Бүкіләлемдік-азаматтық тұрғыдағы жалпы тарих идеясы

Ырықтың еркіндігі туралы метафизикалық тұрғыдан алғанда біз өзімізше қандай ұғым құрастырмасақ та, адамзат қылықтарының, ерік көрінісінің табиғаттағы барлық өзге құбылыстар сияқты, жаратылыстың жалпы заңдарымен анықталатынын қажетті түрде мойындауға тура келеді. Бұл көріністерді зерттеумен айналысатын тарих, олардың себептері қаншалықты тереңге тығылғанымен, егер ол адам ырқының еркіндік әрекетін бір жиынтықта қарастырар болса, онда ол оның заңды барысын аша алар еді деп ойлауға мүмкіндік береді; және де жекелеген адамдарда ережеге көнбейтіндей әрі шатасып кеткендей көрінетін нәрсені бүкіл адамзат тегіне қатысты оның бастапқы нышандарының, баяу болса да, өзгермейтін үдемелі, дамуы ретінде мойындауға болар еді. Мысалы, некеге, онан туындайтын туылу мен өлуге адамның ерікті ырқы үлкен ықпал еткенімен, соның негізінде оның санын алдын ала математикалық тұрғыда анықтауға болатындай қандай да бір ережеге бағынбайтын болып көрінеді. Дегенмен әлеуетті елдердегі неке туралы жыл сайынғы мәліметтердің көрсететініндей, жекелеген жағдайларда анықталмайтындығына қарамастан, жалпы алғанда астықтың өсіп шығуы, өзендердің ағысы сияқты өзге де табиғи құрылымдарды үздіксіз және бір деңгейде қолдап отыратын ауа­райының өзгермелі тербелістері сияқты, отасу да табиғаттың тұрақты заңдарына сәйкес жүзеге асады. Жекелеген адамдар немесе тіпті бүтіндей халықтар әрқайсысы өз пайымымен және көбіне өзгелерге зиянын тигізе отырып, өздерінің жеке мүдделерін қуған кезде, олар өздеріне байқалмайтын табиғаттың беймәлім мақсатының жетегінде кететінін ойлап бас қатырмайды және егер бұл мақсат оларға белгілі болғанның өзінде де қызықтыра қоймағанымен, бұл бәрібір оған жетуге ықпалын тигізеді. Адамдар өздерінің ұмтылыстарында жалпы алғанда жануарлар сияқты таза инстинктивті де, сол сияқты әлемнің зерделі азаматтары сияқты келісілген жоспар бойынша да әрекет етпейтіндіктен, оларда жоспарланған тарихтың (мысалы, айталық бал аралары мен суырлардағы сияқты) болуы мүмкін емес тәрізді. Ұлы әлемдік сахнадан олардың әрекет тәртібіне көз салған кезде кейбір күйзеліс сезімінен құтыла алмайсың. Сол сәтте кей жағдайлардан байқалатын барлық көрнекі данагөйлік барысында түбінде бар нәрсенің тұтастай алғанда ақымақтықтардан, балалық баққұмарлықтан, ал кейде қиратуға деген балалық өшпенділік пен құмарлықтан түзілгенін аңғарасың. Және ақырында өз күшіңе қаншалықты сенгеніңмен, біздің тегіміз туралы қандай ұғым құрарыңды білмей дал боласың. Мұндайда философ үшін тығырықтан шығар бір жол қалады: адамдарда және олардың қылықтарының жиынтығында қандай да бір саналы өзіндік мақсаттың болмайтындығын білгендіктен, адамзаттың іс­әрекетінің бұл мән­мағынасыз барысында табиғаттың мақсатын ашуға тырысу керек, соның негізінде жеке жоспарсыз әрекет ететіндердің табиғаттың белгілі бір жоспарына сай ықтимал тарихының болуы мүмкін болып шығар еді.

Мұндай тарихқа сілтейтін сүрлеуді таба алар ме екенбіз, көрейік, және сонда ғана тарихты жазуға қабілетті адамды өндіріп шығару мүмкіндігін табиғатқа бере аламыз. Ал табиғат болса, ғаламшарлардың эксцентрлі орбиталарын аяқ астынан белгілі бір заңдылыққа бағындырған Келлерді де, бұл заңдарды жалпы табиғи себептермен түсіндірген Ньютәнды да дүниеге келтірді емес пе. Бірінші қағида Тірі жанның барлық табиғи нышандары жетілуге және мақсатқа орай дамуға бағытталған. Барлық жануарларды сырттай бақылау мен олардың анатомиясын зерттеу осыны дәлелдейді. Қолданысы жоқ орган, өз мақсатына жетпейтін құрылым табиғат туралы телеологиялық ілімдегі қайшылықты білдіреді. Шындығында, егер біз осы негіз құраушы қағидалардан бас тартсақ, онда біз заңды емес, мақсатсыз әрекет ететін табиғатқа ие боламыз; және, өкінішке орай, сілтеуші сүрлеу қызметін зерденің орнына кездейсоқтық атқаратын болады. Екінші қағида Өз зердесін қолдануға бағытталған адамның табиғи нышандары (жер бетіндегі жалғыз зерделі мақұлық ретіндегі) толығымен индивидте емес, текте дамытылады. Тірі жанға берілген зерде — бұл барлық оның күш жұмсау мақсаттары мен ережелерін табиғи инстинкт шектерінен тысқарыға кеңейту қабілеті; оның мақсатты ойлау тараптарының шегі жоқ. Бірақ зерденің өзі инстинктивті әрекет етпейді, аңғарымпаздықтың бір сатысынан екіншісіне біртіндеп қозғалу үшін сынақты, жаттығу мен үйретуді қажет етеді. Міне осы себепті әрбір адам өзінің табиғи нышандарын анағұрлым толық пайдалануға үйренуі үшін мейлінше ұзақ өмір сүруі керек; немесе егер де табиғат оған өмір сүру үшін қысқа мерзімді ғана бекітсе (ал бұл шындығында солай), онда оған біздің тегіміздегі нышандарды ақырында оның мақсатына толық сәйкес келетіндей даму деңгейіне жеткізу үшін бір­біріне өз білімдерін сабақтастықпен жеткізіп отыратын ұрпақтардың шексіз қатары керек болуы мүмкін. Және де бұл жағдай, ең болмағанда, адамның ойында, оның ұмтылыстарының мақсаты болуы тиіс, онсыз табиғи нышандарды көбіне пайдасыз және мақсатсыз деп қарастыруымыз керек; ал бұл бүкіл практикалық принциптерді жоққа шығарар еді және барлық өзге ұстанымдарды қарастыру барысында даналығы ереже қызметін атқаратын табиғатты адаммен ғана ол ақымақтық ойынын ойнады деп кінәлауға мүмкіндік берер еді. Үшінші қағида Табиғат адамның өзінің хайуандық өмірінің механикалық құрылымынан тысқарыда жасалынатынның барлығын өзінен туындатқанын және тек ол инстинкттен тәуелсіз, өзінің жеке зердесімен қалыптастырған бақытына немесе кемелдігіне ғана лайық болуын қалады. Табиғат артық ешнәрсе істемейді және өз мақсаттары үшін құралдарды қолдануда соншалықты ысырапшыл емес.

