iRef.kz

Азаматтың құқықтары мен міндеттері туралы

Азамат соғысы кейде ұлы игілік болып шығады… Таңданбаймын, ашу шақырмаймын деп уәде беріңіз; еркеліктен мен тым оқыс та қатқыл айтқан ойымды қазір өрбітіп көрейін. Азамат соғысы – қасірет, өйткені ол адамдар қоғам құрғанда мақсат еткен қауіпсіздік пен бақытқа кереғар және ол көп азаматтарды ажал құштырады. Азамат соғысы – қол немесе аяқ секілді бір мүшені кесіп тастау біздің дене құрылысымызға кереғар болғандықтан және жанымды көзіме көрсетіп ауыратындықтан қандай қасірет болса, сондай қасірет. Ал менің қолым не аяғым шіри бастаса, оны кесіп тастау – игілік. Сонымен қоғам сондай операциясыз іріп­шіріп өлу қатеріне тап болғанда және, метафорасыз­ақ айтсақ, деспотизмнен құрып кету қатеріне ұшырағанда азамат соғысы игілік. Азамат соғысы анархиядан өрбігенде – ол ұлы қасірет. Азамат соғыстары отанға сүйіспеншілікті, заңға құрметті оятып, ұлттың құқықтары мен бостандықтарын әділетті қорғауды туғызғанда мүлдем басқаша болып шығады. Біздің еуропалық деспотизм туындатқан, халықты жаныштап жатқан инсанияттық дәрменсіздік, сұмдық бағыныштылық, ақымақтық пен жалғыздық, баяу да үздіксіз және орасан зор ойран мені қайран қалдырады. Азамат соғысы көбірек қасіретке душар етсе де, ол қасіреттер қалай десеңіз до өткінші ғой, олар жаныңа қозғау салып, сол қасіретке шыдай алу үшін қажет сергектікті егеді.

Егер тирандар, яғни тек заңдарға тиесілі бола алатын және болуға тиісті өкіметті, мұның үстіне өз бодандарыңды езуге мүмкіндік беретін соншалық күшті өкіметті өзі пайдалануға ұмтылатын билеушілер болса, жақсылыққа жақтас азамат соғысын жүргізуге хақылы. Азамат соғысын әрқашан әділетсіз санап, азаматтарды жүгенсіздікке қарсы күш қолданбауға шақыру – инсаниятқа және қоғамдық игілікке бәрінен кереғар доктрина. Бодандарды тұрақты да бұлжымас көнбістікке ұшырату дегеніміз корольдерді тиранияға жеткізу және оларға соған жол ашып беру. Егер халық басын кірген жатжұрттықтардан қорғануға хақымыз жоқ деп білсе, ол сөзсіз бағындырылады. Өзінің ішкі жауларына қарсылық жасағысы келмейтін ұлт, демек, сөзсіз қаналуға тиіс. Республиканың пайда болуы үшін бостандыққа құштарлық жеткілікті, бірақ оны сақтап, шешек атқызу үшін тек қана заңға құштарлық керек; демек, осынау сезімдердің одағы саясаттың басты мақсаты болуға тиіс. Егер азаматтардың барлық талаптарына әділетті жанашырлықпен қарайтын үкімет орнатуға қол жеткізе алмасақ, осынау аса құнды одақты орнатуға немесе оны сақтап қалуға босқа ұмтыламыз.

Пікір қалдыру