Азаттық үшін күреске басқыншылық саясаттың салдары

Шығысқа қарай басқыншылық ниетпен жылжыған орыс империясының Маңғыстау жеріне қадам басуына Г. С. Карелин бастаған экспедицияның атқарған рөлі зор болды. Ол басқарған үлкен экспедиция 1832­1836 жылдар арасында үзіліс жасай отырып, Каспий теңізінің шығыс жағалауында Орал балық аулау аралдарын зерттеу мақсатымен деген желеумен тыңғылықты жұмыс жүргізді. Бұл экспедиция жайында кейін жақсы пікірлер айтылып, Каралинді өлкеміздің терең зерттеушісі ретінде мадақтап жүрдік. Ал, шын мәнісінде оның түпкі мақсаты, оған берілген құпия тапсырма Россияның басқыншылық саясатын іске асырудың қамы еді. Нақтылап айтсақ, Карелин экспедициясының түпкі мақсаты Ембі өзенінің құйылысынан бастап, Парсы шығанағына дейінгі аралықтағы Каспийдің шығыс жағалауларын топографиялық картаға түсіріп, бекініс орналастыратын қолайлы жер іздестіру, жер­су жағдайын шолу, онда мекендеген жауынгер адай елінің психологиялық жай­жапсарын білу және олармен сауда қарым­қатынасын жасауға жол ашу, сөйтіп, біртіндеп сенімдеріне ие болу еді. 1832 жылдың 10 мамыр — 16 тамыз айлары арасында Карелин басқарған экспедиция Бозашы, Маңғышлақ жарты аралдарын және Ембі өзені құйылысы маңын мекендеген адайлар жайлы мәліметтер жинақтап үлгерді. Осы мәліметтер бойынша ғана қорытынды жасаған Карелин Россияның Орта Азиямен сауда­саттық және саяси байланысына бұл аймақтың кілт бола алатындығын айтады. Бірақ түбегейлі келіп қоныс тебуге, адайларды колония жасауға үміттің аз екенін білдіреді. (Г. Карелин. «Путешествие по Каспийскому морю».). Осы жағдайды білген орыс мемлекеті Орта Азияға жылжитын бірден бір мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келіп, тезірек бекініс салуды ұйғарған. Бірақ Азия комитетіне «Өте сақ қимылдау, ешқандай да басқыншылық мінез танытпау, жергілікті халықты шошындырып алмауды қатаң ескертеді. Сөйтіп, Астрахань қаласында біраз әзірліктер жасап алған Карелин экспедициясы 500 әскермен 1834 жылы Гурьевтен бес кемемен жолға шыққан. Оларды 3 крейсер қорғап жүрген. Сол жылдың 2 мамыры күні Қарасу шығанағына келіп тұмсық тірейді. Олардың келгеніне үрейлене қараған жергілікті адай­қазақтар жағаға көптеп жиналған. Өйткені, бұл өңірге 1825 жылы дәл осындай ретпен келген Ф. Ф. Берга бастаған экспедиция таңырқап келген жергілікті тұрғындарды «теңіз қарақшылары» деп қырып­ жойып, ауылдарының ойран­ботқасын шығарған еді. Ал, Карелин өзін қарсы алушыларды жылы қабылдады. Игі мақсатпен келгендерін айтты, бірақ тиісетін болса, оқпен жауап беретіндерін ескертуді де ұмытқан жоқ. Адайлар өзара ақылдаса келіп, жөндеріне кеткен. Одан кейін Карелин экспедициясына күдік келтірілмеген. Өйткені Карелин 3 жәшік жібек мата, 3 мың сомдай ақша (базарлық) үлестірді: 1834 жылдың мамырында басталған бекініс құрылысы екі ай ішінде­ақ аяқталған. Ново­ Петровск форты дүниеге міне, осылайша пайда болған­ды. Патша өкіметінің бұл бекіністі жеделдете салуға аса зор маңыз беру себебі — ол Россияны Махашқаламен; Шағадаммен, Астрахань, Гурьевпен (қазіргі Атырау) су жолы арқылы қатынауға, сондай­ақ дала жолымен Хиуамен байланысуға мүмкіндік беретін ыңғайлы жерге, өкпе тұсқа орналасқан еді. Осы бекініс үшін қолайлы орыңды Г. С. Карелинге көрсетіп берген Адай тайпасының сардары Сүйінқара батыр (1756­1841 ж. ж.) болыпты. Өйткені, ол Хиуа хандығының озбырлығынан әбден мезі болған Маңғыстау қазақтарының ендігі жерде орыс патшалығына арқа сүйеуі қажет деп түсінген… Бірақ бекініс салынып, оған жайғасқанмен де патша өкіметі Сүйінқара ойлағандай Маңғыстаулықтарды Хиуа шапқыншылығынан қорғай алған жоқ. Қайта Хиуа ханы бұрынғысынан да өршелене түсті. Міне, сол бекініс алғашқы кезде Новопетровск аталса, 1859 жылы Форт­Александровск, 1939 жылы Форт­Шевченко аталды. 