iRef.kz

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨМІР АЛАПТАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

Cуда және жер бетінде өсетін өсімдіктердің, әсіресе ағаштардың жер қыртысында көміліп қалған қалдықтарынан физикалық, химиялық және биохимиялық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған қатты заттар лигнит, қоңыр көмір, тас көмір және антрациттер болып бөлінеді. Себебі олардың құрамы сол топтарға сәйкес органикалық заттардан тұрады. Жер қыртысында болатын метоморфизмдік процестердің әрбір сатыларына сәйкес тас көмір бірнеше топқа бөлінеді, олар: ұзын жалынды, газды, газды-майлы, майлы, майлы- коксты, құнарсыз, жартылай антрациттер, антрациттер. Жалпы тас көмірдің химиялық құрамында 75-97% көміртегі, 1,5-6 % cутегі, 4-14% оттегі, 4% шамасында күкірт, 5 % азот, 4-14 % дымқылдық болады. Қазақ даласында көмір кендері девон, карбон, пермь, триас, юра, бор және палеоген дәуірлерінде пайда болған шөгінді жыныстар арасында кездеседі. Солардың палеозой заманына жататыны – тас көмір , ал кайнозой заманына жататыны (триас, юра, бор) — лигнит деп аталады. Тас көмірдің молырақ кездесетін (65 пайыздай) түрлері карбон немесе тас көмір дәуіріне жатады. Кезінде Қарағанды тас көмір бассейні одақ бойынша үшінші көмір ошағы деп аталды. 1833 жылы ашылған бұл кен орынның тарихы қойшы Апақтың есімімен тығыз байланысты. Ол қаратастарды қапқа толтырып, үйіне әкеліп отын ретінде пайдаланады. Бұл хабар елден елге тарай келіп тау-кен өнеркәсібінің көпесі Н.А.Ушаковқа жеткен. Сөйтіп ол бұл орынға келіп, 1847 жылы көмір кенін ашқаны жайлы мәлімдеме жасаған. 1848 жылы ол он шаршы шақырымдай жерді арендаға (уақытша пайдалануға) алған. 1856 жылы Рязанов дген көпес екеуі жергілікті байлардан Қарағандының 114 шаршы км жерін 250 сомға сатып алған. Осылайша сатып алынған жерлерден екі көпес көмір өндіруге кіріскен [1,2]. Көмірді өндіру мәселесі 1856 жылдан басталған, ал 1870 жылы не бары төрт кішкене шахтадағы 7 штольнядан (көмірді не руданы қуалай көлденең қазылған үңгір) көмір алынған. 1908 жылға дейін Қарағанды көмірін қапқа салып түйеге теңдеп және арбамен Спасск заводына,Өспен мыс руднигіне және Сарысу байыту фабрикаларына жеткізіп отырған. 103 Қашықтығы 40 километрден астам жерге көмірді бұлай тасу көпестерге қымбатқа түсіп тиімсіз болған. Сондықтан да Рязанов өз үлесін Спасскідегі мыс қорытатын заводтың иелері — ағылшындарға сатқан. Тас көмірдің жаңа қожалары – ағылшындар бұл маңда темір жол салған. Оларда мұнда жарытып көмір өндіре алмапты. Белгілі геолог А.А.Гапеев басқарған зерттеушілер 1920 жылы Қарағандыға барып, бұл төңіректе байлық қоры мол екенін анықтайды және қосымша ондаған ірі шахта ашу керек деген тұжырымға келеді. Орал-Кузнецк комбинатының салынуына байланысты және оған Магнитогорскіден гөрі Қарағандының жақын екені ескеріліп ,1930 жылы көмір қорын барлайтын алғашқы скважиналар бұрғыланған. 1931 жылы бұрғыланған скважиналардың ізімен Қарағандыда ірі-ірі шахталар салу жөнінде Совет үкіметінің қаулысы шықты,осыған байланысты Қарағанды-Ақмола-Петропавл темір жолын салу жұмыстарыда қолға алынған. Қарағандыдағы алғашқы 20 шахтаның орындары белгіленіп ,оларды салу жұмыстары басталған. Сол жылдары Қарағандыда тұрақты геология мекемесі ұйымдастырылған. Бұл мекеменің басты міндеті – салынған шахталар үшін көмір кені алаңын барлау,оның қорын есептеу және су іздеу, құрылыс материалдарын (кірпіш құятын саз,ірі және қиыршық тастар, әктас, отқа төзімді заттар т.