Азаматтық мойынсұнбау туралы

Мен «ең жақсы үкімет ­ неғұрлым аз билейтін үкімет» деген пайымдаумен толық келісемін, және оның тезірек те неғұрлым жүйелі жүзеге асырылғанын қалар едім. Жүзеге асқан кезде ақыр соңында ол: «Ең жақсы үкімет ­ мүлдем билемейтін үкімет» деген ұранға саяды(мен мұны да қолдаймын) да, адамдар соған дайын болғанда, оларда нақ сондай үкіметтер болады. Үкімет әрі кеткенде құрал ғана, бірақ әдетте үкіметтердің көбісі ­ ал кейде барлығы да ­ пәрменсіз құрал болып табылады. Тұрақты армияға қарсы айтылған дәлелдер (олар мол әрі салмақты болуы мүмкін) және жеңіп шығуға тиіс болатын, сондай­ақ үкіметке де қарсы айтыла алады. Тұрақты армия ­ тұрақты үкіметтің қолы ғана. Үкіметтің өзі де, халық өзінің ырқын жүзеге асыруды қалайтын пошым ғана бола тұрып, халық сол арқылы қалағанын жасап үлгермей жатып, жамандық құралы болып кете алады ғой… Егер нақты айтсам және үкімет атаулыны жоққа шығаратындар сияқты емес, азамат ретінде айтсам, мен үкіметтің дереу жойылуын емес, оның тез арада жақсарылуын талап етемін. Қандай үкіметті құрметтеуге дайын екендігін әркім айта алсын, сонда бұл сондай үкіметке қарай жасалған қадам болады. Халық билікті өз қолына алып, оны көпшілікке берген және оның ұзақ уақыт билеуіне мүмкіндік берген кезде, бұл көпшіліктің бәрінен әділ билік жүргізуінен емес және бұл азшылық жөніндегі ең әділетті билік болып көрінетіндігінен емес, бұл қарапайым себептен, физикалық жағынан күшті болуынан. Бірақ көпшілік билік жүргізетін үкімет, тіпті оның адамдар түсінігіндегі шектеулі мағынасында да, әділетке негізделе алмайды. Шын мен өтірікті көпшілік емес, ар­ұждан таразылайтын үкімет шынымен мүмкін емес пе? Көпшілік орындылық өлшемін қолдануға болатын мәселелерді ғана шешетін үкімет мүмкін емес пе? Азамат тіпті қас­қағым бір сәтке немесе ең аз дәрежеде болсын, өзінің ожданын заң шығарушының қолына беруге міндетті болғаны ма? Онда әрбір адамға ар­ождан неме керек? Біз алдымен адам, содан соң ғана үкіметтің боданы болуға тиістіміз деп ойлаймын. Заңға құрметтен гөрі әділетке құрметті көбірек тәрбиелеген абзал. Менің оз мойныма алуға хақым бар жалғыз міндет ­ әрдайым өзіме жөн көрінгенді істеу міндеті… Заң ешқашан адамдарды азды­көпті әділетті қылған емес; ал соны құрметтейін деп жақсы адамдардың езі күн сайын әділетсіздіктің құралыма айналып жатады… Көпшілік мемлекетке нақ осылай қызмет етеді ­ адамдар адам ретінде емес, машина ретінде тәнімен қызмет етеді. Олар тұрақты армияны, милицияны, абақты қызметкерлерін құрайды, шерифке куәгер болып қызмет етеді және т.с.с.

