Загрузка…

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БІРІККЕН СӨЗДЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазіргі қазақ тіл білімінің даму жүйесі өзіндік ерекшеліктерге ие болды. Сондықтан да қазақ тіл білімінің әр категориясын жаңа қырынан зерттеп, зерделеу мәселесі бүгінгі ғылымның соны өрісте дамып, жетілуіне септігін тигізбек. Солардың қатарында біріккен сөздер мәселесін зерттеудің теориялық әрі практикалық маңызы зор. Қазақ тіл білімінде біріккен сөздер мәселесі, олардың зерттелу тарихы жөнінде белгілі бір уақытпен жүйеленген дәстүр қалыптасқан. Осы біріккен сөздер жөнінде жарияланған зерттеулердің басында қазақ тіл білімі теориясының алғышарттарын ұсынған бірден бір ғалым А.Байтұрсынов тұратыны белгілі. Ғалым сөз тұлғаларын бес топқа бөледі де, біріккен сөзді «қос сөз» терминімен атайды. «Сөздің сыртқы көрінісі – сөздің тұлғасын» [1.163] алты арысқа бөліп жіктеген ғалым Қ.Жұбанов та біріккен сөзге қатысты өзіндік мәні бар құнды пікірлер айтып өтеді. Ғалым «екі түбір, үш түбірден құралып тұрып, бір түбір болып кеткен сөздерді кіріккен түбірлер» дей отырып, біріккен сөздерге «кіріккен түбірлер» деген атау тағады. Аталған ғалымдардың ғылыми тұжырымдарымен үндесе келетін ой-пікірлерді А.Ысқақов, К.Аханов, С.Исаев, М.Балақаев т.б. сынды ғалымдарымыздың еңбектерінен де көре аламыз. Жалпы осы кезге дейінгі біріккен сөздерге қатысты зерттеулер шолу түрінде болып, жеке зерттеу нысанына алынбағаны да белгілі. Осыған қарамастан, бүгінгі тіл білімінің зерттеуші-ғалымдары біріккен сөздердің өзектілігін құрылымдық-мағыналық тұрғыдан саралау арқылы дәлелдеуде. Солардың қатарына біріккен сөздерді құрама сөздердің ерекше түрі деп жіктеген ғалым Қ.Күдеринованың бірқатар құнды пікірлерін жатқызамыз. Ғалым өзінің «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» (2005) атты монографиясында күрделі сөздер жалпы сипаттамасына тоқтала келіп, «күрделі сөз» бен «құрама сөз» [2] терминдерінің ара-жігін ажыратады. Автор біріккен сөздердің тұлғалану мәселесінің күрделілігін айрықша атап өтеді де, орыс, батыс еуропа тіл біліміндегі зерттеулерге барлау жасап, біріккен сөздердің шығу тегі, өздеріне тән белгілері туралы айтылған көзқарастарға азды-көпті тоқталып кетеді. Аталған тілдік зерттеулерінің қорытындысы ретінде ғалым Қ.Күдеринова тіл-тілде құрама сөздерді бірге тұлғалауда төмендегідей факторлардың орын алғанын атап өтеді: v Тұлғалық фактор: құрама сөз сыңарлары грамматикалық формаларының элизия, редукциялануы, екі сыңар ұластырғыш жалғаулықтардың болуы, сыңарлардың фонетикалық контаминацияға ұшырауы, бір екпінге бағынуы; v Мағыналық фактор: сыңарлар мағынасының лексика-семантикалық контаминацияға түсуі, ортақ мағына беруі [2]; Зерттеушінің тағы бір жетістігі – сөздерді бірге тұлғалаудың жоғарыда аталып өткен тұлғалық факторын тұлғалаудың формалды белгілері деп алуы. Және біріккен сөз жасауда қосымшалардың сөз ұластыратын қызметін ұластыруыштар деп, ал лексикалық бірліктердің сөз жасау қызметін құрастыруыштар деп формалды белгінің өзін екіге бөліп алуы біраз мәселелердің басын ашып, айқындағаны сөзсіз. Ал құрастыруыш тұлғаларды бүтіннің бөлшегі сипатына қарай аффиксоидтар (тану, құмар, жай, жанды, хана, аралық), стандарт тұлғалар (басы, хат, гүл, от(ы), жегі, ақы, балық, 26 шөп, қап, ауру, той) және жинақтаушы тұлғалар (бас, ағаш, құрт, тамыр, тікен, жапырақ, аяқ, тас, сөз) деп үш топқа ажыратады. Ғалымның осы теориялық тұжырымдарын негізге ала отыра, химия саласына қатысты терминдердің құрылымдық ерекшеліктерін саралауға болады. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми сөздігінің «Химия» топтамасында жалпы саны 5500-ге жуық термин берілсе, біздің есептеуіміздің нәтижесі бойынша, соның 196-ы біріккен сөз тұлғалары екен. Біріккен сөздерді (БС) талдау барысында мынадай статистикалық есептеулер алдық: — Төл түбірлердің бірігуі арқылы жасалған БС (65 БС): асқынкернеу, әктастар, әсіреүйірткі, екідайлық, жаққымай т.б. [3] т.б. — Төл түбірлер мен интернационал сөздердің бірігуі арқылы жасалған БС (131 БС): автоөршу, азобірігу, гидросірне т.б. [3] т.б. — Аталған сөз тұлғалары – біріккен сөздердің құрылымдық ерекшеліктері де сан қилы: — Ұластыруыштар: -лар (-дар, -дар,-тар): әктастар, жәндікжойғылар, жарыққұрамдар т.б. (73 БС) -лық: майсыйымдылық, майтұрақтылық, оттөзімділік т.б. (12 БС) -қы: әсіреүйірткі, жәндікжойғылар;(2 БС) -қ: шыныжарықшақ;(1 БС) -ыс: түрөзгеріс;(1 БС) -у: көбіктүзу, қосашөктіру, құрылымтүзілу т.б.(12 БС) -ғыш: ылғалсорғыш, түрөзгерткіш т.б.(7 БС) -ша: тұзкөпірше; (1 БС) — Құрастыруыштар: а) аффиксоидтар: хана: зертхана; (1 БС); ә) жинақтаушы құрастыруыштар: тас: әктастар, теміртас; ( 2 БС); Көрсетілген сандық нәтижелер арқылы біріккен сөздердің құрылымдық ерекшеліктері айқындалып, анықтала түседі. Демек, біріккен сөздердің жасалуы тек екі түбір тұлғаларының бірігуі арқылы ғана емес, түрлі тілдік бірліктердің бір-біріне «ұласуы», бірін-бірі «құрастыруы» нәтижесінде де пайда болатыны негізсіз емес екеніне де анық көз жеткіземіз. Әдебиеттер 1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым,1999. – 581 б. 2. Күдеринова Қ. Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы. – Алматы: 2005. – 144 бет. 3. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Химия/Н.Нұрахметов, А.Ниязбаева, Р.Рысқалиева, Н.Далабаева. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. – 336 бет.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar