Азат қозғалысының жарғысы

Азат қозғалысының 1 шілде 1990 жылы Алматы қаласында өткен Құрылтай конференциясында қабылданған қозғалыс бағдарламасы мен жарғысы ­ сол кезеңде орын алған саяси жағдайға қарай қозғалыс мүшелерінің жас қазақ мемлекетіне өз үлестерін қосу үшін қабылдаған алғашқы демократияшыл бағыттағы құжаттары. Алдымен бағдарламаға тоқталсақ, бұғанға дейін атап өткеніміздей бұл құжаттар жобасы қозғалыс ұйымдастырушылары тарапынан мұқият талқыланып, нақты бір тезге келтіріліп барып құрылтай қатысушыларына ұсынылған болатын. Қозғалыс бағдарламасының жобасында қозғалыс сол кезеңде орын алып отырған қазақ халқының басындағы ауыр халді ашына баяндай келе қозғалыстың өмірге келу себебін түсіндіреді. Сол уақытта әлі де болса құлай қоймаған Кеңестік өкімет туралы «Тоталитарлық режим қазақ халқын бас еркіндігінен айырды, миллиондаған жергілікті халықтың қырылуына жол берді, жасанды түрде жер аудару, экологиялық апат, республика тұрғындарының экологиялық, мәдени­әлеуметтік, рухани тоқырауына, азғындауына әкеліп соқты» дей келе, аталмыш жағдайды көре тұра оны шешу үшін сол кезеңдегі өз бетімен нақты шаралар қолдана алмай отырған республика басшылығына сын айтады [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 82 б.]. Бағдарламада жергілікті халықтың басындағы мүшкіл халмен қатар өзге де жалпы халықтың көріп отырған қиыншылықтары баяндалып, осы көкейкесті мәселелерді бірлесе шешу үшін қозғалыстың «Негізгі мақсаты – Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет болуы, бүкіл дүниежүзілік барлық мемлекеттермен өзара тиімді шартпен байланыс жасауы» екендігі баян етіледі. Бағдарламада қозғалыстың нені жақтап, неге қарсы болатындығын нақтылайтын екі бөлім бар, алғашқысында көзделген талаптардың ортақ мазмұны қозғалыстың Қазақстанның Одақтан экономикалық және саяси дербестікке қол жеткізіп, Одақпен тең әріптес ретінде қарым­қатынас орнатуын жақтайтындығын нақтылайды. Сонымен қатар, онда бүгінгі күні мемлекет тарапынан кең қолданысқа ие болып отырған мәселелер де орын алған, атап айтсақ, шет елдерде қажет мамандықтар бойынша маман даярлау, тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты. Қозғалыс мүшелері ұсынған осы құжаттан Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі құрамынан республика өмірінің барлық салаларында аз ұлттық топтардың тең түрде қатысуын қамтамасыз ету үшін әртүрлі ұлттық мәдени ұйымдар өкілдерінен тұратын аз ұлттардың кеңесу советін құру идеясын таба аламыз [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 86 б.]. Осылайша біз қозғалыс ұстанымдарының ұлтшыл, шовинистік бағыттан тым алыста жатқандығына, керісінше республика саяси өміріне аз ұлт өкілдерінің де атсалысуына жол ашатын нақты ұсынысты жасай алғанына куә бола аламыз. Ал бағдарламаның екінші бөлімінде қозғалыстың өздері қарсы күресетін нақты құбылыстар атап көрсетілген, өзге де мемлекет дамуына кереғар құбылыстармен қатар мұнда «Кез­келген партия мен топтың, әлде жеке адамның идеология мен саясаттағы, экономика, оқу мен ғылымдағы, хабар­ ошар тарату жүйесі мен мәдени өмірдегі дара үстемдігіне тыйым салынсын» деген талап та басты орында тұр. Осы талаптың өзінен­ақ қозғалыстың мемлекетіміздегі демократияның алғашқы жаршысы болғанын, кез­келген жариялылыққа қарсы бағытталған әрекеттерге тек нақты қарсы пікірін ашып айта алғанын байқауға болады.

Читайте также:  ЖЕТІ ЖАРҒЫ - ҚАЗАҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

Жаңа, өзгеше жария бағыт ұстанып, өз талаптарын жария түрде мәлімдеген қозғалыс жайлы қоғамдық пікір қалыптастырушы бұқаралық ақпарат құралдары әрқилы пікір таратқанын алдыңғы бөлімде тоқталып өткенбіз. Тіпті жаңа құрылған қозғалыстан өздеріне қарсы тұра алатын саяси партияның туындауынан сескенген сол кездегі Компартия өкілдері оның жарғысы жайлы «В том, что «Азат» ­ новая политическая партия, убеждает и знакомство с его уставом, который составлен так солидно и основательно, что в нем даже предусмотрено, сколько процентов собранной суммы членских взносов останется в распоряжении первичных организаций, а сколько передается вышестоящим органам. Чувствуется, что над этим документом серьезно поработали хорошие специалисты партийного строительства, которые успешно использовали и опыт КПСС» [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма­ Ата. ­ 1990. ­ 8 сентября. – 2 б.] деп тұжырымдайды. Бұдан біз қозғалыс жарғысының ұзақ уақыт бойы жан­жақты, түбірлі түрде дайындалған салмақты құжат екенін көре аламыз.