Бұл орайда олардың көп жағдайда ақыл­есін немесе инсаният сезімін қолдануына тіпті де тура келмейді: олар ағаш, жер және тас деңгейіне дейін төмендетілген; бәлкім, ағаштан адамдар жасап шығарудың сәті түсер, олардың пайдасы аз бола қоймас. Мұндайлар сабаннан жасалған қарақшылардан немесе саз балшықтан істелген пұттардан артық құрметтеле қоймайды. Олардың құны аттан не иттен артық емес. Алайда тіпті солар да әдетте жақсы азамат саналады. Басқалар, айталық, заң шығарушылардың, саяси қайраткерлердің, заңгерлер, дін қызметшілері мен шенеуніктердің көбісі мемлекетке негізінен миымен қызмет етеді; және олардың ілуде бірі болмаса, инсанияттық айырмашылықтарды көруге қабілетсіз болғандықтан, өздері түсініп­сезінбей­ақ жын­шайтанға да, құдайға да қызмет ете алады. Ілуде біреулер ғана жоғары мағынасындағы батырлар, отаншылдар, азапкерлер, реформаторлар әрі нағыз адамдар мемлекетке сондай­ақ ар­ұжданымен де қызмет етеді, сол себепті де көбіне­көп оған қарсылық көрсетеді және мемлекет әдетте оларды өзінің дұшпаны деп санайды… Әрбір дауыс берудің біршама моральдық реңкі бар, бірақ дойбы немесе триктрак ойыны, шын мен жалғаны бар, инсанияттық проблемалары бар ойын тәрізді, және әрине ақша тігіледі. Ал ойнаушылардың атақ­абыройы ортаға салынбайды. Мен, бәлкім, өзім әділ деп ұйғарғанымдай дауыс берермін, бірақ әділеттің жеңіп шығуына аса мүдделі де емеспін. Мен мұны көпшіліктің шешуіне беруге әзірмін. Сондықтан гәп орындылық пиғылынан әріге бармайды. Тіпті әділет үшін дауыс берудің өзі соның жолынан қайтпай қимылдау деген соз емес. Сіз тек оның жеңіп шығуы үшін ақырын ғана ниетіңізді білдіресіз. Кемеңгер адам әділетті кездейсоқтық ырқына қалдырмайды және оның көпшіліктің күшімен жеңіп шығуын қаламайды. Адамдар бұқарасының қарекеттерінде дәрмен шамалы. Көпшілік ақыр соңында құлдықтың жойылуына дауыс берген кезде, мұны ол құлдыққа немқұрайды қарайтындықтан, яки жойылуға тиіс құлдық өте аз қалатындықтан істейді. Сонда жалғыз құл оның өзі болады. Құлдықтың жойылуын сол арқылы өзінің төл бостандығын орнықтырғысы келетін дауыс беруші ғана жақындата алады ­ адам өзін тіпті ең зор зұлымдықты түп­тамырымен жоюға сөзсіз арнауға міндетті емес; оның басқа да нәрселерге хақысы бар; бірақ борыш оның ең болмағанда жамандықтан қашық тұруын және ол туралы ойламаса да, оған қолдау көрсетпеуін талап етеді. Егер мен өзге де істер мен оларға беріліп кетсем, тым болмағанда біреудің мойнында отырып, беріліп отырған жоқпын ба дегенге көз жеткізуім қажет.

Сол басқа адам да төңірекке көз сала алуы үшін мен әуелі одан түсуім керек. Қараңызшы, қандай дәйексіздік. Менің кейбір жерлестерімнің: «Мені құлдардың көтерілісін басуға немесе Мексикаға жіберсінші ­ мен барамын!» дегенін естігенмін, алайда сол адамдардың әрқайсысы, өзінің үкіметті қолдауы арқылы тікелей не болмаса жанама түрде, ақшасымен өз орнына басқа біреуді жөнелтеді. Әділетсіз соғысқа қатысудан бас тартқаны үшін солдатты мақтайды, ал өздері осы соғысты жүргізіп отырған әділетсіз үкіметті қолдаудан бас тартпайды; мемлекет өзінің күнәлары үшін пұшайман болып, өзін сабайтын біреуді, бірақ ол күнә жасауды бір сәтке болса да қоятындай етіп сабамайтын біреуді жалдап алғаны секілді, олардың қылығы мен беделіне кереғар шыққандарды мақтайды. Міне осылай, тәртіп пен азаматтық мойынсұну түрінде біздің бәрімізге өзіміздің арамдығымызға қолдау мен құрмет көрсетуге тура келеді. Күнәһар әуелі қызарады, одан соң күнәсына немқұрайды қарай бастайды, ал инсаниятсыздық инсаниятқа катысты емес және біз жасаған өмір үшін пайдасыз емес секілді көріне басталды… Адамның белгілі бір пікірі болып, соны қанағат тұта алатыны қалай? Сіздің пікіріңіз сізді ренжітуде болса, тынышталуға бола ма? Егер көршіңіз сізді бір долларға алдап кетсе, сіз алданып қалғаныңызды түсінуден, не ол туралы мәлімдеуден, не сізге тиесілі соманың қайтарылуы туралы шағымнан қанағаттанбайсыз; сіз оны толық қайтарып алуға, бұдан былай алданбауға сол сәтте нақты кадамдар жасайсыз. Принциптің талабымен жасалған қылық, әділдікті түсіну және оны іске асыру заттар мен қатынастарды өзгертеді; ол өзінің мәнісі жағынан революцияшыл және соған дейін болған ештеңемен сыйыса алмайды. Ол мемлекеттер мен шіркеулерді ғана бөліп қоймайды, отбасыларды ажыратады; ол ­ ол ма, жеке адам жанын бөліп жарып, оның ішінде сайтандықты құдайшылдықтан бөліп қояды. Әділетсіз заңдар бар; біз оларға ләм­мим демей мойынсұна береміз бе, әлде мойынсұна тұрып, оларды өзгертуге тырысамыз ба, әлде оларды бірден бұзамыз ба? Біздікі секілді үкімет тұсында адамдар көбінесе көпшілікті заңдарды өзгертуге көндіргенше тосқан дұрыс деп санайды.

