БҮГІНГІ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ӘДЕБИ НОРМА

Баспасөз – әлеумет, қалың бұқараға тілдік құралдарды қажетіне қарай қолдана отырып, қоғамның тынысын көрсететін, халық мүддесін көздеп, шындықты ту ететін құрал. Баспасөздің тілі мен стиліне зор талап қойылады. Қоғамға қызмет ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары насихат жүргізуші, ақпарат өнімін даярлауда тілдің барлық ярустарын коммуникативті қолданып, тіл эстетикасын қалыптастырушы. Ақпараттың мазмұны мен мәніне сай кумулятивтік, этнолингвистикалық қызметін жүзеге асырады, қоғам мен халықты байланыстырушы үн. Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде 449 газет пен 117 журнал шығады екен. Оның сыртында қазақ, орыс тілдерінде екі тілде шығатын газет- журналдар тағы бар [1]. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда қазақ басылымдары санының бұлай артуы тәуелсіздік арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз. Осы басылымдар қазақ тілінің шешімін таппаған сан алуан мәселелерін үздіксіз көтеріп, тіліміздің дамуына, оның Ата заңда көрсетілген мәртебесіне сәйкес қолданылуына қатысты жазудан жалыққан емес. Тек журналистердің ғана емес, тілші ғалымдар мен филологтардың, тіл жанашырлары мен түрлі сала мамандары тарапынан тілдің жайын сөз еткен сан алуан мақалалар да қазақ тілінде жарық көретін мерзімді баспасөз арқылы қалың жұртшылыққа жол тартады. Бұл мақалада біз негізінен бүгінгі қазақ баспасөзінің жай-күйіне, мәдениетіне, әдеби нормаға және сөз қолданыcта орын алып жүрген кейбір кемшіліктерге тоқталамыз. Белгілі тіл маманы, академик Р.Сыздық: «Тіл мәдениеті дегеніміз- сөздерді дұрыс қолдану, сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп, дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, тілдің ғасырлар бойы сұрыпталып келген, ақын, жазушы, сияқты сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану сияқты амал, әрекеттерді қамтиды», — деп ескертеді[3; 24б]. Белгілі бір нормадан ауытқудың бәрі бірдей теріс әрекет бола бермейді. Белгілі бір коммуникативтік мақсатқа байланысты жөн біле отырып ауытқу прагматикалық мақсатқа тән уәжді ауытқуға жатады, коммуникативтік әсер- ықпалы ерекше болады. Тілдік қарым-қатынас кезінде «іріктелген», «тұрақталған», «уақыт сынынан өткен» қолданыстағы жүйелер белгілі бір себептен «бұзылып» жатады. Сөз субьектісі реципиентке әсер, ықпал етудің тілдік, риторикалық, стильдік тәсілі мен амалы ретінде сөзді тіркеспейтін сөздермен тіркестіруі, сөзді әдеттегі, үйреншікті мағынасынан өзгеше мәнде жұмсайды, фразеологизм, паремологизмдердің тұрақты құрылымын «бұзып» қолданады, сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіреді, орфографиялық, орфоэпиялық тәртіптен ауытқиды. Сөйтіп автор реципиенттің мәтінді қабылдау үрдісіндегі (процесіндегі) автоматизмді «әлсіретуге» тырысады. Белгілі бір мақсатты көздеп, нормадан ауытқу – прагматикалық ауытқу деп аталады. Бірінші , Тілдік нормадан прагматикалық ауытқу. Нормадан ауытқудың бұл түрі тілдік жүйе және құрылымға тікелей қатысты. Тілдік норма – қоғамдық коммуникация кезінде әбден іріктелген, уақыт сынынан өтіп тұрақталған тілдік жүйенің бөлігі, жиынтығы. Тілдік нормадан прагматикалық