ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Фразеологизмдер қай тілдің бәрінде де бар құбылыс. Оларды тілдік бөлекше бір сипаттағы, шырыны мен сөлі таусылмайтын дәмді элементтері деп айтсақ, қателеспеспіз. Тіл сұлулылығы, тіл байлығы, тіл өткірлігі дегеніңіздің айрықша көрінері осы фразеологизмдерде. Ойды әсемдеп айтуды үйренудің мектебі осы фразеологизмдер. Сөз нақты, дәлелді болсын десек, қолқаны қозғайтын дәрежеде болсын десек, халықтың хас туындысы — айшықты сөздер, нақыл сөздер, фразеологизмдер тобының тамырынан басу керек. Сонда ғана біз тілдің қасиеті, байлығы деген не сияқты сұрақтарға нақты жауап қайтара аламыз. Қазақ және қытай фразеологизмдерінің ерекшеліктерін сөз етпес бұрын, фразеологизмдерге қысқаша тоқтала кетейік. Фразеологизмдер, тұрақты тіркестер дегеніміз — екі немесе бірнеше сөздердің тіркесуі арқылы тұтас бір мағына білдіретін сөз тіркестері. Қазіргі уақытта, фразеологизм туралы көптеген еңбектерді қарастырғанда, фразеологизмдердің үш негізігі белгісі бар екендігі жазылуда. Олар: құрылым тұрақтылығы, мағына тұтастығы, қолданылу тиянақтылығы. Айтылған еңбектердің қатарында фразеологизм бейнелілігі айтып көрсетілмеген, дегенмен бұл да фразеологизмнің бір белгісі екендігін айтып көрсеткеніміз жөн болар. Себебі бейнелілік те басқа белгіліер сияқты ерекше рөл атқарады. Фразеологизм тұтастығы жай ғана қарапайым тұтастық емес, бейнелі, астарлы, мәнерлі тұтастық. Қай ұлттың болмасын сөздік қорында бір мағынаны білдіретін жеке сөздерден өзге, бір-бірімен қосылып, не жалғасып келіп, тұтас бір ұғымда қолданылатын сөз тіркестері болады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, ол- фразеологизмдер. Әр ұлт тілі өзіндік сөздік 247 қорымен ғана ерекшелене қоймай, өз бойында ұлт мәдениетін, тәрбиесін, тарихын қамтиды. Сондықтан да қай болсын ұлттың тілін үйрену үшін, мәдениеті мен тарихын да жетік білу қажет. Фразеологизмдер соған мысал бола алады. Себебі фразеологизмдер қанша жылдан бері тарих пен мәдениет арқасында пайда болған ғылымдардың бірі. Қытай тіліне де, қазақ тілі сияқты фразеологиялық фондтың бай болуы өте маңызды. Қытай тілі фразеологизмдері- ұлттық компонетті білдіруші, құраушы, өткеннің мұрасы. Қытай фразеологизмдерінде байқайтын болсақ, нефрит, айдаһар, халыққа әйгілі қаһармандар атаулары көп қолданылады. Әрине, нейтралды фразеологизмдер де бар, дегенменен аталған айдаһар, нефрит сияқты атаулар осы ұлттыңмәдениетімен де, тарихымен де өте тығыз байланысты. Қытай тілінде фразеология жеке ғылым ретінде бөлінбейді, оны лексикология құрамында қарастырады, сондықтан олар сөздіктерге сөздермен қатар енгізіледі, бұл оларды іздеуді жеңілдетеді.Фразеологияның зерттеу нысаны фразеологиялық құрылымдар, яғни тілде қалай қалыптасса, біздің жадымызда қалай сақталса, солай айтылатын тұрақты сөз тіркестері. Қытай тілі фразеологизмдерінің зерттелуіне тоқтала кетер болсақ, «Джуңгуо да бай кы чуан шу, үй ян хы вен цзі» (Қытайдың үлкен энциклопедиясы, тіл және жазу бөлімі) энциклопедиясында қытай фразеологизмдері жайлы мынандай мәліметтер жазылған. Қытай тілі грамматикасында біздегі фразеологизмдерді идиомалар деп атайды. Идиомалар өз кезегінде бірнеше түрге бөлінеді: 成语[chéngyŭ] (мақал-мәтелдер), 惯用语[guànyòngyŭ] (қалыптасқан сөз тіркесі), 俗语[súyŭ] (хикмет сөздер, нақыл сөздер), 歇后语 [xiēhòuyŭ] (аяқталмай қалған сөйлемнің жартысы) және т.