ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ӘЙЕЛ ЕСІМДЕРІНІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақ антропонимдерінің барлығы дерлік ұлт болмысын білдірумен қатар, халықтың діни дүниетанымы мен ат қоюға байланысты түрлі наным-сенімдерінен, әдет-ғұрыптары және салт-дәстүрлерінен лингвомәдени ақпарат береді. Ырымшыл халқымыз нәрестеге есім берерде халқымызда қалыптасқан түрлі сенімдерді басшылыққа алады. Балаға ат қою не есім таңдап берудің жолдары көп. Әрбір есім кездейсоқ таңдала салмайды. Олардың әрқайсысына артылатын үміт, жүктелетін жүк болады. Есім қояр кезде сол есім беретін ата-ананың, не отбасы үлкендерінің сол сәттегі сезімдері, сенімдері, сағыныштары, арман мен тілектері, үміт пен аңсаған нәрселерінің және де ең бастысы қалыптасқан салт-дәстүрдің елеулі әсері болатыны сөзсіз. Бала туар тумас бірінші болып атқарылатын іс ол балаға ат қою ісі. Түрік халқында қалыптасқан салттың бірі кіндік ат (göbek ismi) қою. Ең алдымен бала дүниеге келгеннен кейін кіндігін кескен кісі сол сәтте кіндік атын қояды. Кіндік ат ретінде Алланың аттарынан, пайғамбарлардың есімі мен олардың жақындарының атын, қасиетті кітаптарда кездесетін есімдер мен ұлы кісілердің есімдерін беріп отырады /1, 132/. Көп жағдайда кіндік аты ретінде ер балаға Mehmet, қыз балаға Fatma есімдерін береді. Бұл баланың ең бірінші есімі болып есептеледі /2, 173/. Осыдан кейін балаға өз ресми атын береді. İ. Başgöz баланың ресми аты ретінде көп жағдайда атасының есімін не әкесі жағынан туыстарының есімі берілетіндігін, сәйкесінше нағашы туыстарының есімінің өте аз берілетіндігін айтады /3, 220/. Түрік тіліндегі есімдердің семантикалық классификациясы толық жүйеге келтіріліп зерттелмеген. Тек қана келесідей мақаларда біршама қарастырылған Işıl Altun «Kandıra Tűrkmenlerinde Doğum, Evlenme ve Őlűm» /2/, Alaattin Uca «TÜRK TOPLUMUNDA AD VERME GELENEĞİ» /4/. Бұл мақалаларда негізінен ат қою және соған байланысты салт-дәстүрлер қарастырылған. Түркі тіліндегі жалқы есімдердің толық әрі жүйелі лексико-семантикалық классификациясын алғаш болып Л. Рашони жасаған /5/. Ғалым еңбегінің маңыздылығы оның есімдерді беру уәжділігіне байланысты жүйелендіруі. Алайда, осы жүйені жасау кезінде ғалым тек кітаптарға негізделген /6, 95/. Біз төмендегі жүйемізді осы күнге дейін жасалған зерттеулер негізінде құрастырып отырмыз. Кейін В.А. Никонов Л. Рашони және тағы басқа ғалымдардың жүйесіне сүйене отырып түркі халықтары есімдердің семантикалық жүйесін жасаған /6, 96/. Қазақ есімдерінің семантикалық жүйесін Т. Жанұзақов жасады /7, 23-26/. Осы жүйеге сүйене отырып қарастырылып отырған екі тілдегі әйел есімдердің семантикалық жүйесін төмендегідей қылып жасадық. І. Тілек, ниетке байланысты (дезидеративтер); 1) нәрестеге бақыт тілеумен байланысты есімдер: Бақыт (Бахыт), Бақытгүл, Бақытжан, Ayşe, Bahtiyar, Mesude, Saadet. 