iRef.kz

Басқару жүйесінің ыдырауы туралы

Басқару жүйесінің ыдырауы туралы неғұрлым айқын айтқысы келетін адам әуелі қоғамның ыдырауы мен басқару жүйесінің ыдырауы арасында айырмашылық жүргізуге тиіс. Қоғамдастық құрып, адамдарды бөлек­бөлек жаратылыстық ахуалдан бір саяси қоғамға ұйыстыратын нәрсе – келісім, оны әркім қалған барлығымен бірігіп, бүтін ретінде бой көрсету, осылайша ерекше біртүтас мемлекет болу үшін жасайды. Осынау одақтың ыдырауына әдеттегі және бірден­бір себеп – оны жаулап алатын жатжерлік әскерлердің басып кіруі. Өйткені бұл жағдайда (адамдар өздерін бүтін де тәуелсіз бір организм ретінде ұстап, сақтай алатын болмағандықтан) өздері құраған бүтін жөніндегі адамдардың одағы міндетті түрде тоқтатылуға тиіс, осылайша әркім өзі бұрын болған ахуалға оралады да, қандай да бір басқа қоғамда өз қамын өзі жеу, өзінің қауіпсіздігін өзі қалағанындай қамтамасыз ету бостандығын алады. Қандай да бір қоғам ыдыраған кезде, ол қоғамның басқару жүйесі қалуы мүмкін емес екендігі даусыз. Жаулап алушылардың семсерлері басқару жүйелерін тамырынан қиып, қоғамды мүшелеп жіберетін, сөйтіп жеңілген немесе шашырап кеткен бұқараны зорлық­зомбылықтан сақтауға тиіс болған қоғамның қорғауы мен қолдауынан айыратын жайлар аз емес. Дүние бұл туралы өте жақсы біледі және басқару жүйесінің ыдырауының мұндай тәсіліне жол беруге тым білімді болып табылады, сондықтан бүл туралы тағы да айтып жатудың қажеттігі жоқ және қоғам ыдыраған кезде басқару жүйесі тіршілік етуін жалғастыра алмайтынын дәлелдеу үшін тым көп уәж талап етілмейді; бұл үйдің қабырғалары жасалған материалдар дауылдан быт­шыты шығып, жайрап қалғанда немесе жер сілкінісі қоқыс үйіндісіне айналдырған кезде үйдің дін аман қалуы қалай мүмкін емес болса, тап солай мүмкін болмайтын нәрсе. 212. Сырттан жасалатын осындай құлатудан тыс басқару жүйелері іштегі күштердің ықпалымен де ыдырайды. Біріншіден, заң шығарушы орган өзгерген кезде. Азаматтық қоғам дегеніміз оны құрайтындардың арасындағы бейбітшілік ахуалы және олардың арасында соғыс ахуалына аралық сот арқасында жол берілмейді, олар бұл сотты өздерінің арасында туындауы мүмкін барлық алауыздықтарды тоқтату үшін өзінің заң шығарушы органы түрінде құрған; мемлекеттің мүшелері нақ өздерінің заң шығарушы органында өзара байланысты біртүтас жанды дене болып біріккен.

Бұл мемлекетке пошым, өмір мен бірлік беретін жан осының арқасында жекелеген мүшелер өзара ықпалды, ұнатуды және байланысты пайдаланады; міне сондықтан заң шығарушы орган талқандалғанда немесе таратылып жібергенде, ыдырау мен ажал жетеді. Егер қоғамның мәнісі мен бірлігі бір ырыққа не болуда десек, бір кездері көпшілік құрған заң шығарушы орган осы ырықты жария етіп, жүзеге асыру құқығына не болады. Заң шығарушы органды жасау қоғамның бірінші және негізгі актысы болып табылады, соның арқасында белгілі бір адамдардың басшылығы және халықтың келісімімен, соның тағайындауы бойынша өкілеттік берілген адамдар жасаған заңдардан туындайтын шектеулер тұсында адамдар одағын жалғастыру қамтамасыз етіледі, онсыз бірде­бір адамда, олардың арасындағы адамдардың ешқандай санында басқалар үшін міндетті заңдар жасау билігі болмайды. Бір немесе бірнеше адам халықтан алған өкілеттігі болмай заң жасауға кірісетін болса, олар жасаған заңдардың күші болмайды және халық оған бағынуға міндетті болмайды; осының арқасында адамдар тағы да қандай да бір бағынудан тыс қалып, өздері жақсы деп санайтын жаңа заң шығару органын құра алады және құқығы болмай тұрып, оларды әлденеге мәжбүрлегісі келетіндердің тарапынан күш қолдануға қарсыласуға мүлдем ерікті. Қоғамның өкілеттік беруі бойынша оның еркін жария етуге тиіс адамдар мұндай мүмкіндіктен айрылып, олардың орнын олай етуге құқығы да, өкілеттігі де жоқ басқалар басып алған жағдайда, әркім өз қалауынша қимылдауға ерікті. 213.