б. Енді осы аталған идиомаларға жеке- жеке тоқталып өтейік: 成语 [chéngyŭ] — деп қытай тілінің мақал-мәтелдерін айтамыз. Қытай тілінде бұл мақал-мәтелдер көп жағдайда тұрақты төрт иероглифтен құралып, тұтас бір аталы ойды білдіреді. Және қалыптасқан төрт иероглифтің орнын қалауымызша өзгерте, ауыстыра алмаймыз. Өйткені мақалдың мағынасы мүлдем түсініксіз , айтқымыз келген ойымызға қарсы ұғымның да қалыптасуы әбден мүмкін. Айналдырған төрт иероглиф айтқың келіп отырған ойды бір ғана сөзбен түйіндеп, айтушыға жеткізе алады. Таң қаларлығы, әрбір қытай мақал-мәтелінің пайда болған өз тарихи аңызы бар, және де бұл қазақ фразеологизмдерінен ерекшеленетін ерекшеліктің бірі. Кез — келген мақалдың тарихының тереңде жатқандығына дәлел ретінде оның аңыздағы қолданысын, не болмаса тарих беттерінде жазылып қалған жылнамалардан және романдардан, өлең-жырлардан тауып кезіктіруге болады. Әрбір мақал-мәтелдің жеке аңыздық түсініктемесі бар екенін атап өткен болатынбыз, сондықтан дәлел ретінде бір мысал келтіре кетейік: «画蛇添足» деген төрт иероглифтен тұратын мақалды мысалға алатын болсақ, бұл қазақ тіліне сөзбе-сөз «жыланға аяқ салу» — деп аударылады. Бұл мақалдың аңызы былай қалыптасты: бір күні барлық достар бірге жиналып, демалып, шарап ішіп отырған еді. Олар кешті көңілді өткізу үшін, өз арасында бір-бірімен жарыс ұйымдастырды. Жарыс шарты былай еді: кімде-кім тез уақыт аралығында бірінші болып жылан салып үлгерсе, сол мына шөлмектегі шараптың барлығын өзі ішеді деген екен. Жарыс басталып, жиналған қауымның арасынан бір адам бірінші болып жыланды салып болады, бірақ ,басқалардың әлі де жыланды салып жатқандықтарын көріп, әлі уақыт бар, үлгеремін деп ойлап, жыланға аяқ салмақшы болады, аяқ салып әлек болып жатқанда кезде, басқа адам жыланды салып үлгереді. Нәтижесінде сол адам шөлмектегі шарапты ішеді де, жыланға аяқ салмақшы болып әлек болған адам құр қалады. Бұл мақал-мәтелдің мағынасы: жақсы жасаймын деп асыртып жіберу, асырып жасаймын деп, кесірін тигізу. Қазақ тілінде сөзбе- сөз мақалмен айтар болсақ, «артық қылам деп, тыртық қылу»-деген мағынаға ие /1,423 б./. Зерттеуге сүйеніп, қазақ тіліндегі фразеологизмдермен салыстыратын болсақ, жоғарыда жазып келе жатқан чыңүй дегеніміз қазақ тіліндегі мақал – мәтелдермен бірдей сәйкес келетіндігін атап өту өте маңызды. Себебі чыңүйдің орнын, рөлін, сөздерін ауыстыратын болсақ , мазмұны мүлдем өзгеріп, ортақ бір мағына бермей қалады. Және де ойлаушының 248 ойын қысқа да нұсқа жеткізеді. Қазақ тіліндегі мақал – мәтелдер де тура солай құралған. Мақал-мәтелдер ойлаушының ойын тура жеткізіп, аса білімді, сөзге шешен екендігін ғана көрсетпей, әр мақал-мәтелдің өзіндік нақылдығы мен берер тәрбиелік мәні өте зор екендігін көрсетеді. Ендігінде қытай чыңүйлеріне мысал келтіріп, қазақ тіліндегі мақал- мәтелдерімен сәйкестіктерін атап өтейік. Мысалға: «不三不四 bù sān bù sì» деген мақалды алып көрелік. Бұл сөзді қазақ тіліне