Олардың ойынша, қарсыласу көбірек жамандық болар еді. Бірақ егер бұл шынымен де екі жамандықтың үлкені болса, оған үкіметтің өзі кінәлі. Оны үлкен жамандық қылатын сол. Неліктен ол реформаларға келісуге дәрменсіз? Парасаты азшылықты неге бағаламайды? Неге қарсыласады және соққы жемей жатып айғайлайды? Өз азаматтарының өз бойындағы кемшіліктерге қырағылығын және оларды өзі итермелеп отырған қылықтардан гөрі дұрысын жасауға неге ынталандырмайды? Ол неліктен ылғи да Христің қол­аяғын керіп шегелейді, Коперник пен Лютерді аластайды және Вашингтон мен Франклинді бүлікші деп жариялайды? Тегінде, оның билігін ойластырылған және қарекетпен қуатталған қабылдамау үкімет күн ілгері көре білмеген бірден­бір теріс қылық болар; әйтпесе неге сол үшін кесімді де лайықты жаза белгіленбеген? Егер меншігі жоқ адам бір­ақ рет үкімет үшін тоғыз шиллинг табыс табудан бас тартса, ол маған белгілі ешбір заңмен шектелмеген және оны қамауға отырғызған адамдардың қалауымен белгіленген мерзімге абақтыға отырғызылады; ал егер ол мемлекеттен тоғыз шиллингтен тоқсан рет ұрласа, оны кеп ұзамай бостандыққа шығарады. Егер әділетсіздік үкімет мәшинесінің үйкелуінің сөзсіз бір бөлігін құраса, айнала берсін, мейлі; бәлкім үйкелу бірте­бірте азаяр, мәшине де тозып бітер. Егер әділетсіздік қайсыбір серіппеге, не тегершікке, не иін тірекке тәуелді болса, жамандықты жамандықпен түзету одан асқан жамандық емес пе деп ойлануға мәжбүр болармыз; бірақ егер ол сізден басқа біреуге әділетсіздік көрсетуді талап ететіндей болса, менің айтарым: мұндай заңды бұзу керек. Сенің өмірің тежегіш күшке айналып, мәшинені тоқтатсын. Мен, бері салғанда, өзім айыптайтын жамандық жолына түспеудің қамын ойлауым керек. Ал жамандықты түзеудің мемлекет ұсынып отырған құралдарына келсек, маған ондай құралдар беймәлім. Олар тым көп уақытты қажет етеді, соған бүкіл өмір кетеді. Ал менің басқа да шаруаларым бар. Мен бұл дүниеге оны өмір сүруге қолайлы жерге айналдыру үшін емес, ол жақсы болсын, жаман болсын, онда өмір сүру үшін келдім. Адамға бәрін емес, тек әйтеуір бірдеңені істеу бұйырылған; және нақ сондықтан ол бәрін істей алмайтындықтан, оның бір нәрсені дұрыс істемегені керек емес. Губернаторға не заң шығарушы мекемелерге петиция жолдау менің шаруам емес, сол секілді маған петиция жолдау да олардың шаруасы емес; және егер олар менің петициямды құлаққа ілмесе, сонда менің не істеуім керек? Мұндай жағдайда мемлекет тығырықтан шығудың ешқандай жолын көздемейді; нақ соның конституциясы жамандық болып табылады.