Читайте также:  Инвестицияларды экономикаға тарту механизмі жəне мемлекеттік реттеу бағыттары

Ол адамға зерде және оған негізделген ерікті ырық бергендіктен, осының өзі оған қабілеттер беруге деген оның ниетінің айқын куәлігін білдіреді. Ол оның инстинкттерді басшылыққа алуын немесе жаратылысынан білімдермен қамтамасыз етіліп, соған машықтанғанын қаламады, ол оның барлық нәрсені өзінен туындатқанын қалады. Қоректенудің, киім мен баспананың құралдарын іздестіру, сыртқы қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету (не үшін ол оған бұқаның мүйізін, арыстанның тырнағын және иттің азуын бермей, тек қана қол берді), өмірді тартымды ететін барлық қызық­думандар, тіпті оның аңғарымпаздығы мен ақылы, тіпті оның еркінің ізгілігі — осының бәрі тек оның қолынан шығуы тиіс. Табиғаттың езі, бұл жерде, осы ұлы үнемділіктің өзінен ләззат табатын сияқты, және ол адамдарға хайуандық қасиеттер беруде сараңдық танытып, адамның барынша тұрпайылығынан мейлінше шеберлігіне дейін, ойлау үрдісінің ішкі кемелдігіне дейін көтерілетіндей (бұл жер бетінде мүмкін болғандықтан) және осының арқасында бақытқа жететіндей, яғни ол тек өз еңбегінің жемісін ғана жеп және сол үшін тек өз­өзіне ғана борыштар болуы үшін олардың бастапқы өмірінің өзін жоғарғы қажеттілікке қарай қатаң бағыттады. Ол [адамның] сыртқы игілігіне емес, оның саналы өзіндік багамына көбірек үміт артқан сияқты. Бұл жолда адамды сансыз қиыншылықтар күтіп тұр емес пе. Алайда табиғат мүлде адамның жақсы өмір сүргенін емес, оның өзінің жүріс­тұрысының арқасында игілік пен өмірге лайықты болатындай жағдайға адамның өзінің жетуінің қамын ойлаған тәрізді. Бұл жағдайда келешек ұрпақтар үшін, дәлірек айтқанда, табиғаттың белгілеген ғимаратын неғұрлым жоғарырақ тұрғызуға арналған сатыны дайындау үшін, және оны тұрғызу үшін алдында дайындалған бақытты пайдалану мүмкіндігінен айрылған алдыңғы буынның ұзыннан ұзақ қатары еңбек еткен ғимаратта тек кейінгі ұрпақтар ғана түру бақытына ие болуы үшін аға буынның терлеп­тепшіп еңбектенетіні қашанда таң қалдырады. Бірақ мұндай тәртіп қандай құпия болмасын, ол керек, өйткені егер ақылға ие мақұлықтардың бәрі саналы жануарлардың табы ретінде өткінші екендігін, бірақ олардың тегі мәңгі екендігін түпкілікті мойындаса, өздерінің нышандарының толық дамуына қол жеткізуі тиіс. Төртінші қағида Адамдардың барлық нышандарының дамуын іске асыру үшін табиғаттың қолданатын құралы — бұл олардың қоғамдағы антагонизмі (қайшылығы), өйткені ол ақыры аяғында олардың заңдылықты түрдегі тәртібінің себебіне айналады. Антагонизм дегенде мен бұл жерде адамдардың теріс пиғылды қарым ­ қатынасын, яғни олардың қоғамға үнемі ыдыратушылық қаупін төндіретін, жалпыға ортақ қарсылықпен байланыстағы қарым­ қатынасқа деген бейімділігін айтып отырмын. Мұның нышандары адамның жаратылысында анық енгізілген. Адам өзіне ұқсастармен қарым­қатынасқа түсуге бейім, өйткені осы жағдайда ол өзін адам ретінде, яғни өзінің табиғи нышандарының дамуын көбірек сезінеді. Бірақ сондай­ақ оған оңайлануға (тұйықталуға) деген күшті ұмтылыс та тән, өйткені ол сонымен бір мезгілде өз бойынан тұйықтық қасиетін — тек өз ақылымен ғана пайымдау ниетін де табады және сондықтан барлық жерден қарсылық күтеді, себебі ол езінің өзгелерге қарсыласуға бейім екендігін ездігінен біледі.

