Азат қозғалысының құрылу тарихы

Азат қозғалысы тек аз уақытта өмірге келген ой­пікірлердің жиынтығының жемісі деу үлкен қателік болар еді. Алдыңғы тарауда қарастырылған жайлар оның өмірге келуінің алғышарттары болған болатын. Қаншама ұлттың санасынан оның ұлттық қасиеттерін өшіруге бағытталған жұмыстар жүргізілгенмен, ұлттан шыққан ойлай білетін жекелеген азаматтар жасырын түрде ұлттың ұлттығын сақтау жолында қызметтерін жалғастыра берді. Оның жарқын мысалы 1960 жылдары Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» ұйымы еді. Алдыңғы тарауларда атап өткеніміздей, мемлекет қанша қудалауға түсіргенімен демократиялық бағыттағы саяси­ құқықтық ой­пікірлер баяу болса да өз алдына дами берді. Соның нәтижесінде жаңашыл бағыттағы саяси ұйымдар құрылып, өз қызметтерін атқара бастады. Келесі көзқарасқа сүйенсек, Қазақстандағы партиялық жүйе 80­ші жылдардың екінші жартысында КПСС­ ке балама бейресми ұйымдардың пайда болуымен қалыптаса бастады. Олардың кейбірі қысқа мерзімде өмір сүргенімен, солар ғана болашақ көппартиялылықтың басында тұрды. Олардың қатарында «Азат», «Ақиқат», «Инициатива», «Перестройка», «Желтоқсан», «Жерұйық» сияқты ұйымдар, клубтар, қозғалыстар және «Алаш», «Қазақстанның соцал­демократиялық партиясы», «Қазақстанның Халық Конгресі» партиялары болды [Булуктаев Ю.О., Дьяченко С.А., Кармазина Л.И. Политические партии Казахстана. 1998 год. Справочник. – Алматы, 1998. – 6 б.]. Осынау әртүрлі нысанда құрылған саяси ұйымдардың ішінде халық тарапынан үлкен қолдауға ие бола алған Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының құрылу тарихы жөнінде мәліметті Жетісу газетінің бірнеше санында жарық көрген тәуелсіздік жылдарындағы саяси ұйымдар жөнінде жазылған «Ақиқаттан Азатқа дейін» деген тақырыптағы сараптау мақаласынан табуға болады. Онда авторлар «Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының дүниеге келуіне себепкер болған азаматтың бірі – Сәбетқазы Ақатаев, тарих ғылымының кандидаты, публицист­жазушы, алпысыншы жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде, бүгінде белгілі сыншы М. Әуезов, демограф М. Тәтімов, суретші­шебер Қ. Тілеуханов және т.б. қазақ жастарымен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, ұлттық сана­сезімді ояту жолында елеулі еңбек еткен жан. Былтыр көктемде «Әділет» партиясын құрмақ ниетпен, оның мақсат­мүддесі жазылған бір парақ хабарландыруды таратып жүрген Сәбеңе миығынан күліп қараған адамдар аз болған жоқ. Сол парақшада болашақ Азат қозғалысының нобайы бар­тын» деп С. Ақатайдың қозғалыстың құрылуына мұрындық болғандығы жайлы баяндай келе одан өзге құрылтайшылар туралы М. Есеналиевтің «Әуелде біз аптасына бір рет Көркемсурет және театр үйінің алдындағы саябақта кездесіп тұрдық, мәжіліске С. Ақатаев, М. Шорманов, К. Ормантаев, Н. Қойшыбеков және т.б. кісілер белсенді түрде қатысатын» деген пікірін келтіреді [Қалыбаев Ж., Бекмағанбетов Ж. «Ақиқаттан» «Азатқа» дейін // Жетісу. – 1991. – 9 маусым. – 2 б.]. Дәл осы істердің ұйытқысы бола білген С. Ақатай 1986 жылғы оқиғалардан соң осы оқиға жайлы нақты ақпараттарды дүниежүзі халықтарына жеткізу жолында қызмет атқара бастады. Этнограф­ғалым Ж. Бабалықовпен бірігіп жасырын «Қайрат» ұйымының атынан хат жазып, онда барлық «Желтоқсан оқиғасына» қатысты шындықты бұлтартпай баяндап, Қазақстанға келген шет елдік азаматтар арқылы хаттың фотонұсқасын таратқан. Бұл турасында Ж. Бабалықов «Хатты Сәбетқазы дайындады. Хатты дайындап болған кезде Венгриядан Иштван Қоңыр Мандоки деген азамат келді. Біз хатты соған табыс еттік. Одан бұрын біз хатты Африкаға және Қытайға жіберген едік. Олардан еш жауап болған жоқ. Сол Қоңыр өз елінде жариялаған соң, Чехияда да жарияланды. Кейіннен Америкаға да жіберілді. Хаттар шет елдерде жарияланған соң біздер өзімізді үлкен іс тындырғандай сезіндік»[ Бабалықұлы Ж. Бәрі де Желтоқсан оқиғасынан басталған еді // Азат. ­ 2006. – тамыз (№26). – 2 б.] дейді. Осындай істер атқара жүріп қазақ қамын ойлайтын саяси ұйым құру идеясы өмірге келеді. Ол жайлы С. Ақатай «1988 жылы «Азатты» бастамас көп бұрын жан­жаққа көз тастадық: осы істі мойнына алып, жауапкершілігін көтеретін үлкендер мен ұлағаттылар табылып жатса, жолын кес­кестемелік деген салиқалы ой болды. Тәуелсіздік алу қабырғалы қайраткер аға ісі деп ұғындық. Империя рухани ыдырауға түсті, халық майдандары қаптап кетті. Қазақ қана жым­жырт отырды. Іс тым кешеуілдеп бара жатқан соң, әлеумет санасында балаң жастар мен содырлардың сойқаны бел алып кете ме деп қауіптендік. Бұл қауіп негізсіз емес еді. Қойшыбеков Нұрбақыт, Шорманов Марат үшеуіміз біздің үйге біраз уақыт жасырын жиналып жүріп, кеңесе келе Азаттың бағдарламасының жобасын жасадық та, тәуекел дедік. «Азат» деген атты Нұрбақыттың жан досы Шаймұрат Қожабеков ұсынды. Демек, «Азат» туғанда көптің ісі болып дүниеге келді». Осы қозғалыс құру турасында этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы кейіннен Азат басшыларының бірі болған Сәбетқазы Ақатай екеуінің 1987 жылы желтоқсан оқиғасы жайлы шындықты әлем жұртшылығына мәлім ету жолында ант етіп, сертке отырып, жасырын жұмыстар жүргізгендерін, «…содан кейін бастау алып, ұлт­азаттық ой­арман, тілек негізінде желі тарта бастаған Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы 1990 жылдарға келгенде ашыққа шығып, өз айналасына ұлтжанды адамдарды топтай бастағандығын» өзінің «Желтоқсан – оқиға емес…» деп аталатын мақаласында да анық көрсетеді [Бабалықұлы Ж. Желтоқсан – оқиға емес… // Жас қазақ. ­ 2006. ­ 19 мамыр. – 7 б.]. Қозғалыстың ұйымдастырушылары жайды нақтылай кету үшін, Алматы қаласы әкімінің аппаратының қоғамдық ұйымдармен байланыс және ұлтаралық мәселелерді қарау бөлімінің меңгерушісі Н. Бұланбаевтың Қазақстан Республикасының Президентінің аппаратына жазған қызметтік хатының мәтінінен үзінді келтіруге болады, онда: «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы 1990 жылы ұйымдастырылды. Оның негізін қалаушылар: С. Ақатаев, М. Есеналиев, М. Шорманов, Н. Қойшыбеков, Г. Биболдынова, М. Тәтімов, Ж. Бабалықов аталған қозғалысты ұйымдастыруда үлкен қызмет етті» деп оның негізін қалаушы тұлғалардың аталмыш қозғалысты құруда басты роль атқарғандығын атап өтеді [Қалалық әкімиат қоры // Алматы қаласының ОММ. Қор 310; Тізбе 1, іс 142. – 10 б. ].

