ҚАЗІРГІ ТҮРІК ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

Түрік әдебиеті – Анадолы түріктерінің төл әдебиеті. Ол — әлем әдебиетінде өзіндік орны бар, қилы даму кезеңдерін бастан өткеріп, классикалық кезеңге дейін жеткен бай әдебиет. IX-X ғасырларда Орталық Азиядан Кіші Азия жеріне ұлы көш бастаған Оғыз-Қыпшақ тайпалары тарихта Селжұқтар деген атпен белгілі. Олар көптеген дербес княздықтар (бейлік) құрып, ол XIII ғасырда ұлы Осман империясына айналған-ды. Османдықтар жасаған бай мәдениет өзінің шығыстық сипатымен ерекшеленеді. Орталық Азиядан өздерімен бірге жеткен түркілік рухтағы халық әдебиеті мен араб-парсы ықпалындағы классикалық Диван әдебиеті XIII ғасырдан бастап XIX ғасырға дейін қатар дамып, панегирик ақындармен қоса халық ақындарын молынан берген дәулетті кезең. Содан болар, XX ғасырдың басына дейін түріктер өз әдебиетін тек Осман әдебиетімен ғана байланыстырып келген. Түрік әдебиетін оқытудың ғылыми- әдістемелік негізін салған, оларды дәуірлер мен кезеңдерге бөліп жіктеп, алғаш тізбелік классификациясын жасаған XX ғасырдың әйгілі әдебиеттанушы ғалымы Мехмет Фуат Көпрүлү болды. Сондықтан оның тізбесі классикалық сипат алып, мектеп болсын, жоғары оқу орны болсын осы ғалымның классификациясы негізінде әдебиет дәрістерін оқыта бастады. М.Ф.Көпрүлү түрік әдебиетін «Исламға дейінгі түрік әдебиеті» (ежелгі дәуір), «Ислами түрік әдебиеті» (орта дәуір) және «Батыстық түрік әдебиеті» (соңғы дәуір) деп, үш үлкен дәуірге бөледі /1/. Бұл үш дәуір өз ішінде кезеңдерге жіктеледі. Тақырыбымызға қатысты болғандықтан біз тек батыстық түрік әдебиетінің жіктелуін, соның ішінде қазіргі әдебиетті, яғни Жумхурийет әдеби кезеңін ғана саралап өтпекпіз. Батыстық, яки европалық түрік әдебиетін Фуат Көпрүлү былайша жіктейді: Танзимат әдебиеті (1839-1896); Сервет-и фүнун әдебиеті (1896-1901); Феджр-и ати әдебиеті (1909-1912); Милли (ұлттық) әдебиет (1911-1923); Джумхурийет әдебиеті (1923-тен қазірге дейін) /2/. Задында, оқылатын елдің жаңа және қазіргі әдебиеті пәніне осы европалық түрік әдебиетін толық қамтуға тиіспіз. «Түріктің жаңа әдебиеті» түсінігіне біз алғашқы төрт кезеңді жатқызсақ, «қазіргі түрік әдебиетіне» біз Жумхурийет, яки республикалық әдеби кезеңін жатқызамыз. Енді, біз осы «Жумхурийет әдебиеті» кезеңін оқытудың кейбір маңызды мәселелеріне тоқталайық. «Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өскен ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұның бәрі әр ұлттың өзіне тән өзгешеліктерін – сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айырықша сипаттарын да белгілейтіні хақ» /3/. Осындай таным тұрғысынан келгенде түрік халқының да өзіндік мінез-құлқы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы оның өнерінде де айқын көрініс тапқан. XX ғасыр — әлемдік деңгейде ұлы өзгерістер мен тынымсыз толқуларды әкелген толымды дәуір болды. Саяси- экономикалық тұрғыдан ол көптеген елдердің тағдырын тәлкіге салып, санасын өзгертті. Бұл, әрине, мәдениет пен әдебиетке де әсер етпей қоймады. XX ғасыр Анадолы түріктері үшін де ұлы өзгерістер ғасыры болды. Өйткені, алты ғасыр билік құрған ұлы Осман империясының саяси-экономикалық тұрғыдан шатқаяқтай бастауы, оны түрік халқы тез түсініп, жылдам іске кірісуінің арқасында жаңа саяси сипаттағы мемлекеттің құрылуы, ол мемлекеттің Түркия Республикасы деп аталуы, оның жаңашыл идеологиясын жасауда жасампаз түрік халқының жанкешті күрес жүргізуі, ұлттық күрестің түрік халқының жеңісімен аяқталуы Анадолы жерінде, жалпы алғанда, Таяу Шығыста жаңа геосаяси мәселелердің қалыптасуына негіз болды. XX ғасырдың ұлы қолбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік құрған жаңа мемлекет, осылайша, Анадолы жерінде жаңа саяси кезеңнің басталғанын әлемге жария етті. Бұл кезең қоғамның қай саласында болмасын «Жумхурийет» кезеңі деген атпен атала бастады. 