аударатын болсақ, не ары емес, не бері емес, дүбәрә деген мағынаға сәйкес келеді. Мысалы бір нәрсені бастап үйренген де, бірақ оның түбіне дейін жетіп үйреніп те алмаған. Не үйренген, не үйренбеген деп те айта алмайсың. Ал, мына «不三不四 bù sān bù sì» деген мақалды өзін тура аударатын болсақ, « не үш емес, не төрт емес » — деп аударылады. Ал, төменде осы мақалдың шын мәнінде қытай тілінде күллісіне, оны бүгін біреу шығара салмай, бұрыннан қолданылып келе жатқанына дәлел ретінде 《水浒全传》кітаптан үзінді келтіре аламыз. 出 处 明·施耐庵《水浒全传》第七 回 :―这伙人不三不四,又不肯近前来,莫 不要攧洒家/2, 8 б./. 惯用语[guànyòngyŭ] дегеніміз – қытай тіліндегі қалыптасқан сөз тіркестері. Бұл сөз тіркестерінің астарында жоғарыда сөз еткен成语 [chéngyŭ] мақалдар сияқты айтқандай бір аталы сөз жатыр дей алмаймыз. Дей тұрғанмен, бұлардың қайсысы болмасын қытай тілінде ерекше орын алады.Әдетте, 惯用语 [guànyòngyŭ] — лерді 成语 [chéngyŭ]-лерден оңай ажыратуға оның өзіне тән бір қасиеті көмектеседі. Ол – оның үнемі үш иероглифтен құралып, қалыптасқан сөз тіркесін құрауы. 打光棍 [dă guānggùn] деген сөз тіркесін қарастыралық. Оқырман назарына осы сөз тіркестің қытайша анықтамасын ұсынайық. 解释:指单身成年男子适婚年龄后仍未结婚或婚后又失去妻子的男子。 Бұл сөз тіркесінің мағынасы «сұр бойдақ өмірлік күн кешу» дегенді білдіреді /3,424 б./. 俗语[súyŭ] ](хикмет сөздер) дегеніміз қытай қоғамында қара халықтың арасында пайда болып, ауызекі тарап отырған тұрақты сөз тіркесінің бір түрі. Айтып отырғанымыздай, суүйлердің пайда болуы шаруа қауымның ұшқыр ойының жемісі. Қытай хикмет сөздері қара бұдын халықтың өмірдегі мұң-мұқтажы мен арман- тілектерінің айнасы десек те болатын сияқты. 俗语 [súyŭ] (хикмет сөздер) жоғарыда аталған 成 语 [chéngyŭ] (мақал-мәтелдер) мен 惯 用 语 [guànyòngyŭ](қалыптасқан сөз тіркесі) – нен айырмашылығы, олар, суүй және чыңүй сияқты төрт иероглифті, я да үш иероглифті болып келеді деген сипаттамаға ие емес. Бірақ, осы жерде айта кетер бір жайт – қытайлықтар қанша жерден бұларды ерекшелеп, ат қойып жатса да, біздің тілімізге аударғанда олардың қазақша баламасы қытайлықтар салып кеткен қалыппен аталмайды. Яғни, қытай тілінде хикмет сөздер санатына жататын сөз тіркесі, қазақ тіліне аударылғанда жай ғана «мақал» — деп қана аталуы мүмкін. Себебі, әр тілдің өзіндік айырмашылығы бар. Біздің тіліміздің «киімі» иероглифтер емес, әріптер екендігін ұмытпау жөн. Сондықтан сөзімізге дәлел болу тұрғысында 八字还差一撇 [bāzì háichà yīpiē] деген тіркеске тоқталайық. Бұл қытайша сөйлемді қазақшаға аударсақ, істеу керек бір шаруаны әлі бастамағанды білдіреді. Қазақтар кейде, «әлі мұртын да түртпедім» — деп жатады. Мақалдың өзі анық аңғартып тұрғанындай, сегіз деп тұрған йероглифтің бір сызығы да әлі жазылмады дегенді білдіртеді./4,424-25 б./. 