Қазақтың сал, серілік дәстүрі

Сал, сері екеуі де өте ескі дәуірден сақталып келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, әдебиетке, ой­санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері. Оны осы күнгі сахнада мирас болған Біржан салдың бейнесі анық сипаттайды. Қазақ тілінде ерекшеленген сал мен серінің адамшылық қасиеті ауызбен жеткізуге болмайтын орасан асқақ болып отырады. Олар күштіге табынбайды, кедейді мақтап жыр шығарады. (Жанақ ақын, Дәулеткерей, Сейтек). Олардың бар ынтасы махаббатқа бас иіп, оған бәйек болып түсу, ол үшін ел­елді қыдырып, өзіне ақылды, сұлу қыз іздеу, оған барлық жас өмірін сарп қылып, мал­мүлкін аямай соның жолына құрбан етіп салу. Бұл тек қана сал мен серілерде ғана болатын. Сал мен серіні мұндай ардақты дүниеге бағыттайтын оның жаратылыс ерекшелігі, оның дарынды ойы, ашық­жарқын мінезі, сыпайылығы, сұлулықты, ғажайып жаңалықты жақсы көретіні, әдемі дүниеден ләззат ала білуі. Сал мен серінің өзгешелігі олар, әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші, әрі сауыққой, елге қуаныш беретін, олардың жүрегіне жарық сәуле түсіретін оқымысты адамдай саналады. Сондықтан халық сал мен серіні өте ардақтап, қуанышпен қарсы алып, олардың істерін халық ортасында аңыз қылып айтып жүреді. Ауылдағы бойжеткен қыздары да сал мен серіге ерекше көңіл қойып, олар ауылға келгенде тобымен жүріп, алдымен қарсы алатын. Сері мен сал келген ауылдарда үлкен думанға түсіріп, ойын сауықпен олардың көңілін табады. Ф. Назаровтың суреттеуінше, сал жүрген жерін ұзақ уақыт қызыққа батырады. Ол өзінің шырқап салған әнді жазды күні түн ортасында ауғанша айға қарап, шырқап ән салған. Ел­елді аралап жүретін әнші, серілер, салдар тарихи дәуірден келе жатқан мәдениеттің бір жарқын түрі. Олар өздері шығарған ән күйді, музыкалы шығарманы, халықтың эпикалы жырларын мәңгілікке сақтайтын аяулы ой иесі. Өткен ғасырларда сахарада ән мен күйдің өркендеуі бір ғана сал мен серілердің, атақты домбырашылардың көркейіп өркендеуімен байланысты болады. Олар әнді бір дауыспен айтпай кейде көп дауысты әдемі әндер шығарып жүреді, оның әдемі өрнегін бізге суреттейтін «Сегіз серінің» Бақтиярдың үйінде, Мақпал сұлудың алдында – көп серімен қосылып, көп дауыспен бірлесіп, айтқан әндері, Біржан салдың Абай үйінде жатқанда көп серімен бірлесіп айтқан сұлу әндері. Бұл әсер тіпті жәй нәрсе емес, қазақ музыкасының көркейіп, биік сатыға жеткенін сипаттайды. Демек, сол өнері халық топтарының жарқын бір түрі. Оның негізгі құрылысы ойын­ сауыққа негізделген, ән шырқау, жарқын күй тарту, билеу (Дәулеткерей алдында), ән желдірме айту, тағы басқалар. Бұл сауық көрінісін салдар әр қашан көркем киімдермен, не ешкімге белгісіз бір алуан киімдермен, ат тұрманын алтын күміспен, топтаған моншақ, мыспен таусылмайтын сұлу өрнекті әдемі жібектер мен елді толықсытып жүретін. Бұлар әсіресе Бәйтен салда, Ниязда, Сегіз серіде, Біржанда орасан көп. Бірақ, бір өкінішті жері, сал мен серінің қашан шығып, қалай өркендегенін айтып берген бір ауыз сөз әдебиетте кездеспейді. Ол туралы қысқа­қысқа жазып алған хабарлар бір ғана Ә.Ә. Диваев пен А.Н.Добромысловте жолығады. Осы күнгі жазушылардан бұл мәселеге көңіл қойып жүргендер Бижанов пен Ақселеу Сейдімбек. Алайда, сал мен сері туралы күрделі аңыздар ел аузында орасан көп. Қай жерде қандай сері, қандай сал болғанын олар әлі күнге ұмытпай есінде сақтаған. Тарих көзімен қарағанда, серілік ту баста түрік қағанаты кезінен шыға бастаған.

