Қазақтың ерлік жырындағы әлеуметтік сарындар

Ғасырлар бойы сахарада айтылып келген ертегі ­ жырды, аңызды, әңгімені ең алғаш шығарып таратқан көшпелі түрік тілдес елдер. Олардың ішінде жұртшылық жүрегінен белгілі орын алып, тарихта көрнекті ат қалдырғандар үйсін мен қаңлылар, ұйғырлар, одан бергі оғыз бен қыпшақтар, қарлық, керей, наймандар еді. Бұл елдердің барлығы тарихи дәуірлерде бүгінгі казак даласы нда тіршілік жасап, олардан тараған рулардың көпшілігі бері келе казак елінің іргесін құруға негіз болды. Сондықтан бұл айтқан ескі рулар жасаған мәдениет бұйымының іздері де, оның ішінде халық жыры, эпос, ою­өрнек, сәулет өнері, жұртшылық салты, елдік заңы, барлық рухани тіршілігі сахараны үздіксіз қоныс еткен, олардың түбегейлі мұрагері қазақ елінің тұрмысында ашығырақ сақталды. Кәрі заманның ертегі ­ жырын, миф, аңызын біздің дәуірімізге дейін сұлу қазына түрде сақтап қалдырған бұл айткан жұрттар, қытай мен ескі рум жазушыларының айтуынша, Орта Азиядағы ең білікті елдерден саналып, өз алдына жер­су, қонысқа ие болып, өздерінше әлеуметтік, мәдени тіршілік жасаған еді. Олардың ел басқарған адамдарына Қытай мен Иран патшалары достық белгісі ретінде қыздарын беріп, жұртаралық қарым­қатынас жасап отырған. Мұндай байланыстар да халық эпосында өз көрінісін тапқан. Қазақ халқының ертегі ­ жырының, миф, аңызының жалпы сарынына қарағанда, олардың тіршілігіне зор эсер қалдырған әсіресе оғыз бен қыпшақ жұрттары екені көрінеді. Қазақ эпосында оларды «Көндігер Құбаң жұрты», «Ноғайлы», «Қият», «Қыпшақ» деп түрлі атпен атайды. Мұндағы «Көндігер Құбан жұрты» дегені ­ орта ғасырдағы күншығыс әдебиетіне белгілі «оғыз» бен «қыпшақ» елдері. «Кубан» Еуропа әдебиетінде жиі кездесетін «куман» елінің осы күнге дейін сақталып келген бір есімі болуға тиісті, екінші сөзбен айтқанда, қыпшақтың бір руының аты. Орталық Қазақстанда «Құмантау» деген жер бар, ол тау ескі құман (қыпшақ) руларының атымен байланысты болуы мүмкін. Иран әдебиетінде жиі кездесетін «қимақ» та көңіл аударарлық. Бұрынғы қазақ қарияларының шежіре сөзі бойынша «көндігер» Сырдариядан оңтүстікке қарай ауған елдерге берілген ат екені көрінеді. Бұл атпен ескі қазақ рулары бір ғана оғыз жұртымен Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын айтатын болған. Бұл туралы қазақ халқының белгілі ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай деген: «Сейілханның балалары көндігер жұртынан шығып, олар халифаның қол астына қарағандықтан, «көндігердің ауыр қолы» деп аталатын болған. Түрікмендер сол көндігерлер ауып кеткенде мұнда қалғандары» дейді. Мәшһүр Жүсіптің бұл сөзіне қарағанда, қазақ аңызында жиі кездесетін «Көндігер жұрты» отыз халқын көрсететініне еш күмән қалдырмайтын сияқты. Оның үстіне, қазақ аңыздарында көп айтылатын көндігер жұртының ру бастығы Сейілхан тарихқа белгілі салжұқтың халық аузында сақталған