б.) іздестіру және барлау жұмыстары болатын. Қарағандының жаңа тарихы міне осылай басталды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жүзден астам көмір қабаттары бар екені анықталды. Кейбір көмір қабаттарының қалыңдығы 20 метрден асады, демек бұл оның ірі көмір қоймасының бірі екенін дәлелдесе керек. Қазіргі Қарағанды көмір бассейні ендік бойымен ұзындығы 100 км,ені 30 км-ге созылып жатыр. Көмір қабаттары алғашқы және орта карбон дәуірінде пайда болған шөгінді жыныстардың аралығында қалыптасқан. Карбон дәуірінде пайда болған көмір қабаттарының саны 80-ге жуық, оның 54-інде жұмыс істелуде,олардың қалыңдығы 1-8 метр аралығында,тас көмірлері кокстелінеді және энергетикалық болып келеді [2,4]. Көмір қызулығы жағынан Кузбасс және Донбасс көмірлерінен қалыспайды. Оның құрамында күкірт пен фосфор аз, сондықтан бұл көмір жоғары сапалы құрыш қорытуға өте тиімді. Күлі 23-27 %, ал ұшпа заттарының мөлшері 36%, сондықтан ол химия өнеркәсібінде кең түрде пайдаланылады. Әсіресе юра дәуірінде жаралған көмір өте пайдалы, оның құрамындағы ұшпалы заттар 40 % асады . Бұл күнде Қарағанды көмір бассейнінде 40-тан астам ірі шахта жұмыс істейді. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда А.А.Гапеев, Н.Г.Кассин, Н.И.Наковник, М.П.Русаков, Қ.И.Сәтбаев тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түсті металдардың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Жезқазған, Қоңырат рудниктері, Қарағанды көмір бассейні игерілді. Еліміздің экономикасында Орталық Қазақстанның алатын орны ерекше екендігі сол кезде-ақ белгілі болған. Бүгінде біздің аймақта 67 бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Облыс экономикасына «Испат-Кармет», «Қазақмыс», «Қарағанды-Пауэр», «Накоста» сияқты кәсіпорындар елеулі үлес қосты. Қарағандыда экономиканың нақты секторы дамып келеді. Облыстың 137 өнеркәсіп кәсіпорны «Миттал Стил Теміртау» АҚ-мен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-мен импортты алмастырушы өнімдерді жеткізіп берудің 17 миллиард теңгелік келісім-шарттарын жасасты. Қарағанды облыстарының кәсіпорындары: «Миттал Стил Темиртау» ААҚ Көмір департаменті (12,3%) және «Қазақмыс» корпорациясының «Борлы» Көмір департаменті (8,7%). Оларға республикадағы көмір өндірілімінің 87,7% келеді. Қазақстандағы 2-ші ірі көмір кен орнының бірі Екібастұз көмір кен орнының ашылу тарихы 1876 жылы Қосым Пішембаев, елден кетіп көпес орыстарға жалданып жұмыс істеген. Оның міндеті–даладан кен іздеп, табылған кеннің орнына сол орыс көпестерінің аттары жазылған қағазды көмеді. Осындай бір сапарында ол Керекудегі (Павлодардағы) 104 Деров деген көпестен шығып келе жатып жолда кездескен сортаң тұзды көлдің түстік батысында шығып жатқан көмі рге көзі түседі. Ол кезде бірталай кен түрлерін ажырата білетін Қосым оның тас көмір екенін анықтаған, одан соң көпестен алған белгіні сол жерге көміп, үстіне өз белгісін қойған. Павлодардағы алғашқы шахта Қосым шахтасы деп аталған. 