Мұндай жағдай, әдетте мемлекетте қолына берілген билікті теріс, асыра пайдаланатындардың кесірінен туындайды; мұндайда осы жағдай орын алатын басқару пошымын білмей тұрып нені әділетсіз деп санау және кінә кімде екендігін білу қиын. Заң шығарушы өкімет бірден әртүрлі үш адамның қолында деп есептелік: 1. Бір мұрагер кісі – тұрақты жоғарғы атқарушы билікке не және сонымен бірге онда өкіметтің басқа екі органын белгілі бір уақыт өткенде шақыру және тарату билігі бар. 2. Мұрагер дворяндық жиналысы. 3. Protempore халық сайлаған өкілдердің жиналысы. Мұндай басқару пошымын елестетсек, мыналар айқын: 214. Біріншіден, осындай бір кісі немесе тақсыр заң шығарушы орган жария еткен қоғамның ырқы болып табылатын заңдар орнына өзінің деспоттық ырқын қойғанда, заң шығарушы билік өзгереді. Шынына келгенде заң шығарушы орган дегеніміз қаулылары мен заңдары орындалатын және халық бағынуға міндетті нәрсе ғой; ал басқа заңдар орнатылып, басқа қаулылар шығарылатын, және олар қоғам қойған заң шығарушы орган жасаған заңдарға кереғар жүзеге асырылатын болса, онда заң шығарушы органның өзгергені айдан анық. Қоғам өкілеттік бермей­ақ кімде­кім жаңа заң енгізсе немесе кімде­кім ескі заңдарды бүлдірсе, сол, олар жасалған өкіметті мойындамай, оны жояды да, осылайша жаңа заң шығарушы органды құрады. 215. Екіншіден, тақсыр заң шығарушы органның тиісті уақытында жиналуына кедергі жасаса немесе құрылған мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның еркін қимылдауына бөгет болса, онда заң шығарушы орган өзгереді.

Өйткені заң шығарушы өкімет дегеніміз, егер қоғам игілігіне бағытталған нәрселерді талқылау бостандығы және оларды жетілдіретін бос уақыты болмаса, адамдардың белгілі бір саны да, олардың жиналысы да емес; осынау шарттар тартып алынған немесе өзгертілген, сөйтіп қоғам өзіне тән билікті жүзеге асыру мүмкіндігінен айрылған кезде заң шығарушы орган шынында да өзгереді. Өйткені үкіметтерді құрайтын атаулар емес, олардың қолында болуға тиіс билікті пайдалану мен қолдану; осылайша, заң шығарушы органды бұл бостандықтан айыратын немесе оның өз қызметін тиісті мерзімдерде жүргізуіне кедергі жасайтындар іс жүзінде заң шығарушы өкіметті жояды және басқару жүйесін таратады. 216.Үшіншіден, тақсырдың деспоттық ырқы бойынша халықтың келісімінсіз және оның ортақ мүдделеріне кереғар, сайламшылар ауыстырылса немесе сайлау рәсімі өзгертілсе, онда да заң шығарушы билік өзгереді. Өйткені қоғам өкілеттік бермегендер сайлаған кезде немесе қоғам белгілегеннен өзге жолмен сайлаған кезде, сайланған адам халық тағайындаған заң шығарушы орган бола алмайды. 217. Төртіншіден, тақсырдың, не заң шығарушы органның халықты шетелдік державаға бодандыққа беруі, заң шығарушы өкіметтің өзгеруін, демек, басқару жүйесінің ыдырауын білдіретіні сөзсіз. Өйткені халық қоғамға кіргендегі мақсат өздерінің төл заңдарымен басқарылатын тұтас, еркін, тәуелсіз қоғамды қорғау ғой; адамдар басқа біреудің билігіне берілген кезде мұның бәрі де жойылады. 218. Осындай мемлекеттік құрылыс жағдайында басқару жүйесінің ыдырауы тақсырдың есебіне жатқызылатыны әбден түсінікті; гәп мынада: ол мемлекеттің күшін, қазынасын және мансаптарды билеп­төстейді және жоғарғы мансап иесі ретінде өзіне ешқандай бақылау жасалмауы керек деп өзін сендіреді немесе басқалар жағымпаздықпен солай деп сендіреді; тек сол ғана заңды билік түрінде осындай өзгерістер даярлауға елеулі шара қолдана алады, және ол сол билікті қолында ұстай отырып, қарсы шыққандарды іріткі салушылар, бүлік шығарушылар және үкіметтің дұшпандары ретінде қорқыта немесе жаныштай алады; сонымен бірге заң шығарушы органның немесе халықтың қандай да бір бөлігі өздігінен, бірден байқалатын ашық және айқын көтеріліссіз заң шығарушы өкіметті қандай да бір түрде өзгерте алмайды; ал ол жеңіп шыққанда оның нәтижесі жат жұрттық жаулап алудан айырмашылығы аз болады.

