Батыс Чжоу кезеңіндегі Қытай

Батыс Чжоу мемлекеті ­ өзінің құрылысы жағынан өте солқылдақ, әлсіз және этникалық жағынан да әрқилы мемлекеттік бірлестік болды. Жергілікті билеушілер чжоу өкіметі билеушілеріне сыйлықтар мен әскери көмек берумен ғана шектеліп, өздеріне тиесілі аймақтарда олар автономиялық билік жүргізді. Чжоулықтардың басып алған территориялары чжоу үйінің билеуші өкілдеріне басқаруға берілді, немесе чжоу уаңының «бақылаушыларының» назарындағы бұрынғы билеушінің қолында қалып отырды. Уаң титулы сақталды, оны Чжоу патшалары өздеріне шандықтардан мұраға алған болатын. Жергілікті билеушілерді чжухоулар деп атады. Олардың саны жүздеп саналады. Чжухоулардың жеке өкімет билігі болды, жергілікті халықты әкімшілік билік жолымен биледі. Уаң осы чжухоулардың үстінен билік жүргізді. Батыс Чжоу дәуірінде, бұрын үнемі жүзеге асырылып тұратын құрбандық шалу, әсіресе адамды, құлдарды құрбандыққа шалу дәстүрі тоқтатылды. Тарихи деректер, бұл дәстүрдің жойылуын, адамды құрбандыққа шалуды дәстүрге айналдырған шандықтарды бағындырған, Чжоу мемлекетінің негізін салушы Чжоугунның атымен тікелей байланыстырады. «Оның аруағы адамды құрбандыққа шалуды қабылдамаған» ­ деген аңыздар айтылады. Батыс Чжоу дәуірінің жазба деректері қатарына эпиграфикалық ескерткіштер, ең алдымен қоладан жасалған заттарға жазылған жазулар жатады. Тек Чэң­уаңның кезеңіне ғана тән, 30­ дан астам осындай жазулар сақталған. «Чэң­уаң Шанға ие болды және Чэнчжоуға бекінді», «Чэң­уаң Шан қаласын жазаға тартты және шандықтарды және Вэй жерлерін Кан­хоуға сыйға тартты». Міне, осындай Шандықтарды бағындыру туралы мәлімет беретін жазулар бізге дейін сақталып жетті. Дегенмен, бұл жазба деректер Батыс Чжоу мемлекетінің саяси құрылысы туралы толық хабар бере алмайды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, тіпті толық мәлімет беретін нақты дерек ­ Батыс Чжоудың б.з.д. 771 жылы құлаған кезеңіне сәйкес келеді екен. Алғашқы Чжоу билеушілері ­ Чжоу­гунның, одан кейін билік құрған Чэң­уаңның, оның баласы Каң­уаң мен немересі Чжао­уаңның билік құрған кезеңдері онша ұзақ болған жоқ. Олар, бар жоғы, б.з.д. 1025 жылдан ­ 948 жылға дейін билік құрды. Бұл ­Батыс Чжоу мемлекетінің тарихындағы ең бір даңқты жылдар болған еді. Дәл осы дәуірде, чжоу мемлекетінің өкіметтік билігі қалыптасты. Оның мысалы ретінде, Аспан мандаты тұжырымдамасының қалыптасуын айтуға болады. Шандықтардың басқару жүйесін өздеріне қабылдай отырып, олар астананы жаңа орынға көшіріп, жаңа қалада әкімшілік биліктің орталықтандырылған түрін енгізді. Сөйтіп, чжоулықтар күшті орталықтанған билігі бар империя құруды армандады. Бірақ алғашқы Чжоу билеушілері кезінде бұл іске асқан жоқ. Тек Каң­уаңның (1004­967жж) билігі тұсында ғана орталық өкіметті күшейтуге кеткен нәтижесіз әрекеттердің орнына ұсақ әкімшілік бірлестіктер жүйесі енгізілді. Осы жолмен Каң­уаң елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі варварлық тайпаларға соққы беру арқылы, Чжоу мемлекетінің жерін кеңейтпек болды. Бірақ, кеңейтілген мемлекет жері уаңның билігін күшейте алмады, қайта ұсақ бірлестіктердің билеушілері уаңның билігінен қашып, жеке үстемдікке ұмтылды. Бұндай