1913 жылдан бастап Екібастұз ағылшындардың «Қырғыздағы тау-кен акционерлік қоғамы» атты компаниясына қарайды. Олар жылына 150 тонна көмір өндіреді, темір жолмен Ертіске жеткізіп отырады. Бұл көмірді пароход иелері сатып алған. Ұлы Отан соғысынан кейін бұл жерлердің ірі көмір бассейні екені бұрынғыдан да айқындала түсті.1954 жылы 24 желтоқсанда Мемлекеттік комиссия жылына үш миллион тонна көмір өндіретін бірінші көмір разрезін бірінші пайдалануға беру беру жайлы актіге қол қойды, Оралдың, Сібірдің,Қазақстанның ірі ірі ГРЭС тері Екібастұздың арзан көмірімен жұмыс істеді. Бұл күнде «Екібастузуголь» бірлестігінің қарамағында бірнеше ірі өндіріс орындары бар. Солардың ішінде «Богатырь», «Центральный», «Западный», «Северный» және «Южный» сықылды разрездерді ерекше атап өткен жөн. Бұлардағы карьер террасы (ашық карьерлердегі көмірді, не руданы өндіру үшін жасалған сатылы алаңдар) кертпештерінен өтетін темір жолдың ұзындығы 700 км ден асады. Сол жолмен үлкен думпкарлар (аудармалы вагондар) арқылы минут сайын жер бетіне 60 тонна көмір, 50 текше метр тау жыныстары шығарылып отырады[3,5]. Екібастұз көмірінің көп жылдар бойы толық қуатында пайдаланылмай келуінің басты себебі су мәселесі еді. Қазіргі кезедегі көмір бассейнінің жоғарыдан қарағандағы қөрінісі ассиметриялы мульда (ортасы тең емес астау) тәрізді. Оның ұзындығы солтүстік батысқа қарай 13 км,ені 5 км ,тереңдігі 2 км. Көмір қабаттары алғашқы және орта карбон ғасырларында жасалған құмтастар (аргилиттер) сияқты шөгінді жыныстар аралығында кездеседі. Өндірістік маңызы бар жақын жатқан үш қабаттың қалыңдығы 160-180 м. Қазір Қазақстан әлемдік рыноктағы ірі көмір өндірушілердің ондығына кіреді, ТМД елдері арасында көмір қоры және оны өндіру жөнінде үшінші және жан басына шаққанда көмір өндіру бойынша – бірінші орын алады. Қазақстандағы ірі көмір өндірушілер, Павлодар облысының кәсіпорындары: ТОО «Богатырь Аксес Көмір» (жалпы республикалық өндірілімнің 42,8%), «Евразиялық энергетикалық корпорациясы» ААҚ Восточный» қиығы (20,7%), «Майкубен-Вест» ЖАҚ (3,3%, соның ішінде 96,6% жалпы республикалық тас көмір өндірілімі). Богатырь Аксес Көмір — Қазақстан көмір өнеркәсібінің жетекшісі. Бұл көмір өндіретін рентабельді кәсіпорын. Өз қызметін бастағаннан бері компания 200 млн. тоннадан астам көмір өндірді. Майкүбі кен орны Екібастұздан оңтүстікке қарай 40 км қашықтықта орналасқан. Оның көмірін тұрғын халықтар ерте кезден пайдаланып келген. Майқайың өндірісін токпен қамтамасыз ету ұшін салынған ЖЭО та осы Майкүбі көмірін пайдалануда. Кейінгі жылдары Майкүбіде бірнеше тонна көмір қоры бар екендігі анықталды. Бұл көмірдің күлі аз, тас көмірге толық айналмаған қоңыр көмір болып табылады. Көмір бассейні астау тәріздес синклинальді құрылым түзетін шөгінді жыныстар аралығында орналасқан. Ендік бойымен оның ұзындығы 70 км,көлденеңі 16 км. Бассейндегі көмірлі қабаттың жалпы қалыңдығы 1000 метр.Бұл шөгінді жыныстар соңғы триас пен юра аралығындағы мерзімде пайда болған. Оның дені малта тастар мен құм тастар. Көмір қабаттарының жалпы қалыңдығы 110 м, олар жеті қабаттан тұрады. Майкүбі көмір қоры 10 миллиард тоннадан асады деп есептелуде. Зертеу нәтижесінде бұл көмірдің жоғары мөлшерде жылу (7000-7400 калория) беретіні анықталды. Сонымен Майкүбі көмірі жартылай кокс алуға және энергогазхимиялық шикізат үшін өте қолайлы. Қөмір қабаттарының қалыңдығы,күлінің аздығы, және оны ашық карьер арқылы өндіруге болатындығы бұл төңіректегі көмірдің өзіндік құны арзанға түсетіндігін дәлелдейді[4,5]. Тас көмір мен қоңыр көмір кендері Торғай ойпатында, Зайсан төңірегінде, Арал маңайында, Маңғышлақта, Оңтүстік және Орталық Қазақстан