2) қыз баланың көркем де көрікті, ажарлы да сұлу болуын тілеуге байланысты қойылатын есімдер: Айсұлу, Күнсұлу, Әсем, Әдемі, Көркем, Ажар, Melâhat, Naime, Nermin, Özgen, Afife, Esma. 3) сәби мәдениетті, сыпайы, мінезі жақсы болсын деген тілекпен қойылатын есімдер Жібек, Мақпал, Барқыт, Hilmiye, İffet, Mihriban, Nazmiye, Benhane, Nezaket. 4) бала ақылды болсын деген тілекпен қойылатын есімдер: Ақыл, Ақылғайша, Әлима, Дана, Данагүл, Парасат, Lebibe, Münevver, Alime, Bilge, Fehmiye, Derya. 5) ата-ананың өздеріне тілек-ниетін білдіретін (келесі баланың ұл не қыз болуын қалаумен байланысты есімдер және баланың тірі қалуын тілеу мақсатында туған есімдер) есімдер. Ежелгі түркі халықтары есімнің қасиетті күшіне сенген. Бұған түрлі наным-сенімдерге байланысты туындаған есімдер дәлел бола алады. В.А. Гордлевский осы дәстүр туралы былай дейді: «Когда над семьей разряжается несчастье, мысль мусульманина инстиктивно обращается назад, и он ищет себе заступничества, в борьбе с судьбой, в старых верованиях. Это ощущается на выборе имени в семье, где дети умирают. Для сохранения ребенка родители дают новорожденному – безразлично, мальчику или девочке – имена: Яшар (он будет жить, он выживет), Дурсун (пусть устоит) или (прегнантно), Дурмуш (он устоял). Это имя, так сказать, не календарное, в общежитии вытесняет имя каноническое, мусульманское. Или, совершают фиктивную продажу ребенка, и называют его Сатылмыш (проданный). Злой дух после этого теряет силу над младенцем, который юридически составляет уже как бы собственность другого лица. Обычай распространен и среди других турецких племен» /8, 1-2/. Баланы зарығып жүріп тапқан немесе баласы тұрмай, шетіней берген ата-ана баласының тірі қалуы үшін Амангүл, Есенгүл, Есенай, Тұрсын, Тұрсынгүл, Қалсын, Тұрар, Тұрсынхан, Өлмесхан, Сақтаған, Тұрсынай, Dursun, Durmuş, Duran, Durdu, Yaşar, Yaşasın, Durhanım, Durcan, Ömür, Satı, Satılmış, Umut, Hayat сияқты есімдерді береді. Түрік халқында баласы тірі қалуы үшін берілетін тағы бір есім Satı. Нәресте дүниеге келгеннен кейін ата-анасы оны көп жағдайда мешіттің алдына тастайды. Оны басқа кісілер алып кетеді. Кейін баланың ата-анасы сол кісілерден баланы сатып алады. Осылайша бала біршама уақытқа болса да ата-ауыстырған болып есептеледі. Бұл салт баланың тірі қалуы үшін атқарылады /10, 116/. Көп балалы отбасылар тағы бір баланың туылғанын қаламаса соңғы туылған нәрестеге Yeter, Tamam, Nihayet, Songül сияқты есімдерді беріп отырған. Қазақ халқында мұндай салт жоқ. Ал балаға зәру болған ата-ана İstek, Dilek, Арман, Сағыныш, Аңсар, Аңсаргүл, Аңсағаным, Аңсаргүл сияқты есімдерді береді. Егер отбасында ылғи қыз туылып ұл бала жоқ болған болса, онда соңғы туылған қыз балаға содан кейін ұл болсын деген үмітпен келесідей есімдер беріледі: Ұлболсын, Ұлжан, Ұлтуар, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлтай, Ұлдан, Ұлпан, Ұлбала, Жаңыл, Тойдық, Дәметкен, Қызтумас, Kıztamam, Songül, Döne, Döndü, Durkadın, Dursaliha, Nokta, Kızsonu, Gülyeter. Жоғарыдағы ырыммен байланысты түрік халқында қыз балаға ер бала есімін береді. Осылайша келесі бала қыз емес ұл болады деген ырым қалыптасқан. Ол есімдер келесідей болып табылады: Oğulhan, Umithan, Dursunhan, Saadet, Kudret, Fikret, Emre /10, 125/. ІІ. Нәрестенің сипатына қарай (дескриптивтер) берілетін есімдер. 1) баланың физиологиялық ерекшелігіне байланысты есімдер көбіне денесіндегі қалына, тәнінің түсіне және бет-әлпетіне байланысты келеді. Көз – Аякөз, Айнамкөз, Айымкөз, Айымкөзгүл, Ботакөз, Арқаркөз, Күлімкөз, Қаракөз (Қарагөз), Қаракөзайым, Көзжақсым, Gökmen;, Қал (мең) – Ақмеңтай, Ақмеңді, Меңқыз, Меңдіқыз, Gülben; Қас – Айқас, Кермеқас, Қаламқас, Құймақас, Сұлуқас, Karakaş; Шаш – Алтыншаш, Сұлушаш, Бұрым, Сүмбілшаш; Тамақ – Ақтамақ; Маңдай – Аймаңдай, Ақмаңдай; Тырнақ –Тырнақ; Ерін – Ерінгүл; Білек – Ақбілек, Ağbilek; Жүрек – Ақжүрек; Түрік тілінде шаш маңдай, тырнақ, ерін сияқты дене мүшелеріне қатысты антропонимдер жоқ. Тәнінің түсіне байланысты – Айторы, Айсары (Айсара), Айымторы, Әппақ, Еркесары, Сарыгүл, Балсары, Балғара (Балқара), Қызторы, Сарықыз, Қарақыз, Қоңыр, Аққұба, Ақбала, Sevda (әдемі қараторы), Sarıkız, Sarıcık, Alakız, Akkız, Karkız, Karakız, Tennur, Gülten. Дене бітіміне байланысты түрік тілінде Tonbul – томпақ мағынасына келетін есім нәрестенің томпақтығына байланысты болса, Ақпұшық есімі мұрнының пұшықтығына қарай берілген. Физиологиялық және сыртқы сипатына байланысты шала туылған нәрестелерге Шалатай, Лекер сияқты есімдер беріліп отырса, алты саусақты балаға туылған болса оған — Артық есімі берілетін. 2) отбасында нешінші бала екенін білдіретін қазақ тіліндегі әйел есімі тек кенже сөзімен ғана жаалады. Оған мысал: Кенжеқыз, Кенжеқара, Кенжегүл, Кенже, Кенжебибі, Кенжехан, Ақкенже; түрік тілінде İlkin – тұңғыш балаға берілетін есім, Ortanca – ортаншы балаға берілетін есім, Songül – соңғы балаға қойылатын ат. Көріп отырғанымыздай түрік тілінде тұңғыш, ортаншы және кенже (соңғы) балаға сәйкесінше есім бар. Араб тілінен аударғанда төртінші деген мағынаны беретін Rabia есімі көп жағдайда өзінің тікелей мағынасында жұмсалмайды. Яғни, тек төртінші болып туылған балаға ғана емес басқа да бірінші не екінші болып туылған балаларға қойыла береді. 3) нәрестенің туылуымен байланысты жағдайларға қарай (күні, айы, жыл мезгілі, жері, ауа райына не сол кездегі ірілі-ұсақты оқиғаға байланысты). – туылу күніне байланысты наурыз күні туылғандарға Ақнаурыз, Bahar, Nevbahar, Baharkız есімдері беріледі. Arife – мерекеден бір күн бұрынғы күн. Сәйкесінше бұл күні туылғандарға осы есім беріледі. Қазақ халқында айт күні туылғандарға Айтгүл (Айткүл) есімі беріледі. Қазақ тілінде балаға аптаның қай күні туылса сол сөзден есім жасап беру салты бар. Мысалы дүйсенбі күні