Серілікті әдет қылған ойшы кісінің бірі сол кезде жасаған атақты Иоллық деген кісі. Ол өзі ғажайып аңшы, мерген, атты әдемілеп ұстайтын ат сейіл онымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Білгі­хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемілеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегін. Түрік қағанатының асқаралы биі Тоныкөк терең ойшы кемеңгер білгіш кісі болған. Өлерінде басына қоятын құлпы тасқа атақты жазуды ол өз қолымен жазып, қанша данышпан сөздер қалдырған. Тоныкөктің жалпы бейнесі VII­VIII ғасырда жазылған кемеңгер, ойшы Қорқытқа өте ұқсас. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт ескі дәуірдегі серілікті бастаушының бірі. Бұған XIII ғасыр бұрын жасалған атақты шешен, ел басқарушы, онымен қатар атақты жырау, ақын, күйші, бірінші қобыз жасаушы қазақ музыкасының атасы. Қорқыттың қобызын, оның музыкасын өзіне мұра еткен ұрпақтары әл­Фараби, Нысан абыз, Қойлыбай, Балақай, Жанақ ақын тағы, басқалар. Тарихи дәуірде қолданған музыка аспаптарының шығу тегі бір таңсық нәрсе. Оны терең оймен анықтауды бірінші рет алдына қойған ұлы жерлесіміз әл­Фараби (Өзлығ). Ол кісінің бейнелеуінше, әрбір музыка аспабының үн шығаруы жаратылыс үнімен мол байланысты жатады. Қорқыт дәуірінде Сыр бойындағы қалаларды мекендеген тайпалар оғыз, қыпшақ, қаңлы, қарлұқ қобыз күйін киелі үн деп, Қорқыттың қобызына бас иетін болған. Бұл аңыз соңғы дәуірге дейін келіп жетті. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт күмбезінің жанынан өткенде одан Қорқыт қобызының «Қорқыт­Қорқыт» деген дауысы естіліп тұрады. Биікте ұшқан бейне құстың сайрауы, тау басынан ұлыған аң бөрінің дауысы, үйдегі қойдың маңырауы, өрістегі жылқының кісінеуі естіледі. Демек, қобыз күйінің сарынына зор елес берген жаратылыс үні: үрген жел, соққан боран, тамшылаған жаңбыр, судың ағыны, қамыстың шуы, орманның толқуы, шөптің сылдыры, тау­тастың жаңғырығы, найзағай – күннің күркіреуі – барлық жаратылыс үні күй шығарудың негізі болады. Күй шығарушылар Қорқыт, Жұмағұл ақын, Ықылас әр қашан үйден қобызын алып шығып, өзеннің жағасына барып тартатын болған. Өзеннің ағысы олардың жан күйін толқытып, шабытқа бөлеген. Ерте дәуірде шығарған күйлердің аты да осымен орайласып отырады. Мәселен: «Аққу», «Қызыл қайың», «Асау өзен», «Көк бұқа», «Боз айғыр», «Жез киік», «Қорқыт күй», «Ақсақ құлан», «Жошы хан», тағы басқалар. Аспаптың өзіне келсек, қобыздың сыртқы түсі оның шығарған үні келесі күйді еске түсіреді. Қу – қазақта киелі құс. Сондықтан «Аққу» күйі ерте кезде көпшілікке әсер еткен. Қобыздың түрі қуға ұқсас екенін бірінші рет суреттеген әл­Фараби. Одан кейін, оны солай салыстырған саяхатшы П.С. Паллас. Ол кісі 1772 жылы Семей өлкесін аралап жүріп, әлден уақытта қобыз тартып отырған, бір қазақты кездестіреді. Ол саяхатшыға «Аққу» күйін тартып береді. Палластың байқауынша, қобыздың сыртқы көрінісі одан сұңқылдап шығатын үн тұтасымен қудың түрін елестетеді 1 . Сал мен серінің сипаты әсіресе Қорқыт дәуірінде оғыз­қыпшақ арасында өте күшті болды. Олар туралы Қорқыт жырында айтқан ғой: Елден елге Бектен бекке Қобызын артып қасына. Ұзандар жүр ел кезіп. Бұл аңыз қазақтарда осы күнге дейін айтылған ұзанның орнына «ақын» деп айтылады, яғни эпикалы жыр айтушылар. Оның мысалына Жанақ ақынды, Сабырбайды, Нысанбайды, Найман баланы, Марабайды Абылды, Сүйінбайды, тағы басқа ақын, күйшілерді келтіруге болады. Сал мен серінің қалай өркендеген жолдарын, оның сұлулық ой­сана туралы халыққа қандай әсер бергенін әдемілеп суреттейтін әсіресе Қорқыт аңызы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек, Ер­Сайын, Ер­Тарғын жырлары, серілік онда өте сәулетті, ғажайып түрде кездесіп отырады.

Читайте также:  ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ТІЛДІК НОРМА

Жырда айтылатын кейіпкер Қозы Көрпеш, Төлеген, Ертарғын өзі тамаша серілер. Ел елден қыз таңдап, шатыр тігіп аң аулап, қасына көп сері жігіт ертіп, ойын­сауық құрып жүреді. Қыпшақ даласында серілік пен сал өнерін таратқан майталмандарының бірі Жошы хан. Оның өзі бір ғажайып сері. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал­серілерді, әнші­ күйшілерді топтап біріңғай сауық үстінде болған. Оның сұлулықты жақсы көруі бойынша әкесі жыл сайын Балқаш төңірегіндегі Құлан­Ойнақ даласына әдейі аң аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат, он мың әдемі қара ат тарту етіп отырған (Рашидеддин). Жошы жас кезінің өзінде аңқұмарлық ісіне салынып, саят құруды, сауық қою өнерін ерекше суреттеген еді. Жошының аңда жүріп көп шыққан биік жері Ортаудың сұңқар ұя салатын биік басы. Ол жерді Жошы ерекше қадірлеген. Сұңқардың ең тамашасын осы арадан ұстайтын. Ол биік шыңды қазақтар осы күнге дейін сақтаған. Оның ғажайып таң қалатын әфсанелері XIX ғасырдың соңында «Дала уалаяты» газетінің үш нөмірінде көлемді етіп басылған 2 . «Ақсақ құлан Жошы хан» күйін А.В. Затаевич Ануар Медетовтан жазып алды. Бұл ескі аңызбен айтылатын күйлерді келістіре тартатын бір ғажайып дарынды күйші еді, атақты Мұхит салдың ұрпағы болатын. А.В. Затаевичтің айтуынша, бұл «один из наиболее замечательных казахских «кюйев» для домбры, происхождение коего связано с поэтической легендой о гибели Джучи хана, страстного охотника на куланов» 3 . Жошы ханның аң аулап жүргенде құлан шайнап өлтіргенін сол кездегі атақты күйші Кетебұқа әкесіне домбыраның сарнауымен естіртеді. Медетов тартқан домбыраның дауысы, жанды күйзелтетін аса қайғылы еді. Әсіресе ішектің төменгі бунақтағы сарнап шыққан қасыретті үндері ханды ойға түсіреді. Жоғарғы бунақтарынан шыққан аңқыған қоңыр үндер екеуі қосылып, қапылыста өлген жас жігіттің бейнесі көз алдында тұрғандай болды, екеуі қосылғанда домбыра жылап тұрды. А.В. Затаевич жазып алған Ануар Медетов тартқан «Ақсақ құлан Жошы хан» күйін Ромен Роллан оқығанда атақты ойшы бір үлкен ойға батқандай. «Бұл аңыздың сюжетінде не деген ұлы күш, не деген музыкалық қасиет бар. Бұл нағыз симфониялық поэма». Тағы бір хатында: «Ақсақ құлан Жошы хан аңызындағы музыканың тасқын күші мені таң тамаша қалдырды. Бұл күй қазақ сахарасын талай рет ой толқынына бөлеп сұлу гүлдің алысқа атқан шарықтауын елестетеді», ­ деп жазады. Қыпшақ сахарасында серілікті әдемі суреттеген ақынның бір Құтыб. «Хұсырау­Шірін» ғашықтығын жырлаған кемеңгер ақын. Ол жырды Сырдария бойында тұратын Женд қаласында 875 (1383 ж.) жылы жазып бітірген. Жер аттары көбінесе Қазақстан жері. Негізгі сюжеті серілік, ғашықтық туралы. Сол серінің бірі Хұсрау не Фархад, оның сүйген қызы Шірін туралы. Бұл аңыз Құтыбтан кейін Сырдария бойындағы қазақтар арасында XIX ғасырға дейін айтылып