Биік мансап туралы

Биік мансап адамды үш қожайынның малайына: корольдің немесе мемлекеттің ма¬лайына, адамдар қауесетінің малайына және өз ісінің малайына айналдырады; ол енді не өзінің, не қылығының, не өз уақытының иесі бола алмай қалады. Бостандық есебінен билікке асықтық немесе өзіңе­өзің би болу есебінен адамдарды билеуге асықтық оғаш емес пе? Биікке жету бейнет, ал онда бір бейнет басқасын, одан да ауырын балалатады; биікке жету кей­кейде қорлыққа байлайды, ал абырой ұятсыздықпен келеді. Биік орында байыздап қалу қиын, бірақ құлап түсуден немесе бері салғанда батудан басқа жол жоқ, ал бұл мұңды көрініс… Жоқ, адамдар қалаған кезінде жан тыныштығын күйттеп кесе алмайды; олар кету керек кездің өзінде кете алмайды; оңаша қалу баршаға азап, тіпті көлеңкеден шығармау қажет қарттар мен кемтарларға да; мәселен, қарттар, шашының ағын мазақ еткізсе де, ылғи үй алдында шуақтап отырады.

Жоғары мансап иелері өзін бақыттымын деп санау үшін басқалардың пікірін біліп отыруы қажет, өйткені олардың өзі бақытты сезіне алмайды. Олар өзі жөнінде ойлағанда, оның орнында қуана­қуана отырғысы келетін басқалар не ойлайтынын ойлауы қажет – сонда олар бақытты немесе сондай деп саналады. Бірақ жан түкпірінде олар өзге пікірде бола алады; өйткені олар басына түскен ауыртпалықты жұрттан бұрын, өз қателіктерін жұрттан соң біледі. Және жоғары мансап иелері – өзіне­өзі бөтен; істер қарбаласында тән немесе жан саулығын ойлауға олардың мұршасы жоқ… Жоғары мансап жақсылық жасауға да, жамандық жасауға да мүмкіндік береді; бұл мағынасында мансап – қарғыс, өйткені жамандық жасамаудан аяқ тарту аз, оны жасай алмайтын болу керек. Есесіне билік құмарлықты шындап, заңды түрде ақтайтын нәрсе – жақсылық жасау мүмкіндігі, өйткені, жақсы ниет, әрине, Құдайға жағады, бірақ гол ниет іске аспаса, адамдарға тәтті бір түс көргенмен бірдей; ал іске асыру қолайлы позиция болып табылатын жоғары мансап пен билік жоқ жерде мүмкін емес. Сіңірген еңбегің, жақсы істер біздің тірлігіміздің мақсаты, соны түсіну – жан тыныштығымыздың заңғары. Құдайдан басқа өз тындырғанына, кім насаттанып, алаңсыз демала алады. …

Читайте также:  Лингвистика тарихына жалпы көзқарас

Мансабыңды атқарғанда үздік үлгілерді көзден таса қылма, өйткені өнеге тұтас бір нақлият жинағына татиды. Біраздан кейін өзіңді үлгі етіп ал да, бастапқыда ісің қазіргіден жақсы жүрген жоқ па еді, соны мықтап анықтап ал. Нақ сол қызметте өзін жаман жағынан көрсеткендердің үлгісінен де қашпа ­ оларды жамандап, сол арқылы өз бағаңды көтеру үшін емес әрине, не нәрседен қашық болуды біліп жүру үшін. Сонымен, жақсы нәрсені мақтанбай­ақ, ізашарларың мен бұрынғы тәртіптерді жамандамай­ақ енгіз; бірақ лайықты үлгілерден таймаумен шектелмей, өзің де үлгі қалдыруды қағида етіп ал. Барлық нұсқауларыңа түпнұсқаны негіз ет және олардың не нәрседе және қалай бұрмаланғанын ізерлеп отыруға ұмтыл; кеңесті бұрынғы заманнан да, жаңа заманнан да ізде, бұрынғыдан жақсыны, жаңа заманнан жарамдысын ал. Мүмкіндігінше дәйекті бол, сонда адамдар сенен не күтуге болатынын біледі; бірақ тым менмен, қырсық болма, егер өзіңнің әдеттегі ережеңнен ауытқитын болсаң, мұныңды түсіндір. Өзіңе тиесілі құқықтарды сақта, бірақ бұл орайда заңдарды көлденең тартпа; өз құқығың жайында аттан салып, жар шақырғаннан гөрі, соған үнсіз, de fakto бекінген жақсы. Сондай­ақ өзіңе бағыныштылардың құқықтарын да сақта және бәріне араласқаннан гөрі, ең бастысына басшылық жасауды үлкен құрмет сана. Көмекшілерің мен кеңесшілеріңді қатыстыр және өзіңді құлақтандырып отыратындарды беймазалығы үшін қума, қайта оларды жылы жүзбен қарсы алып отыр.

Билік басындағыларға басты төрт кемістік тән: сөзбұйда, парақорлық, қарым­ қатынастағы дөрекілік және көңілшектік. Сөзбұйдадан құтылғың келсе, қабылдауыңды оңайлат; белгіленген мерзімді бұлжытпай сақта; күнделікті істерді кейінге қалдырма және қысып бара жатпаса, бірнеше іске бірден кіріспе. Парақорлық болмас үшін, тек алушы қолдарды – өз қолың мен қызметкерлеріңнің қолын ғана емес, беруші қолдарды ­ өтініш айтушылардың да қолын қақ. Алғашқысы үшін сатылмау жеткілікті, ал екіншісі үшін ­бүл туралы ашық мәлімдеп, парақорлықты масқаралау қажет. Теріс қылықтан ғана емес, сезік тудырудан да қаш. Кім ауытқымалы және көрінеу себепсіз оңғақ болса, сол парақор болуы мүмкін. Сондықтан пікірлердегі немесе қимыл салтындағы кез­келген өзгерісті, соған итермелеген себептермен бірге ашық айт, бірақ жасырып қалам деп ойлама. Сенімге кірген қызметшің яки сырт қарағанда ештеңесі мен сенімге лайық емес сүйікті адамың, баршаның ойынша, әдетте жасырын жемқорлық жәрдемшілері саналады. Дөрекі қатынасқа келетін болсақ, ол наразылықтың қажетсіз ілігі. Қаталдық қорқыныш тудырады, ал дөрекілік өшпенділік тудырады. Билік тарапынан жазғырудың өзі қорлайтындай емес, байыпты болуға тиіс. Көңілшектікке келетін болсақ, бұл парақорлықтан да жаман; өйткені пара аракідік алынады, ал кімде­кім келе бергіштердің немесе орынсыз жарамсақтықтың ыңғайына жығылғыш болса, ол ешқашан тыныш қалдырылмайды.

Читайте также:  Тіл және ұлттық тіл туралы шығарма

Оставить комментарий