ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ СӨЗ ЭТИКЕТІНІҢ ЭМОТИВТІК ҚЫЗМЕТІ

Сөз этикеті әлеуметтік- лингвистикалық құбылыс болғандықтан оның өзіне тән қызметі тілдің негізгі қарым-қатынастық қызметінен туындайды. Сөз этикеті коммуниканттар арасындағы қарым-қатынасты сыпайы түрде жүзеге асыру, реттеу, көңіл-күйге жағымды әсер ету үшін жұмсалатыны белгілі. Сөз этикетіне қаратпа сөздер, сәлемдесу, танысу, қоштасу, құттықтау, тілек білдіру, алғыс айту, өтініш айту, кешірім сұрау, шақыру, кеңес беру, көңіл айту, жұбату, құптау, марапаттау формалары және т.б. да құрылымдар жатады. Бұл құрылымдар мән-мазмұны мен қолданыс ерекшелігіне қарай тілдің бірнеше қызметін анықтап, атқарып отырады. Сөз этикетінің тыңдаушы назарын аудару (аппелятивтік), байланыс орнату (фатикалық), сыпайылық таныту (конативтік), тыңдаушының көңілін аулау (эмотивтік), ерік білдіру (валюнтативті), түрлі критерийлерге байланысты коммуниканттарды жіктеу (регулятивті) және т.б. да қызметтері бар. Түрік және қазақ тілдеріндегі этикет тілдік бірліктердің бірқатары эмотивтік қызмет атқарады. Эмотивтік қызмет атқаратын этикет құрылымдарға тыңдаушының көңілін аулау, жұбату, тыныштандыру, сабыр шақыру, сәтсіздікті елеусіздеу етіп көрсету, алғыс айту, тілек білдіру, бата беру мақсатында жұмсалатын тілдік құрылымдар жатады. Түрік тіліндегі Allah kolaylık versin (Алла колайлык вәрсин), Allah yardımcınız olsun (Аллаһ ярдымжыныз олсун), Geçmiş olsun (Гечмиш олсун), Вoş verin (Бош верин), Мerak etmeyin her şey düzelir (Мерак етмейін һәр шей дүзелир), Нer işin sonunda hаyır vardır (һәр ишин сонунда һайыр вардыр) сияқты стандартқа айналған тілдік бірліктер тыңдаушының көңілін аулау, жұбату, жаманшылықтың артта қалуына тілектестік білдіру мақсатында жұмсалады. Allah kolaylık versin (Аллаһ колайлык вәрсин) тіркесі қазақ тіліне аударғанда құдай жеңілдік берсін деген мағына береді, үлкен, жауапты іс істеп оны бітіре алмай жатқанда, көбінесе адам бір қиыншылықтан шыға алмай жүргенде көңілін аулау үшін айтылады. Allah yardımcınız olsun (Аллаһ ярдымжыныз олсун) тіркесі қазақ тіліне аударғанда құдай көмекшіңіз болсын деген мағына береді, ауыр, қиын жағдайда жүрген адамға қарата, оны жұбату, демеу болу мақсатымен айтылады. Geçmiş olsun (Гечмиш олсун) тіркесі қазақ тіліне аударғанда барлық қиындық өтіп кетсін, артта қалсын деген мағына береді. Бұл тіркес ауырып жатқан адамның, қиын бір жағдайға душар болған адамның көңілін аулау мақсатында айтылады. Вoş verin (бош верин) этикеті қазақ тіліне аударғанда мән бермеңіз, көңіл аудармаңыз деген мағына береді, көбінесе бір адам екінші адамның бір қылығына, я болмаса, сөзіне ренжіп қалған жағдайда, ренжіген адамды жұбату үшін айтылады. Мerak etmeyin her şey düzelir (мерак етмейін һәр шей дүзелир) тіркесі қазақ тіліне аударғанда уайымдамаңыз, барлық нәрсе қалыбына келер, түзелер деген мағына береді. Бұл этикет тілдік бірлік те қиналып жүрген адамды бәрі бұрынғыдай жақсы болады деп жұбату үшін қолданылады. Нer işin sonunda hаyır vardır (һәр ишин сонунда һайыр вардыр) тіркесі қазақ тіліне аударғанда әр істің соңында қайыр бар деген мағына береді. Қиыншылыққа, бақытсыздыққа, сәтсіздікке ұшыраған адамды “өмірде әр уақытта жамандық бола бермейді, соңында жақсы болар, жақсылық та келеді” – деп жұбату, жігер беру үшін айтылады. Аталған тіркестердің ішінде түрік тілінде