мақсатта ауытқуға сөзді тіркеспейтін сөзбен тіркестіру; сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіру; фразеологизмдердің құрамын бұзып қолдану; орфографиялық норманы бұзып қолдану; орфоэпиялық норманы бұзып қолдану жатады. Екінші, мәтін нормасы-сөз нормасынан (норма речевые) прагматикалық ауытқу. Мәтіннің, сөздің тұтастығын мәтіннің құрылымдық бірліктерінің өзара байланысын, мәтіннің бір мәнді сипатын, белгілі бір стильге, жанрға жататынын қамтамасыз ететін жазбаша немесе ауызша сөз саптаудың, мәтін құрудың ережелері. Сөз әрекеті кезінде прагматикалық мақсатқа байланыста сөз, мәтін нормасынан әдейі ауытқу риторикалық тәсілге жатады. Тілдік норма бұзылмайды. Сөз сөйленім, мәтін нормасынан ауытқудың риторикалық тәсілдеріне амплификация, анадиплозис, антиэллипсис, т.б. жатады. Үшінші, Логикалық нормадан прагматикалық ауытқу – әдеттегі, қалыпты сөзде формалды логика заңдарының сақталуы логикалық норма дегенге саяды. Прагматикалық мақсатпен байланысты ауытқу паралогикалық риторикалық тәсіл деп аталады. Мысалы, бір нәрсенің бір мезгілде әрі жалған, әрі ақиқат болуы мүмкін емес. Мысалы, күн шайдай ашық кезде жаңбыр жаумайды, күн жауса, шайдай ашық болмайды. Алайда «бұлтсыз күнгі найзағай» деген қолданыс «ешкім күтпеген», «табан астында болған» оқиғаға байланысты айтылады. Осылайша логикалық нормадан мақсатты түрде ауытқи отырып, кейбір қолданыстарды ақылға сыйдыру сөз шеберлігінің бір қыры. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» ; «Қалауын тапса қар жанады» дейтін мақал-мәтелдер паралогикалық тәсіл арқылы жасалған. Төртінші, онтологиялық нормадан прагматикалық ауытқу. Онтология – ақиқат дүниенің тілдік бейнесі, болмыстың жалпы адамзатқа тән, я болмаса белгілі бір мәдени-тілдік қоғамдастыққа тән құрылымдары, заңдары, формалары. Мысалы, қазақ қоғамындағы мәдени, тұрмыстық санада құда «сыйлы адам», «мыңжылдық жекжат». Осы түсінік құрмаласқан құда, құшақтасқан дос, т.б. сөз орамдары арқылы репрезентацияланады. Тілдік ұжымның санасындағы ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңіндегі мына жолдар дәлме-дәл береді: «Қазақ – осы құда бол деп қинайтын, құдаларын құдайдай-ақ сыйлайтын». Бесінші, Этологиялық норма. Норманың бұл түріне сөз саптаудың, қарым-қатынастың постулаттары мен максималары жатады. Осылардың белгілі бір прагматикалық мақсатқа байланысты бұзылуы параэтологиялық тәсіл деп аталады [3; 56б]. Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын ең басты талап — қысқалық, ықшамдылық. Яғни, хабар әрі қысқа, әрі түсінікті болуы керек. Ал, ықшамдылық дегеніміз-баспасөздің бетін, яғни, газет бетін үнемдеу деген сөз. Газеттің көпсөзділікке ұшырауының нақты екі себебіне тоқталар болсақ, онда, біріншіден, материал сөз болатын ең негізгі мәселеге қүрылмайды. Оған алыстап орағытып, басты мәселеге келгенше айналсоқтап жүріп алады. Екіншіден, газеттерде артық, босқа тұрған сөз тіркестері, сөйлемдер бар. Қажетсіз қайталауларға жол беріледі . Бұл жерде бір ескеретін нәрсе, қысқа да нұсқа жазу жайы. Ал, шын мәнінде қысқа жазу жағдайды айтпай кету деген сөз емес, қайта тек қажетті нәрсені ғана беріп, ықшамдап айта білу деген сөз. Бұл арада осы мәселеге байланысты айта кететін тағы