Азияның табиғат жағдайлары мен ресурстары

Опубликовано Октябрь 9, 2016 by Damir

Рубрика География

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 2.5 (2 голосов)

 

Азияның табиғат жағдайлары. Азия дүниежүзінде табиғат жағдайының алуантүрлілігімен ерекшеленеді. Бұл, ең алдымен, оның алып жатқан ауданының өте ауқымды болуымен, жер бедері мен климаттық жағдайының аса күрделілігімен түсіндіріледі. Жер бедерінің 75% -ын таулар мен таулы үстірттер алып жатыр. Орташа биіктігі жағынан Антарктидадан кейінгі екінші орында — 950 м. Теңіз деңгейінен ең биік жері — 8848 м-лік Джомолунгма шыңы, әлемдегі ең биік нүкте болып табылады. Азиядағы ең төмен жер — Өлі теңіз, ол теңіз деңгейінен 403 м төмен орналасқан.

Азиядағы ірі тау жүйелері екі белдеу құрайды: бірі — ендік бағытындағы Кіші Азия түбегінен басталып, Малакка түбегі арқылы Тынық мұхит жағалауына дейін созылып жатқан Азияның биік таулары. Мұндағы ең биік таулар мен таулы қыраттар Орталық Азия жерінде шоғырланған. Кейде оларды Биік Азия деп те атайды. Олар: Памир, Гиндукуш, Қарақорым, Тянь-Шань, Куньлунь, Тибет таулы қыраты, Гималай. Екіншісі — Тянь-Шань тауынан Чукот түбегіне дейін созылатын Солтүстік-Шығыс тау белдеуі, оның құрамына Алтай, Саян, Байкал маңы және Байкал сырты таулары мен Солтүстік-Шығыс Сібір таулары кіреді. Бұл таулар ертеректе көтерілген, сондықтан салыстырмалы түрде аласа болып келеді. Азияның Тынық мұхит жағалауын және аралдар тізбегін бойлай Тынық мұхит геосинклинальды белдеуіне енетін жас қатпарлы аймақ орналасқан. Бұл өңірде қазіргі жанартау атқылау мен күшті жер сілкіністері — жиі болатын құбылыстар.

Азия жерінің қалған бөлігін(25%-ы) жазық жерлер алып жатыр. Олардың ең ірілерінің қатарына Батыс Сібір, Тұран, Ұлы Қытай, Үнді-Ганг Месопотамия жазықтары жатады.

Азия жерінде солтүстік жартышарға тән барлық климаттық белдеулер мен климат сипаттары кездеседі.

Табиғат ресурстары. Азияда жер қыртысының күрделі болуы көптеген минералды ресурстардың кездесуіне негіз болады. Ежелгі платформалардың қалқанды құрылымдары жер бетіне шығып жатқан бөліктерде кенді пайдалы қазбалар басым таралады. Магмалық жолмен түзілген темір кені Үндістан түбегі мен Қытайдың солтүстік-шығысында; түсті және сирек кездесетін металдар белдеуі Азияның оңтүстік-шығысында шоғырланған. Көмір кен орындары түтас алаптар түрінде палеозойлық құрылымдар таралған аудандарда (әсіресе Қытай мен Үндістан жерінде) көптеп кездеседі. Азияның халықаралық географиялық еңбек бөлінісіндегі орнын анықтайтын басты байлығы — мұнай. Азия елдерінің көпшілігінде мұнай мен табиғи газдың мол қоры барланғанына қарамастан, олардың негізгі кен орындары Парсы шығанағы жағалауы елдерінде (Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Кувейт, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар және т.б.) шоғырланған. Бүкіл дүниежүзінде барланған алып 30 мұнай кен орнының 15-і осы аймаққа тән, оның ішінде Сауд Арабиясындағы 12 млрд т-дай мұнай қоры бар Гавар және 9 млрд т-дай мұнай қоры бар Әл-Буркан секілді аса ірі кен орындары ерекше көзге түседі. Соңғы жылдарда Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауындағы қайраңдардан мұнай мен табиғи газды іздестіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Дүниежүзі бойынша мұнай өндіруден Сауд Арабиясы бірінші орынды; табиғи газ өндіруден Иран үшінші орынды; таскөмір мен темір, қалайы және вольфрам кендерін өндіруден Қытай бірінші орынды; хром кенін өндіруден Үндістан үшінші орынды иеленеді. Тұздардың аса ірі қоры Арабия түбегінің Жерорта теңізі жағалауында шоғырланған. Атақты Өлі теңіз суы кальций, магний, калий, натрий және бром хлоридтерінің тұнбасы болып табылады. Иордан өзені ағынымен бірге жылына 40 мың т-дан астам калий тұздары көлге құйылып отырады.