歇后语 [xiēhòuyŭ] терминін сөзбе – сөз қытай тілінен аударсақ «үзіліс жасап барып сөйлеу» дегенді білдіреді. Орыс сөздіктерінде бұл сөзді «намек, недосказанное выражение», ал қазақ тіліне аударған кезде, кейбір ғалымдар сиехоуүйлерді бөлек мәтел деп, суүйлерді бөлек мақал деп көрсетеді. Дегенменен бұл тұрақты сөз тіркес түрін қазақ тіліне аударған кезде, 歇后语 [xiēhòuyŭ] — дің мағыналық, құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ тілінде «астарлы сөз, нақыл сөз » -деп атау әлдеқайда дұрыс болатын сияқты. Астарлы сөздерді орыс қытайтанушылары ішінде ең алғаш зерттеген Михаил Григорьевич Прядохин еді. Ғалым «Китайские недоговорки — иносказания» — деген еңбегінде астарлы сөздерге семантикалық болмысы және грамматикалық құрылымы жағынан біршама толыққанды сипаттама берген /5, 5 б./. Астарлы сөздер туралы әр түрлі 249 сөздіктер әр түрлі түсіндірме береді.《辞海》кітабында астарлы сөздер туралы былай деп жазылған: «Фразеологизмдердің бір түрі. Көпшілікке әзіл – оспақ, әрі бейнелі сөз тіркестері деп танымал». Астарлы сөздердің мынандай негізгі ерекшеліктерін атауға болады: 1) Қолданғанда, астарлы мағынасы сөздің артында тасалануы мүмкін. Мысалға, 围 棋 盘 里 下 象 棋сөзбе-сөз аудармасы: «Дойбы тақтайында шахмат ойнау», яғни дұрыс емес жол, қате тәсіл деген мағына береді. Қазақ тіліндегі аудармасы ретінде «Дария жанынан құдық қазба» десе болады. 2) Сехоуүйдің алдыңғы-артқы бөлігі қосарланып келуі мүмкін. Мысалы, 芝麻开花 – 节节高сөзбе-сөз аудармасы: «Күнжіт гүлдеді – тоқтамай өсіп, биіктеп бара жатыр. Мағынасы: істің сәттілікке басуы. (Қазақ тіліндегі баламасы: Жолы болар жігіттің желі оңынан тұрады) /1, 3/.«Қытай энциклопедиясында» тіл және жазу бөлімінде сехоуүйге төмендегідей анықтама берілген: «Сөйлеу барысында жиі қолданылатын сөз тіркестерінің бір сөзі немесе жарты сөйлемінің қысқаруы арқылы жасалған әзілдік сипаттағы сөздер» /6, 425 б./. Қытай фразеологизмдерін зерттей отыра, жоғарыда қазақ фразеологизмдері де аталып, салыстырылып өтті. Дегенменен, әр тілдің өзіндік ерекшеліктері болады деп айтқан болатынбыз, сол себепті, ендігінде біз қазақ фразеологизмдерінің жалпы зерттелуіне тоқтала кетуіміз артық болмас. Тілімізде қолданылатын жеке сөздермен бірге көптеген ерекше қалыптасқан сөз тіркестері және сөйлемшелер бар. Ол сөз тіркестерінің екі не одан да көп компоненттрі болады, бірақ сөз тіркестері семантикалық бірлікте болып, тұтас бір ұғымды білдіреді. Мысалы: көз бояу-өтірік айту; көзді ашып жұмғанша, кірпік қаққанша-лезде, жылдам; төбе шашы тік тұрды — шошынды және т.б. Мұндай тұрақты сөз тіркестерінің мағынасы ғасырлар бойы қалыптасып, ел аузында көп айтылып, жалпы халыққа түсінікті болып кеткен. Қазақ ғалымдарының арасында да фразеологизмдердің жалпы қолданылуы мен зерттелуіне көңіл бөлгендер аз емес. «Қазақ тілі» практикалық курсында (авторлары: Н.Оралбаева, Г.Мадина, А.Әбілқаев, жалпы редакциясын басқарған проф. М.Балақаев) «Лексика» тарауының бір бөлімі «Тұрақты сөз тіркестері» деп аталған кітапта, авторлар қазақ фразеологизмдеріне идиома, фраза, мақал-мәтелдер жатады деп жазған. Қысқа болса да әрқайсысына анықтама беріп, нақты тұжырым айтуға тырысқан. Әрқайсысына берілген анықтамаларға жеке-жеке тоқтап, қарап шығайық: а) Идиома деп іштей бөліп, жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер тобын тұрақты тіркес дейміз. ә) Тұрақты тіркестердің енді бір түрін фраза деп атайды да, оған да нақты анықтама бермегенімен, мұның өзіндік айырмасын түсіндіреді. Авторлардың түсініктемесін берейік: «Тұрақты тіркестің бір түрі – фраза. Ол да идиома сияқты түйдекті тіркес қалпында