да бір басты мәселе — ол сөйлем мүшелерін баспасөз бетінде дұрыс қолдана білу жайы, әдетте, сөйлемдегі сөздер саны аз болса, көп болса да сөз тіркесі өзара мағыналық синтаксистік байланыста болу арқылы белгілі мүшелік қатынаста жұмсалады. Олай болса, сөйлемді дұрыс құрау үшін сөйлемдегі сөздерді дұрыс байланыстырып, дұрыс құра білген жөн. Әсіресе, бұл арада сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшаларға өте сақ болған дұрыс. Сөйлем құруға негіз болатын бас мүшелер, әсіресе, баяндауыш ойды дұрыс құрастыруға арқау болады. Бас мүшелер болмаса, басқа мүшелердің болуы да мүмкін емес. Анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш алдымен сол екі бас мүшенің маңына топталады, бірін-бірі анықтап, толықтырып, сөйлемнің құрамына ене алады. Сонымен қатар, ойды аз сөзге сыйдырып айту, сөйлемде бір сөзді қайталай бермеу талаптары қойылады. Сөйлемде басы артық сөз қолданбау керек, бір сөзді қайталай бермей, бірде оның синонимін, бірде оның орнын басатын есімдікті пайдаланып, кейде бір сөзді екі-үш сөйлемге ортақ етіп қолдана білген жөн. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің қалай болуы жазушының, сөйлеушінің еркіндегі нәрсе емес. Әрбір тілдің өзіне тән ішкі заңы, ережелері болады. Дұрыс құрастырылған сөйлемнің түсінігі де дұрыс, кісіге әсері де өзгеше болады. Әдеби тілде қалыптасқан сөйлем құрылысын бұзып, оның басын аяғына келтіріп жазу, әрине, шеберлікке жатпайды. Мәселен, «жұртқа көп тараған халық музыкасынан концерт береміз» деудің орнына, «көп тараған қазақтың халық музыкасынан концерт береміз» деп жазсақ, тілдік стильді бұзғанымыз болып есептеледі. Сөйлем құруда, сөзді дұрыс орналастыруды шеберлік деп тану үшін де, сөздердің орын тәртібін дұрыс сақтап жазу үшін де қазақ әдеби тілінің ережелерін жақсы білген шарт. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі тұрақты болып келеді. Ал, орыс тілінде болса, еркіндік басым. Екінші талап, газет материалдары әсерлі, тұщымды, бейімді, оқығанда тамсана оқылуы тиіс. Ең бастысы газет-журналдардың әрбір сөзі, сөйлемі жүрек түкпірінен шыққан, оқырман жанына жайлы тиіп, сезіміне әсер етсе… Міне, сонда ғана оқырман газетке, тыңдаушы ақпаратқа құлақ асады. Осылай деп материал мәтініне мәнсіз, дәнсіз сөздерді орынды-орынсыз тықпалай беруге тағы болмайды. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин өз шығармаларында 21 мың сөз қолданған дейді. Соның 17 мыңы еш қайталанбаған сөздер . Ал, осы А.С.Пушкиннің сөз қолданысының шебер үлгілерін классик жазушыларымыз С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтерден табуға болады. Осыған орай кезінде ауыз әдебиетіндегі кейбір нақыл сөздерге сын айтылғаны белгілі. Мысалы, «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас». Бұл арада оның алғашқы жолымен келісуге болады. Өйткені, құм жиылып тас болмауы мүмкін, ал екінші жолындағы құлдардың жиылып, олардың арасынан көсем шығуы мүмкін ғой. Мақал- мәтел болсын немесе қанатты сөздер болсын, олардың мән-мазмұнына көп оқып, біліп барып көз жеткізген орынды. Үшінші талап, әрбір сөйлем, сөз орамдары оқырманға дәл жеткізілуге тиіс, олар екі ұшты, екі түрлі мағына бермеуі керек. Мәселен, «Шығармада алты басты кейіпкер