1869 жылы Маңғыстау приставствосының, ал 1882 жылы уез орталығы болды. Бекініс біткеннен кейін (1801­1872 ж.ж) Карелин адай­қазақтардың сеніміне кіруге күш салған. Алғашқы кезде қазақтар бұларды. ауылдарына жолатқысы келмеген. Қалай еткенде де жергілікті халықтың сеніміне кіру үшін, тіпті қымыз ішкісі келіп, ауылдарға өз беттерінше барған солдаттарына ел адамдарының көзінше дүре соқтырған. Осылайша ол жергілікті қазақтарды баурап, сауда­саттық жасауға тарта бастайды. Адайлар қой сатуға, яки айырбастауға біртіндеп келе бастағанмен, түйе, жылқы сияқты ірі малдарын сатудан бас тартады. Бірақ жалға беруге келіседі. Бұл қарым­қатынасты орнатуға, әсіресе, Карелинмен астыртын байланыста болған би Мая Әнетұлының еңбегі зор еді. Сонымен бірге, Хиуадан көп зорлық көрген Сүйінқара батыр да Карелинге үлкен сенім артқан. Бекініс салынып біткен соң, ежелгі тапсырма бойынша Хиуаның ау­жайын байқау үшін Карелин 1834жылы Тұрпаев деген кісіні саудагер ретіңде аттандырады. Оның қасына өзіне қызмет көрсетіп жүрген Мая бидің баласы Баймәмбетті қосады. …Маңғыстауда бекініс салынғандығы жөніндегі хабар Хиуаға кешігіп жетті. Олар. орыстардың түпкі мақсаты өздеріне«жету екенін, Хиуа хандығының еркіндігіне қауіп төніп келе жатқанын бірден­ақ түсінді. Хиуа ханы Мая биді өзіне шақырып алып, Түрікмен старшындарының көзінше орыстарға жалға түйе бермеуді міндеттеді. Сонымен қатар, түрікмендерге бекініске шабуыл жасауды бұйырды. Түрікмендер аттарының арықтығын сылтауратып, шабуыл жасаудан бас тартады. Амалы таусылған хан Мая биге: «Бекініске шабуыл жасауға адайлардың басын қос!» — дейді. Бірақ Мая би де ханның меселін қайырды. Оған ерегескен Хиуа ханы бұрынғы бір кездерде адайлар өлтірген түрікмендер үшін құн төлеуді, бекіністен аулақ кетуді, ешқандай байланыс жасамауды талап, етті. Өлген түрікмендер үшін төленетін мал санын да атап көрсетті. Айтқан талаптарының бәрі орындалғанша өз қолында ұстап отыруға Тұрпаевпен бірге Хиуада жүрген Маяның баласы Баймәмбетті алып қалды. Хан Маямен бірге өзінің биге берген тапсырмасының орындалысын көзбен көріп қайту үшін жүзбасы Аманбайды Маңғыстауға аттандырады. Аманбай сонымен бірге, Ново­ Александровск бекінісінің жай­жапсарын, әскери күшін; алдағы ой­жоспарын барлап қайтуға да тиіс еді. Мая би елге келген соң адайларға хан жарлығын жариялайды. Хиуа ханының 60 түйе, 1000 червонец талап еткенін және өзінің баласы Баймәмбетті сатып алуға 1000 жылқы, 180 киіз керек екенін айтады. (Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архиві) Хан 1836 жылдың қаңтар айында Маңғыстауға өзі де жорыққа аттанып, бекіністі жоймақ болады. Бірақ онысы жүзеге аспайды. Хиуа ханы осы жылдың қараша айында Орынбор әскери губернаторы В. А. Перовскийге қол астындағы. Маңғыстау жерін баса­көктеп иемденіп, бекініс салынуының өрескелдігін, тез арада .Ново­Александровск бекінісінің құртылуы керектігін, сонда Ресеймен достық қарым­қатынаста болатынын айтып, хат жазды,. Бұл хат тек патша отарлаушыларының Хиуаға жорық дайындығын Жеделдетуге әсерін тигізді. Патша отарлаушыларының түпкі арамдық пиғылын әбден түсінген хан Кіші жүз қазақтарын, оның ішінде адайларды да орыс әскеріне азық­түлік, түйе, жылқы бермеуге үгіттеді. Бірақ адайлар хан сөзіне құлақ асқан жоқ. Бұған ерегескен хан адай ауылдарын қайта­қайта шабумен болды. Адайлар мен түрікмен старшындарынан «орыстарды қууды». талап етеді. Бірақ адайлар тарапынан орыстарға қарсы белсенді әрекет бола қоймайды. Амал жоқ, Маңғыстауға жайғасқан орыстарға қарсы ханның өзі шапқыншылық әрекетке кіріседі. 