Азияның саяси картасы мен аймақтары

Опубликовано Октябрь 9, 2016 by Damir

Рубрика География

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 3.5 (2 голосов)

 

Азия — екі жартышарда бірдей орналасқан ең үлкен дүние бөлігі, оның алып жатқан ауданы 44 млн км2-ді құрайды. Мұнда Жер шары халқының жартысынан астамы тұрады және 40-қа жуық мемлекет орналасқан. Осы айрықша аймақтың саяси картасының қалыптасуы да ұзақ тарихи кезеңді қамтитын күрделі үрдіс болды.

Саяси картасының қалыптасу кезеңдері. Азиядағы ежелгі мемлекеттер, негізінен, ірі өзендер аңғарында қалыптасты. Адамзат тарихындағы төрт ұлы «өзендік өркениеттің» үшеуі Азияда пайда болып, шарықтау шегіне жетті. Ежелгі Азия мемлекеттерінде шаруашылықтың жергілікті табиғат жағдайларына мейлінше бейімделген салалары дамытылып, осыдан 4 мың жылдай бұрын Тигр және Евфрат өзендерінің аралығында (Месопотамия) адамзат тарихындағы алғашқы қалалар пайда болды. Ғалымдардың болжауынша, осындағы аса ірі Вавилон қаласында б.з. д. VII ғасырдың өзінде 1 млн-ға жуық адам тұрған.

Азияның саяси картасы

Сонымен қатар Азия айрықша «көшпенді өркениеттің» бесігі болды. Қара теңіз бен Сары теңіз аралығында созылып жатқан шетсіз-шексіз Ұлы далада көшпенділердің ежелгі Ғұн мемлекеті қалыптасты. Қазақстанның байырғы халқы — қазақтар осы ұлы өркениеттің бір тармағын құрайды. Сонымен ежелгі кезеңдерде және ортағасырларда Азия жерінде әлемдік тарихта өзіндік із қалдырған отырықшы әрі көшпенді өркениеттің көптеген ірі мемлекеттік қүрылымдары пайда болды.

Дегенмен де Азияның қазіргі саяси картасының қалыптасуына аса ірі Батыс мемлекеттерінің осы дүние бөлігіне енетін жерлерді отарландыруы, кейіннен отарлардың азаттық алуы негіз болды.

Азияны отарлау кезеңі XV ғасырда Васко да Гаманың Үндістанға баратын жолды ашуынан басталды. 1511 жылы португалдар Малакка түбегін басып алды, ал осы ғасырдың соңында Испания Филиппин аралдарын иеленді. Бұл кезеңде күшті теңіз державаларына айналған Ұлыбритания мен Нидерланд Азиядағы көпшілік аумақтарды өз иеліктері ретінде жариялады. Кейіннен бұл дүние бөлігінде Франция, Португалия, Ресей, АҚШ және Жапонияның отарлары пайда болды. Сонымен XX ғасырдың басында Азия жерінің 56%-ы отарланып бітті. Отарлаушы мемлекеттер арасында иеліктерінің аумағы мен саны жөнінен Ұлыбритания алдыңғы орынға шықты. Иеліктер атауы, негізінен, қазіргі атына сәйкес берілді.

Дамыған елдердің Азиядағы отарлары XX ғасырдың ортасына дейін сақталды. Отарлық жүйенің Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ыдырай бастауы иеліктердің көпшілігінің тәуелсіздік алуына алып келді. Қазіргі кезде Үнді мұхитындағы кейбір бытыраңқы ұсақ аралдық аумақтар ғана иеліктер түрінде сақталып қалды.

Тарихи-географиялық аймақтары. Мемлекеттер құрылысы.

Дүниенің ешбір бөлігінде Азиядағыдай айқын ажыратылатын аймақтар жоқ. Азия аумағында әлеуметтік-экономикалық, географиялық жағынан мүлде ұқсамайтын төрт тарихи-географиялық аймақ қалыптасты:

  1. Оңтүстік-Батыс Азия.
  2. Оңтүстік Азия.
  3. Оңтүстік-Шығыс Азия.
  4. Орталық Шығыс Азия.

Әр аймақтың өзіндік бет-бейнесінің қалыптасуына, біріншіден, географиялық орнының ерекшеліктері; екіншіден, табиғат жағдайлары мен ресурстарының өркелкі болуы; үшіншіден, тарихи тағдырларының әрқилылығы; төртіншіден, әлеуметтік-мәдени айырмашылықтары; бесіншіден, экономикалық даму жолының түрліше болуы ықпал етті.

Оңтүстік-Батыс Азия — құрамына 17 ел енетін тарихи қалыптасқан аймақ; түгелімен Таяу және Орта Шығыс деп аталатын тарихи-мәдени облысқа енеді. Араб географиясында бұл аймақты «Машриқ» (Шығыс) деп те атайды. Біртұтас мәдени облыс түзетін араб әлемінің Солтүстік Африка жеріндегі бөлігі «Мағриб» (Батыс) деп аталады.

Аймақтың үш дүние бөлігі тоғысқан жерде орналасуы, аса маңызды халықаралық су жолдарының тоғысында жатуы және көпшілік аумағының мұнай қорына бай болуы бұл топтағы елдердің саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтаушы басты факторға айналды. Суэц каналының іске қосылуы және Берлин-Бағдад теміржолының салынуы аймақтың геосаяси жағдайын нығайта түсті.

1948 жылы БҰҰ-ның шешімімен Палестина жерінде Израиль мемлекеті құрылды. Тарихи кезеңде бұл мемлекеттердің шекаралары бірнеше рет өзгеріске түсті. Кезінде ұлттық, діни айырмашылықтар ескерілмей тағайындалған мемлекеттік шекаралар, ішкі ұлт араздығы бұл аймақта XX ғасырдың екінші жартысында бірнеше рет соғыс өртін туғызды. Олардың ең бастылары ретінде Израильдің көршілес араб елдеріне (Египет, Иордания, Сирия, Ливан) қарсы басқыншылығын, Палестина-Израиль жанжалын, Ирактың Кувейтке шабуылын, Ауғанстандағы ұзақ жылғы соғысты және т.б. атауға болады.

Аймақ құрамындағы елдердің мемлекеттік құрылысы мен басқару-формасы алуан түрлі: мұнда республикалар (Грузия, Израиль, Ирак, Иран, Йемен, Ливан, Кипр, Сирия, Түркия, Ауғанстан) басым, сонымен қатар конституциялық (Иордания) және абсолютті (Бахрейн, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірлігі, Оман, Сауд Арабиясы) монархиялар бар.

Оңтүстік Азия Гималай тауынан оңтүстікке қарай орналасқан 7 елді қамтиды. Аумағы жөнінен Жер шарының бар болғаны 4%-ын ғана алып жатқан бұл аймақта адамзаттың 1/5 бөлігі, яғни 1,7 млрд-қа жуық халық тұрады. Аймақтың Үнді мұхиты жағалауында орналасуы мұндағы елдердің ежелден-ақ мемлекетаралық сауда қатынастарына еркін енуіне жағдай жасаған. Қазіргі кезде бұл жағалау арқылы Еуропа мен Африканы Азия елдерімен және Аустралиямен байланыстыратын халықаралық қатынас жолдары өтеді.

XVII ғасырдан бастап Оңтүстік Азия аймағын иелену мақсатында Еуропаның сол кезеңдегі жетекші елдері арасында бәсекелестік өрши түсті. Ақыр соңында Ұлыбритания басымдылық көрсетіп, XIX ғасырдың ортасына қарай ең ірі отар — Британдық Үндістан пайда болды. Ұлт-азаттық қозғалыс нәтижесінде елдердің басым көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғыстан соң тәуелсіздігін алды.

Мемлекеттік құрылысы мен басқару формасы бойынша республикалармен (Үндістан, Пәкстан, Бангладеш, Шри-Ланка, Мальдив, Непал) бірге Бутан сияқты конституциялық монархия да бар.

Оңтүстік-Шығыс Азия аймағына Үндіқытай түбегі мен Малай топаралында (архипелаг) орналасқан 11 ел енеді. Көне өркениет орталықтары болып саналатын Қытай мен Үндістан аралығында орналасуы және аса маңызды теңіз жолдары тоғысатын алапта жатуы аймақтың саяси картасының қалыптасуына, халқының құрамына, шаруашылығының дамуына өзіндік әсерін тигізді.

Оставить комментарий

Загрузка...