Читайте также:  Мәдениеттің реификациясы

1990 жылдың мамыр айында Азат қозғалысының ұйымдастыру комитеті құрылып, өз жұмысын бастады [Булуктаев Ю.О., Дьяченко С.А., Кармазина Л.И. Политические партии Казахстана. 1998 год. Справочник. – Алматы, 1998. – 78 б.]. Құрылтай 1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан жазушылар одағының мәжіліс залында өтті. Оған республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400­ге жуық делегат қатысты. Құрылтайға Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі. Құрылтайдың күн тәртібі бойынша келесі мәселелер қарастырылды: а) Республикадағы сол кездегі жағдай және Қазақстанның азаматтық Азат азаматтық қозғалысының бағдарламалық міндеттері; ә) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының жарғысының жобасы; б) Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасы; в) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлау. Құрылтай күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы да құрылтай барысында талқыланып, нақты шешімдер қабылданып, қозғалыстың басшы органдары сайланды. Мұнда қозғалысты алқалық басқаруды негіздейтін тең төрағалық институты енгізіліп, қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды, олар: Михаил Иванұлы Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжаһан Биболсынова және Сайын Шапағатов еді. Сонымен қатар қозғалыстың ақсақалдар алқасы да көпшілікпен сайланды, оның құрамына Жағда Бабалықов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова, Мардан Байділдаев және Мақаш Тәтімов төраға болып кірді. Құрамы 33 адамнан тұратын Үйлестіру кеңесі құрылды және «Азат» газетінің редакциялық алқасы мен Тексеру комиссиясы сайланды. Аталмыш құрылтайда Азат азаматтық қозғалысының Қазақстан азаматтарына үндеуі қабылданды. Үндеуде өздерінің басты мақсаттарын ашып көрсетті, олар мыналар болатын: ­ халықаралық одақтық шартпен біріккен, ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы егемендігіне қол жеткізу; ­ республиканың өзінің ұлттық байлығына өзі даусыз иелік ету құқығы; ­ ұлттық және әлеуметтік белгісіне, саяси және діни сеніміне қарамастан адамды қадірлеп құрметтейтін құқықтық демократиялық мемлекет құру үшін күресу; ­ зорлық­зомбылықты, өкіметке монополиялық билікке қарсы тұру және өз қызметтерін конституциялық институттар арқылы еркін идеялардың бәсекелестігі арқылы жүзеге асыру; ­ Қазақстанның күллі азаматтарын ұлтаралық араздық тудыратын арандатуларға жол бермеуге, Азат қозғалысының беделін түсіруге тырысқан күштерге батыл тойтарыс беруге шақыру. Өз мақсаттарын ортаға салған қозғалыс мақсаттардың бірлігі, тәсілдердің плюрализмі және жалпы халықтық келісім негізінде демократиялық және гүлденген Қазақстан құруды жақтайтын партиялар мен ұйымдарға диалог пен ынтымақтастық үшін Азат қозғалысының есігі әрдайым ашық екендігін жариялайды.

Читайте также:  Жалпы алғанда жоғары және төмен таптар

Екі күнге созылған осынау қозғалыстың алғашқы құрылтайына сол кезеңдегі ақпарат құралдарының өкілдері де көптеп қатысқан болатын. Қозғалыстың ұстанымдарындағы айқын ұлттық бағыт, оның езілген қазақ халқының өзін­өзі басқару құқығы жолында қызмет етуді мақсат етіп қоюы көптеген партиялық басылымдар тарапынан түсінушілікке ие бола алмады. Сонымен қатар қозғалыс ең алғаш болып конфедерациялық негізде одаққа мүше болуды ұсынды. Бұл сол кезеңдегі Қазақстанның Компартиясының ұстанған жаңарған федерациялық одаққа бірігу идеясына мүлде кереғар еді. Сонымен қатар «Азат» жайлы «Социалистік Қазақстан» өз көзқарасын жариялап, онда қозғалыстың құрылтайында айтылған компартия тарапына айтылған сын ескертпелер мен қозғалыс бағдарламасындағы отаршылдық саясатты сынау да орынсыз деп саналып, қозғалыстың ұлттар арасындағы араздықты қоздырушы ұйым деп бағалап, оның төрағаларының тарапына да сыни бағамдауларын жариялады. Авторлар «Байқаймыз, халықтың басына түскен қасіретті пайдаланып, ұпай алмақ ниетте «Азат». Сол үшін де қызыл комиссарлардың күллісін жендеттер қатарына қосып жібереді… Байқасақ, бұлайша күңірене, таусыла сөйлеу жұрт назарын аударудың бір айласы екен. Бағдарламаның бар сұлбасы «халықтың қанын қыздыру үшін әдейі осылай жазылғанын» қозғалыстың қосарланған төрағаларының бірі еш жасырмай, тіпті мақтанышпен айтқан еді» дей келе қозғалыстың апатты аймақта қалған қарақалпақ халқын уақытша Қазақстанға көшіру идеясын, Қазақстан мен Өзбекстанның арасында өз «қарабахы» болғанын қозғалыстың бастама етіп көтергені деп баға береді [Смайылов Е., Сәрсенбаев Р. Жаңалығы қайсы? // Социалистік Қазақстан. ­ 1990. ­ 31 шілде. – 2 б.]. Ал «Огни Алатау» газетінде В. Чеглаков қозғалыстың екі тең төрағасымен болған сұхбатты өз түсініктемесімен толықтырып жариялады. Осы қозғалысты барынша радикалды бағыттағы ұлтшыл ұйым ретінде түсінуге жетелейтін сұхбат мәтіні «Вечерняя Алма­ Ата» газетінде 11 тамыз 1990 жылы қайта басылып шықты және оқырмандар сұрауы бойынша аталмыш газеттің 8 қыркүйегіндегі санында «Горький вкус сладкого слова свобода» деген тақырыпта Азат қозғалысының бағдарламасына кейбір ескертпелерді жариялады. Онда федерация құрамына кіре отырып Қазақстанның өзінің экономикалық тәуелсіздігін сақтауын алғаш көтерген компартияның «экономикалық тәуелсіздік» идеясын қозғалыс басшыларының қайта көтеруі сынға ұшырады. Қозғалыс басшыларының конфедерациялық Одақ идеясы, қозғалыс басшыларының бірі С. Ақатай ұсынған «Қазақстанның Одақ құрамынан толық шығып, тең егемен мемлекет ретінде жаңа одаққа қайта кіру» идеясы да сыналды. Сонымен қатар қозғалыстың ұлттық мәселедегі ұстанымдарына «Участники движения «Азат» в своей программе заявляют, что будут отстаивать равенство всех граждан перед законом. Казалось бы, позиции схожи с позициями Компартии Казахстана. Но это первое впечатление. В высказываниях лидеров «Азата» проскальзывает неприкрытое раздражение засилием русскоязычных граждан в республике», деген сипатта баға бере отырып мақала аяғында қазақтардың ұлтшыл қозғалысының халықтан кең қолдау таба алмағандығына ризашылық білдіріледі [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма­Ата. ­ 1990. ­ 8 сентября. – 2 б.]. Ал А. Самойленко өз хабарламасында Казақстандағы демократиялық қозғалыстардың бір­біріне қарсы күштерге айналғаны жайлы айта келе «На страницах газеты один из сопредседателей «Азата», С. Акатаев, отнюдь не стесняясь, разрешает русским, немцам, уйгурам остаться жить в Казахстане, потому что – цитирую «Мы нуждаемся… чтобы наша земля пахалась, коровы доились, металл плавился»[ Самойленко А. В очереди за конфликтом // Литературная газета. ­1990.­5 сентября.– 2 б.] деп С. Ақатайдың өзге ұлт өкілдерінің Қазақстаннан жаппай көшуін қаламайтындығы жайлы мәлімдемесін көрінеу бұрмалап жеткізген… Осы сарындағы Азат қозғалысына қарсы бағытталған мақалалар өзге де газеттерде жарық көріп қозғалыс жайлы қоғамдық пікірдің екіге жарылуына әсер етті. Бұл әрине қозғалыс құрамына орыс тілді қауымның барынша көптеп қосылуына кедергі болды.