келді. Құтыб жырының соңында өзі туралы айтқан: Бітірдім кітабымды қатесін бағып, Бұ захмет шеккенімді білгейсің оқып. Атағымды «Берке факыр» деп айтады, Өзім мүмін, өзім мүслім, асылым қыпшақ. Кітап тарих жеті жүз сексен бесте (1383) сафар айының 25 де жазылып бітеді. (Құтыб. Хұсрау­Шірін.) Қыпшақ ортасынан шыққан екінші ұлы ақын Сейф әс­Сарами. Ол 1393 жылы Саадидің «Гүлістан» жырын қыпшақ тіліне аударады. Гүлістан Алтын Орданың орталық қаласының бірі. Сарами осыны тегісімен өз тіліне аударып, оған өзінше сюжеттер қосып отырады. Кейбір жазуларда Сейфи қыпшақ арасын көп аралаған бақсы, ақын, ән салып, күй тартып жүрген, серілік туралы ол екі нәрсені жарқын түрде анықтаған: бірінші «Ғашықтық пен жас серінің сипаты» екінші «Қартайып мүшкіл тарту сипаты» (Сейф Сарами. «Гүлістан»), Бұл екі мәселе қазақ әдебиетінде Біржан сал мен Ақан серінің қартайғанда айтқан ойларына дәл келеді (деген соң біз қартайдық, біз қартайдық.) Арқада серілікті ескі дәуірде түрік қағанатынан кейін таратқан серінің бірі атақты күйші, әрі ақын, жарқын ойшы Қотан деген кісі. Оның бір күйін «Суға кетті Ер Қотан» Шоқан Уәлиханов жазып алған. Тегі оны Шоқан Жанақтан жазып алған сияқты. Демек, Жанақ жыр айтарында ылғи Қотанға бас иіп отырған. Ескі дәуірде серілер көбіне Жалайыр елінен көп шыққан. Соның бірі атақты Шедегей, атақты сері, саңлақ, майталман, өзі аңшы, өзі ақын, өзі күйші өзі сауыққой кісі болған. Салдық пен серілік өнерінің биік сатыға жеткені қазақ дәуірі. Қазақ хандарының көбі өздерінің бабалары Жошы, Орда ежен сияқты ақын сері болған. Соның бірі Әз Жәнібек. Ол өзі атақты аңшы Құладынға қу ілдірген саятшы, ойын­сауықты көп қуған, ел­елді аралап, әдемі қыз іздеген. Жәнібектің ел жұмысын басқармай, тек аңмен, той думан мен бос уақыт кетіріп жүргенін Асан қайғы ұнатпаған. Қасымханның баласы Ақназар да атақты серінің бірі, бірақ серілікті ол бір ғана сұлулық күшін, елге үлгі болу үшін пайдаланған. Серілікті биік сатыға жеткізген, әсіресе, Есімхан. Оның қамқа тондары, басындағы телпегі, аяғына киген қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп, отырған. Құстың да ең қырандарын ұстаған: сұңқар, лашын, тұйғын, «алтайдың ақ иық бүркіті». Абылай мен Әбілхайыр ханның ұрпақтарына дейін серілік пен сал өнері үздіксіз көтеріле береді. Серілікті жаны сүйген әсіресе Абылайдың жауынгер батыры, Уақ Баян батыр – атақты серінің бірі. Күйді он бір ғана алысқа шалқытып сыбызғымен тарататын болған. Абылай заманында жасаған ескі серінің бірі Тайлақпай, ол да сыбызғымен тартқан. Оның асқақтататын сұлу күйі «Қыз жылытқандай» әскерден есен­сау қайтқанын қуаныш етіп, осы сәулетті күйді қалдырды. Сыбызғымен көп тартушы әсіресе Кіші жүз серілері. Олардың қосымша елші топтап, кісі жиып, сыбызғы тартып отырғанын орыс өнерпаздары әр уақыта қағазға түсіріп отырған. Сондай сыбызғыдан тартқан ұзын күйдің бірі – Сырым батыр тартқан әдемі күйлер.