бар» деген сөйлемді оқып көрелікші. Бұл жерде сөйлем дұрыс құрылмаған, екі ұшты ұғым туғызып тұр. Сөз орамы дәл емес. Әр сөзді тиісті орнына қоя білу керек десек, сөздің құдіретін дұрыс таныған жөн. Бұл басты көңіл бөлетін нәрсе, сөз қалай болса солай тұрып үлкен әсер күшке ие бола алмайды. Сөз сапасы үшін күрескенде ғана, яғни, мәнді-ойлы сөздерді орнын, кілтін тауып пайдалана білгенде ғана, ол құдіретті. Ойға «Орынды сөз ғана жүйесін табады» деген салиқалы ескертпесі оралады. Сөйтіп, ой-пікірді дәл беру — әр сөздің мағынасын жақсы білу деген сөз. Себебі, ой түсініксіз болса, сөз де түсініксіз болып шығады. Ал, адам ой- санасының нақты көрінісі — тіл екендігі белгілі. Олай болса, адамға тіл ой- сана, ойлау пайда болғаннан бастап біткен. Ой-сана қаншалықты ежелгі болса, оның тілі де сондай ежелгі. Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын төртінші талап – тіл шұбарлығына жол бермеу, материалдарды таза қазақ тілінде жазу мәселесі. Бесінші талап, әрбір сөз, сөйлем мағынасына қарай сараланып қолданылуы керек. Сөзді саралап қолдану тіл мәдениетін өркендетудің маңызды бір буыны екенін ана тілін қадірлейтін әр азамат жақсы біледі. Бұл жерде айтылатын ойды сауатты жеткізе білмеу тек жазушының не журналистің жалпы мәдениетінің төмендігін білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар, ол адамдардың бір-бірімен түсінісуін қиындатады. Мазмұнын дәл беретін тілдік құралдарды сұрыптап қолданудың маңызы қашан да зор болмақ. Мәселен, «дайындау, даярлау, әзірлеу» деген үш атаудың былай қарағанда бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты. Бәрінің білдіретіні-бір әрекет, бағынатыны — бір мазмұн. Мысалы, біздер орыстың «заготовка» сөзін — дайындау, «подготовка» сөзін — даярлау, «готовить» сөзін — әзірлеу деп алдық та, мағына жағынан реттеп, осылайша қалыптасты. Бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газеті осы сөздерді мазмұнына қарап саралап қолданған. Олар жанды нәрселерге келгенде даярлады (кадр даярлады), ал, жансыз заттарға дайындады (машина дайындады) формаларын енгізген[2; 118б]. Редакция ұжымының мұндай мұқияттылығы газеттің стиль мәселесіне немқұрайлы қарамайтындығын байқатады. Ал, осы сөздердің сараланып қолданылуы, әдеби нормаға келуі — айтайын деген ойдың, екінші бір адамға жеткізілетін пікірдің екшеленуі, солардың тап-тұйнақтай қонымды, үйлесімді шығуы, яғни тіл мәдениетінің артуы деген ұғымға сай. Қорыта келгенде, бұл талаптардың тоғысатын жері авторлардан тіл(сөз) шеберлігін талап ету, сөз мағынасын түсініп, тілдік нормаға сай қолдану болып табылады. Баспасөз тілінің мәселесі – қоғамды, қоғам мүшелерін тәрбиелейтін құрал. Себебі, тіл – ұлттың қазынасы. Баспасөз тілін тілдік нормаға сай қолдану, мерзімді баспасөздің (газет, журнал) лингвистикасын сақтау – баспасөздің мәдениеті, яғни, тілдік норманың талабы. Пайдаланылған әдебиет 1.Құрманбайұлы Ш. БАҚ тілі мінсіз болсын десек… «Егемен Қазақстан» газеті. 29тамыз, 2012 ж. 2.Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы). –Алматы: «Арыс», 1999. – 228 бет. 3.Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы). – Астана: «Елорда», 2001. – 230бет.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar