-нан 2000-ға жуық жобалық менеджерлер керек. Жаңа жоғары дәрежелі мамандарға деген сұраныс өте жоғары, әсіресе бүкіл республика масштабында. Қытайда олардың саны 500 мыңнан артық және егер жобаны сертификаты бар менеджер басқармайтын болса, оған мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтін болады, бұл – міндетті талап. Қазақстанға жобалық менеджмент кеңінен енгізу қажет. Бұл үшін, біріншіден, осы бағдарламаны жүзеге асыру тобы құрылады. Оған осы салаға жауап беретін мемлекеттік органдар кіретін болады, яғни индустрия және жаңа технологиялар Министрлігі. Бірақ жобалық менеджментті енгізгенде де әрекеттердің жүйелілігі қажет. Стандарттарды енгізуде белгілі бір реттілік болуы шарт. Қазіргі уақытта бір-бірінен тәуелсіз болып табылатын екі негізгі стандарт бар, олар: PMI және IPMA стандарттары. PMI (Project Management Institute) – Жобаларды басқарудың америкалық институты – негізі 1969 жылы қаланған. PMI жобаларды басқару жөніндегі стандартты, атап айтқанда The Guide to the PMBOK (Project Management Body Of Knowledge) стандартын әзірлеп, оны белсенді түрде алға жылжытып келеді. IPMA (International Project Management Association) – Жобаларды басқарудың халықаралық қауымдастығы – 1965 жылы Цюрих қаласында коммерциялық емес кәсіби қауымдастық ретінде құрылған болатын. Соңғы 20 жыл бойы аталған стандарттар Нұсқамалар түрінде жиналып, бүкіл әлем бойынша, оның ішінде жекеменшік және мемлекеттік құрылымдарда кең қолданылуда. Шын мәнінде, жобалық менеджмент жөніндегі осы Нұсқамаларда түрлі жобаларды іске асыруға байланысты бүкіл әлемнің тәжірибесі жиналған және олар әрдайым жетілдіріліп отырылады. Жобалық менеджмент жобаны шектелген бюджеттің аясында, мерзімінде және сапалы түрде мақсатына қол жеткізуге бағытталған әрекеттердің жиынтығы ретінде қарастырады [1]. Жобалық менеджмент мыналарды іске асыруға мүмкіндік береді: Қабылданған бағдарламалық құжаттарға сай жобалардың барлық мақсаттарына барынша қол жеткізуге; Бірыңғай стандарт пен басқару жүйесін құруға; Жоба іске асырылатын бүкіл уақыт бойы нақты бақылауды жүзеге асыруға; Жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға [5]. Қазақстанда жобалық менеджментті пайдаланудың оң тәжірибесі «Қазақтелеком» АҚ- да, «ҚазМұнайГаз» АҚ-да, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінде және т.б. кездеседі. Жобалық менеджмент саласының мамандарын даярлау сияқты маңызды мәселеде алға жылжу байқалады. Егер, бұрын кадрларды, әдетте, мамандандырылған оқу орталықтарында және еліміздің кейбір жоғары оқу орындарының эксперименталды бөлімдерінде даярлап келсе, ал 2010 жылдан бастап жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына жобалық менеджмент мамандығы ресми түрде қосылды, бұл өз кезегінде аталмыш сала мамандарын көптеп дайындауға ықпал ететін болады. «Жобалық менеджменттің» тиімділігін халықаралық қаржы институттары да мойындады. Мәселен, бүгінгі таңда, Дүниежүзілік банк ірі жобаларды несиелендіру кезінде өздерінің жұмысын жобалық менеджмент стандарттарына сәйкес жүргізетіндерге артықшылық беруде. Жобалық менеджменттің тиімділігін арттыруда келесі міндеттерді жүзеге асыру көзделеді: 207 барлық жобаларды іске асыру кезінде міндетті түрде жобалық менеджментті пайдалануды көздейтін жобаларды іске асырудың жаңа ережесін енгізу қажет. жобаларға жетекшілік ететін мемлекеттік органдарда, жобаларды атқаруға қатысатын мемлекеттік холдингтер мен кәсіпорындарда, жеке сектор кәсіпорындарында, сондай-ақ жобалардың орындалуына бақылау жүргізетін қаржылық бақылау органдарында сертификатталған кадрларды даярлауды жүзеге асыру қажет. қазақстандық қоғамның технологиялық жетілуінің ұлттық бағдарламалары жүзеге асырылып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін артып, нәтижесінде еліміздің экономикасын одан әрі дамыту. Қорыта айтқанда, Қазіргі заманғы жобалық менеджмент өзінің бүкіл дүние жүзі мойындаған сертификаттау мен аккредиттеу стандарттарымен Қазақстан мен дамыған елдер арасындағы мәдени көпір бола алады, бұл өз кезегінде еліміздің экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жобалық менеджмент әдістемесінің кең қолданылуы Қазақстан дамуының индустриалды-инновациялық Стратегиясының жүзеге асырылуының ең тиімді механизмі болуы қажет. Әдебиеттер: 1. Рассел Д.Арчибальд Управление высокотехнологическими программами и проектами – М.: «Академия АйТи»,2004 2. Ньюэлл Майкл В.Управление проектами для профессионалов.- «Кудиц-Пресс»,2008 3. Том ДеМарко Роман об управлении проектами. – «Вершина» «М»,2006 4. Ким Хелдман Профессиональное управление проектами. – «Бином» «Москва», 2005 5. Лапыгин Ю.Н. Управление проектами: от планирования до оценки эффективности. Омега –Л «Москва»,2008

Пікір қалдыру