Читайте также:  ШЕТ ТІЛІН ҮЙРЕТУДЕГІ АУДАРМАНЫҢ РӨЛІ

Бекет ордасында ерте кезде күйді төндіре тартқан күйшілер атақты Дәулеткерей, оның баласы Салауат, олардың туысқаны, халыққа аңыз болған Мұхит сал, Ұзақ, оның мұрагері Құрманғазы, Алыкей, Map сері Жапаров, атақты Сейтен сері. Арқаның асқан серілермен адамды ойға түсіретін саңлақ жүйріктерінен, жүректі қуанышқа бөлейтін ойшыларынан ауызға алдымен түсетіндері Тәттімбет, Дайрабай; Өтеболат күйші. Шоқанның айтуынша мұның тартқан күйлері «Қызыл қайың», «Тарғыл бұқа», «Алабайрақ», «Суға кетті Ер Қотан», «Балбырауын», «Шығыт жібі бес бармақ». Шоқан бұл күйлерді тартқан Қанқожа Уәлихановты, Досжанды, тағы басқа күйшілерді бірге қосады. «Шығыт жібі бес бармақ» – саусақтың әдемі саласымен көп ішекті домбыраға мөлдірете тартатын әдемі күйі, оны Тәттімбет, Дайрабай, Өтеболат, Мұхит сияқты асқан күйшілер тартатын бір сәулетті күй, сыбызғыдан тартатын ескі күйдің бірі «Серпер» де қуанышқа арналған. Оны бергі кезде жеткізгендер – Тәттімбет, Дайрабай, Құрманғазы, Мұхит. Ең ғажайып аңыз «Қапыда өткен қарбалас» атты ескі күй, жазып алған Шоқан Уәлиханов. Ту баста бұл «Ақсақ Құлан Жошы хан» аңызының бір түрі, кейін оған «Еңлік­Кебек» тағдыры келіп қосылып, Арқаның күйшілері оны бір ұлы бейнеге айналдырады. Бір айтатын ой, сал мен сері бір типті емес, екеуі екі алуан, өзгеше нәрсе. Олардың бірінен – бірінің өзгешелігі – олардың тұрмыс көрінісінде, типінде. Ең алдымен сал, сері деген сөздер қалай туған, осыдан бастайық. «Сал» Еуропа тілімен айтқанда эксцентрик, болмаса өз бағытымен жүретін бір аяулы адам. Оның бір арманы сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ер­тоқымның өзі де басқанікіндей болмайды, алтынмен, күміспен өрнектеген, ерекше салтанатпен жасатады. «Сал» сөзі киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан, сал, салпаң. Әрбір салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бір кісі толығымен сиып кетеді. Ақселеудің «сал» сөзі «Сал ауруынан алынды» деуі келіңкіремейді. Халықтың әдеті бойынша, өнер иесіне ондай ат қоймайды. Қайта сол «салдық аурудың өзі осы «сал» сөзінен шыққан болуы керек «Атым сал бөксе болып жүр» десе, салды басқан кең киім сияқты атты да ауырлатып жүр, дегенді білдіреді. Демек бұл сөздің өзі салдың киімінен шыққан. Құлағы үлкен кісімен құлағы үлкен малды да «салпаң құлақ» дейді, ол да үлкендікті, кеңдікті көрсетеді. Ілгеріде мысалмен келтірілмек, «серілік», «салдықтан» бүтіндей басқа, екеуінің қосылатын жері, екеуі де ақын, күйші, әнші, екеуіне де ортақ болатын музыка аспаптарын бірдей қолданатыны. «Сері» сөзі серпілдеуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен бірдей, шалқыту, асқақтау. Сері көбінесе оқымысты кісілер арасында көп болған. Жақсы көрген қызға салдар сияқты іздеп бармайды хат пен жұмбақ жазысады. Ерте кезде жасаған серілер көбінесе хан ордасында болып ойын­сауықтар құратын. Біз оны Жошы ханның қазақ хандарының серілік құрған тұрмысын айтқан түрде көрсеттік. А.В. Затаевич жазған: «Сери были детьми белой кости, богатыми, но их эксцентризм не принимал крайних форм». Серілер біріншіден, атақты мерген, екіншіден саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көруші, тұлпар аттың ең жүйрігін қадірлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тіршілігінде, ойын­сауығына да ерекше қуат беріп, оны биікке көтеруші. Ақын болып әдебиетке үлкен үлес қосуы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Алпамыс, Қыз Жібек, Мұңлық – Зарлық сияқты ескі жырларды бірден бірге айтып жеткізіп отырды. Бір ғажайып жері, серілердің көпшілігі Орта Азияның, шығыс елінің әдебиетінен де үлкен хабары болған (Нияз, Сегіз сері, Ақан сері, Мұхит, Сейтек, тағы басқалар). Олар қазақ халқының алдына «мың бір түннің», «Мәлике кітабының», «Тотынаменің», «Зейне зайыптың» нұсқауларын әдемі жазып отырған. Нияз серінің үлкен ұлы Қыруар­атақты серінің бірі. Ол парсы тілінен «Тоты намені» қазақ тіліне аударып, ғашықтық жырын күшейте түседі. Сол «Тотының» бір тарауы «Мәлике» жырын XIX ғасырдың бірінші жартысында жазып, ол бүгінде Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы тұр. Серілердің кейбірі қазақтың ерлік жырына да сондай төніп, оны асқақтатып, сондай сәулетті етіп шығарып отырған. Сондай серінің бірі Қарауылдан шыққан Сал тіпті өзгеше орында болған. Ол халықтың театры сияқты рөл ойнап, өзінің жарқын әнімен, сыртқы қияпатымен халыққа үлгі беріп жүрген. Салдар әр уақыт жарқын жүзді, майталман, әзілдік пен қулықты қатар ұстап, бір жағына сынағыш, сын көзімен қарайтын, отырған маубас басшыларды сықақ пен өлтіріп, игі адамдарға мөлдіреп жарқын пейіл білдірген. Сал махаббаттың кезгіш елесі ойын­сауықтың, думанның жан күйі, қызықты аңыздардың әдемі тақырыбы. Осыған орай халық сал туралы неше алуан қызықты әңгімелер туғызып, әр бір салдың өмірін бүкіл сахараға таратады. Салдық ерте кезде халықтың дағдыланған бір дәстүрлі ісі болған. Ең соңғы салдың бейнесін Біржан мен Мұхит салдан көруге болады. Олардың соңы ала шыққан Жаяу Мұса мен Үкілі Ыбырай салдықтан көрі әншілікке жақынырақ. Салдықты еске түсіретін Жаяудың өзгеше киінуі (ылғи қызыл киініп жүреді), Ыбырайдың басына үкі тағып жүруі.