бір аты екені байқалады. Мұны түрікмен елінің ақын ғалымы Ихсан­Шайх Дана Ата мен қазақ халқынан шыққан атақты ақын әрі талым Нұржан Наушабайұлының жазғандары толық дәлелдейді. Нұржан «Қыпшақ шежіресі» деген жазуында қырда тіршілік жасаған елдердің көбін жұрт аузында аңыз болған Алаша ханнан таратады. Оның айтуынша, Алашадан екі ұл туады: біріншісі ­ Сейілхан, екіншісі ­ Жайылхан. Мұнда Жайылхан қазақ, қарақалпақ сияқты елдердің арғы атасы түрінде суреттелсе, Сейілхан түрікмен елінің атасы деп айтылады. «Алашадан екі ұл туыпты­мыс» дейді Нұржан ақын, оның бірі ­ Сейілхан, одан сегіз арыс түрікмен тарап, қазақтан айырылатын жері осы еді» дейді Түрікмен жазушысы Ихсан­Шайх Дана Ата «Оғыз наме» деген шығармасында «Сейілханды» түрікмен елінің халық аты (этноним) түрінде жұмсайды. Ол кісі «Оғыз наменің» кіріспе сөзінде: «Әлқисса, Күн ханның Оғыз ханның ата тегінден йайлған фарзантларының атларын айталың» деп келіп, «Оғыз намені» жазғанда оны: «Жамиғ Сейілханға (түрікмен еліне) бізден ядгар калсуы деп, тәки аны көріп асыл нәсілларын білсунлар тен буларны назим қылдылар» дейді. Ихсан­Шайх бұл жазуында өзінің шығармасын Сейілхан түрікмен еліне тарту ретінде ұсынғанын көрсетпекші болады. Ихсан жобалауынша, «Оғыз хан» көп елді біріктірген жинақ ат болса, Сейілхан ­ түрікмен елінің аты. Оғыз ханден айрылшам, Күллі Сейлхан елатіміз. Бір атадан йайлашам. Иокдур сөзде йалатымыз. Ихсан­Шайхтын бұл сөзі де бұрын сахараны қоныстаған елдердің қауым тіршілігі бір қалыпта болғанын көрсететін ашық мысалдың бірі. Оғыз, қыпшақ, қаңлы не ноғайлы сияқты жұрттардың замандар бойында бірге қоныс еткені қазақ халқының есінен көпке дейін ұмытылмаған. XVIII ғасырдың ішінде қазақ даласын аралаған атақты ғалым П.Паллас, одан кейін Георги, Фальк, бергі кезде Шербина бұл туралы қариялар аузынан бірталай ескілікті сөздер жазып алады. Паллас қазақ қарияларынан елінің тарихын, қонысын сұрағанда олар Сырдария өлкесін атамекен байтағы, ерте заманда оны «ноғайлы» мен «Көндігер Қубаң» (оғыз) жұрттары қоныс еткенін айтқан. Бұл келтірген мысалдар, әрине, оғыз, қыпшақ, қаңлы елдерінің тарихи дәуірлерде бірге өсіп, бірге жасап, бүгінге дейін көп халық аузында айтылатын ертегі ­ жыр, қария сөз, аңызды («Қорқыт», «Көруғлы», «Алпамыш»), түу баста олардың бірге шығарғанын дәлелдейді. Бірге тіршілік жасаған елдердің ертегі ­ жыр, хикая сөз мұрасында ортақ сарындар болуы табиғи. Сондықтан «Қорқыт» сияқты сұлу аңызды оғыздан қыпшаққа не түрікменнен қазаққа ауған сюжет деп айту өте қиын. Оғыз­қыпшақ елдерінің бір кезде қазақ даласын қоныс етіп, олардың саяси­әлеуметтік рухани тіршілігі көп заман бірге болғанын төндіре суреттейтін әсіресе орта ғасырдағы күншығыс жазушылары, одан кейін оларға түсініктеме берген біздің дәуіріміздің асқан ғалымдары академик В.В.Бартольдпен Н.А.