Қазақ тілін үйретуде ауызекі тілде қалыптасқан ықшамдалған қолданыстар рөлі

Қазақ тілін оқыту, үйрету барысында көп жағдайда тілдегі үнем заңы, оның күнделікті ауызекі тілдегі ықшамдалған қолданыстары назардан тыс қалып жатады. Тіл білімінде бұл құбылысты зерттеу морфонологияның еншісінде. «Зерттеушілер морфонологияны фонетика мен морфологияны жалғастырушы буын ретінде қарастырады кейде морфологияның бір саласы деп таниды. Қазақ тіл білімінде морфема жігінде болатын дыбыстық өзгерістерді дыбыстық алмасу, қыстырма дыбыс қосу, ықшамдау деп үшке бөледі. Дауысты дыбыс редукциясы, дауыссыз дыбыстардың түсіріліп айтылуы, апакопа, гаплология құбылыстары морфонологияға жатады»/1/ Сөздің жазылу жəне айтылу нормасынан бөлек бұл тілдік құбылыс жалпы тіл білімінде зерттелгенімен, қазақ тілін өзге ұлттар мен шет елдіктерге оқыту əдістемесінде əлі зерттелмеген мəселе болып табылады. Тілдің бұл заңдылығы туралы тіл үйретуге арналған əдістемелік еңбектерде де, оқу құралдарында да қарастырылмай отырған тың тақырып деп толық айтуға болады. «Үнем» деген сөздің өзіне келетін болсақ, қажеттіліктен, мұқтаждықтан туындайтын əрекет түрі сияқты.Осы сөздің синоним ретіндегі «қысқарту» сөзіне мəн берейік. Ол-қажетсіз нəрсенің қысқаруы. Тілдегі үнем заңының пайда болуы да сөйлеу барысында туындайтын мəжбүрлі тілдік қажеттілік немесе тілдің сөздегі қажетсіз деп тапқан буындарын сөздің сөйлесім кезіндегі айтылу ыңғайына қарай қысқаруы, сығымдалуы, сіңісуі т.б. Тілдегі үнем заңы барлық əлем тілдерінде бар құбылыс. Тілдегі үнем заңы лингвистер назарына ерте заманда-ақ ілінген. Бірақ туындаған пікірлердің əр түрлі екенін аңғару қиын емес. Кейбір ғалымдар А. Шлейхер, В.Д. Уитни, И.А. Бодуэн де Куртенэ, Е.Д. Поливанов, А. Мартине т.б. үнем заңын тілдің негізгі заңы ретінде қарастырады. Қазақ тіл білімінде бұл мəселелерді А. Байтұрсынұлы, А. Қалыбаева, Х. Кəрімов, А.Айғабылов сияқты ғалымдар зерттеді. Ықшамдалудың барлық түрі жоғарыда аталған тіл білімінің морфонологиялық құбылысына жатады. Тақырыптық тірек сөздер: үнем заңы, сөздің айтылу нормасы, тіл заңдылығы. Зерттеу əдістері. Мақалада тарихи-салыстырмалы сипаттау əдісі, жинақтау, қорыту, талдау əдістері қолданылды. Нəтиже: Тілдегі ықшамдалған қолданыстар əдеби тілдің нормасынан ауытқуының бір көрінісі сияқты. Сөздің грамматикалық тұрғыдан тұлғалану заңдылығының бұзылып, қарапайым тіл қалыбына көшуі деп те айта аламыз. Біз өз зерттеуімізде ықшамдалған қолданыстардың тілдік норма бұзушылық жағын емес, қайта тіл үйретудегі өзіндік маңызды рөлі тұрғысынан қарастыруды қажет деп таптық. Күнделікті тұрмыста қолданылатын жалпы халықтық қарапайым тілде, ауызекі тіл аясында қолданылатын сөздер бар екені белгілі. Тілдік қолданыста бəсең стилге жататын мұндай қарым-қатынас тіліндегі сөздер тобы дəстүрлі немесе классикалық жазба əдеби тіл нормаларына жатпайтыны анық. Дегенмен күнделікті өзіміз қолданып құлағымыз естіп жүрген тілдік қолданыс екеніне ешкім де дау тудыра алмайды. Халықтық тілдің ауызекі тілдік қарым қатынас стилі тұрғысынан қолдау тапқан бұндай сөздер əр түрлі мақсатта, тілдік қарым- қатынаста өзіне түрліше тиесілі қызметін атқарып отыр. Атап айтар болсақ: 106 • Қарапайым қолданыс үлгілері болғанымен тіл үйренушінің тілді меңгеру деңгейі тұрғысынан қарастырғанда тілдік өлшем қызметін атқарады; Бұған дəлел- күнделікті тіл үйрету тəжірибесі ғана емес, тілді толық білетін, қазақ тілінде таза сөйлейтін адамдардың тілдік қарым қатынасындаы тілдік ықшамдалған қолданыстар да дəлел болады. • Комуниканттардың қатысымдық қажеттіліктерінен де туындап, коммуниканттың эмоционалдық күйін жəне сұрақ пен жауап реакциясын да қамтамасыз етеді. • Айтылмақ сөзді, ойды тілге жеңіл етіп, жылдам уақыт аралығында қысқа түрде айтып үлгеру мүмкіндігін тудырады; Тілді жақсы білетін кез-келген адамның сөздік қорында үнем заңының күнделікті тұрмыстағы қолданысын байқау қиын емес. Бір ғана əкел сөзінің өзі осы үнем заңының нəтижесінен туып, тілдік нормаға айналып кеткен сөз. Бұл — бастапқы алып кел формасының грамматикалық тəсілдерінің ықшамдалып, қысқарып, бір сөзге сыйыстырылуы. Осы форманың өзі ауызекі тілде ап кел, ап кеш, əкеш түрінде қолданылады. Əрине, мұндай қолданыстар өз тарапынан тіл заңын тəртіптеуді мақсат тұтпағанмен, бұйрық мəнде жұмсала тұрып, бұйрықтың орындалу шапшаңдығын ғана емес, өтініш пен міндет артуды да мақсат етіп тұрғаны анық.. Үнем заңының ең өнімді қолданысы жіктік жалғауының бірінші жəне үшінші жағына қатысты айтылатын сөздерде байқалады.

Читайте также:  ДӘСТҮРЛІ ҚЫТАЙ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ

Оставить комментарий