Азиялық және Еуропалық рух

«Летопись» («Жылнама») журналының бірінші нөмірінде, осы жаңа басылымның бағытын айқындайтындай көрінетін М. Горькийдің «Қос рух» деген мейлінше өзгеше мақаласы жарияланды. Мақала Шығыс және Батыс мәселесі төңірегінде, орыс толғамының мәңгі тақырыбының төңірегінде өрбиді. Славянофилдер мен батысшылдардың ғасырлық дүдараздығы да осы тақырыппен байланысты. Бұл тақырып − біздің ұлттық өзіндік санамыз үшін негізгі және өте жауапкершілікті тақырып; бұл тақырып − терең философиялық дайындықты талап ететін және тарих философиясы үшін негізгі тақырып. Біздің даңқты жазушымыз мұны қалай қарастырды екен? М.Горький бір жаңалық ашып отырғандай мәнерде жазыпты. Ол өзін Ресейдегі ең бірінші радикалды батысшылдай сезінетін тәрізді. «Біз адал да ақылды орыс адамдарының бұл төлтумалықты жан­жақты зерттеуге, жалтақсыз сынауға ұшыратуын тарихтың өзі бұйыра талап ететін уақыт жетті деп ойлаймыз. Өз психикамыздағы азиялық қабаттармен біз бел шешіп күресуіміз қажет». Біздің төлтумалығымызды зерттеу мен сынау енді ғана басталуы тиіс деп ойлап қалуға болады. Бірақ ұзақ онжылдықтар бойы батысшылдық орыс ойындағы үстем бағыт болып келді емес пе? Дәл біз, орыстар сияқты, ешқандай халық өзін өзі терістеуге дейін жеткен жоқ. Орыстар өздерінің орыс екендігіне, тіпті, ұялатын да кезі болды. Бұл құбылыс − ұлтшылдық жайқала гүлденген батыста мүлдем мүмкін емес нәрсе. Және де Батыс Еуропаны және батыс­ еуропалық мәдениетті барынша әулиелендіруді Ресейден басқа және орыстардан басқа қай жерден табуға болады? Ресейді теріске шығару және Еуропаның алдында құлдық ұрып табыну − мейлінше орыстық, шығыстық, азиялық құбылыс. Дәл осы шектен шыққан орыс батысшылдығы азиялық жанның құбылысы болып табылады. Тіпті мынадай парадокс айтуға болады: көзқарастарын, шындығын айтқанда, көбіне мен бөлісе қоймайтын, славянофилдер ең алғашқы орыс еуропалықтары болды, өйткені олар балалар сияқты батыстық ойға еліктемей, еуропалықтарша дербес ойлауға ұмтылды. Германдық сананы төлтума жолға шығарғысы келген Фихтенің Германияда жасағанын, славянофилдер Ресейде жасауға тырысып көрді. Ал парадокстың кері жағы былай: батысшылдар азиаттық болып қалды, олардың санасы балалық деңгейде болды, олар еуропалық мәдениетке оған мүлдем жат, олар үшін еуропалық мәдениет олардың ішкі мәні емес, алыстағы арман болып табылатындай көрінетін адамдардың қатынасындай кейіпте мана қатынаса алады. Орыстың батысшыл­ азиаты үшін Батыс − жер ұйығы, кемел өмірдің тартымды бейнесі. Батыс іштей танылмаған, алыстағы сағым, тысқары болып қалады. Батысшылдарға дистанцияның тудыратын діни ардақтауы тән болып келеді. Балалар да ересектердің өміріне осылай қатынасады, өйткені ол өмір оларға мүлдем бөтен болғандықтан, ол ғажайып және еліктіретін болып көрінеді. Шын мәнінде, орыс рухында «азиаттық қабат» бар және ол қашанда горькийлік типтегі радикалды батысшылдықтан сезіліп тұрады. Орыс интеллигенциясының радикалды батысшылдығында әрқашан Батысқа жат барынша орыстық қана емес, барынша азиаттық та өте көп кездесті. Еуропалық ой орыстың интеллигенттік санасында адам танымастай бұрмаланды.

Читайте также:  Құрылымдар бірлігі туралы

Батыстық ғылым, батыстық ақыл­ой сыншыл батысқа беймәлім қандай да бір құдіреттің сипатына ие болды. Тіпті Бюхнер, үстірт идеялардың үшінші дәрежелі насихатшысы, өзіне деген діндарлықты сіңіретін катехезиске айналды. Ой мен танымның өзіндік құндылығы бізде қашанда теріске шығарылды. Міне, осы азиаттықтан орыс адамына, мәдени орыс адамына азат болар кез келген сияқты. Батыс адамы өзінің мәдени құндылықтары алдында құлдық ұрып табынбайды, − оларды жаратады. Бізге де мәдени құндылықтарды тереңнен туындату керек. Шығармашылық төлтумалылық еуропалық адамға тән. Осы қырынан орыс адамы еуропалық адамға ұқсауы керек. Орыстың төлтумалығын орыстың артта қалушылығымен шатастыруға болмайды. Осы қайғылы шатасушылық мейлінше әр алуан бағыттарға мейлінше тән. Ресей − мәдени артта қалған ел. Бұл талас тудырмайтын айтақ. Ресейде жабайы қараңғылық көп, онда Шығыстың қараңғы, бей­берекетсіз стихиясы қайнап жатыр. Ресейдің артта қалушылығы шығармашылық белсенділік арқылы, мәдени даму арқылы игерілуі тиіс. Бірақ ұлттық төлтумалылық артта қалушылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, ол дамудың төменгі сатыларында емес, жоғарғы сатыларында көрінуі керек. Көне артта қалған Ресей емес, келешектегі, жаңа Ресей мейлінше төлтумалы бола алады. Шынайы ұлттық сана ғана шығармашыл бола алады, ол артқа емес, алға бағытталады. Еуропаның барлық халықтарында осылай болды. Және тағы да қараңғы, жабайы, хаостық азиаттық Шығысты мәдениетті еуропалықтардың өздерінің назарын аударған өзіндік төлтума рухани типті білдірген азиаттық Шығыстың ежелгі мәдениетімен шатастыруға болмайды. Барлық ұлы діндер мен мәдениеттердің бесігі − Шығыста. Және еуропалық мәдениеттің шырқау шыңында да шынайы мәдени еуропалық адам өзінің көне бастауларынан безіну сезімін бастан кешірмейді. Бұлайша жек көру тек жабайы, мәдениеттен жұрдай адамға ғана тән. Көне мәдениет еуропалық мәдениеттің алдында құлдық ұрып табына алмайды да, Шығыстың мәдениетін де жек көре алмайды. Өзінің қаны мен өзінің рухында көне еуропалық мәдениеттің нәрін сезбеген, әлі қараңғы азиялық рух қана еуропалық мәдениеттің рухын кемел, тұтас және жалғыз деп қабылдайды. Және де ол Шығыстың ежелгі мәдениеттерін де сезбейді. М. Горький барлығын араластырады және қарабайырландырады. Шытыстың пайымдылығы мен Батыстың іскерлігі туралы өзінің негізінде дұрыс және көне ойды ол тұрпайыландырады және өте қарапайым баяндайды. Бұл тақырып үлкен философиялық тереңдікті талап етеді. Горькийде болса, әрдайым интеллитенттік­үйірмелік ұғымдармен өмір сүретін адамның мағлұматының жеткіліксіздігі мен әлемдік ойдың самғауын білмейтін провинциализм байқалып тұрады. II Еуропалық білімнің беткейін үстірт қана шолып өтіп, ақыл­ой мен ғылымға осылайша қарабайыр табынуға және олардан барлық зұлымдықтың панацеясын көруге болады. Сырт жағынан ардақтай қарап тұрған емес, танымның еуропалық үрдісінің терендігінің өзінде, ішкі дүниесінде орналасқан ғана еуропалық ақыл­ой мен еуропалық ғылымның ішкі қасіретін, оның терең дағдарысын, азапты наразылығын, жаңа жолдарды іздеуін аңғара алады. Горький Батыста соңғы онжылдықтарда жүзеге асып жатқан жөне аңқау­натуралистік және аңқау­ материалистік дүниетанымнан дым қалдырмаған орасан зор философиялық жұмыстың қасынан жанап өтіп кеткен тәрізді. Горький ақыл­ойды сыншыл емес, сөздің философиялық мағынасынан алыс қандай да бір аңқаулықпен бекітеді. Ғылыми позитивті бағыттардың басым бөлігі ақылды мойындамайды. Ақылға метафизиктер ғана сенеді. Және Горькийде де зерттеуші жағымды ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өте аңқау метафизикалық сенім бар. Ғылым үшін және оның мақсаты үшін ақылға деген мұндай діни сенімнің мүлдем қажеті жоқ. Горький, кәдуілгі орыс интеллигенті ретінде еуропалық ғылымды шектен тыс орысша қабылдады және оған ғылымды жаратушының оған табынбайтыны сияқты батысша емес, шығысша табынды. Кезіндегі Писарев сияқты, Горький үшін де, ғылым − катехезис.

Читайте также:  Алматы қаласының әуе бассейнінің ластануы

Бірақ бұл әлі де болса, сананың балалық жағдайы емес, бұл алғашқы кездесудің қуанышы. Еуропа Горький ойлағаннан анағұрлым күрделі, шексіз бай. Ол жақта, Батыста, жағымды ғылым мен қоғамдық әрекеттен басқа да нәрселер бар. Онда дін де, мистика да, метафизика да, романтикалық өнер де бар, онда байыпты пайымдаушылық пен ұшқыр армандаушылық та бар. Біздің дәуіріміздегі діни ізденістер тек Ресей үшін ғана емес, Еуропа үшін де тән. Ол жақта да Құдай мен өмірдің жоғарғы мәнін іздейді және өмірдің мағынасыздығынан туған сағыныш сарын бар. Горькийге соншалықты ұнамайтын романтизм шығыстық емес, батыстық құбылыс. Дәл осы батыстық адам − романтик және қызуқанды арманшыл. Шығыс адамы мүлдем романтик те, арманшыл да емес, оның діндарлығы мүлдем басқа типте. Романтизм діндарлықтың католиктік типімен қабат жүреді, бірақ ол діндарлықтың православиелік типінде мүлдем жоқ. Православиелік Шығыста әулие Граальдің кесесін іздеу мүмкін емес. Романтизм Үндістанда да, христиандық емес Шығыста да жоқ. Йогты романтик деп айтуға бола ма? М. Горький үшін романтизм қашанда буржуазиялық реакция болып табылады және осы тұжырымнан экономикалық материализмнің қандай көр соқырлыққа дейін жеткізетінін, оның қандай өлілігін көруге болады. Батыста романтикалық қозғалыс буржуазияның әлі де өз өмір жолының бастауында ғана тұрған кезінде, оның тұтас бір ғасыр бойы тамаша жетістіктерге жетуі мен жерге төн өмірде құдіреттілікке ие болмай тұрған кезінде пайда болған еді. Еуропалық буржуазияның ыдырауы туралы сол кездері айту ақылға сыймайтын болса, өз дамуының бастауында тұрған біздің уақытымыздағы Ресейдің ыдырау туралы айту да соншалықты орынсыз. Рухани өмірді осылайша түсіндірудің адамның қытығына тиетін талғамсыздығы туралы мен бұл жерде сөз де қозғап отырған жоқпын. М. Горький орыстың «құдай іздеушілігін» орталықты өзінен тысқарыда табуға және мағынасыз өмірі үшін өзінен жауапкершілікті алып тастауға ұмтылушылық деп айыптайды. Ол тіпті дәл осы діндар адамдар өмірдің мәнін теріске шығарады деп тұжырымдауды мүмкін деп есептейді. Міне, көр соқырлықтың таңғажайып мысалы. Дәл осы Горький «құдай іздеушілер» деп сәтсіз терминмен белгілегендер, міне, көптеген жылдар бойы ауырлықтың негізгі салмағын адамың ішкі дүниесіне, оның тұңғиығына ауыстыруға және өмірдің орасан зор жауапкершілігін адамзат тұлғасына жүктеуге ұмтылуда. Дәл солар жауапсыздықпен, жауапкершілікті адамнан тыс күшке жүктеумен күресуде. Тіпті өмірдің мәнін тек солар тана мойындап жатқан тұста, Горькийге діндар адамдар жердің мәнін теріске шығаратындай болып көрінеді. Позитивизм мен материализм жауапкершілікті, еркіндікті, шығармашыл ерікті теріске шығарады, адамды теріске шығарады және сыртқы жағдайлардың құдіреттілігі, қажеттіліктің билігі және әлеуметтік ортаның ерік­жігерсіз теориясын бекітеді. Діни сана болса, адамның шығармашыл белсенділігі үшін, жоғары еркіндік үшін, өмірдің жоғарғы мәні үшін әлеуметтік ортаның осы шіріген және әлсіреген теорияларымен күресуі қажет. Ресейде мұндай әлеуметтік органы әсірелейтін материалистік теориялар, барлығын жүзеге асыратын қажеттілік туралы төмендетуші ілімдер шығыстық жалқаулықтың, еріксіздіктің, жауапсыздықтың тамырлауына ғана ықпал етеді. Адамға деген, оның шығармашылық еркіндігі мен шығармашылық қуатына деген сенім тек діни санада ғана мүмкін болады, ал позитивтік санада ешқашан болмайды, өйткені ол адамға материалдық, яғни табиғи және әлеуметтік ортаның рефлексі ретінде қарайды. Ресейде адам белсенділігін, адам шығармашылығын, адам жауапкершілігін арттыруға үндеу шын мәнінде қажет және өзекті. Бірақ бұл М. Горький тұрған емес, мүлдем басқа түбірде мүмкін болады. Батыстың күрделі де бай өмірін бұрмалап және құлдықпен қабылдаған радикалды орыс батысшылдығы шығыстық енжарлықтың формасы болып табылады. Шығыста жаңа мәдениетті қалыптастыратын өзіндік төлтума шығармашылық белсенділік оянуы тиіс және ол тек діни түбірде ғана мүмкін бола алады. Біз енді балалық батысшылдықтан және балалық славянофилдіктен шығып, ұлттық өзіндік сананың анағұрлым ересек формаларына өтетін уақытындағы өз болымсыздығын жасына жетіп қалдық. Ұлы әлемдік уақиғалар бізді әлемдік кеңістікке, әлемдік келешектерге алып шығады. Әлемдік соғыстың сілкіністері Еуропаны да оны өзінің оқшау шектерінен тысқа шығарады, Еуропаның өз ішіндегі түбірлі қайшылықтарды ашады және батысшылдықтың табыну нысандарын құлатады. Ресейдің әлемдік айналымға тартылуы оның тұйық провинциалдық өміріне, оның славянофилдік самарқаулығына және батысшылдық құлдығына тоқтау қоюды білдіреді. Бірақ М. Горький ескі санада қалып қояды, ол әлемде жүзеге асып жатқандардан ештеңе үйренгісі келмейді және Шығыс пен Батысты баяғыша қарсы қоюда тұрып қалады.

Читайте также:  ОҚУ ҮРДІСІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ МЕН ТƏРБИЕ БЕРУ

Оставить комментарий