Бекетай би

Туған халқымыздың жүздеген ғасырлық жәдігер тарихында елі мен жерін қастерлеп өткен біртуар перзенттері аз болмаған. Неше ықылым тарих аласапыранында жоғалмай, қайта уақыт өткен сайын жарық жұлдыздардай жарқырай түскен халқымыздың ардақты ұл­ қыздарының есімдері ел тәуелсіздік тұсында жаңғырып жалпақ елдің мақтанына айналып отыр. Солардың бірі — Арал өңірінде дүниеге келген, көзі тірісінде ел жұртының ыстық ықыласына бөленген Бекетай Қатпаұлы. Арғы тегі — Кіші жүздің Әлім аталығы. Ол Жаманақ, Өpic, Әйдарбек, Күлік руынан тарайды. Бекетай бидің туған атасы Жөңке батыр Абылай ханның тұстасы, әйгілі алты биінің бірі болған. Бұл жөнінде 1992 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Абылай хан жөніндегі шежіресінде жан­ жақты айтылған. Орыс кеңсесінде қызмет атқарған атамыз қазақтың мүддесін бірінші кезекте жолға қойғанын ауызекі аңыз­әңгімелерден жақсы білеміз. Тіпті, ескіден келе жатқан төмендегі есті сөзді ілгеріде құймақұлақ, көкірегі алтын сандық ауыл қарттарының уәлі аузынан талай естігенбіз. Алты Асанды құтыртқан, Қотанкелдің арнасы, Әйдарбекті құтыртқан, Бекетайдың арқасы. Бекетай атамыз жөнінде бертініректе өмір сүрген бірақ, аты­жөні тарихта сақталмаған белгісіз шайырлардың мынандай да жыр жолдары бар: Билігіне бір айтқан, Қазалыда орыс пен, Қазақтың жоқ таласы. Арғы теп — Жаманкөз. Ата жұрты Бөген мен Аққұлақтың арасы. Заманында зиялы, Ұлық болған шамасы. Қызметі ежелгі, Қазалының қаласы, Сол қалада ояз боп, Қара қазақ ішінде, Бір түспеген бағасы. Түп атасы — Ер Жөңке. Күліктердің дарасы. Кезінде Бекетай атамыз жөнінде тиісті орындар тарапынан «Ескілікті жақтаушы», «Патша қызметіне» деген әртүрлі ұшқары пікірлердің шырмауында болып келдік. Мұның салдары көп уақыт бойы Бекетайдың өмірі мен халқына жасаған қамқорлығы жөнінде, кісілігі жөнінде білгісі келгендердің жолына кесе көлденең тұрып келгені мәлім. Шынында, Бекетай кім? Оның есімін осы уақытқа дейін Арал — Қазалы өңірі тұрғындарының қастерлеп атауы неліктен? Бізден шамамен 170 жылға жуық уақыт бұрын өмір сүріп, аты аңызға айналған, айналасына беделді, жұрттың сойылын соққан осынау кісі жөнінде елеулі аузы дуалы ақсақалдар арқылы сұрау салдық. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. Бекетай туралы білгеніміз, әcipece Бөген ауылы тұрғыны, зейнеткер марқұм Насырадин Жолаев ақсақалмен жолығып, сұқбаттасқаннан кейін молыға түскен еді. Табиғатында нендей әңгімені қозғаса да әдемілеп, нақыштап айта білетін Нәкен көзі тірісінде Бекетай атамыз туралы сұхбатын тым әріден бастаған. — Сен өзің Абай атамыздың «Дүние — терең көл, Замана —соққан жел, Алдыңғы толқын ағалар, Кейінгі толқын інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер»,— деген ұрпақ жалғастығы жөніндегі ұлағатты жыр жолдарын білсең ғой. Міне, шырағым, мынау Жер­Ана да, үстіндегі жетіқат аспан да бәз­баяғы қалпы. Тек аспан мен жер астында уақыт желі аласұра соғады. Дүниеге тағы да жана, жас өскін ұрпақтар келеді. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған тағдыр­талайы бар. Бірі жаугершілік тұсында жапан далада атамекені, тіл мен дін үшін арпалысса, енді бірінің тұсында ел­жұрты мамыражай тыныштықта бейбіт өмір сүрген. Ал сен сұрап отырған Бекетай Қатпаұлы — ғасырдың орта шенінде осы Арал — Қазалы өңірінде өмір сүрген, ел­жұртына елеулі пайдасын тигізген ipi тұлға. Иә, «жақсыдан шарапат» деген осы шығар. Ол туралы қойы қоралас, ауылы аралас отырған екі ауданның көнекөз, құймақұлақ қарттары ылғи да ілтипатпен еске алып отырғанын талай мәрте есіткеніміз бар. Асылы, адам қолымен жасалған жақсылық, оның ішінде туған жұртың үшін жасаған шарапатыңа шаң тимейді екен. Көрдіңіздер ме, арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де Бекетай атамыздың есімі Арал, Қазалы аймағында пайғамбардың бір атындай құрметпен аталады. Ендігі біздің азаматтық міндетіміз — осынау қадірменді ici жөнінде тың деректер, аузы дуалы ақсақалдардан eciткeн­бiлгeндepiмiздi жинақтап, жұртшылық назарына ұсыну болатын. Бекетай Қатпа баласының шыққан тегіне келсек, Кіші жүздің Әлім аталығынан Әйдарбек тайпасы, оның үшінде Күліктің Жаманкөз руынан тарайды. Ата қонысы —Арал ауданындағы қазірге Аққұлақ елді мекенінің маңайы. Әкесі— Жөңкенің Қатпасы ел ішінде беделді, сөз тізгінің ұстаған салмақты кісі болыпты. Оның үстіне дәулетті, абыройлы кісі сүйсініп ұлы Бекетайды жастайынан адалдыққа, имандылыққа, кісілікке тәрбиелейді. Кейін Бекетай ат жалын тартып мінер тұста сол кездегі Қазалы фортындағы мешітте сауыт ашады. Мұнан кейін он бес­он алты жасар бозбала шағында Бекмырза ханға хатшы (писарь) болады. Ежелден еркіндікте өмір сүрген Солтүстік Арал бойындағы жергілікті ру, тайпалар сол тұста Қазалы фортының іргетасын қалауға, келген патшалық Ресейдің әскери­экспедициясына қарсы шыққан еді. Бұл көтерілісті тарихтан баршамызға танымал Жанқожа батыр басқарады. Рас, жергілікті жасақтың қолындағы айбалтасы мен көк сүңгісі жасанған жағаға пәлендей қарсылық өте алмайтұғын. Алайда, ұлы бабаларымыз аманатқа қалдырған атамекенін ұлтарақтай пұшпағы үшін қазақтар жауған оққа қарсы шапты. Асылы, намыстан артық азамат үшін не бар екен? Бірер жылға созылған осынау соғыс ақыры Жанқожа жасақтарының жеңілгенімен аяқталады. Бекмырза хан болса басқыншылардан қашып жүріп, солардың қолынан қаза табады. Ақыры хандық тарап, оның қол астындағы ел­жұрт тұс­тұсқа тарап кеткен еді. Бекетай да орыстардан қашып жүріп, атамекені «Аққұлаққа» оралады. Біз осы жерде оқырмандарымызға «Аққұлақ» атауының қайдан шыққанына арнайы тоқталғымыз келіп отыр. Өйткені, ел мен жердің бағзы тарихи атауы болады емес пе? «Аққұлақ» елді мекенінің аты Жанқожа батырдың жүз басы Арыстан батырдың есіміне байланысты қойылған. Мұны біз Күлік руының шежіресін жинақтай жүріп кездестірдік. Жүз басы Арыстанбай атты кісі екі иығына екі кісі мінгендей еңселі, ер пішіндес жан екен. Ал, батырдың тісінің ақсарылығына, екі құлағының шамадан тыс алабөлек сарылығына қарап ел «аққұлақ» атауын берген көрінеді Міне, осы кезде «Шабындықтағы» (Аққұлақ ауылының бұрынғы аты) отбасына оралған Бекетайды арнайы іздеп бір форттан бір шоғыр орыстар келіпті. Бұл тұста халық батыры Жанқожа қаза тапқан болатын. Сонымен орыс ұлықтары форттың, үш­төрт приставының көземелдеуімен Бекетай ауылына келді. Олар «Қазалы форты ендігі жерде орыс патшасының қолында, сондықтан фортта уезд бастығы сайланды. Сен соған көмекші боласың»,—дейді. Ақыры Бекетай амалсыздан келісімін береді. Сөйтіп, елдің Жетес би, Үмбет және белгілі екі адамымен бірге Қазалыға келеді. Орыстар үшін көзі ашық, көкірегі қарақты Бекетай сияқты сауатты кісі сол тұста таптырмайтын еді. Бекетай болса осындай үлкен билiктi туған халқы үшін пайдалануға тырысты. Оның нәтижесі де аман болған жоқ. Міне, осы кезеңде қазақ жеріне табан тіреп озбырлығын жүргізе бастаған басқыншылар бұл жерде