Дәл осы қарсылық адамның барлық күшін оятады, оны өзінің табиғи жалқаулығын жеңуге мәжбүрлейді, және баққұмарлығының, билік құмарлығының немесе өзімшілдігінің итермелеуімен ол қаншалықты төзе алмайтынына қарамастан, оларсыз тура алмайтын өз жақындарының арасынан өзіне орын табады. Дөрекіліктен мәдениетке алғашқы шынайы қадам басу осы жерден басталады, адамның қоғамдық құндылығы осымен сипатталады. Осы жерден барлық дарындар біртіндеп дамиды, талғам қалыптасады және ағартушылықтың табысқа жетуінің арқасында уақыт өте келе адамгершілік айырмашылықтардың дөрекі табиғи нышандарын белгілі бір практикалық ұстанымдарға айналдыруға және сонысымен қоғамда өмір сүруге деген патологиялық мәжбүр келісімді ақыры соңында моральдық тұтастыққа енгізуге қабілетті ойлау үрдісінің бекітілуіне арналған бастаулар қалыптасады. Өздерінің өзімшіл мүдделерінде міндетті түрде соқтығысуға болатын қарсылықтарды тудыратын осы оқшаулықтың өз­өзінен тартымсыз қасиеттерінсіз аркадиялық бақташылардың өмірі жағдайындағы, [яғни] толық бірауыздылық, байыптылық пен өзара сүйіспеншілік жағдайында барлық таланттар өзінің дәнегінде мәңгіте жасырын күйінде қалып қояр еді; өздерінің бағып жүрген қойлары сияқты өте көнбіс мұндай адамдардың өз өмірлерін үй жануарларының өмірінен абыройлырақ етуі екіталай болар еді; олар саналы жаратылыс ретіндегі оның мақсатына қатысты жасампаздықтың саңылауын толтыра алмас еді. Сондықтан да табиғат төзімсіздік үшін, қызғана бәсекелесетін даңқ құмарлық үшін, иелену мен үстемдік етуге деген тойымсыз құмарлық үшін шапағатқа бөлене берсін. Оларсыз адамзаттың барлық тамаша табиғи нышандары мәңгіге дамымаған күйінде қалар еді. Адам келісімді қалайды, бірақ табиғат оның тегі үшін ненің жағымды екенін жақсырақ біледі. Ол уайымсыз, көңілді өмір сүргісі келеді, ал табиғат қиыншылықтардан саналы түрде құтылудың амалдарын табу үшін осы қиыншылықтарды бастан еткізіп, оның тұла бойымен жұмысқа еніп кетуін, уайымсыздық пен мұңсыз ризашылық жағдайдан шыққанын қалайды. Осылайша, соншалықты зұлматтарды тудырумен қатар, адамды өз күшін жаңадан жұмылдыруға, және, табиғи нышандарын қарқынды дамытуға үздіксіз итермелейтін оқшаулық пен жаппай қарсыластықтың қайнар көздері, табиғи оятушы себептер данышпан жасампаздың тудырған құрылғысын тамаша аңғара алады; және бұл жерде жаратқанның жасаған керемет құрылғысына килігіп кететін немесе қызғаныштан оны бұзатын зұлым рух туралы сөз қозғаудың ешқандай мәні жоқ. Бесінші қағида Табиғат оны шешуге мәжбүрлейтін адамзат тегінің ең улы мәселесі — жалпыға ортақ құқықтық азаматтық қоғамға қол жеткізу. Тек осындай, оның мүшелеріне ұлы еркіндік берілетін, демек толық антагонизм болатын және дегенмен өзгелердің еркіндігімен сиымдылығы үшін еркіндік ең дәл анықталатын және сақталатын дәл осындай қоғамда ғана табиғаттың жоғарғы мақсаты дегеніне жетеді: адамзаттың бойындағы барлық оның нышандарының дамуы іске асады; бұл жағдайда табиғат осы мақсаттың және оның маңдайына жазылған барлық басқа мақсаттардың да өз­өзінен жүзеге асқанын қалайды. Міне сондықтан онда сыртқы заңдардың бақылауындағы түпкілікті еркіндік игерілмейтін мәжбүрлікпен астасатын мұндай қоғам, яғни барынша әділетті азаматтық құрылым, табиғаттың адамзат тегіне арналған жоғары міндеті болуы керек, өйткені тек осы міндеттің шешілуі мен орындалуы арқылы ғана табиғат біздің тегімізге қатысты өзінің басқа міндеттеріне жете алады. Жалпы алғанда толық еркіндікке бейімделген бұл мәжбүрлеуші жағдайға енуге адамдарды зұлымдық итермелейді, және адамдардың өздерінің бір­біріне тигізетін қырсықтардың ішіндегі дәл осы ең ұлығы — бұл олардың бейімділіктері жүгенсіз еркіндіктің барысында олар бір­бірімен ұзақ бірге тұра алмайтындығы.