Бұл, бәлкім, тұрпайы, қасарысқан және бітіспес сөз болып естілер, бірақ осыған лайық немесе түсіне алатын адам мәнісіне мен барынша ілтипатым мен құрметімді дәл осылай білдіре аламын… Американ үкіметімен, немесе оның өкілі ­ штат үкіметімен тікелей және бетпе­бет жылына бір рет, ­ одан жиі емес ­ салық төлеуші бейнесінде кездесемін; менің жағдайымдағы адам үшін онымен жалғыз ғана міндетті кездесу осындай; және ол осынау кездесу кезінде: «Мені танып ал!» деп анық айтады. Және онымен сөйлесудің ең қарапайым да пәрменді, қазіргі жағдайда ең қажетті тәсілі, оны қалай жақтырмайтыныңды, ұнатпайтыныңды білдіру, ал істің тәсілі, жоқ деп кесіп айту. Менің әдепті көршім салық жинаушы ­ менің істес болатыным сол, өйткені, шындап келгенде, менің талабым пергаментке емес, адамдарға арналған, ал ол өз еркімен үкімет агентіне айналған. Ол өзі сыйлайтын маған, өзінің көршісіне қалай қарағаны ­ өзінің көршісі жібі түзу адам ретінде, әлде есі ауысқан тыныштықтың шырқын бұзатын адам ретінде ­ қалан қарағаны жөн екендігін ойланып алмай тұрып, тату көршілік қатынастарына, осынау кедергіні еңсеруге тырыспай тұрып, бұл орайда ойланбай білдірілген дөрекі сөз бен ойға ерік бермей тұрып, ол үкімет шенеунігі ретінде де, адам ретінде де өзінің кім екенін біле ала ма? Есесіне мен мынаны жақсы білемін: егер де мың, не жүз, не мен атап көрсете алатын он адам — бас­аяғы он адал адам ­ не тіпті біздің Массачусетс штатындағы бір адал адам құл иеленуден бас тартып, осы қоғамдастықтан шығып кетсе, және сол үшін абақтыға отырғызылса, бұл Америкада құлдықтың жойылғанын білдірер еді. Істің болмашыдан басталғаны маңызды емес; бір рет жақсы істелген нәрсе мәңгілікке істелген. Бірақ біз сөз сауғанды жөн көреміз және мұны өзіміздің миссиямыз деп білеміз. Реформаға көптеген газеттер қызмет етеді, бірақ бірде­бір адам жоқ. Егер де менің қадірлі көршім, штаттың нәбиі, өзінің ғұмырын жоғарғы сотта адам құқықтары туралы мәселеге арнаған адам басты қатер уәкілі Королинадағы абақтылар деп санаудың орнына, құл иелену күнәсін басқа штатқа аудара салуға тырысатын Массачусетсті көздесе — олардың арасындағы дау себебі әлі күнге дейін тек меймандостықтың жетіспейтіндігі ғана бола алғанымен ­ заң шығарушы билік алдағы қыста бұл мәселені күн тәртібінен алып тастамас еді. Абақтыға әділетсіз жабатын үкімет тұсында әділетті адамға ең лайықты орын ­абақтыда…

Егер кімде­кім сол арада өз ықпалымнан айрылып қаламын да, дауысым штаттың құлағына жетпейді, және осы қабырға ішінде мен қарсыласпын деп ойласа, демек, ол ақиқаттың адасудан қаншама күшті екенін және әділетсіздікпен соны, ішінара болса да, оз басынан өткерген адам ғана неғұрлым айқын да ойдағыдай күресе алатынын білмейді. Дауысты қағаз бюлетень түрінде емес, өзінің бар ықпалымен беру керек. Көпшілікке бағынғанда азшылық дәрменсіз; ондайда ол тіпті азшылықта емес; бірақ ол бар күшімен қарсыласқан кезде құдіретті. Егер штатқа барлық әділетті адамдарды абақтыда ұстау немесе соғыс пен күл иеленуден бас тарту керек деген таңдау берілсе, ол ойланбас еді. Егер де биыл мың адам салық төлеуден бас тартса, штаттың зорлық­зомбылық жасап, жазықсыз қан төгуіне мүмкіндік беретін салық төлеуден туындайтын зорлық­зомбылық та, қан төгу де болмас еді. Бұл бейбіт революцияның, егер ол мүмкін болса, дәл өзі болар еді. Салық жинаушы не басқа бір шенеунік, солардың бірі істегендей, менен: «Бірақ мен не істей аламын?» деп сұраса, «Егер шынында бір нәрсе істегіңіз келсе, қызметтен кетіңіз» деп жауап беремін. Егер бодан бағынудан, ал шенеунік қызметтен бас тартса, онда революцияның жасалғаны. Бірақ қан төгіледі делік. Жараланған ар­ұжданнан қан төгілмей ме? Осы жарадан адамның бар ержүректігі мен өлместігі тамшылай береді де, осы қансыраудан ол мәңгілікке өледі. Дәл осы қан қазір төгіліп жатыр… Алты жыл бойы мен сайлау салығын төлемеймін. Бірде мен сол үшін бір түн абақтыға қамалдым; қалыңдығы екі­үш фут мықты тас қабырғаларды, темірмен қапталған, қалыңдығы бір фут есікті қарап шығып, мен осы мекеменің ақымақтығына таң қалдым, ол маған тек қамауда ұстауға болатын қан, тән, сүйек қана деп қарады. Мені пайдаланудың нақ осы тәсілін таңдап, мені басқа нәрсеге де пайдалануға болатыны ойына да келмегеніне қайран қалдым. Мені отандастарымнан тас қабырға бөліп тұрса, олардың менде бар бостандыққа қол жеткізуі үшін бұдан да биік қабырғаны жарып өтуі немесе одан өрмелеп өтуі керектігін түсіндім. Мен езімді бір сәтке де бостандықтан айырылдым деп сезінбедім, ал қабырға тас пен әкті бекер шығындау ғана болды. Мен өзімді жалғыз мен­ақ салық төлегендей сезіндім. Олар маған қалай қарау керектігін мүлдем білмеді де, өздерін көргенсіз адам секілді ұстады. Қорқыту да, көндіруге тырысу да қателік еді; өйткені олар менің басты тілегім осы тас қабырғаның арғы жағында болу деп ойлады.

Еш кедергісіз сыртқа шығып жатқан менің ойларымның сыртынан есікті қалай мұқият жауып жатқанын қарап, еріксіз күлетінмін, өйткені қауіп төндіретін сол ойларым ғой. Менің өзіме жетуге дәрменсіз олар, менің тәнімді жазаламақ болды; тұп­тура біреуге ызалы балалар соның өзінің сазайын бере алмаса, оның итінен өш алатыны секілді. Мен мемлекеттің ақылы аз екенін, өзінін күміс қасықтары үшін жалғыз басты әйел сияқты қалтырайтынын және достарын дұшпандарынан айыра алмайтынын түсіндім; мен оған құрмет сезімінің соңғы жұқаналарынан айрылдым да, жаным ашыды. Сонымен, мемлекет адамның парасатына, яки инсанияттық сезіміне ешқашан қасақана қатер төндірмейді, тек оның тәніне, яки сезіміне ғана қауіп тудырады. Оның қаруы даңғайыр даналық немесе адалдық емес, физикалық күш қана. Ал мен болсам дүниеге зорлыққа төзу үшін келген жоқпын. Мен өзімше тыныс алғым келеді. Кім күшті екенін көрелік. Тобырға берілген қандай күш? Мені менен гөрі жоғары заңға бағынатындар ғана мәжбүрлей алады. Ал олар мені өздеріне ұқсауға мәжбүрлейді. Көпшіліктің адамды былай емес, дәл солай өмір сүруге мәжбүрлей алғанын естіген емеспін. Ол қандай өмір болар еді? Маған «әмиян ба, әлде өмір ме?» дейтін үкімет кездессе, неге оған әмиянымды беруге асығуым керек? Бәлкім, ол қатты мұқтаж болып, не істерін білмей дағдарған шығар; бірақ оған менің қандай қатысым бар. Мен секілді, өзі амал тауып, құтылсын. Бұған жыламсыраудың қажеті жоқ… Жол салығын төлеуден мен ешқашан бас тартпаймын, өйткені нашар бодан болсам да, жақсы көрші болғым келеді; ал мектептің пайдасына төленетін салыққа келсек, дәл қазір мен отандастарымның тәрбиесіне оз үлесімді қосып отырмын. Мен салық ведомосіндегі қайсыбір тармақ үшін төлеуден бас тартып отырған жоқпын. Мен мемлекеттің талаптарына мойынсұнудан ғана бас тартамын және онымен ештеңенің ортақ болуын тілемеймін. Менің долларымның сапарын, адамды өлтіру үшін соған адам не мылтық сатып алмайынша, тіпті бұл мүмкін болса да, қадағалап отырғым келмейді ­ доллар кінәлі емес, бірақ менің мойынсұнуымның салдарын ізерлеп отыру мен үшін маңызды. Жалпы алғанда, мен мемлекетке өзімше тыныш соғыс жарияладым, дегенмен, мұндай жағдайда істелетіндей, соған қарамастан одан ықтимал пайда тауып, нәпақасын көрмекпін…