 

Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып көрінуі. Олардың сыртқы сипаты киім киісі жүріс­тұрысы, қарапайым кісіге ұқсамайтыны. Олар жүргенде ылғи қойқаңдай басып, кербез жүреді. Сөзі асқақ, еркін, өзінен басқа жан бар деп ойламайды. Болса да олардан ылғи асып отыруына кәміл сенеді. Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нәуетек, кербез, бой күйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық ер көңілді келеді. Шоң, Торайғыр би, Дәулеткерей кезінде олар бұрынғы ата дәстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды еркелетіп, қызық көрген. Сарысудың бойындағы екінші Шоң Толыбай салды аса қадірлеп, оны өзіне ақылшы етіп алады. Толыбай сал ақыл иесі халықты өзінің әдемі көрінісімен, шешен сөзімен, шырқап салған әнімен қуантатын болған. Бұл қасиет барлық салда болған, оның ішінде Біржан салдың өзі де халықтың кемеңгер қайраткері, ақылды ойшысы, жүйрік ақын болып есептеледі. Салдардың киім киюінің өзі бір өзгеше нәрсе. Олар бір ғана әдемі, сұлу киім киген, жәй адам киетін киімді жақтырмаған. Олардан артық жүруді мақсат еткен. Өзгелер кие алмайтын қымбат киім алу үшін өзінің мал­мүлкін аямаған. Киімді кең, мол қылып, тіктіруді әуес еткен. Атақты салдардың киімі тіпті өзгеше. Олардың киетіні мауыты шекпен, қамқа тон, қырмызы не жасыл шапан, олардың етегін, арқасын, жеңін тегіс кестемен өрнектеп, әшекейлеп қойған. Шапанды бір ғана торқадан не қалың жібектен тігеді. Тоғыз қойдың терісінен істейтін, өрнектелген әдемі жарғақ тон, төрт қойдың терісінен жасайтын кестелі кең шалбар, өрнектелген шоңқайма қызыл етік, басына киетіні жібектен жасалған биік телпек. Кедейірек салдар жібек киіммен өзін көркейте алмай, жәй матаның өзінен тіктіретін болған. Бірақ барлық салдың әдеті атын жібек арқанмен, жібек тұсаумен тұсаулайтын болған. Ауқатты салдар елді бір аралап шыққанда кемінен жүз метрдей жібек артып жүрген. Жібек арқан неғұрлым ұзын болса, ол солғұрлым салдың атын ел арасына тарата берген. Жібек арқан қыз­келіншектерді салдарға тез тартатын мықты әдістің бірі болған. Жетісудың атақты салы Дәурен Құдайбайұлы Іле өзенінен өткенде оның алып жүрген жібегінің бір ұшы өзеннің арғы қабағы да шұбатулы жатады. Сал әрқашан аттың ең сұлуын, ең жүйрігін іздеп табады. Ол атты жақсылап мәпелейді, сипап сүртеді, жал­құйрығын әдемілеп тарайды, оған жібектің үзінділерін қадайды, моншақ, маржан тағып әдемілеп қояды. Атты әр түрлі ойынға үйретеді – жат десе жатады, тұр десе тұрады, секір десе, секіреді, алдынан дөңгелеп билейді, тула десе тулайды. Қыздар далада жатқан салдың қасына келгенде оның аты аяғын бүгіп, басын иіп тәжім қылады. Қыздар атқа «өнеріңді көрсет» ­десе алдыңғы екі аяғын көтеріп, артынан шаншылып тік тұрады, шөк десе түйеше шөгіп жата қалады. Жүгіріп жерден күміс алғанда ат қалып жүгіреді. Аттың аяғына күміс білезік, құлағына алтын сырға қадайды, маңдайына үкі тағып жүреді, сал су орнына атына күн сайын сүт беріп тұрады. Ең қымбат қазына аттың тұрманы, оның ер тоқымы, күміс пен алтын жалатқан сұлу жүгені, көркем тартпасы, ақ сауқан өмілдірік ауы, алтын, күміспен өрнектелген қуысқаны, әдемі үзеңгі, ерді көркейтіп тұратын оның өрнектелген екі жақ қасы, ғажайып өрнектелген ердің тебінгісі. Осы әсем күймен, осы салтанатты ат тұрманымен, осы кербез атымен, іші өлеңмен жырға толған атақты сал зор мақтанышпен сұлу қыз іздеп ел аралауға шығады. Оның қолында күмістен, алтыннан жасаған сом сақиналар, білезіктер, құлағында дөңгелек сырғалар. Мықты салдар сәулетті қамқа тонын киіп, не кестеленген жарғақ тонын жарқырата жамылып түрленеді, ақ торғыннан жасалған көйлегінің жағасы иығынан шығып тұрады. Салдықпен балағын көсілтіп, басына үкі тағып алады, иығына пұшпақтап белгі қояды. Салдардың бір таңсық ісі түрін өзге кісіге ұқсатпау үшін неше алуан киімдер киеді. Аса көп қолданған киімдердің бірі түйенің құмалағы, ойсылқара әулетінің мұрасы, соның қолдайтын киімі, қойдың құмалағы – шопан ата бабасының мұрасы, бұл киімді кисе жүрген жерінде байлық көп болады, құрым кигізден жасаған сыртқы киімдер, іші жібек, не түйенің жабағысы, бұлар салдың өз үлгісімен шебер әйелдің қолынан шыққан соң салдардың ойына дәл келетін бір алуан киім болып шығады. Салдардан басқа ондай киімді ешкім киіп көрмеген. Баянауланың атақты салы Бәйтен – ел аралауға шығарда түйенің құрғақ құмалағын жидырып, оны алтынның буына малып, әдемілеп тізіп, ешбір адам кимейтін аса қымбат киім дайындатқан.

