«Азат қозғалысы» туралы мәлімет

«Азат қозғалысы және 20 ғасыр басындағы «Алаш» партиясы арасындағы саяси­құқықтық үндестік. Қазақ тарихында тұңғыш саяси ұйым ретінде құрылып 1917-­1920 жылдар аралығында қызмет жасаған «Алаш» партиясы дәл өз уақытында замана талабына сай құрылған және өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолында жан аямай күрескен ұлттық ұйым болған еді. Оның өмірге келуіне біріншіден, отарлық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бері жинақталып келген және әбден пісіп­жетілген наразылығының, ішкі жанайқайының сыртқа шығуы себеп болды. Ол қазақ тарихында тұңғыш рет қалың бұқара санасына Бостандық, Теңдік, Туысқандық деген мәңгілік ұғымдардың ұрығын шашты, оларды естіген халық еңсесін көтерді, қараңғылық пен ұлттық езгінің түнегінен азаттықтың таңына қол созды. Екіншіден, 18 ғасырда отарлық езгінің салдарынан ыдырауға ұшыраған қазақ ұлттық мемлекетін жаңа заман талабына сай жаңа сапада қайтадан құру міндеті болды. Алаш зиялыларының ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі жағдайында аяқ асты болып келген ұлттық мүддені қорғай алатын, сол арқылы қазақ елінің әлем халықтарымен бірге үдемелі прогресшіл дамуын қамтамасыз ете алатын ең негізгі фактор ­ ол ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді [Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. ­1992. ­ 18 қаңтар. – 1 б.]. «Алаш» партиясының құрылуына себеп болған мәселелер жайында К. Нұрпейісов Ә. Бөкейхановтың «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетінің 23 желтоқсан 1917 жылғы №256 санында жарық көрген ашық хатына сілтеме жасайды. Онда негізінен жеке саяси партия құруға негіз болған үш себеп сөз етілген: біріншіден, кадет партиясының жерді жекешелендіруді жақтауы; екіншіден кадеттердің өзге ұлттардың ұлттық автономия құруына қарсылығы; үшіншіден діннің мемлекет ісінен бөлінуіне кадеттердің қарсылығы. Осы үш себепке тоқтала келе, Ә. Бөкейханов ашық хатта өзінің ұлттық «Алаш» партиясын құруға бел шеше кіріскенін мәлімдейді [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. ­ Алматы: Ататек, 1995. – 225 б.]. Зер сала қарасақ, аталған үш себептің шындығында да қазақ халқының өз алдына дербес мемлекет ретінде дамуына үлкен тосқауыл екені көзге ұрып тұр, сондықтан да сол кезеңдегі қазақтардың тұрмыс­халімен етене таныс қайраткердің жаңаша ұлттық бағыттағы, қазақ ұлтының ұлттық ерекшеліктеріне, оның қалыптасқан өмір салтына сәйкес ұстанымдары бар және бүкіл қазақ халқының басын бір тудың астына біріктіретін партия құруды қолға алуы нағыз көрегендік еді. Сонымен қатар, аталған жайға тағы бір себеп, қазақтың пассионарлық дәрежедегі зиялылары большевиктердің ұйымдасуымен жасалған Қазан төңкерісін қазақ халқына түсініксіз, қажетсіз тарихи оқиға деп таныды… Жаңа пайда болған Кеңес өкіметінің пролетариат диктатурасының озбырлық, қорқыту, үркітумен қазақ халқына сырттан телінген, оның ұлттық этнологиясына большевиктік идеологияның мүлдем жат екеніне дер кезінде көзін жеткізді, оған баға бере білді. Сондықтан ұлт мүддесіне сай, ұлттық нышандағы қасиеттерге толы Алашорда өкіметін құрып, халқын өркениетті санат дәрежесіне көтеруді мақсат етті [Өзбекұлы С. Қазақ елінің көсемі // Байтұрсынұлы А. Жаңа низам. – Алматы, 1996. ­ 7 б.]. К. Нұрпейісов «Алаш» партиясының құрылу, қызмет ету және жойылу тарихын аталған еңбекте нақты материалдарға сүйене отырып кеңінен, толық мазмұнда зерттеген, біздің мақсатымыз осы «Алаш» партиясы ұсынған саяси­ құқықтық идеялардың Азат қозғалысы ұстанымдарында орын алу мәселесі болмақ. Сондықтан да «Алаш» партиясы қабылдаған бағдарламаның жобасына тоқталуды жөн көрдік. Бағдарлама жобасы кішігірім 10 бөлімнен тұрады, онда мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым­білім үйрету, жер мәселесі қарастырылған. Онда Ресей Федерациясы құрамында ұлттық автономия құру идеясы орын алған. Сол кездегі орын алған саяси ахуалды ескере отырып, Ресейден іргесін аулақ салудың мүмкін еместігін түсінген, өзге де бұратана ұлт өкілдері секілді федерация құрамында бастапқыда тек автономия құрудың мүмкіндігінің зор екендігін түсінген партияның бұл ұстанымы заман талабына сай келетін. Өйткені, «Алаш» партиясы өмір сүрген кезеңде қазақ жері патшалық империяның құрамындағы бірнеше генерал­губернаторлық құрамында болған, сондықтан өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет құру идеясын бірден алдыға тартудың тиімсіздігін ескерген «Алаш» көсемдері аталмыш бағдарламада «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе, бірден­ақ өз алдына жеке болуы» деп өз мақсаттарын нақтылаған [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. ­ Алматы: Ататек, 1995. – 220 б.]. Біз бұл жерден «Алаш» партиясының басты мақсаты қазақ жерінде біртұтас мемлекеттілікті орнықтыру екендігін көре аламыз, яғни мүмкіндігінше алғашқыда федерация құрамында дербес автономия құру, ал ол мүмкін болмаса бірден­ақ дербес мемлекет құруға бел шеше кірісу. Бұл мәселенің осы тұрғыдан қарастырылуының бір себебін сол кездегі қазақ қоныстанған жерлердің әртүрлі империялық аумақтық құрылымдар құрамында болмауымен де түсіндіруге болады. Оған мысал ретінде «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25­29 қаңтарда жарияланған санында жарық көрген «Жалпы қазақ­қырғыз съезінің қаулысынан» үзінді келтіруге болады, «1). Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі – халқы қазақ­қырғыз, халі тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі Автономия құруға» [Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. ­ Алматы: Ататек, 1995. – 153 б.]. Бастапқыда «Алаш» партиясының алдында аталмыш өңірлердің қазақтарының басын бір мемлекеттік құрылымға біріктіріп, аумақтық біртұтастығын қалпына келтіру мәселесі тұрды, тек осы автономия өз аяғынан тұрып алған соң ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізу мәселесін көтерудің орындылығы жайлы ойлау заңды болатын. Осыдан табаны күректей 73 жыл өткен соң ғана азаматтық Азат қозғалысы ұсынған бағдарламада қозғалыстың басты мақсаты Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы екендігі жазылды. Азат қозғалысы қазақ тарихындағы «Алаш» партиясынан кейінгі тәуелсіздікті ту етіп көтерген, ұлттың қамы үшін құрылған екінші іргелі де халықтан кең қолдау тапқан саяси ұйым болды. Әрине, 1990 жылы мемлекеттің аумағына қатысты қалыптасқан жағдай мүлдем өзгеше еді, онда Қазақ ССР­інің аумағы айқын болды, бірақ, онда мекен еткен халықтың ұлттық құрамы мүлдем өзгеше болатын. Байқағанымыздай, «Алаш» партиясы мемлекеттілік жайлы сөз қозғағанда қазақ ұлтының мекен еткен аймағы басты назарда болса, жаңа кезеңде нақты аумақта қазақтың дербес мемлекетін құру сол қазақ жерін мекендеуші өзге ұлттардың мүддесіне қайшы келмей атқарылуды талап етті. Сондықтан да тәуелсіздік жайлы сөз қозғалғанда ұлттық фактор негізгі орында болғандығы өзге ұлт өкілдері тарапынан қозғалыстың қолдау таба алмауына әкеліп соқты. Алайда, азаттықтар өздері құруды мақсат еткен мемлекетте өзге ұлттарға қысым көрсету емес, керісінше солардың келісімі арқылы автохтонды этнос негізінде ұлттық қоғам құрғысы келді. Сол себепті де Азат қозғалысы өз бағдарламасында өздері құруға тиісті мемлекеттің тірегі жалпы Қазақстан халқы болатындығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Азат қозғалысы өздерінің алдында коммунистік­тоталитарлық режимнің қазақ ұлтына жасаған қысастығының салдарынан зардап шеккен ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру міндеті тұрғандығын естен шығарған жоқ, бұл мәселелер қозғалыстың 1 шілде 1990 жылы Алматыда өткен құрылтайында қабылданған бағдарламасында айқын көрініс тапты: «Тоталитарлық режим қазақ халқын бас еркіндігінен айырды, миллиондаған жергілікті халықтың қырылуына жол берді, жасанды түрде жер аудару, экологиялық апат, республика тұрғындарының экологиялық, мәдени­әлеуметтік, рухани тоқырауына, азғындауына әкеліп соқты. Қазақстан Компартиясының әкімшіл­әміршіл аппараты… жергілікті халықтың саяси­экономикалық артта қалушылығын жою үшін ешқандай батыл әрекеттерге бара алмай отыр. Жұмысшы мамандар арасында жергілікті ұлт өкілдері әлі де сол аз қалпында. Босқындарды қоныстандыруда, оларды жұмысқа орналастыруда, әсіресе экологиялық апат аудандарынан келгендерге көмек көрсетуде ешқандай жүйе­бағдар жоқ. Республика астанасы мен басқа қалаларда қазақтар санының өсуіне жағдай жасалмай отыр. Соның нәтижесінде жергілікті ұлт әлеуметтік, ғылыми­ техникалық прогрестен мешеу қалған, ауылды жерлерде шоғырланған күйінде қалып отыр» [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­Алматы: Өркениет, 2001. ­ 82 б.]. Осы кезеңде қазақтардың өз елінде жалпы халық санының 40 пайызын құрайтын азшылыққа айналып, оның біраз бөлігінің өз тілінен айрылып, ұлттық келбетінен айрылудың аз алдында тұрғанына қарамастан Азат қозғалысы Қазақ ССР­іне тиесілі аумақта дербес мемлекет құруды алдыға тартты. ««Азаттың» негізгі мақсаты – Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болуды, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауды қалайды» [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 83 б.]. Қарастырылып отырған екі саяси ұйымның да көздеген мақсаты отарлықтан құтылып жеке қазақ мемлекетін құру болды, «Алаш» партиясының өз мақсатына жете алмауына Кеңес өкіметінің қырып­жоюға бағытталған саясаты себебін тигізсе, соңғысы сол Кеңес өкіметінің құлауының арқасында өз дегеніне жетті. Дегенмен «Алаш» партиясының да Азат қозғалысының басты мақсаты ұлттық мемлекет құру болды, яғни «Алаштың» бұл идеяны жүзеге асыруына сенімділігіне сол кезеңде жалпы халық санының 70 пайызға жуығын құраған қазақ ұлтының санының көптігі әсер етсе, 1990 жылдары жалпы халықтың 40 пайызын ғана құраған қазақ ұлтының санының аздығы, ұлттық сананың төмендігі Азат қозғалысы үшін негізгі кедергі болып есептелінген жоқ [Тәтімов М. Халықнама немесе Сан мен сана. ­ Алматы: Жазушы, 1992. – 53 б.]. Азат қозғалысы Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт диаспораларымен келісімге келіп, қазақ ұлтының айналасына шоғырланған орта құра отырып, ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізуді мақсат етті. Аталмыш қозғалыс ұсынған конституция жобасының 1­ші бабында Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет деп аталып, осы құжаттағы өзге де баптар мемлекеттік тілдің қазақ тілі екендігін, тіпті республика заңдарының жергілікті халықтың дәстүрі, әдет­ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданатындығын бекітеді [Өзбекұлы С. Қазақ Республикасының конституциясы (жоба) // Азат. ­ 1991. – қаңтар (№1). – 2 б.].

Читайте также:  Тыл батырлары

Тағы бір ескере кететін жайт, ол алаштықтардың сол кезеңнің өзінде қазақтың шұрайлы жерлерінің басым бөлігіне иелік етіп, Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігін құраған орыс келімсектерімен санаса іс­әрекетке бару жолын ұстануына тура келді. Бұл жайлы М. Қойгелдиев өз мақаласында Ә. Бөкейхановтың пікірін келтіреді: «Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады; қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ» [Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. ­ 1992. ­ 18 қаңтар. – 4 б.]. Алаштықтар да өз кезегінде өздері құруға мақсат еткен ұлттық автономияда тек қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері болатындығымен санаса отырып жалпыға бірдей, теңдік идеясын ұстануды, сондай­ақ сол өзге ұлттарды қазақ ұлты маңайында топтастыру арқылы ұлттық мемлекет құруды көздеді.

«Алаш» партиясы көсемдерінің басты назарында болған мәселе өздері құрмақшы автономияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі болды. Осы мақсатта атты милиция құру қажеттігі алға тартылды, бұл турасын халыққа кең насихат жұмыстары да жүгізілді. 1917 жылғы 21­26 шілдеде өткен жалпы қазақ съезінің бағдарламасында сол кезеңдегі әскердің орнына халық милициясын құру көзделінді [Суханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ.. «Қазақ» газеті. ­ Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 406 б.]. Мысалы, қазақ газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз» атты мақалада әскер құрудың басты себептері ашып көрсетіледі «Бұл заманда әскері жоқ жұрт жұрт емес, күл. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі» [Суханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ.. «Қазақ» газеті. ­ Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 441 б.]. Жеке әскер құру мәселесі Азат қозғалысының әу бастан бағдарламасына енгізілген еді, олар ішкі әскери күш пен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтайтын қарулы күш Қазақ Жоғарғы Кеңесіне бағындырылуын талап етті [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 84 б.]. Жаңа дербестік алған алған мемлекеттің өз ішінен шығатын, сондай­ақ сырттан келуі мүмкін қауіп­қатерге шыдас беруін тек дербес әскер құрудан көрген екі ұйымның бұл турасында да ұстанымдары бір жерден шығады.

Читайте также:  ШОҚАН, ЫБЫРАЙ, АБАЙ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ТАРАПЫНАН БАЙЫ

Жалпы алғанда сөз етіп отырған екі саяси ұйымның жалпы мемлекеттілік мәселелеріне қатысты, сондай­ақ мемлекеттегі ұлтаралық қарым­қатынастарды реттеуге байланысты ұстанымдары өзара астасып жатыр. Біз бұдан тек қазақ ұлттық саяси ұйымдарының арасындағы уақыт айырмашылықтарына қарамастан саяси­құқықтық пікір үндестігін көре аламыз. Қай кезде де саяси ұйымдар белгілі бір қоғамның дамып жетілуінің жаңаша жолдарын қарастырумен шұғылданатындықтан «Алаш» партиясы ұсынған саяси­құқықтық идеялардың Азат қозғалысында басшылыққа алынуын тәуелсіздік аңсаған ұлт азаматтарының әрқашан сол жолда жан аямай күресуге даяр болғандығы деп білеміз.

Оставить комментарий