ҚАЗАҚ, ҚЫТАЙ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ КЕЙБІР АНАЛИТИКАЛЫҚ ФОРМАЛАРЫ

Қазақ, қытай тілдері әр түрлі тілдер тобына жатады, алайда екі тілдің морфологиялық құрылымдарында ұқсас- тықтар бар. Ұсынып отырған мақаламызда қазақ және қытай тілдеріндегі кейбір күрделі етістіктердің морфологиялық құрылымдарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарын анықтауды көздеп отырмыз. Қазақ тілінде грамматикалық катего- риялардың мағынасының әрі синтетика- лық, әрі аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы кең орны алады. Мысалы, барғайсың, барсаң екен сияқты мысалды алсақ, екеуі де бір лексикалық мағына береді, яғни екеуінде де субъектінің қимылды жасауын сөйлеуші қалайтынын білдіреді. Сол мағына барғайсың дегенде синтетикалық формамен (-ғай жұрнағы арқылы); барсаң екен дегенде аналитика- лық форма арқылы берілген. Қытай тілі аналитикалық тілдер қатарына жатқандықтан (Сепирдің класи- фикациясы бойынша), қытай тілінің күрделі етістіктері аналитикалық тәсілмен жасалуы күмән туғызбайды. Алайда қазақ тілінде күрделі етістіктер лексикалық, грамматикалық сипатына қарай екі түрге бөлінеді: күрделі етістіктер және аналитикалық формалы етістіктер. Күрделі етістік — қазақ тілінде өте көп қолданылатын етістік формаларының бірі. Күрделі етістік деген ұғым күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, күрделі үстеу т. б. сияқты ұғымдардан грамматикалық сипаты жағынан мүлде бөлек, я кез — келген екі я одан да көп түбірден (сөзден) құрылған етістіктің бәрі бірдей күрделі етістік бола бермейді, тек негізгі етістік пен көмекші етістіктің белгілі тәсіл арқылы тіркесіп барып, бір сөздің (етістіктің) мәнінде жұмсалып, етістіктің белгілі грамматикалық катего- риясын жасайтын түрі ғана күрделі етістік бола алады /1, 185/. Күрделі етістіктер мен аналитикалық формалы етістіктерді ажыратуда қиындық тудыратын төмендегідей ұқсастықтар бар /2, 54/: 1.Екеуі де ең кемі екі сыңардан тұрады: келіп кетті, күйіп кетті 2.Екеуінің де құрамындағы сыңарларының дыбыстық құрамы дербес сөз қалпында: кіріп шық, оқып шық 3.Екеуінің де сыңарлары бірімен бірі көсемше арқылы байланысады: алып келеді, келіп кетеді 4.Екеуінің де сыңарлары бөлек жазылады 5.Екеуі де сөйлемнің бір мүшесі бола ала- ды 6.Екеуінің де сөйлемдегі басқа сөздермен сөз тіркесін жасауында айырма жоқ Берілген етістіктің екі түрін ажырату үшін олардың сыңарларының семантика- лық мағыналарына көңіл бөлу керек. Біріншіден, күрделі етістіктердің сыңарла- рының бәрі толық мағыналы сөздер, сондықтан күрделі етістіктің құрамындағы жеке сыңарлары күрделі қимылдың белгілі бөлімін білдіреді. Екіншіден, күрделі етістік пен аналитикалық формалы етістіктің сыңар- лары түрлі қызмет атқарады. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар сол сөздің лексикалық мағынасын жасайды. Ал аналитикалық формалы етістіктің бірінші сыңары лексикалық мағына береді, екінші сыңары оған грамматикалық мағына қосады. Үшіншіден, аналитикалық формалы етістік өзінің екінші сыңарының абстракты мағынасы арқылы ұқсас күрделі етістіктен ажыратылады. Төртіншіден, күрделі етістік тілде сөз жасау тәсіліне жатады, аналитикалық формант сөз түрлендірүші морфемалардың қатарында тілдегі түрлі грамматикалық категориялардың көрсеткіші болып табы- лады. Мысалы, алып кел, алып бар, алып шық сияқты күрделі етістіктер – тілдегі лексикалық бірліктер, олар ешбір грамматикалық категорияның формасы емес. Ал, келсе игі еді, келсе екен, келгім келеді сияқты аналитикалық формалы етістіктер қалау рай мен модальдылық категориялардың аналитикалық форма- сында тұр. Сонымен қатар күрделі етістік басқа түбірлер сияқты грамматикалық мағына беретін көрсеткіштерді өзінің соңғы сыңарынан соң қабылдайды: алып кел-се, алып кел-гісі келеді, алып кел-іп еді, алып кел-е сал т.б. Ал аналитикалық формасын жасайтын аналитикалық формант сөз түрлендірүші басқа қосымша сөзден қандай орын алса, ол да сондай орын ала- ды. Күрделі етістіктің соңғы сыңарынан соң жалғанатын етіс жұрнақтары аналитикалық форманттың алдынан, түбірден соң тіркеседі: айтқыза салу, оқыта бері, жуына қой. Сол сияқты барлық сөз тудырушы жұрнақтар аналитикалық форманттан бұрын орнала- сады: жас-ар-а қой, өзге-р-е сал. Қазақ тілінде етістіктің аналитикалық формасы деп негізгі етістікке қосымша мен көмекші сөздің тіркесуімен жасалған форманы айтамыз. Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық фор- манттар – етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіші. Олар арқы- лы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де сол категорияның пардигма- сына енеді. Сондықтан аналитикалық формалы сөздер морфологияның объектісі болып табылады. Етістіктің аналитикалық форманты деп қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын, категория мағынасын білдіретін күрделі морфоло- гиялық көрсеткішті атаймыз. Қазақ тілінде жетпістен аса аналитикалық формант бар /2, 30/. Н. Оралбаеваның «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» ат- ты құнды еңбегінде етістіктің аналити- калық форманттар төмендегідей түрлермен беріледі: 1. Қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық форманты –қимылдың қалай жасалғанын, қимылдың басталуынан аяқталуына дейін өту процесін суреттеп береді. Мысалы: келіп қалды, келе қойды, келіп қойды, келе берді… 2. Қимыл- тәсілін білдіретін аналитикалық форманттар. 1. Қимылдың жасандылығын білдіретін аналитикалық форманттар ( -ған бол, -ген бол): көрмеген бол, қалжыңдаған болды. 2. Жетімсіз қимылды (прерванность дей- ствия) білдіретін аналитикалық форман- ттар (-а жазда): құлай жаздады, ұра жаз- дады. 3. Қимылдың бағыт-мақсатын (целеуст- ремленность действия) білдіретін аналитикалық форманттар (-п бер, -п ал): бітіріп бер, оқып ал. 4. Қимылдың ерекше ынтамен жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-п бақ): Дегенмен Нүркен шыдап бақты. 5. Қимылдың немқұрайды жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-а отыр, -е жүр, -а сал): сөйлей отыр, айта отыр, оқи отыр. 6. Қимылдың күтпеген жерден жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-а қой, -а кет, -а қал): елеңдей қалды, қадала қалды, жабыса кетті, отыра кетті. 7. Қимылдың қысқа, батыл жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-п таста, -п жібер, -п түс, -п қал): қағып тастау, итеріп жібер. 8. Қимылдың ерекше қарқынмен (күшпен) жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-п кеп жібер, — п кеп қал): лақтырып кеп жіберді, періп кеп қалдым. 9. Қимылдың созылуын, қайталануын білдіретін аналитикалық форманттар (-е бер, -е түс): жәйнай түс, отыра түссе екен, ала түскейсің. 10. Қимылдың жасалуына шек қоюды білдіретін аналитикалық форманттар (-а тұр, -п тұр, -а отыр, -а жүр): Жүре тұр, күте тұр, бара тұрыңыз, жата тұрар. 11. Қимылдың жасалуының ассығыздығын білдіретін аналитикалық форманттар (-а жатар): сұрай жатар, көре жатар. 12. Қимылдың жасауға бейімдігін білдіретін аналитикалық форманттар (- ғалы отыр, -ғалы жат, -ғалы жүр, -ғалы тұр): кеткелі жатыр,өскелі тұр, жүргелі отыр. 13. Қимылдың динамикалық қалыптан статикалық қалыпқа көшуін білдіретін аналитикалық форманттар (-п қал): оты- рып қалды, ойланып қалды. 14. Бір қимылдың соңынан ілесе екінші қимылдың жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-е сала, -а сала, -а салып, -а сал): келе салып, сені іздеді. 3. Қимылдың даму фазасына қарай: Бірінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-а баста, -а жөнел, -п сала бер) шыға бастады, жаза баста, түсі суып сала берді. Екінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-п келе жат, — п бара жат, –а жат, -п бар, -п кел, -п жат, -е жат, -п жүр) ажарланып келе жатыр, қайтып келе жатыр, еңсесі ба- сып барады, жылу тарап келеді. Үшінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-п бол, -п қой, -п шық, -п кет, -п болып қал, -п қал, -п біт) айтып шықты, танысып шықты, жазып болды, зекіп бітеді, бәсеңдеп қалды. 4. Модаль мағыналы аналитикалық форманттар: (-ғы кел, -а ал, -а алма, -а біл, -ғы кел) оқи алады, артист бола алмады, сыйлай білмейді, жасағысы келеді, айтқысы келсе. 5. Ашық райдың аналитикалық фор- манттары:( -п отыр, — п тұр –п жатыр, -п бара жатыр, -п келе жатыр,-ып еді, ған еді, атын еді) билеп отыр, баяндап тұр, сұлуланып бара жатыр, айтып қойған еді, барар едім. 6. Бұйрық райдың аналитикалық фор- манттары: (-а көр, -а көрме, -ушы болма) айта көрмеңіз, айтушы болмаңдар. 7. Қалау райдың аналитикалық форман- ттары: (-са екен, -са игі еді, -са еді, -ғай еді) құтылсам еді, бастаса игі еді, қорқақ болмагай едің. 8. Шартты райдың аналитикалық фор- манттары: (-ған болса, –ген бол, -р болса, — ар еді, -ған болар еді) өзің білген болсаң, батамды берейін, бір айналып келер болса, өнерімді салар едім. 9. Етістіктің болымсыздық категориясы- ның аналитикалық форманттары: ( ø+емес, ø+жоқ ) сезген жоқ, айтқан емеспін. Берілген аналитикалық формантары- ның кейбіреулерін қытай тіліндегі күрделі етістіктермен салыстырып, сәйкестігін анықтап көрейік. Қытай тілінде күрделі етістік деп негізгі етістік пен толықтырғыш мүшеден тұратын тіркесті атаймыз. Толықтырғыш мүше қытай тілінде buyu, орыс тілінде до- полнительный элемент, комплемент деген терминдермен аталып келген /3, 21/. Толықтырғыш мүше етістік пен сын есімнен жасалып, іс-әрекеттің жасалу дәрежесін, мүмкіндігін, мерзімін, бір сөзбен айтқанда нәтижесін білдіреді. Толықтырғыш мүше қытай тілінде алтын- шы сөйлем мүшесі болып саналады. Қытай тілінде күрделі етістіктерді тану үшін оның құрамындағы сыңарларының лексикалық мағына жасауға бірдей қатысуын тірек етіп алу керек. Келесі мы- салдарды талдап көрейік: 1. Бала өзінің ойыншығын көріп қойды. Haizi kan-jian le ta de wanju. Бұл сөйлемдегі kan (көру) — jian(сезу) күрделі етістік қазақ тіліндегі қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық формантына сәйкес келіп тұр. Қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық форманты — қимылдың қалай жасалғанын, қимылдың басталуынан аяқталуына дейін өту процесін суреттеп береді. Мысалы: келіп қалды, келе қойды, келіп қойды, келе берді…

Читайте также:  Условия появления поселений и городов в Казахстане

Оставить комментарий