туылғандарға келесідей есім беріліп отырған: Дүйсенбігүл, Дүйсекүл, Дүйсенгүл; Сейсенбі: Сейсекүл, Сейсенкүл; Сәрсенбі: Сәрсегүл, Сәрсенбике, Сәрсенкүл; Бейсенбі: Бейсенбала, Бейсенгүл, Бейсен, Бейсенхан; Жұма: Жұма, Жұмабақыт, Жұмабибі, Жұмабике, Жұмагүл (Жұмакүл), Жұмағайша, Жұмағаным, Жұмаділдә, Жұмазира, Жұмақыз, Жұмахан, Пәкжұма; Eyna; Жексенбі: Жексенгүл; Тілімізде сенбі сөзінен жасалған есім кездеспесе, түрік халқында апта күндеріне байланысты есім беру жоқтың қасы. – нәрестенің туылу уақытына байланысты келесідей есімдер беріледі Sabiha таң, таң ату уақыты, Şafak күн туар алды немесе күн батысындағы ала қараңғы. – туылу мезгіліне байланысты – жыл басында туылғандарға Yılgün, Yazgülü жазда туылатын қыздарға берілетін есім /http://www.karyaltd.com/isimlerrehberikiz.d oc/, Songüz қараша айының халық арасында қолданылатын атауы, Sonyaz күз, Bahar көктем, Şevval 1.Kameri күнтізбесінің оныншы айы. 2. Мереке айы. Осы сөздердің беретін мағынасына сәйкес осы мезгілдерде туылатын балаларға сәйкесінше есім беріледі деп пайымдауымызға әбден болады. – туылған кездегі табиғат жағдайына байланысты жаңбыр кезінде туылғандарға – Yağmur есімі беріледі. Karlı, Karyağdı есімдері нәрестенің туылу уақытында қар жауып жатуымен байланысты болса керек. – туылған жеріне байланысты теңіз саяхатында туылғандарға Deniz есімін беру салты бар /2, 75/. Талшын есімі талшын ағашының түбінде туылғандығы үшін берілуі мүмкін. 4) бала дүниеге келген кездегі ата- ананың сезімін білдіретін есімдер. Ата-ананың балаға деген сезімі Шаттық, Қуаныш, Бақыт, Sinem, Şadıman, Ümran, Feriha, Ferihan. ІІІ. Басқа біреудің атынан алынған (меморативтер); 1) тарихта болған атақты адамдар, әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің, атақты тұлғалар мен батырлардың құрметіне қойылған аттар. Belkıs – Себе ханшайымының есімі. Aslı – Kerem ile Aslı шығармасының бас кейіпкерлерінің бірінің есімі. 2) өмірден озған ата-баба мен жақын туыстың атын беру. Түріктерде отбасында дүниеден озған бірінің есімін жалғастыру үшін жаңа туған сәбиге сол есімді беру салты бар /11, 279/. Әсіресе, осы салт бойынша бірінші туылған балаға әкесінің не шешесінің есімі беріледі. Дүниеден қайтқан кісілердің есімін беру сол есімнің қасиетті күшіне сенумен тікелей байланысты бола отырып, сол есімді жалғастыру мақсатымен беріледі /2, 172; 175/. Нәресте туылмастан бұрын әкесі немесе шешісі дүние салған болса, жынысына қарай қайтыс болған анасының не әкесінің есімін не болмаса осы жағдайға байланысты Yadigâr есімі беріледі /12/. Т. Жанұзақ мұндай салттың қазақ халқында да барын айтады /13, 125/. ІV. Мәдени-тарихи себептермен берілетін есімдер. 