1923 жылы түрік халқының ұлы жеңісімен аяқталған соғыс әдебиетте де «Жумхурийет әдебиеті» деген кезеңді тудырды, өнерде де солай. Бұл әдеби кезең жаңа идеологияға – Ататүрікшілдік, яки Кемализм атты саяси ұстанымға негіз артты. Сондықтан, бұдан былайғы өмір өрімдері осы идеологияның шегінен шықпауды талап етті. Түркияның қоғамдық құлқы, мемлекеттік мінезі – ұлтшылдыққа негіз артты. Асылында, түрік әдебиетінің тарихы қазақ қоғамына әлі де беймәлім болып келеді. Кеңестік кезеңдегі социалистік көзқарастағы ақын-жазушылар болмаса, сайып келгенде, түрік әдебиетінің даму сатылары, кезеңдік қатпарлары, түрік әдебиетінің даңқты өкілдері, әдеби- эстетикалық көзқарастары қазақ оқырманына толыққанды жете қоймады. Бұл қазақ мәдениетінің, жалпы, қазақ және түрік халықтарының мәдени-әдеби байланысының кенжелеп келе жатқан тұсы деуге болады. Кеңестік кезеңде жалпақ жұртқа аты мәлім болған Назым Хикмет, Әзиз Несин, Сабахаддин Әли, Иззеддин Динамо т.б. шығармашылығы XX ғасыр түрік әдебиеті, соның ішінде, қазіргі түрік әдебиеті турасында толымды түсінік бере алмасы хақ. Сондықтан, қазіргі түрік әдебиетінің жаңаша даму кезеңдері, оның әдеби-эстетикалық бағыты, идеялық-көркемдік көкжиегі тиянақты талдауды қажет етеді. 1923 жылы демократиялық Түркия Республикасы құрыла сала оның ұлттық идеологиясы жасала бастайды. Бұл идеология бірнеше саяси бағыттардың: кемализм, ұлтшылдық, панисламизм және социализмнің бір қоғамда бір мезетте дамуы түрлі құбылыстардың туындауына себеп болды. Ол әрине әдебиетте де әртүлі бағыттардың, көзқарастардың пайда болуына тікелей әсер етті. Түріктің әдебиет зерттеушілері қазіргі түрік әдебиетін 1940-жылға дейінгі түрік әдебиеті және 1940-тан кейінгі түрік әдебиеті деп бөліп қарайды. Олай етуі орынды, өйткені, жаңа құрылған жас мемлекетке аяққа тұрып кетуі үшін уақыт қажет болды, оның үстіне ақын- жазушылар да белгілі бір мақсат, бағыт болмағандықтан не жазарларын нақтылай алмай аңтарып қалғандығы да заңды құбылыс, оның үстіне бұған саяси себептерді де уәж етсек болғандай. Дей тұрғанмен, өнер-өмір, ол үнсіз тұрақтап қалмайды, өз дегенін жазғызады. Сервет-и фүнун, Феджр-и ати және Ұлттық әдебиет кезеңдерінде өмір сүріп, әдеби һәм қоғамдық қызметін жалғастырған ақын-жазушылар Жумхурийет кезеңінің алғашқы жылдарында өздерінің толасқан шығармашылық шыңына жеткен тұсы еді. Мұның ішінде Әбдүлхақ Хамит секілді Танзимат дәуірінен кейінгі барлық қоғамдық, мәдени-әдеби жаңалықтарды өз көзімен көріп, соған тікелей атсалысқан тұлға ретінде Жумхурийет кезеңінде соңғы еңбектерін жазып жатты. Ал Ахмет Хашим, Яхия Кемал Бейатлы және Якуб Қадри Қараосманоғлы секілді классиктер өткен дәуірдің тезінен сүрінбей өтіп, өнер турасындағы толымды танымдарымен Жумхуриеттің негізгі тірегі бола білді, өздерінің шедевр туындыларын осы кезеңде берді. Бұл кезең әдебиетінің ең маңызды ерекшелігінің бірі – Ұлттық әдебиет кезеңінде алғаш рет қарастырылған «Анадолы адамының» кең мағынасында қолға алынып, әдебиетке арқау болғандығы, оның ішкі психологиясы мен түрлі таным иірімдерінің кең тыныстауы еді /4/. «Ел әдебиеті» (Memleket Edebiyatı) деп аталған бұл бағытты — аға буын өкілдерімен қоса, бітімгершілік жылдарынан бері қарай әдебиетке араласа бастаған жас буын өкілдері де қоштап, мойындаған-ды. Аталмыш тақырыптың поэзияда да, прозада да көптеп көрініс