Читайте также:  ҚОС СӨЗДЕРДІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Құрылған күнінен бастап тәуелсіздікті басты мұраты етіп ұстанған қозғалыстың өмірге келгені жайлы орыс тілді баспасөз құралдарының барлығы дерлік қарсы бағыт ұстанды десек қателескен болар едік. Кейбір орыс тіліндегі газеттер «Азаттың» өмірге келуін заңды құбылыс ретінде бағалап, ол жөнінде нақты ақпараттар таратты. Соның бірі «Ленинская смена» тілшілері «Более четырехсот представителей от девяти областей и трех десятков неформальных организаций утвердили Устав движения, избрали руководящие органы – сопредседателей и совет старейшин, приняли Декларацию о государственном суверенитете Казахской республики» деп жазады [Васильев М. Свобода «для» и свобода «от» // Ленинская смена. ­ 1990. ­ 24 июля. – 2 б.]. Сонымен қатар «Горизонт» газетінде оқырмандар сұрауы бойынша қозғалыс бағдарламасының қысқартылған мәтіні «Гражданское движение Казахстана «Азат» из декларации основных целей и принципов» деген тақырыппен басылып шықты [Гражданское движение Казахстана «Азат», из декларации основных целей и принципов» // Горизонт. ­ 1990. – 8 сентября. – 5 б.].

Қандай саяси ұйым болмасын ол құрылмастан бұрын оның ұстанатын бағыты айқындалып қояры анық, Азат қозғалысы да көптеген ой­пікірлердің пісіп­жетілуі нәтижесі болды десек қателеспейміз. Оның басшылығында болған азаматтар қозғалысқа өз ойларын да ала келді, сондай­ақ сол кезеңдегі саяси­құқықтық ой­пікірлердің өзгеше бағытын қалыптастырды. Қозғалыс басшыларының барлығы дерлік қозғалыстың идеологиялық жұмысымен айналысты деу артықтау, дегенмен, олардың кейбірі қозғалыстың бағыт­бағдарын айқындауға үлкен әсер етті. 1990 жылдардың саяси­ құқықтық ой­пікірлер тарихынан алатын өз орындары бар «Азат» қайраткерлерінің кейбірінің ұстанымдарына талдау жасау арқылы жалпы қозғалыс идеяларын зерделемекпіз.

Оставить комментарий