әлсіз саясат келесі билеуші Чжао­уаң (966­948жж) тұсында да жалғасты. Ол әкесінің тұсында қалыптасқан, жеке билікке ұмтылған жергілікті ұсақ билеушілердің кертартпа саясатынан көп зардап шекті. Сыма Цяннің кітабында Чжоу­уаңның кезінде «мемлекетті басқаруда әлсіздік пен кемшіліктер көп болды» деген мәліметтер келтіріледі. Чжоу­уаң да әкесі сияқты жат жерлік варварлардың жерін басып алу үшін жорықтар жасауға құштар болған. Алайда оның бұл әрекеттері сәтсіз аяқталады, ол соңғы бір жорығынан еліне қайтып оралмайды және ол осы жорықта алты бірдей чжоулық әскерді белгісіз жағдайда қырып алады. Осылайша алғашқы чжоулық билеушілердің күш­қуаты әлсіреп, олар құлдырау кезеңіне қарай бет бұрады. Ерте Чжоу уаңдарының ішінен келешек ұрпақтарының есінде сақталғаны Му­уаң (947­928 жж.) болды. Оның аты елдің солтүстігі мен батысына жасаған әскери жорықтарымен есте қалды. Ол жылқыны өте жақсы көрген және онымен алыс елдерге сапар шегуді ұнатқан. Батыс Чжоу дәуірінің екінші кезеңінде, ұсақ әкімшілік бірлестіктердің билеушілерінің өзара қырқысу соғыстары байқала бастайды. Ең алғаш рет, б.з.д. ІХғ. ортасында, Ли­уаң билігі кезінде, осындай қақтығыс болады. Ли­уаң өз билігін күшейту мақсатымен, жекелеген билеушілердің жерлерін өзіне қаратып, қарсылық көрсеткен чжухоуларды қатаң жазаға тартқан. Осыған наразы болған чжухоулар Ли­уаңға қарсы көтеріліп, оны тақтан тайдырады. Осыдан кейін, 14 жыл бойы (842­828жж) Сюань­уаң кәмелетке толғанша, елді князь­ регенттер билеген. Бұл кезеңді, Қытай тарихында, гуңхэ ­бірлесіп билік ету ­ деген терминмен атайды. Сюань­уаң (827­782) өте қатал билеуші болды. Ол елдегі саяси бытыраңқы билікті жоймақ болды. Сол үшін бірқатар реформалар жүргізуге кірісті. Аса үлкен егістік алқаптарды өңдеуден бас тарту, жалпыға бірдей жер салығын енгізу, тұрғын халықтың санағын жүргізу сияқты әрекеттерді іске асырады. Сюан­уаңның ұлы, әрі ізбасары Ю­уаң Батыс Чжоу мемлекетінің ең соңғы билеушісі, бар жоғы он жыл билік етті. Осыдан кейін Ю­уаңның заңды мұрагері Пин­уаң бірнеше өзіне тәуелді вассал­чжухоулардың көмегімен шығысқа қоныс аударады. Сыма Цяннің дерегі бойынша, Пин­уаңның шығысқа қоныс аударуына Чжоу мемлекетіне «жун тайпаларының шабуылы» себеп болған еді. Шынында да, Батыс Чжоу мемлекеті өзінің өмір сүруінің алғашқы күндерінен бастап­ақ өзін қоршаған тайпалардың шабуылына қарсы тұру әрекетімен айналысты. Чжухоулардың сепаратизмі күшейген сайын уаңдардың әскери қуаты әлсіреп, патша өкіметінің беделі төмендей түсті. Чжоу билеушілері елдің солтүстік­батысы мен оңтүстік­шығысынан қысқан тайпалардың шабуылын күннен­ күнге, әзер күшпен тойтарып отырды. Б.з.д. VІІІғ. Орталық Азияның ішкері аймақтарынан келген көшпелі тайпалардың қысымымен, чжоулықтар Вэйхэ өзені аңғарын мекендеген ата­ қоныстарын тастап көшуге мәжбүр болады. Б.з.д. 771 жылы Ю­уаңның әскерін көшпенділер талқандаған соң, ол өзі тұтқынға түседі, содан кейін оның ұлы Пин­уаң астананы шығысқа, жаңа астана Лои ауданына қарай көшіреді.Осылайша, б.з.д.771­770жылы елдің астанасын Лои қаласына көшірумен Батыс Чжоу дәуірі аяқталады.

Читайте также:  Шығыс елдеріндегі түркітану ғылымы

Оставить комментарий