Читайте также:  ХУСАМ АД-ДИН АС-СЫҒНАҚИДЫҢ «АТ-ТАСДИД ФИ ШАРХ АТ-ТАМХИД» ЕҢБЕГІНІ

Алайда азаматтық одақ сияқты осындай шектеулі кеңістікте бұл адамзаттық икемділіктер, әрқайсысы қасындағыдан ауа мен күн сәулесін тартып алу үшін осы игіліктерді анағүрлым жоғарыдан іздеуге бірін­бірі мәжбүрлегендіктен және соның арқасында әдемі әрі тік болып өсетін ормандағы ағаштар сияқты, кейінірек ең жақсы әрекеттерді өндіріп шығарады; ал бір­бірінен алшақ, еркіндікте өсетін ағаштар бұтақтарын қалай болса солай салып, тұрпайы, шірік әрі қисық болып өседі. Адамзатты безендіретін бүкіл мәдениет пен өнер, ең үздік қоғамдық құрылым ­ мұның бәрі қарым­қатынас оқшаулығының жемісі, ол өзіндік жаратылыстың әсерінен өзін­өзі тәртіпке келуге мәжбүрлейді және осы мәжбүрлеу өнерінің көмегімен табиғи нышандарын толығымен дамыта алады. Алтыншы қағида Бұл мәселе ең қиыны және оны адамзат тегі ең соңынан шешеді. Бұл міндеттің идеясының өзі оның қиындығын төмендегіше айқын көрсетеді: адам өз тегінің өзге мүшелері ортасында өмір сүре отырып, билеушіге мұқтаж болатын жануар болып табылады. Мәселе оның өзінің жақындарына қатысты өз еркіндігін міндетті түрде асыра пайдаланатында болып отыр: ол саналы мақұлық ретінде барлығына арналған еркіндіктердің шекарасын анықтап беретін заңның болуын қалағанымен, оның өзімшіл хайуани бейімділігі керек жерінде өзі үшін артықшылықтар жасауға итермелейді. Демек, ол өзін әркім еркіндікті бірдей пайдалана алатын жалпы мойындалған ырыққа бағынуға мәжбүрлейтін және өзінің жеке ырқын ауыздықтайтын билеушіге мұқтаж болады. Мұндай билеушіні ол қайдан табады? Тек адамзат тегінен. Бірақ бұл билеуші де билеушіні қажет ететін жануар ғой. Сондықтан, мұндай жағдайда адам қалай жасамасын, жоғары билікті бір адамның немесе осы мақсатқа тандап алынған тұлғалардың қауымдастығының қолына бере ме, қалай ол оның өзі әділетті болатындай, көпшілікке әділ басқарушыны таңдайтынын ұғыну қиын. Өйткені билікке ие болған әркім де өзінің еркіндігін қашанда асыра пайдаланады, оның үстінен қарайтын ешкім болмаса, заңдарға сәйкес оны кім басқарар еді. Жоғарғы басқарушының өзі әділетті және сонымен бір мезгілде адам болуы тиіс. Міне сондықтан бұл барлық міндеттердің ішіндегі ең қиыны; оның үстіне мұны толығымен шешу мүмкін емес; адамның жасалып шыққан қисық қалыбынан түзу ешнәрсе шығару мүмкін емес. Тек бұл идеяға жақындап келуді ғана табиғат бізге бұйырыпты. Бұл мәселенің басқаларының бәрінен кейін шешілетінінің мынадай шарттары да бар: бұл үшін мүмкін болар [мемлекеттік] құрылымның табиғаты туралы дұрыс түсінік қажет, көптеген ғасырлар бойы жинақталған үлкен тәжірибе және оның үстіне, мұндай құрылымды қабылдауға дайын ізгі ырық қажет. Ал бұл үш элементтердің қосындысы — өте қиын шаруа, және егер ол орын алар болса, көптеген бос әурешіліктерден кейін ғана, өте кеш орындалады. Жетінші қағида Кемелденген азаматтық құрылымды қалыптастыру мәселесі мемлекеттер арасындағы заңға бағынышты сыртқы қатынастардың бекітілуі мәселелеріне тәуелді болып келеді және ол осы соңғы мәселені шешпей іске аспайды. Заңдық тәртіптегі азаматтық құрылымға қол жеткізуден, яғни қоғамдық ағзаны (организмді) құрудан жекелеген адамдар не ұтады? Адамдарды бірігуге мәжбүрлейтін баяғы сол тұйықтық тағы да әрбір қоғамдық ағзаның сыртқы қатынастарда, яғни басқа мемлекеттерге мемлекет ретіндегі қатынасында толық еркіндікті пайдалануының себебі болып табылады.