эмотивтік мақсатта жиі қолданылатын этикет тілдік бірлік – Geçmiş olsun (Гечмиш олсун). Бұл тіркес өтіп кетсін мағынасын беретін гечмек етістігі мен олсун формасының тіркесуінен жасалған. Түрікше сөздікте: “Geçmiş olsun: Hastalık veya kaza geçirenlere söylenen iyi dilek sözü”. (Geçmiş olsun (Гечмиш олсун): Ауруды немесе бақытсыздықты бастан өткізген адамға айтылатын ізгі тілек сөзі ) – деп жазылған. Егер біреудің басында бір қайғылы оқиға болса немесе біреу бір бақытсыздыққа душар болса міндетті түрде осы тіркесті қолданады. Бұл тіркес басыңыздағы қайғы өтіп кетсін, сіздің бақытсыздығыңыз енді өткеннің ісіне айналсын деген тілекпен айтылады. Қазақ тілінде уайымдай бермеңіз, уайым жемеңіз, сабыр етіңіз, сабыр сақтаңыз, сәл сабыр сақтаңыз, қапа болмаңыз, қайғыра бермеңіз, шыдаңыз, аяғы жақсы болады, бәрі орнына келеді, ойлай бермеңіз, есіңізден шығарыңыз сияқты стандартқа айналған құрылымдар көбінесе тыңдаушыны жұбату, тыныштандыру мақсатында айтылады. Мысалы, – Кешіккен екенмін деп қапа болма. Майданнан келгендер үшін жеңілдік бар, – деді (С. Шаймерденов). – Өйтіп еңсеңді түсірме, Нәке. Батыр – елдің серкесі емес пе еді! Сенің салың суға кетсе, мына біздің күніміз не болады? Үміт үзуге әлі ерте. Аспан асты кең, құдайға шүкір… (Қ. Жұмаділов). – Сабыр етіңіз, ақсақал. Ештеңе етпес, – деді торы атты кісі (Қ. Жұмаділов). Ал, амал қанша, амал нешік, мұндайда шыдам (сабыр, төзім) керек, болған іске болаттай берік болыңыз сияқты стандарт құрылымдар болған сәтсіздікті мойындау, оған сабыр шақыру, төзу керек деген мақсатта айтылады. Сәтсіздікті елеусіздеу етіп көрсету үшін тыңдаушыға қарата көбінесе қам жемеңіз, түк те етпейді, оқасы жоқ, мұндай нәрсе (қиындықтар) бола береді, осы да сөз болып па деген сияқты этикеттік стандарт құрылымдар айтылады. Оның оқасы жоқ Мақан аға, өмір болған соң өрі де, ылдиы да болады. Бәрін көрген жөн сияқты (Б. Құсбегин). Эмотивтік қызмет атқаратын этикет құрылымдардың бір тобы қай халықтың болмасын салт-дәстүрінде кездесетін қайтыс болған адамның туған-туыс, жақын-жұрағатына көңіл айтуға байланысты жұмсалатын тілдік бірліктер. Түрік тілінде көңіл айтуға байланысты қолданылатын тілдік бірліктердің көпшілігі стандартқа айналған. Мысалы, Başınız sağ olsun (башыныз сағ олсун), Аcınızı paylaşıyoruz (ажынызы пайлашыюруз), Allah rahmet etsin (Алла раһмет етсин), ölüm haktır (өлүм һактыр) т.б. Başınız sağ olsun (башыныз сағ олсун) тіркесі қазақ тіліне басыңыз аман болсын деп аударылады. Аcınızı paylaşıyoruz (ажынызы пайлашыюруз) этикеті қолданысы мен мағынасы жағынан қазақ тіліндегі қайғыңызға ортақпыз тіркесімен сәйкес келеді. Allah rahmet etsin (Аллаһ раһмет етсин) тіркесін қазақ тіліне Алла рахмет етсін деп аударуға болады, беретін мағынасы – қайтыс болған адамға алланың мейірімі түссін. Түрік тілінде көңіл айту үшін қолданылатын ölüm haktır (өлүм һактыр) тіркесі қазақ тіліне өлім хақ деп аударылады. Аталған тіркестердің ішінде Başınız sağ olsun (башыныз сағ олсун) формасы басқаларымен салыстырғанда жиірек қолданылады. Түрікше сөздікте: “Başınız sağ olsun: Yakınlarından birini toprağa vermiş bir kimseye söylenen ilgi ve yakınlık anlatan söz”. (Başınız sağ olsun (башыныз сағ олсун): Жақындарының бірін топыраққа беріп отырған адамға айтылатын қарым-қатынасты және жақындықты білдіретін сөз). Мысалы, Kadınlar, mükedder bir çehre ile Zehra’yı karşıladılar. Vehbi Efendi’nin karısı, muallimin omuzlarını okşadı,elinden valizini aldı. Etrafıtan işitilmesinden korkuyor gibi gayet yavaş bir sesle: – Başın sağ Olsun kızım, dünya hali bu…dedi. ( Әйелдер Зехраны қайғылы келбетпен қарсы алды. Веһби Ефәндидің әйелі мұғалімнің иығынан сипап, қолындағы чемоданды алды. Төңірегіндегілерден естіп қалатындығынан қорқып тұрған сияқты өте жай дауыспен: – Басың аман болсын қызым, дүниенің ісі осы… – деді (R.N. Güntekin). Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша қаза, өлім бір адамның, не жеке бір отаудың қайғысы емес, ағайын-тума, ел-жұртқа ортақ қайғы болып есептелген. “Қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп, қаза иелеріне көңіл айтуы парыз саналады” – деп жазады Ғ. Әнесов “Дәстүрлі жерлеу салты” атты мақаласында. Қаза, өлімге байланысты қазақ халқында естірту, көңіл айту және жоқтау сияқты ғұрыптар бар. Өлімді естіртудің де өзіндік қалыптасқан әдебі бар. Ғ. Әнесов аталған еңбегінде: “Қазақ халқы ешқашан далада қайтыс болған адамды өз шаңырағына бірден шалқалатып алып келмеген, еш уақытта ет жақын бауыры өлген кісіге “пәленше өліп қалды” деп туралай айтпаған. Жөн танып жоба білетін ақсақалдар топталып, жиналып келіп естірту айтқан” – деп жазады. Қазақ сөз этикеті бойынша қазаны жақын- жұрағатына естіртер кезде немесе біреудің қайтыс болғаны туралы әңгіме болғанда өлді, өліп қалды деп тура айтпай ол сөздердің орнына дүниеден қайтты, дүниеден озды / өтті / кетті, дүние салды, о дүниеге сапар шекті, қайтыс болды, жұлдызы сөнді, қаза жетті, қайтпас сапарға аттанды, қайтпас жолға сапар шекті, айы-күні бітті, ақыретке көшті, ақырет сапарға аттанды, наны таусылды, тағдыр жетті, тұз-дәмі бітті, сағаты бітті сияқты тілдік бірліктерді қолданған. Қазақ тіліндегі Адамға өлім хақ, Тумақ бар да өлмек бар, Тумақ болған соң өлмек парыз, Адам бұйрықтан кетпейді, Ажалдан ешкім қалмайды сияқты тілдік бірліктер осындай жағдайда жиі қолданыла келіп стандарт тілдік бірлікке айналған. Көңіл айтуға байланысты Ғ. Әнесовтың аталған мақаласында: “Қазақ ғұрпында естірту сияқты көңіл айтуға да қатты көңіл бөлген. Арнайы келіп көңіл айтпаған, бата оқырға” (өлген кісіге дұға оқу. Қазақстанның батыс өңірінде бет сипау делінеді) келмеген, “зират етпеген” (зиратқа барып бата оқу, дұға қылу) туысқанды кешпеген, жанашырға өкпелеген. Сондықтан да “естірту жырлары” секілді, адамгершілік әдептің мызғымас жөн-жоралғысы – көңіл айтудың небір үлгілері – “жұбату жырлары” халық арасына кеңінен таралған” – деп жазады. Қазақ тілінде көңіл айтуға байланысты қалыптасқан эмотивтік қызмет атқаратын көптеген сөз орамдары бар. Мысалы, Иманды болсын! Қаза қайырлы болсын! Қайырын берсін! Арты жақсы болсын! Арты той болсын! Артының қайырын берсін! Құдай артының жақсылығын берсін! Иманы жолдас болсын! т.б. Қазақ дәстүрінде көңіл айтудың жалпыға бірдей қолданылатын әмбебап түрлерімен қатар жекелеген жағдайларда ғана қолданылатын түрлері де болады. Қ. Арғынбаев “Қазақ халқындағы семья мен неке” атты еңбегінде: “Әдетте балиғатқа толмаған сәби өлгенде: “Алтын босаға аман болсын!”, “Үркер бірде туып, бірде кетеді”, “Балаларың шапағатшы болсын!”, “Екі арыс аман болсын!”, “Құдай бергенінен жазбасын” дегендей үлгіде көңіл айтады. Өйткені, “халық сенімі бойынша балиғатқа толмаған күнәсіз сәби ана дүниеде тек жұмақтан орын алады