Ақпан революциясынан кейін бұрынғы Ресейдің саяси дамуында күрделі өзгерістер орын алды. Елдің болашақ даму жолы туралы мәселенің өзектілігі артты. Әр түрлі саяси бағыттағы партиялар мен идеялардың өзара әреккеттесуі мен қайшылығы байқалып, саяси қозғалыстар етек алды. Елдегі бұл өзгерістер ұлттық шет аймақтарын мекендеген мұсылман халықтарын да бей-жай қалдырмады. Осыған байланысты 1923 ж. большевик Н.Төреқұлов мұсылман дін басылары арасында әр түрлі діни ағымдарды зерттейтін арнайы комиссияға ұсынған баяндамасында 1917 жылға дейін қоғамдық өмірде айтарлықтай рөлі болмаған түркістандық моллалардың Ақпан революциясынан кейін жағдайдың өзгергенін атап өтеді. Моллалардың екі жігі бөлінеді: ислахит (алъ-ислах – реформа) және динмаишат («Дін және өмір») – бұқара халыққа зор ықпал еткен молла, шариғатшылардың консервативті бөлігінің баспа органы, орынборлық журнал. Екеуі де жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға қатысып, бірте-бірте бұқара халыққа ықпал ете бастады [209,с. 213-214]. Қазақ саяси қайраткері М. Шоқай сол кездегі елдің ішкі саяси жағдайына қатысты «Біз революцияны түркістандықтардың «революциялық демократиясынан» қорғауға тырыстық.
Барлық съездер мен газеттеріміздің беттерінде ұлттық мүддеміздің Ресейдегі революцияның нығаюымен, революциялық-демократиялық бастаулардың салтанат құруымен тығыз байланысты екенін түсіндірумен болдық. Автономды Түркістан туралы бағдарламамызда адамзатты еркіндікке жетелейтін революциялық идеалдар, дін бостандығы мен бостандықтың барлық басқа түрлері туралы айтылды…Біздің халық революцияны түркістандық депутаттар кеңесі ұғындырғандай көріп, түсінді. Халықтың революцияны түркістандық «революциялық» солдат, жұмысшы мен қоныстанушы шаруалардан және революциялық идеяны түркістандық депутаттар кеңесінің «революциялық» іс-әрекетінен ажыратуға қауқары жетпеді. Бұл үшін халыққа кінә артуға құқылы болмадық. Біздің трагедиямыз, сонымен бірге революцияның трагедиясы сонда болатын. Біз ескі тәртіпті жек көріп, өткенімізге қорқынышпен қарадық», – деп жазған. Ақпан революциясы нәтижесінде орнаған жаңа билікке елдегі миллиондаған мұсылман қауымының үлкен үміт артқаны белгілі. Ең алдымен мұсылмандар діни басқару, ұлттық-мәдени автономия мәселесін шешуді қолға алды. Ақпан революциясынан кейін «түркі-татар» халықтары мекендеген аумақта, Султан- Галиевтың сөзімен айтқанда, милли шуро «жүйесі» таралды. Осыған байланысты әзірбайжандық «Ачык cлз» газетінде елдің барлық мұсылмандарының ұлттық-мәдени автономия құру талабының орындалуы Құрылтай жиналысында ұлттық-аумақтық федерациялар мәселесінің оңтайлы шешілуінің үлгісі болатыны туралы жазды. Мәдени-автономия құруды мақсат 86 еткен қозғалыстың әр түрлі аймақтарда өзіне тән ерекшеліктері мен мәселелері байқалды [209,с .285-286]. Революцияға дейін көптеген саяси партиялар азаматтардың діні мен шығу тегіне қарамастан тең құқықтарға ие болуы, дін және ұждан бостандығы үшін күресті. Шаруалар монастыр және шіркеу жерлерін кәмпескелеу не сатып алуды талап етті.