Читайте также:  Караджери жетпегі

Демек, мемлекеттер де бір­бірінен жекелеген адамдардың өзара бірін­бірі ығыстырып, заңды тәртіптегі азаматтық жағдайға түсуге мәжбүрлейтіні сияқты әділетсіздіктер күтеді. Табиғат, осылайша, адамдардың арасындағы бітіспес ымырасыздықтан тыныштық пен қауіпсіздік жағдайын табу үшін, осы адамдардың, тіпті осы тектестердің үлкен қоғамының және мемлекеттік ағзасының күндестігін тағы да пайдаланды; басқа сөзбен айтқанда, ол соғыстар арқылы және оған деген дайындық бір сөтке де саябырламайтын шектен тыс шиеленісті талап ететін, осының салдарын әрбір мемлекет бейбіт заманның өзінде іштей сезінетін зұлматтар арқылы, бастапқыда жетілмеген шикі ұмтылыстарға итермелейді, бірақ ақыры соңында көптеген жойқын қиратындылардан және тіпті ішкі күштердің толығымен сарқылуынан кейін, ақыл­ ойдың осындай қайғылы тәжірибесіз ­ ақ айтып бере алатынындай, дәлірек айтқанда, заңдардан мүлдем бейхабар жабайылық жағдайынан шығып, халықтардың одағына бірігуге, онда әрбір, тіпті ең кішкентай мемлекеттің өзі өзінің қауіпсіздігі мен құқықтарын өздерінің жеке күштерінен немесе жеке әділетті пікірінен емес, тек халықтардың осындай ұлы одағынан (foedus Amphictyonura), біріктірілген күш­қуаттан, біріккен еріктің заңдарымен сәйкес шешімдерден күте алатындай жағдайға әкеледі. Бұл идея қаншалықты қияли болып көрінгенімен және оның жақтаушылары аббат Сен ­ Пьер мен Руссо қаншалықты сыналғанымен (мүмкін олар оның жақын арада іске асатындығына кәміл сенгендіктен болар), бұл, дегенмен, адамдардың бірін­бірі осы жағдайға әкелетін, тіпті жабайы адамның өзі осыған келуге мәжбүр болатын, дәлірек айтқанда, өзінің хайуани еркіндігін құрбандыққа шалып, заңдық тәртіптегі (мемлекеттік) құрылымнан тыныштық пен қауіпсіздік іздеуге мәжбүр болатыны секілді, мемлекетті сол шешімге келуге мәжбүр ететін (бұл қаншалықты қиындықтармен астасып жатса да) қиямет жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Бұл көзқарас тұрғысынан алғанда барлық соғыстар, мемлекеттер арасындағы жаңа қатынастар қалыптастырудың және қиратудың немесе ең болмағанда барлығын ыдыратудың арқасында жаңа бірлестіктер түзудің көптеген ұмтылыстарын білдіреді (шындығында, бұл адамның мақсаты ретінде емес, табиғаттың мақсаты ретінде), дегенмен бұлар тағы да не ішкі үйлесімділіктің болмауы себепті, не болмаса сыртқы қырқыстардың салдарынан сақтала алмайды және ақырында бір жағынан, азаматтық құрылымның ең жетілген ішкі жүйесінің арқасында, екінші жағынан, мемлекеттер арасындағы ортақ келісім мен халықаралық заңнаманың болуының арқасында азаматтық қоғамдар сияқты автомат ретінде дербес өмір сүретіндей жағдайға дейін жетпейінше, дәл жоғарыдағыдай жаңа төңкерістерді бастан өткізе береді.

Оставить комментарий