1. Діни мағыналы есімдер 1) Пұтқа табынушылықпен байланысты туындаған антропонимдер: «Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну, қасқыр, бұқа сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер етпей қоймайды» /14, 23/. Сонымен пұтқа табынушылық пен байланысты есімдер өсімдік, жануар, өзен, көл, аспан денелері атаулары беріліп отырған. Мысалы: Айкүн, Айсұлу, Күнай, Күнсұлу, Қаршыға, Алтын, Күміс, Ayçulpan, Aybirdi, Gükay, Gökçiçek, Yıldızay. 2) тотемге байланысты есімдер негізінен атқа байланысты тай сөзінен, қошқар, бұқа, түйе (бура), арыстан, жолбарыс, барс, киік, жыртқыш құстар, ит сөздерінен жасалып отырған. Баланы жамандықтан қорғау мақсатында Шегіртке, Доңыз, Тасбақа және Борсық есімдері беріліп отырған /15, 110-115/. Asena – қасқырдың ұрғашысы. 3) Ислам дініне байланысты есімдер Айша, Фатима, Әмина, Latife (Алланың аттарының бірі), Zeynep, Lübeyne, Emine, Fatma, Rukiyye Sare, Sümeyye, Şeyma, Ümmügülsüm, Ayşe, Azra, Hatice, Kamer, Havva. 4) табумен байланысты есімдер. «Табу – алғашқы қоғам дәуірінде діни сеніммен байланысты белгілі бір сөз, іс, зат атын атауға салынған тиым» /16, 606/. Тергеу (табу) сөздер дегеніміз атын тура атауға тиым салынған сөздерді басқа сөздермен ауыстырып атау арқылы шыққан сөздер. Ә. Ахметов ат тергеудің себептерін былай түсіндіреді: «Тарихи этнографиялық материалдардың ішінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, магиялық нанымның салдарынан адам мен оның есімінің арасында материалдық байланыс бар деп топшылау түркі тілдес халықтарда, оның ішінде қазақ арасында да кездесетіні байқалады» /17, 33/. «Түркі халықтарының тілдеріндегі табу мен эвфемизмдерге қатысы мол қосалқы немесе шартты лексиканың пайда болуы атам заманнан осы күнге дейін жеткен, кезінде кең таралған, бірақ бұл күнде біртіндеп жойылып бара жатқан ат тергеу салтымен тікелей байланысты» /17, 37/. Қазақ қоғамында келін күйеуінің туыстарының атын тікелей атай алмаған. Сол себепті де ол адамдарға тиісті ат тергеп қойып сол аттармен атайтын болған. Бұл қазақ келіндерінің тәрбиелілігі мен тапқырлығының, ойының ұшқырлығын білдірсе керек. Қайын сіңілілерін бикеш, бойжеткен, шырайлым, әкеқыз, әппағым, ерке қыз, еркежан сияқты сөздермен атаған. Кей кездерде осы ат тергеу салтымен байланысты қойылған есімдер ресми есімдерге айналып отырған. Табу сөздер тек адам атымен ғана байланысты емес. Ол қоршаған ортадағы бүкіл атауларға қатысты. Соның ішінде жан-жануарлар, түрлі аурулар, табиғат жағдайлары және т.б. Бір отабсындағы не бір әулеттегі ағайынды балаларға бірдей әріп не бірдей буыннан басталатын ұқсас, үндес есімдер беріледі (қыз және ер балаларға бірдей қатысты). Мысалы: Айман-Айна-Айдос; Айнұр-Абылай; Мөлдір, Меруерт; Мадина-Мадияр-Мәди; Ayfer, Aydil, Aynur; İpek, İrem; Ағайынды адамдарға есім берудің тағы бір жолы, ол бірінші не соңғы буыны үндес есім беру. Мысалы: Айтолқын, Айжарқын; Назым, Назерке; Құндыз, Жұлдыз; Аида, Саида; Айжан, Балжан, Гүлжан; Назгүл, Нұргүл; Нұржаһан, Гүлжаһан;

Читайте также:  ТҮР­КІ ХА­ЛЫҚТА­РЫН­ДА «ӘЙЕЛ» КОН­ЦЕПТІСІНІҢ СИ­ПАТТАЛУЫ

Оставить комментарий