Читайте также:  Мектепте тарих пәнін оқытудың жаңа технологиясы

Мұны балаларына қызықты әңгіме қылып айтқан Марғұлан, Бәйтенмен бірге жүрген серінің бірі. Қой құмалағынан шапан жасатқан кісі атақты Төлебай сал. Ол туралы ілгеріде айтылмақ. Бұл айтылатын киім де тек жұртқа ерекше көріну үшін қолданған салдар істеген әдістер. Махаббат пен ойын­сауық жолына түскен салдар, сал болу үшін дүниесін аямаған, бар малын әдемі киімге, тұлпар атқа, сәулетті ер тоқымға, қыз­келіншекке тартуға арнаған. Сал ел аралап жүріп, қызды ауылдың сыртына келіп біраз тоқтап тұрады, атынан жерге құлағандай түсіп, оны жібек арқанмен ұстап, шалқасынан түсіп, екі қолын екі жаққа жіберіп мүдіртпестен жатады. Халық дәстүрі бойынша, ауылдың қыз­келіншегі оны көтеріп тұрғызып, ауылға алып келеді. Қыздар келгенде сал керіліп созылады, оларға асқақтап қарайды. Кейін әкесі сұлу қызды жібергенде салдың екі көзі жәудіреп жатқан жерінен ұшып тұра келеді, жан күйі, көз қарасы қызға арналады. «Сен менің сүйген жарымсың», – дейді. Ат байлап отырған жібекті қыз­келіншектерге сыйға тартады. Қыздар салды ертіп сұлу қыздың үйіне әкеліп кіргізеді. Үйдің ішінде сал жарқын түрге көшеді, әдемі өнер, сұлу күйлер тартады. Барлығы қызбен оның әке­шешесіне қатты ұнайды. Екеуі бірін­бірі көзбен сүйіседі. Салдың тілегін орындауға жақын екені байқалады. Ол қасына алып жүрген барлық қымбат дүниелерін, алтын­ күмістерін сұлу қызға жолдайды, мініп жүрген жүйрік атын оның әкесіне сыйға тартады, өзі үйіне жаяу қайтады. Кейде барған ауылдың қыздары салдың құлаған жеріне көп уақыт бара қоймайды. Ол жатқан жерінде өлген кісідей көзін жұмып жата береді. Бірақ ауылдың ақсақалдары атақты салдарды көп жатқызбай, қыз­келіншектерді алдынан тез шығарады. Шықпаса сал екі күн болса да жата береді. Бұл оның шарты. Тез келген қыз­келіншекке сал жібек арқанды сол қалпымен тартады. Ел аралауға шыққанда ондай көп метрлі жібекті сал талай рет сатып алып жүрген. Салды көп қыздар үйге алып келгенде оның қуанышы қойнына сыймай, өзіне өзі келеді, серпіледі. Бұл оның еркелік көрсеткені. Үй иесі халықтың жорасы бойынша салды ерекше қадірлеп алып келген қыздарға көп алғыс айтады. Бірақ кей бір қыздар салды сықақтап, мазақ етіп отырады. Шалқасынан көп жатқан сал өзі аш, киімі ауыр, тез серпи алмайды, біраз бұлқынады. Соңынан ол ауылды өте қызыққа батырып, думан құрады. Ол өзі ақын, өзі әнші, өзі күй тартқыш. Өзінің ауызша шығарған өлеңдері мен сықақ қылған қыздарды олардан асыра мазақтай бастайды. Дегенмен, сал болу оңайлыққа түспеген. Сал болған кісілер атасының барлық малын осыған жұмсап, кейін қартайған кезінде кедейленіп жүдеген (Біржан сал, Жамбас сипар). Сал болған жігіт мал­мүлкін былай босқа шаша бергенін оның туысқандары ұнатпаған. Салдық өмірден шығару үшін, туысқандары жігітке жақсы көрген қызын алып беріп, тынышталады.

Оставить комментарий