Монархиялық партиялар Ресейде абсолюттік басқаруды сақтау және православие шіркеуіне үстемдік беріп, шіркеу мен мемлекет одағын нығайтуға мүдделі болды. Мемлекеттің православие шіркеуімен одақтасудан бас тарту, барлық діндердің тең құқықтығын талап ету, жалпы алғанда, мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың буржуазиялық үлгісіне сай келді. Социалистік партиялардың талаптары радикалды сипатта болып, шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуін талап етті. Радикалдар, прогрессивті, еркін ойлайтындар сияқты шағын партиялар да оларға қосылды [162,с. 60-61]. III Думаның жұмыс кезеңі барысында (1907-1912 жж.) Діни басқарма іс- әрекетіне тікелей қатысты мәселе бір рет қана қаралды. Діни басқарма реформасына қатысты неғұрлым толық бағдарламаны 1912 ж. 11 қаңтарда Думадағы баяндамасында Максуди ұсынды: а) жоғарғы және төменгі сатыдағы дін басыларымыз үкімет тарапынан тағайындалмай, сайланатын болсын; ә) діни тұлғаларымыз Ресейдегі христиан дін басыларымен тең құқықтар мен жеңілдіктерді, оның ішінде әскери міндеттемелерді өтеуге қатысты жеңілдіктерді пайдалансын; б) біздің барлық діни мектептеріміз бен медреселеріміз біздің діни басқармаларымыздың қарамағына берілсін; в) мешіт пен ғибадатханалардың салынуы христиан дін иерархтарына тәуелді болмасын; г) барлық діни басқармалар вакуфтық мекемелер мен басқаруға қатысты тең құқықтарды иеленсін; ғ) Бүгінгі күнге дейін діни басқармалары жоқ Түркістан, Солтүстік Кавказ бен қырғыз далалары сынды мұсылман облыстарында жақын болашақта діни басқармалар құрылсын; д) діни тұлғалар съезін ұйымдастыру мен шақыру тәртібі заңнамалық тұрғыдан бекітілсін; е) діни басқармалардың мұсылман приходтарымен байланыс орнатуы үшін губерниялық бөлімдер құрылсын; ж) барлық діни басқармалар қарамағында дін мектептер мен діни оқу істерін басқаратын ерекше бөлімдер құрылсын; к) діни басқармаларымыз үшін мемлекеттік қазынадан бөлініп жүрген сомада салмақтырақ сомалар бөлінсін». III Бүкілресейлік мұсылман съезінде қабылданған бағдарламадан айырмашылығы – Максуди Ресей мұсылмандарының Шейх-уль-Ислам билігі астына бірігуін талап етпейді. Бірақ, Максуди діни автономия құру (п.1) мен мектептің дін басылардың құзырына берілуін (п.3 және 9) [215; 162,с. 61-62]. 87 Қазан төңкерісінен кейін билікке келген Ресей (большевиктік) коммунистік партиясы империя кезінде орнаған ескі жүйені түбірімен жойып, жаңа мемлекеттік құрылыс орнату мақсаты қоғамның барлық салаларында түбірлі өзгерістерді қажет етті.