Менің қазіргі позициям осындай. Бірақ мұндай жағдайда адам, өзінің қылығына қыңырлық немесе айналасындағылардың пікіріне шектен тыс жалтақтаушылық ықпал етпес үшін, сақ болуы тиіс. Ол өзінің алдындағы және заман алдындағы борышын өтесін. Кейде мен ойлаймын: осынау адамдардың ниеті түзу ғой, олар тек білмейді; олар қалай істеу керектігін білсе, дұрысын жасайды ғой; өзіңнің жақындарыңды, саған өздері қаламайтынды істетіп, ренжітудің не керегі бар? Бірақ сосын ойлаймын: бұл менің олар сияқты істеуімнің, я болмаса басқаларды өзге түрде зор қасіретке ұшыратудың себебі емес. Және мен кейде өзіме­ өзім: егер сан адамдардың миллиондаған бұқарасы өшпенділіксіз, қандай да бір жеке сезімсіз сенен бар­жоғы бірнеше шиллинг талап етсе және, бұқараның табиғаты сондай, ол талаптан бас тарта немесе өзгерте алмайтын болса, ал сен басқа миллиондарға қол шапалақтай алмайтын болсаң, еңсерілмес дүлей күшке қарсы атой салудың не қажеті бар? Сен суық пен аштыққа, желдер мен толқындарға нақ сондай қыңырлықпен қарсылық көрсетпейсің ғой; және көптеген басқа шарасыздықтарға аспай­саспай көнесін. Басыңды да отқа тықпайсың. Бірақ нақ осы күш маған түгелімен дүлей емес, ішінара адами да болып көрінетіндіктен және осы миллиондармен мен олар сезімсіз заттар емес, миллиондаған адамдар секілді байланысты болғандықтан, нақ сондықтан мен, біріншіден, олардың жаратушысына, ал екіншіден, олардың өздеріне жүгіну мүмкіндігін көріп отырмын. Ал мен басымды саналы түрде тыққанда, отқа да, оттың жаратушысына да жүгіне алмаймын және тек өзімді ғана кінәлауым керек. Егер мен адамдар қандай болса, соған қанағат етуге және оларды, олар да, мен де қандай болуымыз керектігі туралы менің ұғымыма қарай емес, оларға соған сәйкес қарауым керек деп өзімді­өзім сендіре алсам, онда мен қайырымды мұсылман және фаталист ретінде, мен қалыптасқан тәртіпті қанағат тұтуға тырысар едім, құдайдың бұйрығы сондай дер едім. Бірақ адамдарға қарсыласу мен табиғаттың таза дүлей күшіне қарсыласу арасындағы ең бірінші айырмашылық сол, біріншілеріне мен біршама ойдағыдай қарсыласа аламын, бірақ Орфей секілді, жартастардың, ағаштар мен аңдардың табиғатын өзгертемін деп иегім қышымайды. Казуистикамен айналысқым, әрең байқалатын айырмашылықтарды іздегім, не өзімді басқалардан жақсы етіп көрсеткім келмейді. Дұрысы, мен елдің заңдарына бағыну үшін ілік іздеп жүрмін. Мен тіпті оларға бағынуға аса ынталымын. Осы ынталылықты өз бойымнан байқаймын және жыл сайын салық жинаушы келген кезде бағынуға ілік табу үшін ел мен штат үкіметтерінің қарекеттер! мен көзқарасын, сондай­ақ қоғамдық көңіл күйді қайта қарауға әзір тұрамын. Отанға перзенттік құрмет керек, және егер күндердің күнінде осынау Қасиетті борышты ескермес болсам, бұл тек менің Жанымның, ұжданымның, сенімімнің өмірімен Болсын, Бірақ пайда табу үшін болмасын.

Оставить комментарий