да, әке, шеше, ата, әжелеріне қол ұшын беріп, күнәсін жеңілдетуге себін тигізеді деген ұғымды білдіреді” – деп жазады. Эмотивтік қызмет атқаратын этикет тілдік бірліктердің көпшілігі жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштасып жатқанымен олардың бірқатарының әр этностың өзіндік салт-дәстүрімен тығыз байланысты ерекшеліктері де бар. Әр халықтың қалыптасқан салт-дәстүріне байланысты көңіл айтудың өзіндік рәсімі мен онда қолданылатын ерекше тілдік бірліктер болады. Қазақ халқында көңіл айтуға ерекше мән беріледі, көңіл бөлінеді. Сондықтан қазақ халқының этикеттік дәстүрінде қарым-қатынастың бұл түрі ерекше күрделі болып есептеледі, көңіл айту процесінде коммуникантттардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы орны, көңіл айтушы мен бақытсыздыққа ұшыраған адамның қарым-қатынас жақындығының рөлі де ескеріледі. Көңіл айту процесінен кейін жүретін этикеттік дәстүрдің бір түрі – жұбату. Қазаға ұшыраған адамның жақын-жұрағат, туған-туыстарына көңіл айтып келген адамдар көңіл айтып болғаннан кейін немесе қоштасарда жұбату сөз айтады. Түрік тілінде жұбату үшін жиі айтылатын тіркес Allah sabır versin [Алла сабыр вәрсин]. Бұл тіркес қазақ тілінде алла сабыр берсін мағынасын береді. Сондай- ақ, Fani dünya [Фани дүниа], Вu dünya kime vefa etmiş ki? [Бу дүниа киме вефа етмиш ки?] Vefasız dünya (Вефасыз дүниа) тіркестері де айтылады. Бұл тіркестер көбінесе мезгілсіз қаза немесе қайтыс болған адам жас кеткен жағдайда айтылады. Қазақ тілінде жұбату өлгеннің артынан өлмек жоқ, болған іске болаттай берік бол, көрмеген қызығын артындағыларға берсін т.б. да стандартқа айналған құрылымдар арқылы да, басқа да тілдік тәсілдер арқылы да жүзеге асырылады. Қазақ дәстүрі бойынша жұбату сөзді көңіл айтушылардың ішіндегі әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлға айтады. Қазақ тілінде жұбату сөз негізінен риторикалық сипатта айтылады. Оны төмендегі мысалдан анық байқауға болады. Жалғыз баласынан айырылған Ерден алыс-жақын ағайын-тума, әр жақтан ағылып жайсаңдар мен жақсылар көңіл айтуға келгенде, басын көтермей, бала қайғысы қабырғасын қайыстырып, салтөсек боп сарғайып жатып алыпты. Сонда Сыр бойынан келген Досбол, Шоқайлар былай деп жұбату айтқан екен: – Уа, Ерден,– депті Досбол. – Қайғырғанда көңіліңді делбейтін ағайын- туыс болмаса бір сәрі! Құдайға шүкір, ойдан-қырдан жапырылып ағылып келіп жатса, бұл – өліктің сәні, әрі көңілге дәрі емес пе? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап жұтса да, өмірде тоймаған қара жердің талысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген – ұзақ жолдың алысы. Өлмек – ақ, тумақ – ақ, барлық жанның қабір емес пе барысы, – дейді. Сонда Ерден төсегінен шүйліге көтеріліп, сартап боп сарғайған жүзін орамалмен сипап: – Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, салмақтыларым едің саялы… – деп, құшақтаса көрісіп, көңілдегі нала құсасын тарқатысып, үш-төрт күн болып, көңілін демдеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен (Билер сөзі). Қазақ ауыз әдебиетінен де, қазіргі авторлы әдеби шығармалардан да мұндай жұбату сөз үлгілерінің түрлі варианттарын кездестіруге болады. Өмірдің қызығын көріп, жасы келіп, бала-шағасының алдында қайтыс болған адамның жақын-жұрағатына Ештеңе етпейді, бұл дүниеден армансыз өтті, Бұл кісілердікі той ғой деген сияқты жұбату сөздер айтылады. Қазақ дәстүрінде сөз әдебін сақтай отырып қайтыс болған адамның атын тікелей атамай марқұм сөзін айтып барып ауызға алады. Түрік тілінде де қайтыс болған адамның аты тікелей аталмай, адам есімінің алдынан merhum (марһұм) немесе rahmetli (раһметлі) сөздерінің бірі айтылады. Екі сөздің де мағынасы мен қолданысында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Merhum (марһұм) – араб тілінен енген сөз. Rahmetli [раһметлі] – түбіріндегі рахмет сөзі араб тілінен енгенімен, жасалу жүйесі түркілік. Түрік тілінде өтетін тілдік қарым-қатынас кезінде айтылатын Sizlere ömür [сизлере өмүр] тіркесі де әңгіме үстінде қайтыс болған адам туралы сөз болған кезде сол кісінің есімін ауызға алмас бұрын қолданылады. Түрікше сөздікте: “Sizlere ömür: Bir kimsenin öldüğünü bildirmek için kullanılır. (Sizlere ömür [сизлере өмүр] Бір кісінің қайтыс болғанын білдіру үшін қолданылады). Қазақ халқының ұлттық дәстүрінің бірі – марқұм болған адамды тек жақсы жағынан айтады. Кейде марқұмның оғаш қылықтарын айтуға тура келсе де айтушы ол туралы айтпас бұрын міндетті түрде этикеттік дәстүрді сақтап қара жер хабар бермесін, сөзім ауыр тимесін деген сияқты сөз орамдарын қолданады. Эмотивтік қызмет атқаратын тілдік бірліктердің бір тобы қазақтың көңіл сұрау дәстүріне байланысты қолданылады. Ауырып жатқан адамның көңілін сұрау – адамгершіліктің белгісі, адамға деген құрметтің бір түрі. Осыған байланысты қазақ халқында “Аурудың емі – саудың сәлемі” – деген аталы сөз бар. С. Кенжахметұлы “Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары” деген еңбегінде: “Көңіл сұрай барған адам науқасты жұбатып, “ауырып тұрдың – аунап тұрдың”, “ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады”, “дертіңізге шипа берсін” деген сөздермен оның жазылуға деген сенімін арттыра түсуге тиіс” – деп жазады. Түрік тілінде көңіл сұрау үшін жиі қолданылатын стандартқа айналған тіркес Geçmiş olsun [Гечмиш олсун]. Бұл тіркес қазақ тіліне аударғанда барлық қиындық өтіп кетсін, артта қалсын деген мағына береді. Қазқ тілінде көңіл сұрау деп аталатын ғұрыптың өзі түрік тілінде Geçmiş olsuna gitmek [Гечмиш олсуна гитмек] деп аталады. Сондай-ақ, ауырып жатқан адамның көңілін сұрап барған адамдар Allah şifa versin [Аллаһ шифа вәрсин] – Алла шипа берсін, Acil şifalar dileriz [Aжил шифалар дилериз] (Тез шипа тілейміз) түрінде тілек айтады. Эмотивтік қызмет атқаратын бұл тіркестер арнайы көңіл сұрап барған кезде ғана емес, жақын адамы ауырып жатқан жора-жолдас, туған- туысты кездестірген кезде де айтылады. Эмотивті қызмет атқаратын этикет сөздердің бір тобы істеген іске байланысты сол істі атқарушыны, орындаушыны мақтап, қолпаштау, істеген ісін, жеткен жетістігін бағалағанымызды білдіру үшін қолданылатын тілдік бірліктер. Мұндай жағдайда түрік тілінде ең жиі қолданылатын этикет сөз Aferin [аферин] беретін мағынасы мен қолданысы жағынан қазақ тіліндегі жарайсың сөзімен сәйкес келеді. Мысалы, Doktor pek memnun oldu: – Aferin Feride! Çok Memnun oldum. Nene lazım, Dünyanın gamını çekecek sen mi kaldın? – dedi. (Дәрігер қатты қуанды: – Жарайсың, Фарида! Қатты қуандым. Не қыласың, дүниенің қамын ойлау тек саған қалды ма? – деді) (R.N. Güntekin) Түрікше сөздікте Aferin [аферин] түрік тіліне парсы тілінен енген сөз екендігі айтылады /39, 15 s./.

Читайте также:  Бейне байқау. «Ең үздік 20 мұғалім» сайысы

Оставить комментарий