Бұл қоғамның рухани өмірі, оның ішінде дін саласына да қатысты болды. Уақытша үкімет билігі кезіңінде дін саласында жоспарланған бірқатар реформаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешуге тиісті болған Құрылтай жиналысы таратылды. Мемлекет пен діннің өзара қатынастар үлгісі жөнінде большевиктік биліктің өз көзқарасы болды. Биліктің алғашқы жылдарында қабылданған жер туралы, неке бұзу, діннің мемлекеттен бөлінуі туралы декреттерінен көрініс тапты. Алайда, Ленин «мұсылман еңбекшілерінің сеніміне ие болу» және жалпы Шығыс мәселесіне келгенде абай болу қажеттігі туралы атап айтты. Соған байланысты Шығыс мұсылмандарының, тұрмыстық, мәдени-психологиялық ерекшеліктерін ескеруді талап етті. 1920 ж. Кавказ майданы революциялық әскери кеңесінің басқарушысы Г. Орджоникидзеге құпия жеделхатта В.Ленин мұсылмандарға қатысты әрекеттерде сақтық танытып, барынша оң ниет таныту қажеттігін айтып, мүмкіндігінше және салтанатты түрде мұсылмандарға, олардың автономиясына, тәуелсіздігіне және басқасына барынша жағымды қатынас көрсету қажеттігін атап өтті [59,с. 190]. Кеңес билігін орнату үшін Түркістанға жіберілген М. Фрунзе шығыс тілдерін біліп, Құранмен таныс болды, және оның жүзеге асырған алғашқы шараларының бірі – жұма күнін демалыс күні деп жариялау болды [125,с. 89]. Отандық зерттеуші Н. Нұртазинаның пікіріне сәйкес бұл, бір жағынан, дүниежүзілік революция идеяларымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан шетелдік Шығыс мұсылмандарын өзіне тартудан үміттенуден туындаған амал-әрекет еді.
Кеңестер қажет болған жағдайда, өз бағыттарын нығайтып алу мақсатымен діни факторды пайдаланып қалулары керек болды. Өкімет пен дін басыларының арасында ымыраға дәлел ретінде сол жылдары Ленинді пайғамбар немесе әулие деп санап, коммунизм мен Исламның арасында ұқсастық байқалады-мыс деген пікірлерді келтіруге болады [65,б. 7- 8]. Большевиктердің көшбасшысы В. Ленин мұсылман мәселесіне, оның ішінде ислам тараған ұлттық шет аймақтарындағы халық санына 1917 жылдың қазанына дейін көңіл бөлген. ХХ ғасырдың басында халықты ұлттық емес, діни белгісі бойынша жүргізілген халық санағының нәтижесіне сәйкес мұсылман халықтарының саны 30 млн. адам деп есептелді. Мұсылман қоғам қайраткері М. Исхаков орыс қоғамдастығына шығыс халықтарын «империяның кең байтақ даласына таралған мұсылмандар өзіндік ойлау және сезім білдіру тәсілі тән ұлттық-мәдени мінез ерекшеліктерін сақтап, әрдайым өздеріне берік болып келеді» деп сипаттап таныстырған болатын [62,с. 93]. В. Ленин Ресейдегі мұсылман халықтарының саны мен дамуын үнемі қадағалап отырды. Бір жазбасындағы мәліметіне сәйкес ол 1880 ж. Ресей мұсылмандарының ішінен 12 адам жоғары білімді болса, 1910 жылы олардың саны 200-ге жеткен; типографиялардың саны 1-ден 14-ке, мерзімді 88 басылымдардың саны 0-ден 16-ға дейін артса, кітап атаулары 8-ден 1000-ға дейін көбейді. Сонымен бірге қазан татарларында 100 адамға бір мектеп келсе, православтықтарда 2000 адамға бір мектеп. Осыған байланысты В.Ленин «Ислам мұнда үстемдік құрған. Діннің толық бостандығы орнаған. Панисламизм !», – деп атап өткен [62,с. 93-94].