1839 жылдың жазында Маңғыстауға келген хан әскерлері 120 орысты тұтқындап, бірқатар ,қайығын суға батырып, бірқатарын алып кетеді. Көпестердің тауарларын тонайды. Ал, 1840 жылы Форт­Александровскіге таяу маңда азық­түлік, басқа да тауарлар тиелген кемені тонайды.Аллақұл ханның Маңғыстаудағы орын тепкен орыстарға соқтығысы бұдан кейін де жалғасады. Сөйтіп. ол. Каспий теңізінің шығыс жағалауының Ресей иелігінде болуына үзілді­ кесілді қарсылық жасайды. Сонымен қатар, ол «Жайық өзенінің оң жағалауы Ресейдің иелігінде, ал сол жағы Хиуа хандығына тиесілі. Ресеймен жасалған келісім шарт бойынша адайлар Хиуа хандығының боданы. Сондықтан да олар Ресей өкіметіне бағынып, салық төлеуге тиісті емес. Мұны орындамайтын болса, адайлардың аузына қорғасын құйылады, ешқандай да аяушылық жасалмайды» деп мәлімдейді. Екі оттың арасында қалған адайлар патшаның жергілікті әкімшілігіне шағымданған. 1842 жылы Қалби би Ново­Александровск бекінісінің комендантына былай деп хат жолдаған екен: «Ақ патшаның жарлығымен жерімізде бекініс салынды. Оған сіз комендант болып отырсыз. Сіздер мәртебелі адамдарсыздар, ал біз әлсіз халықпыз. Ақ патша бізді Аллақұл ханның қолынан босатып алды ма, жоқ па, сіз білетін боларсыз. Бізге сол Жайында хабардар етсеңіз екен. Патша бізге не бұйырса да, тыңдаймыз және оның қорғаушы қол астына еркімізбен барамыз. Егер Аллақұл ханның жарлығы бойынша әрекет етер болсақ, орыстарға өздеріңіз зиянкестік жасайтын түріміз бар, онда ерікті түрде патшаның жазасын қабылдамақпыз». (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архиві 2171­іс. 132­бет). 1842 жылы Аллақұл хан өлгеннен кейін Хиуа ханы болған Мұхаммед Әмин орыс патшалығы үшін тиімді (Ресейден әкелінген тауарлардан 5 процент қана түсім алып тұруға) сауда келісім шартын жасайды. Бірақ ол да Каспийдің шығыс жағалауына орыстардың иелік жасауына үзілді­кесілді қарсы болады. Ол тіпті Ново­Александровск бекінісін құртуды талап етеді. Мухаммед Әмин хан да адайларды дүркін­дүркін тонауға кірісті. Адайлар еркіншілікпен көшіп­қона алмайтын, бекініспен сауда­саттық қарым­қатынас жасай. алмайтын күйге түсті. Сөйтіп, екі оттың арасында қалған Маңғыстау қазақтары Хиуаға да, Россияға да салық төлеуге мәжбүр болды. Бұл ауыртпалыққа шыдай алмаған Адай билері 1844 жылы бекініс комендантымен Россия мен Хиуа хандығының шекарасын анықтай беруін өтінді. «Хиуа хандығының бодандығынан құтылу үшін жандарын құрбан етуге» де әзір екендіктерін білдіреді. Бірақ орыс патшалығының жергілікті әкімшілігі Хиуа хандығының Маңғыстау қазақтарын тонаушылығына тосқауыл жасағысы келген жоқ. Қайта қазақтар мен Хиуалықтар арасының неғұрлым шиеленісе түскенін жақсы көрді. Соқтығыста Хиуалықтардан қолға түскен мүлік қазақтардың өз иелігінде қалатындығын, әрбір өлтірілген, қолға түсірілген Хиуалық үшін 3 сомдық күміс ақша төленетінін, сондай­ақ әрбір арғымақ ат үшін де жақсы сыйлық берілетіндігін айтып, Маңғыстаулықтарды Хиуа хандығына айдап салды. Бірақ қазақтар патшалық Ресейдің Хиуаға қарсы әрекетіне көмектесуден бас тартты… …Алғашқы орыс кемелері Каспий теңізінде 1846 жылы пайда болды. Маңғыстау жарты аралына десант түсіру, оны түпкілікті иелену жайындағы барша мәселені Орынбор әскери губернаторы В. А. Обручев басқарды. Қажет жағдайда Маңғыстауды күшпен басып алу үшін 700­ден астам мұздай қаруланған солдат жіберілді. Гурьевпен, Астраханьмен байланыс жасап тұру үшін Түпқараған шығанағында арнайы кеме тұрды. Гурьевте «қажет жағдайда» Маңғыстауға аттандыру үшін бір рота солдат әзірленіп қойылды. Бекініске алғашқы кезде 14 зеңбірек әкелінсе, кейін ол 24­ке жетті. Екі жылдан соң бекіністі қорғайтын әскери адамдар саны 3600­дей болды. Сөйтіп, Ново­Александровск бекінісі қандай қуатты әскери шабуылдарға да тосқауыл қоярлықтай дәрежеге жеткізілді. Міне, осы кезден бастап патша өкіметі Каспийдің шығыс жағалауына дендеп иелік жасап, Маңғыстау адайлары Ресейдің қол астына қарады. Кіші жүз территориясында әскери бекіністер саны артқан сайын патша өкіметінің билігі де Маңғыстау адайларын кеңінен қамти түсті. 1867 жылы адайлар бір ғана Жоғарғы дистанцияға біріктірілді. Бірақ соншама үлкен территорияны басқару қиыншылық туғызуына байланысты бір жылдан кейін ол екіге бөлінді: адайлардың Маңғыстауды қыстайтын бес бөлімшесі Төменгі дистанцияға кірді. Оның бастығы адайлардың ірі биінің бірі Ғафур Қалбыұлы болды. Ал, Үстіртті, Бесоқты, Сенек, Сұмса құдықтары маңында қыстайтын үш бөлімше Жоғары дистанцияға енді. Оны Баймәмбет Маяұлы басқарды. Олардың екеуі де Форт­Александровск комендантының тікелей көмекшілері болып есептелінді. Айтарлықтай әкімшілік құқтарға ие болды. «Жағымсыз адамдарды» қамауға алуға да ерік берілді. Дистанция бастықтары елден салық жинау, дау­шар мәселесін шешу сияқты қызмет міндеттерін орындау кезінде қастарына 40 адамнан құралған әскер алып жүретін болды. Адайлардың өрісі жан­жақты тарыла түсті. Олар түрлі салық төлеумен қоса патша өкіметінің жергілікті чиновниктеріне тегін қызмет көрсетуге де тиіс болды. Маңғыстауға Астрахань, Саратов, Орынбор және басқа да губерниялардан орыстар келіп, қоныстанып, балық аулау кәсіпшілігін иемдене жөнелді, 1858 жылға дейін 49 орыс отбасы қоныстанып: үлгерді. 1868 жылы 25 орыс отбасында 109. қайық, 267 мың қармақ, 6700 ау және 60­қа жуық мал болды. Келімсек балықшылар қызыл балық пен итбалықтың майына мұрттарын матырып, сауда­саттықпен айналысты. Жер ауып келушілер мен бекініс адамдарына балық аулауға, суды пайдалануға тегіннен­тегін ерік берілді. Ал, Маңғыстаудың ежелгі тұрғындары адайлар мен түрікмендерге балық аулауға тиым салынды. Олардың барлық қайықтарын қиратып тастады. Адайлар тіпті бекініске таяу жердегі су көздерін де пайдалану құқынан айрылды. олар амалсыздықтан бұл маңнан көшіп кетуге мәжбүр болды. Күн көрісі әбден қиындаған қазақтар қазақ линияларына шұбырды. Бірақ олар. линияларда тұрақты мекендей алмады. Өйткені, онда оларға егін егіп, шаруашылықпен айналысып, тәуір тұрмыс құруға жол берілмеді. Патша өкіметі адай қазақтардың кедейлерін болмашы жалақыға қара жұмысқа, балық аулауға; жүкшілікке, итбалық союға көмір өндірушілікке, тас кесушілікке,құрылыс жұмысына аяусыз пайдаланды. Патша отарлаушылары осылайша Маңғыстаудың жер­суын, малы мен байлығын, адамдарын басыбайлы иемденіп. алғаннан кейін де, Хиуа хандығының шапқыншылығынан қорғағысы келген жоқ. Хиуалықтар дүркін­дүркін шапқыншылық жасап, елден ұшыр, зекет жинап әкетіп тұрды. Міне, патша өкіметінің қазақ даласын басқару жөніндегі Уақытша ережесі шыққан 1868 жылға дейінгі Маңғыстау қазақтарының саяси­әлеуметтік жағдайы осындай еді…

Читайте также:  Мұқағали Мақатаев "Қырман басында" өлеңі

Оставить комментарий