жерлерінде де кездеседі. Расталған көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орында тұр және жер асты қойнауында 105 жалпы әлемдік қор көлемінің 4% бар. Өнеркәсіп үшін аса бағалы энергетикалық және кокстелген көмір 16 кен орындарында топталған. Қазіргі уақытта республиканың көмір саласы Қазақстанда электроэнергияның 78 %, кокс-химиялық өндірістің 100%, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. Қазақстанның көмір өнеркәсібі, қиын уақыттан өтіп, бүгін еліміздің экономика саласында маңызды ұстанымында тұр. Болашақта көмір электр-энергетиканың дамуын қамтамасыз ететін, отын түрінің негізгі, аса сенімді стратегиялық түрі болып қалады. Оны өнеркәсіпте және экономиканың басқа салаларында тұтыну артады. Көмір экспорттаудың жалпы көлемі 22-27 млн. тонна деңгейінде тұрақталды. Негізгі импортер Ресей Федерациясы болып табылады. Соңғы жылдары шет елдерге көмір өнімін жеткізу географиясы айтарлықтай кеңейді. Қазақстан көмірін тұтынушылар қатарына Румыния, Чехия, Польша, Эстония, Турция, Украина кірді. Қазақстанның көмір саласының өндірістік қуатын ескере отырып, республиканың таяу жылдары көмірді шет елдерге 30- 35млн тоннаға жеткізу мүмкіндігі бар. Көмір саласының шикізат базасы мен қолданыстағы көмір шығаратын кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті, көмірді тұтынушылардың төлеуге қабілетті сұранысын Қазақстан ішінде, сондай-ақ басқа елдерде толығымен қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сала дамуының одан әрі жоспарлануы Қазақстанның және шекаралас елдердің макроэкономикалық жағдайына, сондай-ақ, белгілі-бір деңгейде, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекелесуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізумен байланысты болады [5,6]. Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін (ОЭК) дамыту стратегиясына сәйкес электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі бөлігінде көмір өндіру 2003 жылғы 84,7 млн.тоннадан 2020 жылы 98-100 млн.тоннаға немесе 18,1% өседі деп болжануда. Бұл ретте 2020 жылға қарай ішкі тұтынуды 10 млн.тоннаға дейін өсіру, энергетикалық және кокстелетін көмірді негізінен Урал мен Сібір электр станцияларына, Ресей Федерациясының металлургия комбинаттарына экспорттау 20-30 млн.тонна деңгейінде жоспарлануда. Жалпы энергетикалық көмір ресурстары жылу электр станцияларының қажеттіліктерін толық шамада қамтамасыз етуде, басқа салалар мен коммуналдық секторды отынмен тұрақты қамтамасыз ету үшін Шұбаркөл және Майкүбі кен орындарында, сондай-ақ Қаражыра кенішінде күлі аз көмір өндірісін 10,0 млн.тоннадан 15,0 млн.тоннаға дейін бір жарым есеге арттыру көзделіп отыр.Отын-энергетика кешенін дамыту стратегиясында, сондай-ақ Қарағанды алабында көмір өндіруді арттыру болжануда, оның едәуір бөлігі кокс өндірісіне арналған ресурстарға тартылуы мүмкін. Жалпы, жер асты әдісімен сапалы көмір өндіру 2005 жылы 10-12 млн.тонна болса, 2010 жылы – 12-14 млн.тонна және 2015 жылы – 14-16 млн.тонна деңгейінде болжануда. Көмір өндіретін кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларына сәйкес өндірісті жаңғыртуға және негізгі құралдарды жаңартуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 2005 жылға дейін шамамен 100 млрд.теңгені құраса, 2006- 2010 жылдары – 120 млрд.теңге деңгейінде және 2011-2015 жылдарда – 130 млрд.теңге болмақ деп болжануда.

Пікір қалдыру