Азияның көпшілік бөлігі, әсіресе ішкі аудандарының континенттік климат жағдайында болуы және таулы аудандар үлесінің жоғары болуы Азияның бірқатар бөліктерінде ауыл шаруашылығының кейбір салаларын дамыту мүмкіндігін шектейді. Бұл жағдай жер қорының жеткіліксіздігіне де тәуелді. Азияның барлық жер қоры — 2755 млн ға (бұрынғы Кеңестер Одағы елдерін есептемегенде). Құрғақ аудандар (Оңтүстік-Батыс және Орталық Азия) жайылымдық мал шаруашылығы үшін, ал ылғал жеткілікті аудандар (Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия) егіншілік үшін пайдаланылады. Ежелгі егіншілік аудандары болып табылатын бұл аймақтар мен ірі өзен бойларындағы (Ганг, Брахмапутра, Меконг, Иравади, Тигр, Евфрат, Янцзы, Хуанхэ) аллювийлі топырақтар да аса құнарлылығымен ерекшеленеді. Азиядағы жыртылған жерлердің 90% -дан астамы осы муссондық секторға келеді. Бұл аудандарда еңістігі 30-45°-тық тау беткейлері де жыртылған. Әсіресе аллювийлі жазықтардың жыртылу дәрежесі дүниежүзілік көрсеткіштерден екі есе артық. Дүниежүзіндегі ең ірі антропогендік террасалар осында шоғырланған.

Азия елдерінің көпшілігінде егістік жермен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда небәрі 0,1-0,2 га болады, тіпті оған да жетпейді. Халықтың саны қарқынды өскен сайын бұл көрсеткіш те кеми түсуде. Сондықтан да жер қорын неғұрлым тиімді пайдалану үшін жылудың қоры өсімдіктердің жыл он екі ай өсуіне мүмкіндік беретін аудандарда (10°С-тан жоғары температуралар жиынтығы 3500°-тан 10000°-қа жетеді) қолдан суару кеңінен жүргізіледі. Оңтүстік-Батыс Азияның құрғақ тропиктері мен субтропиктерінде бүкіл жыл бойы, ал муссондық климат тән аудандарда қолдан суару қыс кезінде ғана жүргізіледі. Азияға дүниежүзіндегі суармалы жер үлесінің 2/3-сі келеді. Суармалы жерлердің жалпы ауданы жөнінен Қытай дүниежүзінде бірінші, ал Үндістан екінші орынды алады. Азия дүниежүзіндегі табиғи каучуктың90%-дана стамын, күріштің 85%-ын, шайдың 75%-ын өндіреді.

Азия жері су қорына бай болғанымен, ол аймақ бойынша біркелкі таралмаған. Су ресурсымен әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жақсы қамтамасыз етілген, ал қалған бөліктер оның жетіспеушілігінен зардап шегеді. Азияда тұщы су қорының 90% -ға жуығы суландыру мақсатында пайдаланылады. Су-энергетикалық ресурстар таулы аудандарда шоғырланған, бірақ муссондық климат жағдайында су деңгейін тұрақты ұстап тұру қиындық туғызатындықтан, бұл ресурстар өз дәрежесінде қолданылмай келеді. Жапон, Филиппин аралдары, Корея түбегі мен Оңтүстік-Шығыс Азияда бұл әлеует мүмкіндігінше пайдаланылуда.

Орман ресурсы Азияның шығыс, оңтүстік-шығыс бөліктерінде таралған. Бұл аймақты ылғалды мәңгі жасыл тропиктік ормандар алып жатыр. Мұнда сүрегі аса бағалы деп есептелетін, ылғалды бойына сіңірмейтін палисандр, қызылағаш және қараағаш, сондай-ақ құрамында эфир майы мен шайыр бар камфора, қызыл және ақ сандал, темір ағаштары кең таралған. Бұл ағаштардың сүрегі халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие. Бірақ та Үндістан мен Үндіқытайдың бірқатар елдерінде әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты әлі күнге дейін дайындалған ағаш сүректерінің 50-90% -дай бөлігі отын ретінде пайдаланылатындықтан орман аумағы жылдан-жылға азаюда.

 

Азияның көптеген елдері теңіз жағалық орны мен аса биік таулар аймағында орналасуына сәйкес рекреациялық ресурстардың алуан түрлі жиынтығының кездесуімен де ерекшеленеді.

 

 

Оставить комментарий