Мұның үстіне басқарудың мұндай пошымында тақсыр заң шығарушы органның басқа бөліктерін таратып жіберу, сол арқылы олардың мүшелерін жеке адамдарға айналдыру билігіне не, сонда олар оған кереғар немесе оның келісімінсіз заң арқылы заң шығарушы өкіметті өзгерте алмайды, өйткені олардың кез­келген жарлығына бұл рұқсатты беру үшін тақсырдың келісімі қажет болады. Алайда заң шығарушы органның басқа бөліктері басқару тұрпатына кез­келген қастандыққа қандай да бір түрде жәрдемдессе немесе ондай пиғылдардың жүзеге асырылуына кедергі жасамаса (өздерінің қолынан келгенінше), олар жазықты және соған қатысушы болып шығады, ал мұның өзі адамдар бір­бірі жөнінде жазықты бола алатын аса сұмдық қылмыс екендігі даусыз. 219. Басқарудың мұндай жүйесінің тоз­тозы шығуы мүмкін тағы бір жол бар, ол атап айтқанда, жоғарғы атқарушылық билігі бар адам өзінің міндеттерін елемейтін, сөйтіп оларды орындамайтын, сондықтан шығарылған заңдардың өзі күшіне енгізіле алмайтын жол. Бұл сөзсіз анархияға, сайып келгенде басқару жүйесінің ыдырауына жетелейді. Өйткені заңдар тек заң аталу үшін емес, орындалу үшін, сонысымен саяси дененің барлық бөліктерін тиісті орындарда ұстап, тиісінше жұмыс істеуі үшін қоғамды байланыстыратын дәнекер болып кызмет етуге шығарылады; бұл толығымен тоқталған кезде, басқарудың да тоқтатылатыны айқын, сөйтіп халық қандай да бір тәртіп пен байланыстан айырылған іру­тіру бұқараға айналады. Адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін енді әділ сот жүргізілмейтін және қоғамда оның күшін бағыттап отыратын немесе халықтың мұқтажын өтейтін қандай да бір өкімет қалмаған жерде, сөз жоқ үкімет те қалмайды. Заңдар орындалмайтын болса, онда бүл заңдар болмағанмен бірдей; ал заңдарсыз басқару, менің ойымша, саясаттағы адамның миына қонбайтын және адам қоғамымен сыйыспайтын құпия. 220. Басқару тоз­тоз болған осынау және басқа да жағдайларда халық бұрынғыдан не құрамымен, не пошымымен немесе халық өзінің қауіпсіздігі мен игілігіне неғұрлым сәйкес келеді деп санаса, осының екеуімен де өзгешеленетін жаңа заң шығарушы орган құрып, өз қамын өзі жеуге ерікті. Өйткені қоғам қандай да бір адамның қатесінің салдарынан өзін­өзі сақтау жөніндегі өзінде бар табиғи және бастапқы құқығын ешқашан жоғалта алмайды, ал өзін­өзі сақтауға орнатылған заң шығарушы органның және ол шығарған заңдардың әділ де адал орындалуының арқасында ғана қол жетеді.

Алайда адамзат бұл құралды қандай да бір ешқандай құралға жүгіну тым кеш болатындай сәтке дейін қолданбай отыра беретіндей соншалық бейшара ахуалда емес. Халыққа қанаудың, қулықтың немесе шетелдік державаның билігіне берудің нәтижесінде оның бұрынғы заң шығарушы органы жойылғанда ол өз қамын өзі жей алады деу – оған тек тым кеш және зұлымдықты емдеп жазу мүмкін емес кезде көмек күте алатынын айту деген сөз. Іс жүзінде бұл әуелгі адамдардың құлдыққа түсуіне жол беру, содан кейін ғана, олардың бостандықтары туралы қам жей бастау, олар бұғауланып болғанда барып, оларға бостан адам секілді қимылдай аласыңдар деу болып шығады. Бірақ бұл тек солай болса, онда бұл көмек емес, мазақ қана; егер адамдар да тиранияның билігіне толығымен тап болмай тұрып, одан сытылып кетудің амалы жоқ болса, онда ешқашан одан қауіпсіздікте бола алмайды; осыдан барып, олардың тираниядан арылуға ғана емес, оған жол бермеуге де құқықтары бар екендігі шығады. 221. Демек, екіншіден, басқару жүйесінің тоз­тозы шығуының тағы бір жолы бар, атап айтқанда, заң шығарушы орган немесе тақсыр, солардың біреуі өзіне көрсетілген сенімге кереғар қарекет жасағанда солай болмақ. Біріншіден, заң шығарушы орган бодандарының меншігіне қол сұғуға, сөйтіп өзі немесе қоғамдастықтың әлдене бір бөлігін халық өмірінің, бостандығының немесе мүлкінің қожайыны немесе шектеусіз әміршісі етуге тырысқанда өзіне көрсетілген сенімге кереғар қимылдайды. 222. Адамдардың қоғамға кіруіне себеп ­ олардың меншігінің сақталуы; және олар заң шығарушы органды сайлап, өкілеттік бергендегі мақсат – қоғамның әрбір бөлігінің және әрбір мүшесінің билігі шектеліп, үстемдігі тежелу үшін қоғамның барлық мүшелерінің меншігіне кепілдік және оны күзету ретінде заңдар шығарылып, ережелердің белгіленуі. Өйткені қоғамның еркі әркім қоғамға кіргенде қамтамасыз етуге тырысқан нәрсені, сол үшін де адамдар өздері қойған заң шығарушыларға багына бастағанда заң шығарушы органда соны жою билігі болсын деп ұйғарғанда деп санауға ешбір болмайды той; заң шығарушылар халықтың меншігін тартып алуға және жойып жіберуге тырысқан немесе оны деспоттық биліктің құлдығына салғысы келген кезде, олар өздерін халықпен соғыс ахуалына қояды, соның салдарынан халық одан әрі қандай да бір бағыну міндетінен босанады да, құдай күш пен зорлық­зомбылыққа қарсы барлық адамдар үшін көздеген ортақ сауғаға жүгінуге бостан болады.

Демек, заң шығарушы орган қоғамның осы негізгі принципін аттап өтіп, атаққұмарлық, қорқыныш, есуастық немесе паралау арқылы халықтың өміріне, бостандығына және мүлкіне абсолютті билікті өзінің қолына түсіруге немесе басқа біреудің қолына беруге тырысқан жағдайда, сенімді осылай ақтамағаны үшін ол, халық мүлде қарама­қарсы мақсатпен оның қолына берген биліктен айырылады да, ал билік халыққа қайта оралады, ал халықтың өзінің бастапқы бостандығын қалпына келтіру және жаңа заң шығарушы орган (ол орынды деп санаған түрін) құру арқылы өзінің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету құқығы бар, бүл адамдардың қоғамда болуының мақсаты. Мен бүл жерде заң шығарушы өкімет жөнінде жалпы айтқан нәрсе сондай­ақ атқарушы биліктің басшысы жөнінде де әділетті, ол заң шығарушы органның қатысушысы ретінде және заңның жоғарғы орындаушысы ретінде бірдей сенімге не бола отырып, өзінің деспоттық ырқын қоғамның заңы ретінде таңуға тырысқан кезде, екеуін де бұзып қимылдайды. Не қоғамның күшін, қазынаны және мансаптарды өкілдерді сатып алу үшін және олардың өз пиғылын қолдауы үшін пайдалануға тырысқан, не сайламшыларды ашықтан­ашық өзінің жағына тартып, оларға өзі үгіттеу, қорқыту, уәде немесе өзге қандай да бір тәсілдермен оз жақтастарына айналдырғандарды сайлауды нұсқаған, және өздеріне қалай айтылса, солай дауыс беріп, заң шығаруға алдын ала уәде бергендерді сайлау үшін сайламшыларды пайдаланған кезде де ол өзіне көрсетілген сенімді бұза отырып қимылдайды. Бірақ кандидаттар мен сайламшыларды іріктеп алып, сайлау тәсілін өзгерту басқару тұрпатын түп­тамырынан қию және қоғамдық қауіпсіздіктің қайнар көзінің өзін улау емес пе? Өйткені халық өз өкілдерін өз меншігінің қорғаны секілді таңдау құқығын өзінде сақтап қалғанда, мұны осынау өкілдер әрқашанда еркін сайлануынан және сайланғаннан кейін, өздерінің ойынша, мемлекет үшін қажеттілік пен қоғамдық игілік талап ететіндей мәселе қаралып, байыпты талқыланған соң еркін қарекет жасап, кеңес беретін болуынан басқа қандай да бір өзге мақсатта жасай алмайды ғой.

