Қазанғап Байболұлы өмірбаяны

Қазанғап Байболұлы (1854-­1927) ­ Батыс Қазақстан домбыра дәстүрінің бір тармағына жататын Ақтөбе өңірі күйшілік мектебінің өкілі. Ол XIX ғасырда өмір сүрген Төреш, Орынбай, Үсен төре, Құрманияз, Қаратөс­Аймағамбет тәрізді атақты домбырашылардан тәлім алып, шеберлігін шынықтырған күйші. Қазанғап творчествосының негізгі тақырыбы ­ өмір даналығы. Оның күйлері адам өмірі, ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, табиғат пен адам баласының құдіреті жайында терең сыр шертеді. Әрбір музыкалық ойды түбіне дейін жеткізе, музыкалық материалды асықпай, философиялық тереңдікпен аша білу Қазанғап күйлерінің стильдік ерекшеліктеріне тән. Қазанғап күйлерінің қағыс иірімдері мен ойнау техникасы орындаушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Күйші шығармаларының құрылысы құбылмалы. Әрбір регистрлік аймақ пен күй тақырыбы бірнеше рет қайталанып, ол қайталаулар үнемі өрнектеліп, өзгеріп отырады. Қазанғап күйлерінің формасы да аса күрделі. Оның негізгі бөлімін бірнеше рет қайталанып отыратын орта буын алады.

Қазанғап күйлерінің негізгі шарықтау шегі кіші саға болса да, композитор кейбір күйлерінде күй желісін дамыта келе, үлкен сағаны да қамтып отырады. Күйші шығармалары образдарының шеңбері қаншалықты кең болса, оның музыкалық тілі де соншалықты күрделі. Қазанғап творчествосы жақсы сақталған. Бұл күнде жұртшылыққа отыздан астам күйлері белгілі болып отыр. Қазанғап шығармаларының музыкалық образдарының ауқымы өте кең. Мәселен, «Көкіл» күйінде ауыртпалыққа толы өз өмірі туралы сыр шертсе, «Балжан қатын» күйінде теңіне қосыла алмай, малға сатылған қазақ қыздарының тағдырын бейнелеген. Қазақ даласындағы 1916 жылғы оқиғаға «Окоп», ал жаңа қоғам құрылысшысына «Учитель» күйін арнаған. Сонымен қатар, «Бұраң бел», «Тентек Ақжелең» сияқты күйлерінде нәзік, сымбатты әйелдер образдарын жасайды. Қазанғаптың туған жері Ақтөбе облысында оның күйлерін халық ерекше сүйсіне тыңдайды. Қазанғаптың үлкен домбырашылық дәстүрін бүгінде бір топ домбырашылар жалғастырып, күйшінің ізін басып келеді.

Читайте также:  СОВРЕМЕННОЕ ИСЛАМОВЕДЕНИЕ

Оставить комментарий