айтылады. Алайда мұның идиомадан айырмашылығы құрамындағы сөздердің бәрі не біреуі өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып қалмайды». Шынында бұл келтірілген мысалдар құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасынан онша алшақтамайды. Ендеше идиомалар сияқты, фразалық тіркестер де сөзімізді өткір, көрікті, образды ету үшін жұмсалады деген тұжырымды әбден қолдаймыз. б) «Мақал-мәтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталық сөзі, ой түйіні». Біз авторлар анықтамасын бұлжытпай беріп отырмыз. Олар мақал-мәтелдің идиома, фразаларға ұқсас жағы мен өзгешелігін ажыратқан. Ұқсас жағы – мұның бәрінде «сыртқы құрылымы, сөздердің орын тәртібі тұрақты» болуындаболса, айырмашылығы – біріншіден, «мақал-мәтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді»; екіншіден, «егер идиома мен фраза сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысу үшін тұлғалық өзгеріске ұшыраса, мақал-мәтелдер ешбір өзгеріске түспей, басқа сөзбен не сөйлеммен де етістігі арқылы байланысады». Авторлар мақал мен мәтелдің өзара айырмасын да ажыратқан: «мақалда өмір тәжірибесінен ерекшеленіп алынған ақыл, өнеге, оқушыны жақсыға баулып, жаманнан 250 қашық болуға үйрететін кеңес берілсе, мәтел белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайды, онда астарлап, жұмбақтап айту мәні басым» болады/7, 18-21 б./. Мұның қай-қайсысы болмасын, айтайын деген ойды нақты, анық етіп және тыңдаушыға бірден аңғартуға немесе сөйлеген сөзімізден қысқа, тұжырымды қорытынды шығаруға үлкен жеңілдік жасайды. Бұларды талғамсыз қолдана беруге болмайды. Екінші жағынан мақал-мәтел әдебиеттің бір жанры есепті таптық сипатта болып келеді. Қытай тілі сияқты, біз де фразеологизмдерге өте қатты және көп көңіл бөлудеміз. Бұл ата –бабамыздан келе жатқан алтын мұралардың бірі. Қазақ тілі фразеологизмдерінде де тарих, мәдени байлық, тәрбиелік, білімділік, шешендік жатыр. Ана тіліміздің тұрақты тіркестерін әрбір қазақ баласы өте жақсы түсінеді, себебі біз де тұрақты тіркестерді өте жиі қолданып, жадымызда сақтап, дамытып, қазіргі және келер ұрпаққа мұра етіп жалғастырмақпыз. Қай елдің болсын, қай тілдің болсын, қай жазушының болсын шығармасын алсақ, түгелінде де осындай тілдік элементтер кездеседі. Яғни қаламгерлердің барлығы да халық тілінде, әдеби тілде фразеологизмдер мен нақыл, айшықты, бейнелі сөздерді пайдалануға өте бейім. Айтылған сөздің өзінен-ақ фразеологизмдер өте қиын, өте қызықты ғылым екендігін түсінуге болады. Сондықтан да бұл жасалып отырған зерттеуіміз екі тілдің фразеологизмдерінің ерекшеліктері мен салыстырмасын баяндаудағы ең кіші бөліктерінің бірі ғана болып табылатындығын ескергеніміз жөн. Фразеологизмдердің сиқырлы сырын ашу үшін, олардың мәселесін шешу үшін, оларды тереңдеп түсіну үшін әлі талай-талай зерттеу жасау қажет екендігі баршамызға мәлім. Дегенмен де, қазақ және қытай фразеологизмдерін біріктіріп, екі тілдегі фразеологизмдердің ерекшеліктері мен ұқсастықтарын қарастыра отырып, оқырманға екі тілдегі фразеологизмдер туралы жалпы ортақ бір мәлімет қалыптастырғаныма сенемін.

Читайте также:  Байсейіт батыр туралы

Оставить комментарий