Құжаттың алғашқы екі бөлімінде Азат қозғалысының қандай және қай мақсатта құрылған ұйым екендігіне және ұйымның негізгі алға қойған мақсаттарының қандай екендігіне жауап табуға болады. Мұнда орын алған жәйттер қозғалыстың бағдарламасының мазмұнымен қабысып жатыр. Бағдарламаның «Жалпы жәйттар» деп аталатын алғашқы бөлімінде келесідей келелі мәселелер қамтылады:

1. Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысы ­ дербес, өзін­өзі басқаратын бұқаралық әлеуметтік саяси ұйым. Қозғалыс Қазақстан жерінде гуманистік, әлеуметтік және тарихи – ұлттық әділеттілікті мақсат тұтатын, бейбітшілік сүйгіш, иманжүзді, қазіргі дәуірге сай демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күресетін саяси партиялар мен бейресми топтардың, ерікті одақтар мен ұлттық – мәдени орталықтардың, әлеуметтік­ саяси қоғамдар, отандық күштер мен жеке азаматтардың басын біріктіреді. Ондай дербес мемлекеттің аты – Қазақ Республикасы болуға тиіс. Азат қозғалысы өзінің қимыл­әрекетін Қазақ Республикасы Конституциясы негізінде жүзеге асырады. 2. Азат қозғалысы өзінің мақсаты мен міндеттерін орындау жолында саяси партиялармен, басқа да діни­қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік және совет органдарымен тізе қосып, тығыз байланыста жүргізеді. 3. Халықаралық одақтық шартпен біріккен, еркін тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алуын Азат қозғалысы өзінің басты мақсаты санайды. 4. Азат қозғалысының қоғам алдына қоятын талаптары: ­ өзін­өзі басқаратын нақты халық өкіметі құрылсын, Қазақстанның жаңа Конституциясы жан­жақты талқылаудан өтіп қабылдансын, территориялық біртұтас бүтіндікті қамтамасыз ете отырып, халықтардың ұлттық, әлеуметтік, саяси және діни сенімділік тәуелсіздігіне қарамай, республика азаматтарының тұрмыс жағдайы жоғары болуын және тең праволық мүмкіндігін қамтамасыз ететін миграция, азаматтық, меншік туралы Заңдары қабылдансын; ­ заң шығаратын, атқару және сот жүйесі ажыратылу негізінде көп салалы нарық экономикалы, демократиялық, көп партиялы қоғам мен шаруашылықтың барша меншік түрінің тең праволылығы орнықсын, Қазақстан халықаралық еңбек бөлінісіне аралассын; ­ азаматтардың жұмыссыздықтан, инфляциядан, заттарға баға көтеруден әлеуметтік өтімділігі қорғалсын; ­ қоғамның өнегелі қозғалысы, жалпы адамгершілік принципінің приоритеті, қазақ ұлтының, сондай­ақ республиканы мекендейтін басқа ұлттық топтардың рухани­ тарихи байлықтары терең зерттеліп, халық игілігіне айналсын.