Ал талқылауды тыңдағанға және дәлелдерді жан­жақты таразылағанға дейін өз дауысын беріп қоятындар бұлай істей алмайды. Осындай заң шығарушы органды даярлап, атқарушы билік басшысының төл ырқын жүзеге асырушыларды халықтың шын өкілдері және қоғамның заң шығарушылары ретінде көрсетуге тырысу әрекеті білдірілген сенімді соншалық дөрекі бұзу және үкіметті құлату жөніндегі өз пиғылын соншалық толық мәлімдеу екендігі сөзсіз. Егер де бұған тап осы мақсат үшін қолданылатын марапаттар мен жазаларды және осы пиғылын жүзеге асыру жолында тұрған және өз отанының бостандығын сатып кетуге қатысушы болғысы келмегендерді аластап, көзін жою үшін заңды түрліше қате тәпсірлеуді қосар болсақ, онда не болып жатқаны туралы ешқандай күмән қалмайды. Өздерінің мансаптары енгізілгеннен бастап оған байланысты болатын сенімді бұза отырып билікті қолданатындардың қоғамда қандай билігі болуы керек екендігін айқындау оп­оңай; бір рет осындай тірлік жасағысы келген адамның екінші рет сенімге не бола алмайтынын көрмеу мүмкін емес. 223. Бұған, бәлкім, халық надан және ұдайы наразы болғандықтан, басқару негізін халықтың тұрақсыз пікірі мен құбылмалы көңіл­күйіне тәуелді ету дегеніміз – мемлекет тағдырын сөзсіз апатқа байлап беру; егер халық бұрынғы үкіметке наразы болған сайын жаңа заң органын құра алатын болса, онда бір де бір үкімет ұзақ тура алмайды делінер. Менің жауабым: гәп мүлдем басқаша. Біреулер ойлағандай, адамдар ескі пошымдардан соншалық оп­оңай бас тарта бермейді.

Оларды өздері дағдыланып кеткен құрылымдағы кемшіліктерді түзетуге әзер көндіресің. Егер онда әуел бастан келе жатқан қандай да бір кемшіліктер болса немесе уақыттың яки паралаудың өтемі ретінде өрескел бірдеңе енгізілген болса, мұны өзгертуге мүмкіндік бар екенін жарық дүниедегілердің бәрі көріп тұрғанда да, бұған қол жеткізу оңай емес. Халықтың осынау мимырттығы мен ескі тәртіптерден бас тартуды қаламауы, осы корольдікте біздің ғасырымызда және өткен ғасырларда болған көптеген революциялардан кейін ескі заңдық жүйе – корольдің, лордтар палатасы мен қауымдар палатасының бізде әлі де сақталуына немесе нәтижесіз талпыныстар кезеңінен кейін қайтадан оралуына апарып соқтырды; тәж тарапынан жасалған қандай өрескел қарекеттер жасалып, олар тәжді біздің кейбір тақсырларымыздың басынан алу қажеттігіне апарып соқтырса да, олар халықты тым әріге барып, оны басқа әулетке беруге жетелей қойған жоқ.

Пікір қалдыру