Революцияға дейін большевизм идеясының мұсылмандар арасында кеңінен таралмауы РК(Б)П-ның Шығыс саясатын жүзеге асыруында қиындықтар туғызды. 1917 жылға дейін шығыс аймақтарында еңбекші табы саны жағынан аз болғандықтан немесе мүлдем болмағандықтан партияның ықпалы әлсіз болды. Мұсылман большевиктердің қатары да көп болмады. 1917 ж. қазанына дейін партия құрамына мүше болғандардың ішінде Нариман Нариманов, Мешади Азизбеков, Магомед Далгат, Юсуф Шамсутдинов, Гайдар Бамматов, Мир-Саид Султан-Галиев және т.б. болды [216]. Кеңес өкіметіне бағыныштылық танытқан дін басылары жер-су, т.б. реформаларды жақтап, «бата беріп» фәтуа шығарып жатты. Әйелдерге біршама жұмсақтық танытылып, 1919 жылдың өзінде Мұхлиниса Бүбі есімді мұсылман әйел КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Сібір мұсылмандарының Діни басқармасы басшылығының құрамына сайланған болатын, сөйтіп, ол жиырма жылдан астам уақыт бойына діни мәселелерді талқылау ісіне қатысып жүрді. Өзара ымыраға келу саясаты тұрғысынан, Бұхара және Хорезм республикаларының 1922 жылғы Конституцияларында ар-ождан бостандығы жария етілгенімен, дінді мемлекеттен бөлу туралы ешқандай сөз болмағаны әбден түсінікті. 1924 жылдың 28-30 қаңтарында Бұхарада өткен жоғары дін басыларының Екінші Құрылтайында коммунистердің қысым көрсетуімен басмашылар «халық жаулары» деп жарияланды [65,б. 8]. Большевиктердің алғашқы декреттері мен декларацияларында «еңбекші мұсыламандарға» қатысты, діни ескерткіштерді қайтару мен автономия беру сияқты шаралар белгілі-бір шетелдік резонанс, Түркияның қолдауына ие болу (әлемде Кеңестік Ресейді бірінші болып мойындаған Түркия болатын), сонымен бірге «әлемдік революцияны» мұсылман әлеміне қарай бағыттап, Африкадан Үндіге дейінгі аумқты алып жатқан бұрынғы отар халықтар «Кеңестік Шығыс еңбекшілері» үлгісімен қозғалысқа келтіру мақсатымен жасалды.
Осыған байланысты 1921 ж. В.И.Ленин, Татар және башқұрт АКСР-ның құрылуын мысалға келтіріп, түрік көсемі Мұстафа Кемал Ататүркке жолдаған жеделхатта «Кеңестік Ресейдің өз аумағындағы барлық халықтарға еркіндік құқықтары негізінде автономия беріліп, жергілікті республикалардың құрылуын қолдап жатқандығын» хабарлады [183,с. 98-118]. Автономиялардың ішінде Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылуын да атап өтті [216,с. 302]. Большевиктік билік үшін Түркиямен достық қатынас, оның қолдауы қажет болды. В. Лениннің «әлемдік революция» идеясы батыста жүзеге аспаған соң, империалистерге қарсы күресте Шығыс әлеуетін пайдалануды мақсат етті. Бұған коммунист М.С. Султан-Галиевтің «Батыста революция сәтсіздікке ұшыраған соң біз Шығыстың көмегінсіз әлемдік әлеуметтік революцияны жүзеге асыру мүмкін емес екенін мойындадық» деген сөзі дәлел [217]. 89 Осыған байланысты большевиктік билік, бір жағынан, мұсылман әлемінде діни үстемдік еткен Түркияның қолдауына ие болып, екінші жағынан Түркияны жақтаған ел мұсылмандарын өз жағына тартуға тырысты. Түркияның мұсылман әлемінде үстемдік етуіне қатысты зерттеуші Г. Мухтарова «1517 жылы Осман империясы Египетті жаулап алғаннан кейін соңғы халиф Стамбұлға жіберілді. Каирде түрік пашасы I Селимге Пайғамбар плащ, ту, Меккедегі Қағба ғибадатханасының кілті сияқты билік атрибуттары табысталды»,– деп жазып, «1920-шы жылдары Түркияда мемлекет пен діннің өзіндік өзара қатынас үлгісі қалыптаса бастады. 1924 жылы Түрік республикасының бірінші президенті М. Кемаль секуляризацияны жүзеге асырды. Ол халифат институтын жойып, зайырлы мемлекетті жариялады. Құранның орынынна заңнамалық жүйені енгізді. Ислам сот ісі мен мұсылмандық білім беруге тиым салып, араб алфавитін латынға ауыстырды.
Тіпті, фески деп аталтын түріктің ұлтық бас киімінен бас тартты. Нәтижесінде елде үнсіз қарсыласу пайда болды. (1938 жылы М.Кемаль өлімінен кейін реформалар тоқтатылды)», – деп атап өтеді. Большевиктердің жоғарыда аталған әрекеті нәтижесінде Түркиямен, Ауғанстанмен, Иракпен достық қатынас туралы келісімге қол қойылды [62,с. 97]. 1919 жылға дейін ислам діні таралған елдің аумақтарын мекендейтін мұсылман халықтарына қатысты үкіметтің саясаты, отандық зерттеуші А.С.Тасмағамбетов атап өткендей, қайшылықты сипатта болды. Бір жағынан, мемлекет басшылығы ислам ізбасарларымен одақтық қатынас орнатуға тырысса, екінші жағынан, жер-жерде мұсылмандарға қатысты жазалау шаралары жүзеге асырылды. 1919 жылдың аяғына қарай Кеңес билігі мен мұсылмандар арасындағы шиеленіс күшейе түсті. Осы уақыттан мемлекеттің әкімшілік жазалау және үгіт-насихат сипатындағы исламға қарсы шабуылы күшейді [63,с. 45-46]. Зерттеуші Г. Мухтарова да кеңес билігінің алғашқы жылдарында большевиктердің мұсылмандарға қатысты саясатының қайшылықты сипатын атап өтеді [62,с. 88-115]. Осыған байланысты большевиктердің мұсылмандарға қатысты саясатында қайшылықтардың көрініс табуының себебі жөнінде мәселе туындайды. Исламның тотальдылық (барлығын жаппай қамтушылық) сияқты ерекшеліктері болғандықтан, Ислам дінінің күнделікті тұрмыстағы отбасы- некелік қарым-қатынастармен, білім беру жүйесімен біртұтас болып кетуі себепті, дінді мектептен бөліп тастау және басқа да шаралар, әсіресе мұсылмандар үшін құртып-жоюшылық зардаптарын тудыруы мүмкін еді. Мұсылман коммунистерінің жетекшісі М. Сұлтан-Ғалиев және бірқатар дін басылары 1918 жылдың 23 қаңтарында шыққан Декрет мұсылмандар мекендейтін аймақтарға қатысты қолданылуы мүмкін емес деп бірден-ақ мәлімдеді [65,б. 7]. Түркістанда діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі қағидасы жергілікті халық арасында объективті себептерге байланысты жүзеге асырыла алмады. Ислам бұрынғыша азаматтық-құқықытық қатынастарды реттеді. Қазы және билер сотын жою туралы шешімдерге халық немқұрайлықпен қарады.
90 Жаңа заң құжаттары жергілікті халық тілдеріне аударылмай, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімдері қызметкерлерінің жергілікті халықпен жұмыс істеу тәжірибелері болмады. Сонымен бірге қызметкерлер ер адамдар болғандықтан әйелдер олармен қарым-қатынас жасай алмады. 1919 ж. Закаспий облысының азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі 431 акті тіркеген. Оның ішінде 211-і неке және 21-і ажырасу актілері болды. Яғни, шариғат пен адат құқықтың негізі ретінде күшін жойған жоқ. Осыған байланысты Орта Азияда исламға қатысты жеңілдіктер жасалды. 1922 ж. 18 мамырдағы РК(б)П ОК-нің «Түркістан-Бұхара істері жөнінде» атты қаулысына сәйкес діни мекемелер – мешіт пен медреселерге вакуфтық жерлер қайтарылып, қазылар мен билер соты қалпына келтірілді. Түркістанның АХК қарамағында Бас факуфтық басқарма құрылды. Бұхара және Хорезм кеңес халық республикаларының конституцияларында ар- ождан бостандығы жарияланды, бірақ діннің мемлекеттен бөлінуі туралы жазылмады [44,с. 152-153]. А.Б. Юнусованың пікіріне сәйкес орталықтың Ішкі Ресей мұсылмандарына қатысты саясаты бөлек болды. 1918 ж. ҰІХК Коллегиясының отырысында Орталық мұсылман комиссариатының баяндамасы талқыланды. Баяндамада 1918 ж. 23 қаңтардағы декреттің мұсылман халқы арасына таратылмауы туралы айтылды. Бірақ баяндама қолдау таппай, қатты сынға алынды. ҰІХК-ның орынбасары Пестковский В.И.Ленинге берген ақпарында «Коллегия мәселені жан-жақты талқылай келе Орталық Мұсылман комиссариатының ұсынысын негізсіз деп тапты. Біріншіден, баяндаманың бірінші тармағында көрсетілгендей мұсылман халқы арасында діни сезімнің артуы көп жағдайда Ресейді мекендеген басқа ұлттарға қатысты. Екіншіден, әр ұлт үшін ерекше тіркеу жүйесін жасау құқығын беру жер-жерде қиындықтар мен қолайсыздықтар туғызып, жалпы мемлекеттік статистикаға кері ықпалын тигізіп, діннің мемлекеттен бөлінуі туралы декретінің мәнін жоққа шығарады.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, коллегия мұсылман халқына ғана қатысты декрет қабылдау орынына діннің мемлекеттен бөлінуі туралы декретке келесі толықтыруларды енгізуді ұсынады: а) әр түрлі ұлт өкілдері тұратын жерлерде неке, туу және өлуді тіркеу депутаттар кеңестері қарамағындағы азаматтық бөлімдерде жергілікті жерлердегі тиісті ұлттық комиссариат және олардың бөлімдерінен өкілдің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс; ә) діннің мемлекеттен бөлінуі туралы декретті қиындықсыз іс жүзіне асыру үшін ҰІХК- на тиісті комиссариатпен бірлесіп әрбір жеке жағдайда декреттің жүзеге асырылуы түрлері жөнінде қаулы қабылдау құқығын беру. Бұдан басқа, коллегия, ҰІХК қарамағына Орталық мұсылман комиссариатынан тәуелсіз мұсылман халқын (қырғыздар, Кавказ таулықтары және т.б.) танытатын басқа ұлт бөлімдерінің қарасты екенін ескере отырып, соңғысының өкілеттігі еділ бойы татарларына таралуы мүмкін деп шешті» [57,с. 129-130]. Діннің мемлекеттен және мектептің діннен бөлінуі мен мұсылман мәселелерінің шешілуінің Мұсылман істері жөніндегі комиссариаттың қарамағына берілуі туралы большевиктік декреттерге сәйкес Бүкілресейлік мұсылман басқармасының тағдыры шешілді. 1918 ж. 23 қаңтарда ХКК 91 қабылдаған шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы декреті барлық діни қоғамдары заңды тұлға мәртебесінен айырып, бар мүлкін халықтың меншігі деп жариялады (декреттің 12 және 13 баптары) [57,с. 101]. Екі декрет бойынша Ішкі Ресей мен Сібір мұсылмандарының ұлттық басқармасының қаржы мен ағарту мекемелері таратылды. Діни мекемелер заңды тұлға құқығынан айырылды. Осы тұрғыдан мұсылман дін қызметкерлері декреттің Ресей мұсылман халқы үшін тиімсіздігін түсінді. Ислам мұсылман халқы үшін 10 ғысырдай уақыт бойына тұрмыстық өмір, ағарту мен тәрбие, әлеуметтік қатынастар, ең бастысы – білім беруді ұйымдастырушы жүйесі болып саналды. Ал, мектептің шіркеуден бөлінуі бұл жүйенің жойылуы дегенді білдірді. 1918 ж. 5 наурыздағы өтініште татар дін басы өкілдері өз қатынастарын білдірді: «Ресей үшін шіркеудің мемлекеттен бөлінуі туралы декреті қажетті әрі дұрыс.
Ал сауатсыз, бытыраңқы, өмірге жаңа қадам басқан татар халқына бұл декрет кері әсерін тигізеді. 10 ғасыр бойы орыс үкіметіне қызмет етіп келген православие оның күш-қуатын нығайтты. Өмірге жаңа қадам басқан біздің алдымызда дінді ұлтымызға қайтару мақсаты тұр. Бізге автономды түркі-татар штаттарын құру қажет, ал бұл Исламның көмегімен жүзеге аспақ… Дінді татар мектептерінен, ал исламды татар ұлтынан бөліп тастаған жағдайда біздің еркіндік алу үмітіміз орындалмайды. Исламның татар ұлтымен бір болуы пайда болып келе жатқан түркі-татар мұсылман штаттарының гүлденуінің кепілі» [57,с. 102]. 1918 ж. 27 қаңтарда ҰІХК қарамағында ішкі Ресей мұсылмандарының істері жөніндегі Комиссариат құрылды. Оны қазан социал-демократтарының жетекшісі Мулланур Вахитов басқарды. 17 ақпанда мұсылман әскери съезінің (30 адамға жуық, оның ішінде М.Султан-Галиев пен М.Вахитов) большевиктік фракциясы съездің мұсылман және орыс демократиясының қанды қақтығысына алып келуі мүмкіндігінен сескеніп, съезге қатысудан бас тартты [57,с. 100]. 1918 ж. 22 наурызда Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты «Татар- башқұрт Кеңес республикасы туралы ережені» жариялайды. Мәскеуден Қазанға кронштадт теңізшілерінен құралған әскер жіберіліп, 24 наурызда Харби Шуроның жойылуы туралы декрет жарияланады. Сөйтіп Ресей мұсылмандарының буржуазиялық-демократиялық мемлекеттік құрылысы идеясының өмірдегі көрінісі болған Еділ-Орал штаттары идеясы жүзеге аспады. Орталықта бүкілресейлік мұсылман съездері нәтижесінде сайланған органдардың іс-әрекеті заңды саналса, Қырымда, билікті қолына алған большевиктер Милли-фирк мүшелерін қамауға алды. Милли-фирк басшысы Ч.Челебеев және басқа қырым-татар ұлт өкілдері атылды.
Большевиктердің бұл әрекеті мұсылман қауымы тарапынан түсініксіздік туғызды. Қарсылық білдірген Петроград мұсылмандары 1918 ж. 14 наурызда кеңестер съезінің төралқасы мен ХКК-не мұсылман делегаттарының қатысуымен халық қалаулысы мүфтий Челебиевтің зорлықпен өлтірілуіне қатысты мән-жайды анықтап, қылмыскерлерді жазаға тартуды талап еткен жеделхат жіберді [57,с. 100-101]. 92 1918 ж. 21 сәуірдегі ҰІЖК қаулысына сәйкес Милли идара таратылып, Мұсылман ұлттық басқармасының баспа органы – «Мухтариат» журналы жабылды. Осыған байланысты Галимджан Ибрагимов құрамына бай, моллалар мен интеллигенция кірген ұлттық басқарма кеңестердің жұмысшы-шаруа өкіметін қолдамағандықтан оның таратылуы орынды екенін және басқарма мүшелерінің таратылуын «қара тұманың сейілуімен бірдей» деп бағалауы кеңестік идеология шеңберінде қалыптасқан ой-тұжырым болды [218]. «Милли идараның» таратылуымен Ресейдегі исламның қысқа мерзімдік бостандық кезеңі аяқталады [57,с. 103]. Осыған байланысты мұсылман дін басыларының көзқарасы қандай болды деген сұрақ туады. Мұсылман дін басылары басқарманың таратылуы мен құқықтарының шектелуіне қарсылық білдірді. 25 сәуір күні Ресей мұсылмандарына арнаған үндеулерінде басқарманың заңсыз түрде таратылып, сенушілердің сенімін қорлағандар құдайдың қаһарына ұшырайтыны жазылды: «Ғасырлар бойы діни және ұлттық қысым көріп келген ішкі Ресей және Сібір түркі-татарлары ұлы революциядан (ақпан – А.Ю.) кейін ұлттық және діни істерді қолдарына алып, мәдени автономия жариялады. Ұлттық жиналысты шақыртып, құрамына үш министрлік кіретін ұлттық басқарманы сайлады. Аз уақыт ішінде ұлттық басқарма діни және ұлттық істерді, ұлт мүддесін ескере отырып, қалыпқа келтірді. Бүгін, 25 сәуір күні ұлттық басқарманың қаржы және ағарту мекемелері, ұлт еркінен тыс,таратылды. Әлі таратылмаған діни басқарма бір топ адамдардың ұлт еркінен тыс бұл әрекетіне қарсылық жариялайды». Үндеуге қол қойғандардың ішінде мүфтий Галимджан Баруди, қази Риза Фахретдинов, Салихджан Урманов, Кашшаф Тарджуманов, Хужжат Махмудов, Габдулла Сулеймани, Мухлиса Буби болды.