Читайте также:  XVIII ғасырдағы қазақ тарихы туралы

Тоқтала кетуді талап ететін мәселе ол қозғалыстың өз қызметін жеке­дара емес қоғамның барлық мүшелерімен тізе қосып, біріге атқаруды мақсат етуі. Біз бұл жерден қозғалыстың бастапқы кезден көздеген мақсатының бүкіл Қазақстан азаматтарын өз қатарына тарту арқылы кеңестік орныққан қатаң тәртіпті жаңаша бағытпен бірлесе отырып өзгертуді, кеңестік мемлекеттік органдармен ортақ ымыраға келу арқылы келелі мәселелерді шешуді көздегенін аңғарамыз. Ал аталған құжаттың «Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының қимыл­ әрекетінің негізгі амалдары мен тәсілдері» деп аталатын екінші бөлімі келесідей мәтінде беріледі: Азат қозғалысы өзінің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындау жолында әртүрлі амалдары мен тәсілдерін ұстанады, соның ішінде: ­ мемлекеттік билеу және басқару орындарын қалыптастыруға белсене қатысу, сайлау комиссияларына өз өкілдерін жіберу, қозғалыс атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттарға моральдық, құқықтық, ұйымдастырушылық жәрдем көрсету; ­ Азат қозғалысы жарғысының міндеттерінен туындайтын заң шығарушылық ынта ретінде мемлекеттік билеу органдары үшін заң жобаларының нұсқаларын даярлап, оларды ұсыну; ­ жарияланған заң жобалары мен нормативті актілерді талқылауға белсенді араласып, оларға байланысты ұстанған өз көзқарасын белгілеу; ­ азаматтық ынта көрсету ісімен өз тарапынан болған қимыл іс­әрекетті жан­жақты қолдау және олардан үйренген нақты тәжірибені таратумен айналысу. Әлеумет назарын аймақтық мәселелерге, Қазақстан азаматтарының заң, құқық пен бостандық кепілдіктерінің бұзылуына аударып, зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетіп, барынша қолдау; ­ мемлекет пен басқа да билеуші органдарда өз мүшелерінің мүддесін қорғау; ­ әлеуметтік пікірді анықтау үшін сұрақ қою, республикалық және жергілікті референдумдарда талқылауға арналған маңызды мәселелер ұсыну; ­ жиналыстар, митингілер мен шерулер ұйымдастыру, наразы тосқауылдар қою, қол қойылған тізім мен қаржы жинау, ұлттық еске түсіру күндері мен мерекелерін өткізу; ­ халықтың сенімін ақтамаған жауапты лауазымды адамдарды жұмысынан босату және жауапқа тарту, депутаттарды кері шақыру туралы мәселе қою; ­ нақтылы мәселер бойынша зерттеу жүргізу үшін ғылыми­сарапшы топтар, кәсіпорындар құру, әртүрлі орталықтар ашу, баспасөз мекемелерін ұйымдастыру; ­ демократиялық ұйымдармен, қозғалыстармен ортақ акциялар өткізу [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. – 68­ 70 б.].

Читайте также:  Тілдің негізгі қасиеттері

Қазақстанда қанша саяси ұйым құрылып, өз жарғыларын халық назарына ұсынып жатқанымен, Азат қозғалысы секілді өз ұстанымдары, қағидалары үшін барын сала күрескендері некен­саяқ. Ал, аталмыш қозғалыстың атқарған қызметі, қозғалыс жарғысының жүзеге асырылуы жөнінде осы қозғалыстың ресми ақпарат құралы «Азат» газетінің сол кезеңде жарық көрген сандарына жарияланған ақпарларға сілтеме жасай отырып сөз қозғауға болады. Жоғарыда аталып өткендей, қозғалыс Қазақстанда азаматтық, миграция, меншік туралы заңдардың қабылдануына ықпал етуді өз мақсат­міндеттерінің бастысы ретінде жарғыда көрсеткен және өз тарапынан талпыныстар жасап, Қазақ республикасының көші­қоны туралы миграция заңының жобасын көп талқысына салады. Миграция заңының қазақ және орыс тілдерінде тұңғыш жобасын жасаушы – Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысы ақсақалдар алқасының төрағасы, демограф М. Тәтімов. Миграция заңының жобасы кіріспе, 9 бөлім, 25 бап, 99 анықтаушы тармақтардан тұрады. Әрине, мұнда негізгі мәселе шет елдегі тарап кеткен қазақ баласын өз отанына қайтару болып табылады. Сондықтан да жобаның «Жалпы ережелер» деп аталатын бөлімінің, 1­бап, 1.3­ тармағы келесідей мәтінде берілген: «Егеменді ел Қазақ республикасының Миграция заңы субьектілерін белгілегенде барлық қоныс тебушілердің хұқы тең екенін атай отыра, Қазақстанның қиын демографиялық тағдырын ескеріп, өз қара шаңырағына қайта оралған репатриант үйелмендерге ерекше көңіл бөлінсін» [Қазақстан Республикасының көші­қон туралы Миграция заңы (жоба) // Азат. – 1991. – қыркүйек (№16). – 4­5 бб.]. Азат қозғалысы өзі құрылған сәтінен бастап сол кездегі билікке өз идеяларының жүзеге асырылуы үшін ықпал жасауға тырысқаны белгілі. Соның бір айқын көрінісі ретінде 1991 жылғы президенттік сайлау алдындағы Азат қозғалысы Үйлестіру кеңесінің республика Президентін сайлау жөніндегі Мәлімдемесін келтіруге болады. Мұнда қозғалыс мүшелері сол сайлауға түсуші үміткерге өздерінің қолдайтындығын білдіре отырып, өз тараптарынан оған қоятын талаптарын да ашық түрде жариялайды. Осы мәлімдемеде қозғалыс тарапынан ұсынылған ұсыныстардың кейбіріне тоқтала кетсек: «Жүргізіп отырған саясатының жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де (бұл жөнінде Азат қозғалысы дәлелді сын айтып жүргені белгілі) есепке ала отырып, Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы биік лауазымды орынға шынайы үміткер болып табылады.

Оставить комментарий