орам (қазіргіше айтқанда халық санағы) жүргізуге кіріседі. Олар әуелі Қазалыдағы орамды құба Қаракесек, Төртқара сияқты рулардың жүз елу шаңырағынан бастайды. Күнбе­күн Қазалыдағы жағдайды өткен­кеткен жолаушылар арқылы біліп отырған Күліктер «орысқа орам бермейміз» деп қаша бастайды. Олардың біразы Теке, Төлеш батырдың бастауымен сонау ит қарасы қияндаған Қызылға қоныс аударады. Қазалы фортына бекінген орыстар бірер жылдан соң, яғни 1847 жылы Райым бекінісін салып, жергілікті тұрғындардың апшысын қуыра бастайды. Құнарлы жерлердің көбісін күш пен тартып алып, оны әскери экспедиция жасақтары өздерімен еріп келген қазақ­ орыстарға үлестерін беріп отырды. Ол — ол ма, тіпті Райым төңірегін жайлаған сол уақыттағы Жақайым, Шөмекей, Төртқара, Шекті руларының бірсыпыра үйлері атамекендерінен ауып, Қызылдың қиясына көшуге мәжбүр болады. Бұл тұста Қазалы уезі бастығының көмекшісі Бектай Қатпаұлы орыстардың озбырлығын айтып, бірнеше рет уезд бастығына шағымданған. Сөйтіп озбырлық көрсете келген солақай саясаттың салдарынан көші­қон қамына кіріскен бірсыпырасы көпті тоқтатқан көрінеді. Кезінде Арал, Қазалы өңірінде Бекетайдың жанында жүріп, жер дауы, жесір дауы сияқты талай даулы мәселелерді қолма­қол, көзбе­ көз шешкен, бір ауыз сөз бүкіл елге азық болған Жетес, Үмбет билердің асыл сөздері кейінгі ұрпаққа кесек­кесек күйінде жеткені мәлім. Ал, белгісіз тұстарын көзі тірі қарттардан ұқыптылықпен жинап алу да біздің абыройлы борышымыз болып табылады. Бекетай жөнінде дерек жинай жүріп әсіресе, Жақайым Жетес бидің талай­ талай тартымды әңгімелеріне, тапқыр сөздеріне тәнті болғанбыз. Бұл жерде біз Жетес пен Үмбет билердің Бекетай атамызға лайықты үзеңгілес жолдас болғанын айта кетуді жөн көрдік. Осы мақаланы жазу барысында Бекетай атамыздың шамамен 1825 — 1826 жылдары дүниеге келгенін жобалап отырмыз. Өйткені, Жетес биден о кісі екі жас кіші екен. Ал, Жетес бидің 1824 жылы туғанына оның ұрпақтарымен әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Сонымен Бекетай Қатпаұлы қай жылдары қандай жағдайда қайтыс болған? Енді осы мәселеге оралайық Keйбip аңыздарға құлақ түрсек, Бекетайдың сексеннің сеңгіріне шығып қайтыс болғанын айтып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Біз қолға түскен деректерді жинақтай отырып, Бекетайдың елу төрт жасында қайтыс болғанын жобаладық Атамыз кеш үйленген көрінеді. Бәлкім, сан­салалы қызмет бабының мұрша келтірмеуі мүмкін ғой. Ал, Бекетай қандай жағдайда қаза тапты? Енді соған орала кетейік. Бекетай атамыз қызмет бабымен ел аралай жүріп жанындағы атқосшыларын ертіп шамамен 1880 жылдың аса ыстық жазында «Алайғыр» деген жepдeгi Жармолда деген кісінің үйінен сусын ішуге ат басын бұрыпты. Үйге кірген соң ат қоржындағы сусын ішуге кәрлен кесесі табылмай, сол жерде Жармолданың үлкен қызы өздерінің ыдысымен Бекетайға сусын ұсыныпты. Ол кезде жүргіншілер өз ыдыс­аяқтарын аяққаптарына немесе қоржындарына салып, сапарға шығу машық болыпты. Міне, үй иесінің бойжеткені әкелген сусын Арал, Қазалы өңіріне әйгілі адамның ажалына да себепкер болыпты. Яғни, үй иесі әлдекімдердің арам ниеттерінің көземелдеуімен сусынға құшала қосқан деседі. Сонда сыртқа жұрттан бұрын шыққан Бекетай атқа отырғаннан кейін құсып жей бергенде аттың жалы толайым күйіп қалған екен. Осылайша атақты адам аяқ астынан қаза болады. Бұл жөнінде құлақтанған Теке Төлеш батыр Қызылқұмдағы орыстардың орманынан қашып кеткен Күліктерге дереу астыртын хабар салған көрінеді. Өйткені, Бекетай өлген түні Жармолда үй­ішімен бір түнде Қызылдың қиясына асып кеткен еді Міне, со жақта Бекетайдың құнын қуған туыстары көп ұзамай Жармолдаға ажал құрығын кигізеді. Содан бepi қаншама жылдар өтті. Кейін Бекетайдың үлкен қызы ауыл­аймаққа беделді Ақжарқын апамыз әкесінің басына күмбезді үй там салдырады. Оның керек­жарағын кіре жалдап Қазалыдан «Аққұлаққа» тасытыпты. Қазір Ақжарқын апамыздың атсалысуымен көтерілген күмбезді үй там «Аққұлақ» елді мекенінің жанындағы жарма жағасында тұр… Кезінде үй тамның ішінде кигем де, басқа да дүние болыпты. Бұл жайында менің екем өзінің бала кезінде көргенін сонау жылдары айтып отыратын. Ал, кейбіреулер осыдан 60 — 70 жыл бұрын кек тастан қашалған құлыптас сынығы болушы еді дейді Бірақ уақыт деген құдыретке қарсы тұрар кім бар? «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» деген мәйекті сөздің мәнін сонда ғана ұққандай боласың. Үй тамның жан­жағын ауыл адамдары осыдан 40 — 50 жыл бұрын қоршап, бір игілікті ic тындырып еді. Қазір оның да түте­түтесі шыққан. Тарихи — мәдени ескерткіштеріміз табан асты болмасын десек, осынау үй тамның жөндеу жұмыстарына Астанадағы тиісті мекемелерден арнайы мамандар шақырылып, оны қолға алып жатса, нұр үстіне нұр емес пе. тап қазір қабырғасынан сөгіліп келе жатқан үй тамға қамқор қолын ұсынар ел басшылары қайда? Оны айтасыз­ау, осы арада бұл үй тамның бірер жылдың көлемінде ғана тіркеуден өтіп, тарихи­мәдени ескерткіштердің тізіміне алынғаны мәлім болып отыр. Жауһар жәдiгepлepiмiзгe осылайша көзжұмбайлықпен қарайтын болсақ, біздің өткенді құрметтейтініміз қайда? Қалай болғанда да кезінде ел­жұрттың тілеуін тілеген Бекетай Қатпаұлы сияқты Арал, Қазалы өңіріне белгілі біртуар адамның үй тамы қамқорлыққа алынуы тиіс. Осы мақаланы жазу барысында біз Бекетай Қатпаұлының ұрпақтары жөнінде арнайы тоқталып кетуді жөн көрдік. Арал, Қазалы жұртының арасында аңызға айналған осынау адамның артында қалған үрім­бұтағы, олардың тағдыры туралы қалам тарпай кету қиянат болар еді. Бекетайдың төрт баласы, екі қызы болыпты. Үлкен ұлы Сыдық кезінде Қазалы аудандық халық сотында жауапты кызмет атқара жүріп, 1937 жылы жазықсыз жазаға ұшырапты. Одан кейінгі баласы Жұмахмет қартайғанша дария бойында аға балық қорғау инспекторы болып кызмет атқарған. Ол кісі — Бөген ауылы бойынша бірінші рет зейнетақы алған белгілі адам. Кейін жетпіс жасында қайтыс болған. Оның інісі Сереке Бекетаев Қазан төңкерісі тұсында Қазалыдағы Қызыл партизандардың бірінен саналады. Ол кісінің кeлiнi бір кездері Бөген балық зауытының озат балық сұрыптаушысы, бірнеше рет аудандық Кеңеске депутат болып сайланып, абыройлы қызмет атқарған Жұмагүл Ермекбаева еді. Бекетай атамыздың кенже баласы Мұрат болса Алматы қаласында өмір сүрген адам. Оның ұлы Ахтамбек Мұратұлы Бекетаев қазір дербес зейнеткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Енді атамыздың Ақжарқын және Қарлыға атты қыздарының кейінгі тағдырына келейік. Үлкен қызы Ақжарқын апамыз кезінде Қазалы өңірінде белгілі Найзагүл байдың би келіні атанған. Ал, кіші қызы Қарлыға апамыз өте сұлу жан болыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Бегенде тұрған бұл апамыздың қызы Бибайшының күйеуі Рамазан соғыс жылдарында Аралдағы мемлекеттік банкінің бастығы болып қызмет атқарған.

Читайте также:  Есептелінген бағалаулар аудиті

Оставить комментарий