ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ОРЫС ӘКІМШІЛІГІМЕН АРАҚАТЫНАСЫ

Ірі саяси оқиғаларға толы ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында өзара және басқа жұртпен хат арқылы пікір алысу, түрлі байланыстар жасау мәдениеті сол заманға лайық деңгейде дамыған. Қазақ елінің қоғамдық тіршілігін ұйымдастырушы, басқарушы міндетін атқарған хандар, билер, батырлар Ресей губернаторларымен, Орта Азия ханы, бектерімен, Жоңғар қонтайшыларымен жер және түрлі саяси мәселелерге байланысты ылғи да хат алысып тұрған. Осы мақсатта олар арнайы хатшы ұстаған. Хатшы міндетін татар, Бұқар, Хиуа, сондай­ақ қазақ қоғамының өзінен шыққан, араб жазуынан сауаты бар адамдар атқарған. Жазылған хатты белгілі бір кісіге жеткізу міндеті негізінен батырларға жүктелген. Бұл арада батыр жай хат тасушы ғана емес, хатта айтылмаған көптеген жәйттерді түсіндіріп жеткізуші, басқаша айтқанда, елші де болған. Мәселен, орыс әкімшілігі мен қазақ билеушілері арасындағы байланыста осындай міндетті Хангелді, Сатай, Бөгенбай, Жәнібек сияқты белгілі ірі қайраткер­батырлар атқарған. ХVІІІ ғасырға тән мұрағаттық құжаттармен таныса отырып, бұл пікірдің дұрыстығына көз жеткізу қиын емес. Қазақ елінің тарихи жадынан құрметті орын алып, кезінде үлкен елшілік, билік қызметімен танылған Келдібекұлы Қазыбек би негізінен шешендік өнердің аса көрнекті өкілі ретінде белгілі. «Өнер алды ­ қызыл тіл» деп түсінген ортада Қазыбек бидің сөз өнерін ғажап меңгерген ұлы шешен болғандығы даусыз. Бірақ мәселенің түп­төркініне келер болсақ, шешендік өнері бидің негізгі үздік қыры емес­тін. Қиын­қыстау заманда бар өмірін өз халқының еркіндігі мен теңдігіне арнаған қайраткердің өмір жолын тек шешендік өнерімен шектеу ғылыми әділеттілік болмас еді. Шешендік өнері оның үлкен қоғамдық­саяси қызметіндегі қуатты құралы ғана болатын. Тура осы ойды Қазыбектің Төле би, Әйтеке би сияқты басқа да замандастарының өмір жолына байланысты айтуға болады. Олардың күресте өткен өмірінен хабар беретін тарихи деректер мәселеге осы тұрғыдан қарауға итермелейді. Орынбор облыстық архивіндегі губерниялық канцелярия қорында сақталып, біздің заманымызға жеткен Қазыбек бидің Орынбор генерал­ губернаторы И.И.Неплюевке жолдаған екі хаты бұл пікірді растай түседі 14 . Өткеннен жеткен куәлік құжаттарды талдап түсінудің өз ерекшеліктері бар. Солардың бірі ­ әрбір құжат тек сол тарихи кезеңнің және ортаның қоғамдық және рухани болмысының құрамды бөлігі ретінде, яғни солармен тығыз байланыста қаралуға тиіс. Өйткені Гегель дәл басып көрсеткендей, әрбір тарихи дәуірдің өз бітім­болмысы бар, демек оның уақыт және өмір, еркіндік пен әділеттілік туралы өз ұғым­түсінігі болуы заңды. Міне, осыны есепке алмайынша, біз тарихи құжатты тура түсінбей, тіптен оған бүгінгі түсінік, өлшемдерімізбен ғана қарап, қате тұжырымдарға ұрынуымыз ықтимал. Біз әңгіме етіп отырған Қазыбек бидің екі хаты да ­ осындай талап тұрғысынан талдауды қажет ететін құжаттар. Сарғыш тартқан жай қағазға араб қарпімен жазылған хаттар сол кездегі Орынбор канцеляриясында қалыптасқан тәртіп бойынша орысшаға аударылған. Екі хаттың алғашқысын орыс тіліне аударған Емағұл (мүмкін, Смағұл. ­ М.Қ.) Гуляев. Ал екіншісінің соңында аудармашының аты­жөні жоқ, тек «перевел переводчик» деп қана қойылған. Жазу мәнеріне қарағанда, екеуін де бір адам аударғаны байқалады. Орысша мәтіндердің сапасы аудармашының қазақ тілін жетік білгендігін көрсетеді. Реті бойынша папкаға бірінші тігіліп, бетінің жоғарғы шетіне «112», «112 об» деген нөмірлер қойылған бірінші хаттың орысша аудармасы «От него же Казбек бия» деген сөйлемнен басталады. Хаттың Орынбор канцеляриясына жеткен уақыты туралы ешқандай белгі жоқ. Тек екінші хаттың мәтіні арқылы оның соңғысынан шамамен бір жыл бұрын жазылғандығын ажыратуға болады. Екінші хаттың бетіне «113 об» деген рет нөмірі қойылып, одан төмен хатқа мынадай қысқаша түсінік берілген: «Перевод с татарского письма, которое прислано от Казыбек бия, полученного от Тюкена Балтачева июня 13 дня 1745­ году в Оренбурге. В нем же по переводу значит ниже сего» 15 . 1745 жылы қазақ қоғамы «Ақтабан шұбырындының» (1723) зардабынан біржола арыла қойған жоқ еді. Жау әлі де қуатты, ал елде саяси тұтастық жоқ, оның үстіне Жетісудан Ташкентке дейінгі аралық Жоңғар хандығына қарайтын. Міне, осындай ауыр ішкі және сыртқы жағдайда Ресей үкімет орындарымен саяси байланыстың мәні үлкен болды. Қазақ хандары мен сұлтандарының, Төле, Қазыбек билердің, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары батырлардың орыс әкімшілігіне жолдаған екі хатының екеуі де елдің сол кездегі саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәселелерге байланысты жазылған. Бірінші хатта Қазыбек би Орынборға елде өткелі жатқан жиын туралы хабар береді. Сондай­ ақ бұл қатардағы жиын емес, жеті хан, сұлтан, төре және басқа ел билеушілер бас қосып, толғағы жеткен ішкі және сыртқы саяси жағдайларды талдауға, солар бойынша тиісті шешім қабылдауға шақырылған үлкен кеңес. Біздің түсінігімізше, бидің бұл оқиға туралы Орынборға хабар берудегі түпкі мақсаты ­ орыс әкімшілігіне елдегі болып жатқан іргелі жаңалықтарды, соңынан кеңестің негізгі шешімдері туралы баяндап қана қоймай, сол арқылы, мүмкін болса, жоңғар шапқыншылығына қарсы Ресейдің қолдауын алу. Хатта «Төкен батырға елші қосып» қайтарыңыз деуі соны аңғартса керек. Сонымен бірге би Орынбормен екі арадағы жылы қатынасты жаратпайтындардың бар екенін ескертіп, генералдан қызметте жүрген Төкен (Дүкен болуы да мүмкін, хаттың түпнұсқасында «Дукан» деп жазылған. — М.Қ.) батырдың қауіпсіздігін қамтамасыз етерлік шара қолдануын өтінеді. Хаттың тілі сол тарихи кезеңге дейін қолжазба еңбектерде, іс қағаздарында қолданылып келген ортағасырлық түркі жазба тіліне жақын. Бұл жағдай XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында ортағасырлық жазба мәдениетінің одан ары өз жалғасын тапқандығының көрінісі. Бидің Орынбор канцеляриясынан жиырма табақ қағаз сұрауы да соны айғақтай түседі. Оқырманның өткеннен жеткен бағалы деректік материалдармен түпнұсқа арқылы танысуды қалайтындығын ескере отырып, алдымен хаттың мәтінін өзгеріссіз күйінде, соңынан қазіргі қазақ тіліне аударылған нұсқасын келтіруді жөн көрдік. Екі жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған хаттың жақсы сақталғанына қарамастан, әріптердің өшіңкіреп қалуына байланысты, оның қайсыбір сөздерін оқу қиындау болғандығын айта кетуді қажет деп санаймыз. 1745 жылы жазылған екінші хат жоңғар қатынасының тағы да ширыға түсуіне байланысты елдің күпті көңілінен хабар бергендей. Қысқаша айтқанда, жағдай мынадай еді. 1744 жылдың күзінде Ташкент Қалдан Серен билігінен ортазиялық Абдулкарим бектің қолына өтеді 16 . Оның үстіне 1744 және 1745 жылдардың аралығында Ұлы жүздің Қойгелді, Тоқсанбай, Мәлік, Кетен сияқты батыр­билері бастаған көтерілісшілер Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Қазақстандағы іргесі шайқала бастаған билігін қалпына келтіру мақсатында Қалдан Серен қанды жорыққа дайындалуға кіріседі. Бұл жағдай қазақ қоғамында үлкен қобалжулық туғызып, белгілі дәрежеде билеуші топтарды Ресеймен арадағы достық қатынасты нығайта түсуге итермелейді. Сонымен бірге бұл кезең өз кезегінде Ресей мен Жоңғар хандығы арасындағы территориялық даудың жалғаса түскен, оған қосымша ойрат қолдарының Батыс Сібірдегі орыс бекіністеріне ауық­ауық жасап отырған шабуылдарының нәтижесінде екі мемлекеттің арасында қырғи қабақ қатынастардың орын алған кезі еді. Қазыбек бидің хатында осы айтылған саяси жағдайдың қысқа болғанымен, айтарлықтай анық көрініс тапқандығын аңғару қиын емес. Хаттың негізгі өзекті тақырыбы – Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай, соған байланысты қазақ қоғамы мен Ресейдің арақатынасы. Хатта ірі саяси қайраткердің екі елдің арақатынасына байланысты ұстанған позициясында екі жақтылық жоқ, қайта ол өзара қатынастың маңызын және болашағын терең түсінген, мемлекетаралық дипломатиялық байланыстың сырларынан хабардар тәжірибелі адамның сыңайын танытады. Бұл арада арнайы сөз етуге лайық бір жай бар. Ол Қазыбек бидің қоғамдық қызметін тереңірек түсінуге көмектесетін, өте сирек кездесетін бұл құжаттың халық арасында сақталып келген деректік материалдардан алшақ емес, қайта олардың бірін­бірі өте орынды толықтыра түсетіндігі. Мәселен, халық арасында ауызекі және жазба түрінде сақталып келген деректер Қазыбек бидің қазақ­жоңғар қатынасында да белсенді рөл атқарып, жоңғар хандығына елшілік сапармен барып қайтқандығын айтады. Біз қарастырып отырған және одан бұрынғы тарихи кезеңдерде қазақ қоғамында елшілік қызметі негізінен билердің үлесіне тиген. Қазанғап ақынның «Төле бидің тарихы» 17 атты жырында аса маңызды дерек бар. Онда бір қақтығыстан кейін тұтқын дауымен қалмаққа елші жіберу қажеттілігі туады. Бұл сапарға кім аттанады дегенде хан тағы жанында Билер кеңесін құрған үш бидің үшеуі де ыңғай білдіреді. Сонда біреу Қазыбек биге: «Айтыңызшы, арғымақтың басы күшті ме, жоқ белі күшті ме, жоқ құйрығы күшті ме?» ­ деп сұраумен қайырылғанда, жас жағынан үлкен Төле би: «Шырағым Қазыбек, жол бастауға аттың омырауы күшті, бірақ белі қызметті көп істейді, рұқсат сізге», 18 — деп жол береді. Қасына Қожабақтың ұлдары Қылыш пен Балта батырларды ертіп барған бұл сапарында ол тұтқын, жер дауына байланысты көп іс тындырып қайтады. Ол туралы жырда: «Қазыбек енді еліне жөнеледі, жиып ап жетім­жесір, не ерлерді. Сіздерді жоғыңды ал деп, ертіп келіп, қалмақтың жоғын тауып бұл да берді» 19 , ­ делінеді. Қазыбектің шешендік өнері қалмақ ханына үлкен әсер еткен. Қас батырды көргенде жау көңіліне қызғаныш ұялаған. Осы сапарда қалмақтар бидің жанындағы сіркелінің батырлары Қылыш пен Балтаның үзеңгісіне у жағып жіберіп, елге келген соң Қылыш өліп, Балта аман қалады. Қазанғап ақын арқылы бізге жеткен Әбдірейім шежіресі бойынша, Тәшкенге таяу маңда Қылыштың қыры, Балтаның көлі деген жер аттары болған 20 . Қазыбектің өзі де жырда аракідік Ер Қазыбек аталады. Бидің ер атануы осындай қауіпті сапарға байланысты екендігі анық. БІРІНШІ ХАТ «Иана биз Казубек биден инаралға суз будур: иети хан, куп туре, иурут бару бизларниң уштумизға килалар. Сузлашамиз, кингаш қиламиз тиб айталар. Имри бу Дукан батурға илчи кошуб илдам кайтаруб ибаргайсыз. Ол ханларның, тураларның, иурутның… кингашин, сузларин сиз иналарға Дукан қолуна хат беруп хизматунизға биз ибарурмыз. Бу Дукан батур падишаһ хизматун қиламиз тиб ики чуға чипкан бирмак болуп, ики аталыб минди. Иана игрми табақ қагаз биргайсиз. Иана биз кара кисек Казубек биден салам. Орунбор башлығы инаралға сузумиз будур: бизга бир кара тулки ибаргайсиз. Дукан батур қолуна беруп ибаргайсиз. Иана бу Дукан батурның сақлардай ғақл табғайзис Аниң учун подишаһның сузларин. Дукан батур яғшы айтадур. Кашлар сузин бу Дукан батур яғшы айтадур. Аниң учун бу Дукан батурның башын душманлардин сақлағұдай бир яғшы ғақл табғайсиз»21.

Читайте также:  Мұқағали Мақатаев "Қырман басында" өлеңі

Оставить комментарий