Қазақтың «Жарғы» заңдары

Әлемде, оның мәдени арналарында тарихи өлшем бойынша айтарлықтай маңызды, бірақ соған қарамастан адамзат үшін әлі де жұмбақ болып қалып отырған, лайықты деңгейде бағаланбаған құнды құбылыстар көп. Олар көбіне ­ көп тарих қойнауының шырғалаң қатпарларында шырмалып, өркениет дамуының сарабдал жолдарынан түрлі себептермен тыс қалып қойды. Қазақтың«жарғы» құқығы (бұдан былай — қазақ құқығы) осындай тарих қайнауында шырмалып қалған мәдени құндылықтардың бірі. Көшпелі өркениет адамзат тарихында болған десек, онда оның өмірлік ерекшеліктерімен толастай түскен байтақ аймағы Ұлы Дала аталатын, жер шарының Орталық Азиялық, болт саналмақ. Сол кезден осы аймақтағы елдердің этникалық құрамын негізінен түркі тектес халықтар құрады, сондықтан да, бұл даланы мәдени ­ этникалық мағынада Түркістан, Туран деп атаған. Қазақ құқығы — ұлан­ғайыр «еркін» аймақта орналасқан, түркі тілді көшпелі өркениеттің төл туындысы, әрі мәдени жемісі, әрі мұрасы. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан­кестен оқиғалар және өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды ол — Сөз құдіреті мен Заң құдіреті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранында жазылғандай:

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз, Азаттық, жолында жалындап жаныппыз. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен, Аман­сау қалыппыз, аман­сау қалыппыз. Қайырмасы: Еркіндік қыраны, шарықта, Елдікке шақырып тірлікте! Алыптың қуаты — халықта, Халықтың қуаты — бірлікте!

Әдеттік – құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген Қазақ құқығы өзінің реттеушілік мәнін XIX ғасырға дейін, кейбір жағдайларда XX ғасырдың басына дейін жоғалтпай сақтап келді. Қазақ құқығының бұлай ұзақ өмір сүруін екі негізгі жағдаймен түсіндіруге болады: біріншіден, көшпелі өркениеттің шаруашылық­тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері Қазақтың кең даласында жаңа дәуірге дейін сақталды. Екіншіден, қазақ құқығы халықтың тыныс тіршілігінің өзегімен қисындас болатын, халықтың өзіне жақын, тәндес, жалпы адам баласының мәңгілік рухани бітім­болмысына, талабына сай болатын.

Читайте также:  Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек" романы. Толық нұсқа

Қазақ құқығы — қазақ халқының және барлық көшпелі өркениеттің мәдени байлығы. Ол мың жылдық тарихы мен ерекшелік және өміршеңдігімен, адам еркіндігін жақтаған сипаттарымен әлем назарына ілінді. Ұлы Далада, көшпелі өркениеттің негізін құраған, қыпшақтар даңқының үстемдігінің ерте құлдырауы, тиісінше Қазақтың құқықтық мәдениетінің беделі мен рөлінің құлдырауына соқтырмағандығы таңғаларлық жағдай. Бұл қайшылықты Қазақ ата заңының аумағы кең даланың «ерекшелік» қабілетінің сақталуымен, «оқшау» орналасуымен түсіндіруге болады.

Дегенмен, орта ғасырлардағы қазақ даласындағы мәдени ­ шаруашылық тоқыраудың белең алуы, өркендеп өскен басқа елдерден көш ­ құрым артта қалуы қоғам дамуына да әсерін тигізбей қоймады. Ұлан байтақ Орталық Азия аумағы тарих сахнасының соңғы шебіне ысырылып тасталды да, ұзақ уақыт бойына ұмыт қалды. Жат елдердің көшпелілер даласын отарлау саясатының іске асуымен байланысты қазақ қоғамы тарих бетіне қайта ене бастады. Бұл өзгерістер қазақ құқығының кейінгі тағдырында да және оған баға беруден де көрініс тапты.

Қазақтың «жарғы» заңдары әлемге дамыған күйінде XVII — XVIII ғасырларда жеткенімен, әлі күнге дейін, ғасырлар өтсе де, толғандырады және мәдениеттің мәңгі құндылығы ретінде халық санасында сақталды. Ғасырдан ­ ғасырға өткен оның руханилығы мен мақсаттарының мәңгіліктілігі сонша, бүгінгі күні де заманның өзгергендігіне қарамастан «далалық құқықтық» рухы мен үлгісін жандандыруға, оның жекелеген институттарын игеріп, ұлттық құқықтық мәдениетін байытуға тырысулар жасалуда. Тарихта сирек кездесетін бұл құбылыстың құпиясы қазақтың «жарғы» құқығының бірегейлігінде, әрі оның көбіне­көп қазіргі заманғы өркениеттің идеалының рухы мен қағидаларымен үндестігінде. Құқықтық руханилығы мен халықтық сипаты, ондағы соттық биліктің ерекшеліктері, сондай­ақ батырлық рух ортағасырлық көшпелі қазақ қоғамындағы реттеушілік жүйенің негізін құрайды. Бұлар қоғам дамуының барлық. кезеңдерінің жалпы адамгершілік құндылықтары болып қала бермек.

Оставить комментарий