табуы Жумхурийет кезеңінің алғашқы жылдары еді. Тек Түркияда емес, әлемде болып жатқан әлеуметтік өзгерістердің нәтижесінде Осман-Ислам тарихы мен мәдениеті және түрік зиялылары арасында пайда болған нақты бір белес рухани алаңда бос кеңістік тудырып, рухани жұтаң жаңа буын қалыптастыра бастады. Сондықтан мұндай материалистік бағытқа қарсы рухани құндылықтарды алға тартқан мистикалық ағым пайда болды. Поэзияда Неджип Фазыл Кысакүрек, прозада Пеями Сафа бастаған мистицизммен қатар, шыңдалған шымыр шығармашылығына жеткен Ахмет Хашим мен Яхия Кемал туындыларындағы символизм де өзінің бар екендігін көрсетті. Әдебиеттанушы-ғалым Ахмет Кабаклы қазіргі кезең әдебиетін оның дамуы, саяси- әлеуметтік мәселелері, өнер бағыттарының иілімдерін ескере отырып, әдеби- эстетикалық тұрғыдан былайша саралайды: А) Ғаріпшілер немесе бірінші жаңа; Ә) Тәуелсіздер; Б) Жаңа дәстүршілер; В) Екінші жаңа; Г) Социалист-қоғамшылдар; Ғ) Жаңа панисламистер; Д) Соңғы жаңалар /5/. Бұлайша тұспалдау әдебиетті оқытуда өте-мөте жеңілдік туғызады және мұны көптеген әдебиет зерттеушілері мақұлдайды. Әрине олардың өз жіктеулері бар, қалай десек те, олардың пікірі Ахмет Кабаклынікінен алшақтай қоймайды. Бұл топшылау поэзияға да, прозаға да ортақ. Енді осыларға қысқаша жеке-жеке тоқталамыз. 1940-тан кейінгі әдебиет, яки соңғы дәуір түрік әдебиеті «Ғаріп» деген әдеби топтың есімімен тығыз байланысты. Өйткені, осы топ өзінің жаңашылдығымен, батыл іс-қимылдарымен, нақты көзқарасымен жаңа кезеңге аяқ басты. «Ғаріпшілер» деп аталатын бұл топтың негізгі көшбасшысы ақиық ақын — Орхан Вели Канык болды. Сонымен қатар, О.В.Каныкты қолдап, әдебиетте жаңа бетбұрыс жасауға келіскен оның айнымас серіктері Мелих Жәудет Андай мен Оқтай Рыфат Хорозджу да бар. Олардың жаңашылдығы әсіресе поэзияда анық байқалды. Ғаріпшілердің негізгі көзқарасы мынадай көркемдік-эстетикалық мәселелерді қамтыды: қалыптасқан дәстүрлі түрік өлеңін құлатып, жаңаша өлең түрін жасау, поэзияны һәм пішіндік һәм мазмұндық тұрғыдан өзгерту, белгілі бір көркемдік-эстетикалық көзқарастың құрсауында кетпеу, поэзияда пунктуациядан құтылу, ой-пікір мен философиялық пайымдауларды поэзияға араластырмау /6/. Тәуелсіздер деген топқа, негізінен, өз дәуірінде ешқандай әдеби топқа немесе әдеби ағымға қосылмай жеке шығармашылықтарымен белгілі болған қаламгерлерді жатқызамыз. Олар — Асаф Халет Челеби, Бедри Рахми Эюбоғлы, Фазыл Хүснү Дағларжа, Бехчет Нежатигиль, Жахит Кулеби, Нежати Жұмалы, Фейзи Халыжы, Атилла Илхан, Бекир Сыткы Ердоған. Аталмыш ақын- жазушылардың бір ерекшелігі — өзіндік көзқарастары, кейбірінің белгілі бір идеологияға арқа сүйесе де шығармаларында оны еш негіз етпегендігі оларды бөле-жара қарауға жетелейді. Өлеңдерінде жаңа тіл, жаңа стиль, жаңа көзқарас, жалпы алғанда «жаңалық» іздеумен, сөйтіп, ізденістерінің жемісін көріп шығармашылығын байыта түскендер де, жемісін көрмегендер де бар. 1940-тан бері Батыс әдебеиетіне еліктеген түрлі әдеби топтар мен бағыттар, ағымдар мен мектептердің ұстанымдарына қарсы шыққан, сөйтіп, жаңалықтың барлығын ұлттық дүниетанымда, ұлттық құндылықтарда, өз дәстүрінде іздеген Хисар тобының бастамасы жаңа буын – дәстүршілер деген түсінікті тудырды. Бұл ақын-жазушылар санатында Мунис Фаик Озансой, Ильхан Гечер, Мехмет Чынарлы, Гүлтекин Саманоғлы, Мұстафа Нежати Қараер, Нүзхет Ерман, Невзат Ялчын, Айла Орал, Яхия Ақенгин бар. Бұлардың эстетикалық философиясы – «өзіне оралу», «негізін іздеу» деген пайымға келіп тіреледі.

Читайте также:  АБАЙ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ СОПЫЛЫҚ

Оставить комментарий