Аристов. Күншығыс жазушыларының ішіндегі ең жүйрік, кемеңгерінің бірі белгілі Рашидеддин сахарада жасаған оғыз бен қыпшақ елінің арасында ешбір айырма бар деп айтпайды. Ол кісінің айтуынша: «оғыздар ­ қыпшақ, қаңлы, қарлық атты бірнеше руларға бөлініп, олардың барлығы оғыз ұлысынан тарайды». Рашидеддиннің жазуынша, Оғыз хан төңірегіне топталған елдердің жалпы атасы «Абулша хан» не Абылғазы бахадурше, Аланча хан түрінде айтылады. Мұндағы «Абулша» не «Аланча» қазақ аңызындағы «Алаша» ханның варианттары болуға тиісті. Орталық Қазақстанда Ұлытаудың бауырынан ағатын Қаракеңгір өзені бойында тұрған сәулетті кешенді (мавзолей) қазақ халқы бүгінге дейін «Алаша ханның күмбезі» деп түсінеді. Бұл жер VIII ­ X ғасырларда оғыз бен қыпшақтардың мәдениет ошағын құраған байтақ өлкенің бірі. Бұл өңірде Алаша ханның кешенінен басқа да ескі дәуірден қалған сәулет бұйымдары (архитектурные памятники) өте көп. Рашидеддин «Абулша хан әр уақыт қырда тұруды сүйген. Оның жазғы жайлауы Ортау, Кертау атты мәуелі биік таудың саласы, ол жерде Анажан (кейін Жұбан ана) атты қала болған. Борсық (бүгінгі Борсық құмы болмаса Малые Борсуки), Қақажан, Қарақұм бойын қоныстайтын Талас, Сайрам қалалары бұл айтқан жерлерге көршілес тұрады»,­ деп көрсеткен. Абылғазы бахадур да өзінің «Шежіресінде» Аланча хан атымен бірталай мәдени істерді байланыстырып, оның кезінде жұртшылық тіршілігі өркендеп, қызықты әңгіме, ертегі ­жыр шығуға себеп болғанын айтады: «Аланча хан заманында юрт абадан уа ел дәулетті болды», «Аланча хан заманида халықтың башы во малы көп болды, дәулетке әсір болды. Мұнда Абылғазы тарихи дәуірдегі жер аттарын, оны қоныстаған елдердің көшпелі тұрмысын Рашидеддиннен көрі ашық, нақтырақ суреттеген. Абылғазының жазуынша, ең ескі дәуірдегі аңызда кездесетін «Ор­тағ», «Кер­тағ» оның заманында «Улуғ­тағ», «Кичиг­тағ» деп аталатын болған. Оғыз бен қыпшақ, қаңлылардың жұрт атасы болған Аланча хан жаз ол жерді жайлап, «Қыш болғанда Қарақұм, Сырдарияның якасның қышлар ерді» дейді. Сөйтіп, кәрі заманның аңызында жиі ұшырайтын «Ортау» «Кертау» не Ұлытау», «Кішітау» тарихи замандағы аттары Орталық Қазақстанда өлі күнге дейін сақталып келеді. Алаша ханның кешені тұрған Ұлытау әрі мәуелі, әрі салқын, оты шүйгін қызықты жердің бірі. Оның бауырында қазір мал өсіретін ірі совхоздар бар. Ұшы­қиыры жоқ кең сахараның ортасында оның алыстан мұнартып көрінген сәулеті әлі күнге сол Рашидеддин мен Абылғазы жазғандағыдан еш бөтендігі жоқ. 1391 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы шеру тартып шыққанда, жазғытұрым кезінде осы Ұлытау өлкесіне тоқтап, май айының ішінде оның басына шығады. Кейінгі заманға із қалдыру үшін Ақсақ Темір қасындағы шеберлерге тас қырнатып, Ұлытаудың бір шыңында үлкен қара тасқа жазу түсіріп кетеді. Қазір ол тас (Шарафеддин Йазидидің кітабында жазылған) Ленинградтың Эрмитажында сақтаулы тұр. Бүгінгі Қазақстан өлкесінде бұл