Байсейіт батыр туралы

Біздің елде, яғни Өр Албанда екі Байсейіт батыр бар. Бірі Дулат, дуалы ауыз Төле бидің лебізімен бүгінгі ұрпаққа жеткен «Сегіз сары» Сүйерқұл, Досалы бидің Төлесінің баласы Байсейіт батыр. (Зираты Қоңырөлең қорымында, 93 жасап өмірден өткен шежіреші Қосай мен Райымбек батыр жайлы дерек пен аңызды 1921 жылдан бастап жинаған Қабылбек Сауранбаевтың айтуында). Бұл батыр жайлы тарихи тұлғаларды тынбай іздеп табатын қаламгер Төлен Қаупанбаев жазды. Әлі де жазар… Ал екіншісі – Сүйменді, Бозымның Әлмерек батырының немересі, Қытай мемлекеттік сурет галереясында сақталған, дәл осы сәтте Қазақстан Республикасы Президенттік Мәдениет орталығында тұрған Италия суретшісі Джузеппе Костильони салған «Қазақтың Щин императорына сайгүлік сыйлауы» картинасының кейіпкері, ХІХ ғасырдағы Қазақ халқының Қытайдағы елшісі, Албан, Бозым, Байсейітұлы Пұсырманның әкесі Байсейіт батыр Жәнібекұлы. Байсейіт батырдың ұлы атасы Әлмерек батырға, оның Алматының етегіндегі мүрдесіне ұрпағы, халқымыздың қалаулы азаматы, қоғам қайраткері Серік Солтанғазиев мырза 2001жылы сәулетті кесене тұрғызды. Кесене орнатылған Алматы әуежайының жанындағы елдімекен бұл күнде Әлмерек батыр атымен аталады. Кесене жанынан тәу етіп келетіндерге арнап ұлтық ою­өрнекпен нақышталған қонақ үй тұрғызып, жаңа заманға сай бар қажеттілікпен қамтамасыз етті. Жәнібекұлы Байсейіт батыр ХVІІІ ғасырдың түлегі. Шамамен 1720 жылы туған деп жорамалдадық. Біз бұл шешімді шежірелік тізбекпен есептей келе ұсынып отырмыз. Өйткен әр ұрпақтың арасы 25­30 жастан болса, ұлы атасы Әлмерек 1670 жылы өмірге келіпті. Бақанас пен Нұра, яғни Іле дариясының жағасындағы орыстар «Поющие горы» дейтін тек құмнан тұратын «Қосқалқан» дейтін Қос шоқыға дейінгі жер Бозым, Қыстық руының ежелгі қонысы. Оның тілсіз куәсі осы екі аралықтағы жер аттары мен зираттар. Байсейіт Жәнібекұлының туған жері Іле дариясының бойы. Мүмкін ол Қапшағай, мүмкін… мүмкін Бақанас, әлде Қаншеңгел, әлде Желтораңғы… Дәл осы жер деп айтар пенде жоқ. Дүниеден өткен жері Әлмерек батыр атасы еншісіне берген қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Байсейіт елдімекені. Асыл сүйегі Байсейіттегі зираттар қорымында. Бақай шоқысының етегінде Әлмеректің үлкен ұлы Құрманнан өрбіген Малыбай батыр ауылы қоныстанған, одан төмен өз заманының ғұламасы, батыр Байсейіт қоныстанған. Іле бойында қалың қойы қаптаған, жүннен басып бәрі киіз етік киген соң көршілері әзілдеп «киіз аяқ Баба» атанған, жусанның түбінен қозы өрген Әлмерек батырдың ортаншы ұлы Бабаның қонысы – қазіргі Масақты елдімекенінің аумағы. Байсейіт Шілікті өзенінен Бабаның ауылына, қазіргі Масақты елдімекеніне ХVIII ғасырда тоған шығарған, ол тоғанды қазір де «Баба тоғаны» дейді. Кейін арпа, бидай, тары еккен соң, елдімекенді Масақты атаған. Батыр көзінің тірісінде өзіне өзі ескерткіш орнатып кетті десем, артық айтқандық емес. Бұл аймақта тұңғыш рет балшықты қалыпқа құйып кірпіш жасап, үй тұрғызып медресе ашқан Байсейіт екен. («Осы медреседен Айт атасының Ілгідай қажысы, Қоздақбай молдасы оқыды» дегенді мен үшінші сынапта оқып жүргенде Қосай шежірешіден естігенмін). Айналасына Бозымның Сары атасы мен Шобалдың балалары (Тазы) қоныстанғанымен, Байсейіт ауылы атаныпты. Тегі Балқаштан бергі Іле дариясының екі қапталында Бозымның үрім­бұтағы Сарысы, Жаншығы, Шобалы (Тазы), Қыстығы мекен еткен. Оның дәлелі, жоғарыда айтқанымыздай, жер аты, зираттар…

Читайте также:  Шәкәрімнің философиялық лирикасы

Оставить комментарий