тәрізді ескілікті жәдігерлер жиі кездеседі. Оның шоғырланып сақталған жерінің бірі осы айтқан Ұлытау, Кеңгір, Сарысу өзендерінің бойы, Қорғалжын, Есіл, Нұра өзендерінің алабы. Бұл жерлерде ерте заманның асқан ер, алып батырларының басына тұрғызған күмбезді кешендерден басқа, неше түрлі ескі қалалардың орны, қазған арық, кен ошағының іздері де көп кездеседі. Бірақ олар әлі зерттелмеген. Осы сияқты ескіліктен қалған мәдениет мұраларына қарағанда, қазақ сахарасы тек қана жөңкіле көшіп жүрген елдің тағы жатқан даласы емес, бір кезде онда да мәдениет жасалып, онда да ақыл­ой шығармасы белгілі сатыға жеткенін көрсетеді. «Саймақтың Сары өзені», «Ақсақ құлан» сияқты толқынды күй, терең аңыздардың шығуы да биік рухани парасатты дәлелдейді. Қырда туып­өскен кемеңгер ақын Абай мен бүгінгі бақытты дәуірдің Гомері саналған Жамбыл жырының кемел өрнегі де кенеттен пайда болған емес. Олардың барлығы тарихи дәуірден үзілмей келе жатқан поэзиялық мәдениет дәстүрінде астасып жатыр. Маркс пен Энгельстің айтуынша, сахарадағы көшпелі елдің егіншілік тәжірибесі аса болмағанмен, олардың рухани мәдениеті өте бай, сондықтан олар кейде отырықшы елдің өзіне әсер ете алған. Демек, эпос, ертегі ­ жыр, аңыз, қария сөзді әуелде шығарған сахараны қоныстаған көшпелі елдер (сақ, үйсін, қаңлы, оғыз, қышпақ). Бұл айтқан елдер өзінің дәуірінде аралас не көрші отырып, кейде біріне­бірі жақын тілмен сөйлеген, саяси­мәдени, шаруашылық тұрмысы, коғам тіршілігі ұқсас болған. Сондықтан қырда айтылатын эпикалық жырдың көпшілігі кейін олардан тараған бірнеше елдің игілігі болып қалады. («Ер Төстік», «Алпамыс», т. б.)­ Сондай эпостық жырдың және соларды туғызған коғамдық тұрмыс­ салтының күшті сақталған жерінің бірі ­ Қазақстан сахарасы. XI ғасырдағы белгілі ғалым Махмұд Қашғаридың «Луғат» кітабы бойынша бұрынғы оғыз бен қыпшақ елдерінің үй шаруасымен жұртшылық тұрмысында қолданған сөздер бүгінде көбінесе қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілінде көбірек сақталған (емгек ­ енбек, ашлық ­астық, шанақ, қауа ­ қауға, кенд, йатуқ ­ йатақ). Қашғаридың «Луғатында» кездесетін таңсық сөздің бірі ­ «көк» («түп», «тек», «ата тек»). Бұл сөз сол ескі замандағы мәнінде әлі күнге дейін қазақ тілінде ұшырасады. Бұрын қазақ қариялары біреуге ренжігенде «көгі жаман неме» деп ұрсатын. Болмаса Махмұд Қашғари жазғандай біреудің ата тегін білмекші болғанда, «оның көгі кім?», «көгінде еш нәрсе болған ба?» деп сұрайтын. Ескі рулардың, оның ішінде әсіресе оғыз ­ қыпшақ елінің тіршілігінен қалған сілемдер қазақ халқының тілінде, ертегі ­ жырында өте көп. Соның бір саласы ­ халық мақалы, тақпақ сөздер. XI ғасырда Махмұд Қашғари алған нұсқаларға дәл келетін қазақ мақалдары бар: Тау ­ тауға қаушмас Кісі кісіге қауысар. Қанды қанмен жумас. Таудан жүгірген түлкі Қашып құтылмас. Бөрі күшігін жемес. Бір түлкі терісін – Екі соймас. Ел қалар, Төре қалмас. Күш елден кірсе, Төре түндіктен шығар. Құлан құдыққа түссе, Құрбақа айғыр болар. Аш не жемес, Тоқ не демес. Бұлардан басқа Махмұд Қашғаридың «Лұғатында» қазақ даласының ескі замандағы жер бедерін, ол кездегі көшпелі тұрмысты суреттеп, көзге елестететін бірталай мағлұматтар бар. Оған мына мысалдарды келтіруге болады: «Жазы қатты болса, қысы сүйінішті, қысы қатты болса, жазы сүйінішті», «Ұғлақ жүгірісті, қозы жамрасты, қошқар, теке, шешілді, саулық сәрік қосылды (қосақталды): сүттер қамұғ жосылды, ұлақ ­ қозы жамрасар». XI ғасырда хатқа түскен бұл сөздер бергі кезге дейін көпшелі тұрмыспен келген қазақ, қырғыз сияқты халықтардың тіршілігін елестетеді. Бұл, әрине, ескі дәуірдегі рулар жасаған көшпелі мәдениеттің, оның ішінде эпикалық ғасырдан ­ ғасырға ауысып келіп отырғанының ашық бір дәлелі. Махмұд Қашғари оғыз, қыпшақ, қырғыз, тухси елдерін тіл ұқсастығы жағынан бір топқа кіргізеді. Олардың ішінде оғыз ­ қыпшақтар біріне­бірі өте жақын тілмен сөйлесіп, жазы ­ қысы аралас бірге қоныстап отырғанын айтады. Қашғаридың картасы бойынша Қаратаудың оңтүстік алабы (Сыр бойы) оғыздардың байтақ қаласы, кенттері болса, оның солтүстік бетінде (Шу өзенін өрлей) қыпшақ пен оғыздардың сыңсыған қыстаулары болған. Оғыз бен қыпшақтардың бұлай көршілес отырғанын X ғасырда жазылған «Худуд­ал­алем» деген кітап та анықтайды. Ол кітаптың баяндауынша, қыпшақ не қимақтардың елдік салты оғыздарға ұқсайды, олар жаз Ертіс өзеніне қарай барып, қысқа қарсы Қаратау, Сыр бойына келіп, оғыздармен аралас отырады. Қытай тарихынан пайдаланған Риттер мен Клапроттың айтуынша, сахарада қоныстанған рулар бұрын малдарын қыс Сырдария, Шу, Талас өзендерінің бойында қыстатып, жаз шыға шөлейтке, салқын жаққа қарай көшіп, Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің арасын жайлап, Орал тауы, Обь өзенінің сағасына, Мұз теңізіне дейін баратын. XVIII ғасырдың басына дейін қазақ халқы да осы шаруашылық салтын берік ұстап, қыста Сырдың бойын мекендеп, малын Шу өзені бойында, Алатауда қыстатып, жазда Ертіс, Есіл, Тобылды бойлай, шөлейтте Арқаны жайлайтын. Ибн­әл­Әсір, Шамси, Дамшаки, Масуди сияқты орта ғасырдағы араб жазушыларының айтуынша, оғыз бен қыпшақтар жаздыгүні Оралдағы Бұлғар жерімен көршілес отырып, қыстыгүні Сырдың бойындағы қалаларды не Алатаудағы Баласағұн сияқты қаланы қыстап, малдарын сол төңіректе жаятын. Сол ибн­Әсірдің көрсетуінше, бұл айтқан көшпелі оғыз, қыпшақ, қаңлылар жаз салқын жерді жайлап, қыс жылы жақты (Сырдария, Шу, Талас өлкесін) қоныстап жүрген. 960 жылдары ислам дінін қабылдай бастайды. Бұл елдердің ислам дініне ру ­ руымен кірген кезін Ибн әл­Әсір 1043 жылдың күзі деп анықтайды. Олар ислам дінін ел болып қабылдағанына сол жылы үлкен той жасайды. Қаңлы, қыпшақ хандарының қыс Сыр бойындағы қалаларда қыстап, жаз Ұлытауды жайлайтынын Қытай тарихшылары да айтады. Мұндай шаруашылық көшіп­қону қалпы бергі Тәуке хан кезіндегі (XVII ­ XVIII ғғ.) қазақ өмірінде де орын тепті. Елдің көшпелілігі Арқада, Күнбатыс Сібірде, Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің алабын жайлап, Мұз теңізіне дейін барып, мал семіртіп жүрсе, жұрт ісіне қатынасқан би, батырлар, хан, сұлтандар көбінесе Сырдария мен Қаратау төңірегіндегі Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ, Қарнақ қалаларында болуды салт қылатын. Тәукенің ордасы жазда көбінесе Қаратаудағы Күлтөбеде болатын, «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген қария сөз содан қалған. Мұнаралы кешендер, бұзылған күмбез үйлердің ескі орны Қазақстан өлкесінің талай жерінде кездеседі. Мұндай ескі жәдігер Жетісу, Алтай, Арқаның үсті, Сырдария өлкесі, Маңғыстау, Каспий, Жайық бойларында көп. Қырда ерте кезде салынған кешендер туралы Мәшһүр Жүсіптің жазғандары тарихи өте бағалы. Ол кісінің айтуынша, «қалмақ пен ноғайлы жұрттары жауласып жүргенде, ноғайлы қазақ елінің әскербасы жігіттері айдаладан тас қорған күмбез үй жасайтын болған. Шідерті өзенінің аяғындағы «Ақжар сарай» ­ сол ноғайлы хандарының орда қылып, так орнатқан жері. Есіл, Нұраның арқасындағы Тоғанастың тоқсан екі көлі ­ ноғайлылардың егін салған көлдері. Қызылмола, Сұлутам, Сырлытам, «Хан сүйегі» ­ солардың жәдігерлері» дейді Бұл айтқан жәдігерлер ислам дінінен бұрынғы бақташылық тұрмыстың арнасынан туған заттар. Ерте замандағы үйсін мен қаңлылар қытайдың «Ганму» деген тарихының айтуынша, өз алдына жеке жұрт болып, қытайдың «хан» деген аталарымен қыз алысып, қыз беріседі. Олардың мекені ­ Сырдың бойы, тұратын қаласы ­ «Алатау». Қаңлылардың әдеті, заңы «дұлғастармен» бірдей. Елін жарғы жосынмен басқарады. Жазылған жарғысын хан сарайында сақтайды. Үйсіндер ­ осы қаңлылардың бір тарауы. Олардың жылқысы сұлу, аты жүйрік келеді, сиыр, қой өсіреді. Жүзім, миуа жемістерін егеді, ­ дейді қытайдың атақты саяхатшысы Сюань Цзян. Ол VII ғасырдың 30­жылдары Жетісу, Сырдария өлкесін аралап қайтқанда, аса бағалы сөздер жазып қалдырады. Ол кісінің айтуынша, Алатаудың өзендері көбінесе күншығысқа қарай ағады. Шу өзенінің бойында Шуаб деген үлкен қала бар, бұл қалада көшпелі халық пен саудагерлер аралас тұрады. Шудан әріде бірнеше қала бар (Талас, Сайрам, Күмкент, Жанкент, Арал). Оның әрбірінің жеке­жеке басқарушылары бар. Бұл қалалардың барлығы дұлғас (үйсін, дулат, түрік) хандығына қарайды. Астана қаласы ­ Талас. Бұлардың оңтүстік беткейінде мұз жататын биік тау, сансыз көлдер бар. Ол таудан шөлейтке қарай бірнеше өзендер ағып түседі, сондықтан ол жерді «Мың арна» (Жетісу) деп атайды.

Читайте также:  БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫСЫНЫҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ-ЕРІКТІК ДАМУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Оставить комментарий