Осыған байланысты көптеген мемлекеттік мекемелер мен діни ұйымдар бұны Ұлттық басқарманың толығымен ыдырағаны деп теріс түсінді [57,с. 104]. 1918 ж. мұсылман Діни басқармасының құзырында дін ілімі мәселелері қалып, мұсылмандардың әлеуметтік өміріне қатысты мәселелерді шешу құқығынан айырылды. ХКК қарамағындағы Мұсылман істері жөніндегі комиссариат және оның губерниялық бөлімдері Ресей мұсылмандарының мүддесін білдіретін жалғыз орган болып табылды. Оның таптық және идеялық қарсыластары жойылды. Осыған қатысты А.Беннигсен мен Ш.Ламерсье- Келькеже «мұсылман ұлтшылдығы, түбіне келгенде Мәскеу орталық билігіне қарсылық коммунистік партияның ішінен ғана көрініс таба алды» деген баға берді [272]. Большевиктредің Ресейдің мұсылман халықтарына қатысты күрделі әрі икемді саясатты ұстанғандары туралы пікірді А.Каппелер және С.Червонная қолдайды. Олардың пікіріне сәйкес большевиктер, бір жағынан, мұсылмандардың демократиялық меммлекеттілік орнату бастамаларын тұншықтырып, жоюға тырысты. Олар мұсылмандардың қасиетті орындарына нұқсан келтіріп, мешіттерді қиратты. Мұсылман съездері мен партияларын таратып, ислам қозғалысының жетекшілерін өлім жазасына кесіп немесе эмиграцияға жіберді (бұл тағдыр татар Аяз Исхаки, башқұрт Ахмед Валиди, 93 қырым татары Джафер Сейдамет және өмірінің соңғы күндерін отандарынан тыс, эмиграцияда өткізген революциялық дәуірдің басқа да көптеген мұсылман қайраткерлеріне ортақ болды). Басқа жағынан, большевиктер мұсылмандарға құқықтарын қорғап, ар-ождан бостандығы мен барлық азаматтарымен тең құқық беруді уәде етті.
Алайда, «ұлттардың еркіндік алу құқықтарының» лениндік қағидасы негізінде іс жүзіне асырылуы барысында большевиктер тарапынан шекаралар мен жерлерді межелеу, халықтарды қоныс аударту мен оларды топ-топқа бөлу сияқты шаралары жүргізілді. Сырт көзге «ұлттық социалистік мемлекеттілік» көрінісін жасау мақсатында кейбір халықтарға одақтық немесе автономдық республика құру мүмкіндігі берілді. Енді бір халықтарға өзара қайшылықты сипаттағы екіұлттық немесе көпұлттық автономия берілсе, үшіншілеріне автономияның ешбір түрі берілмей, олардың басқа республикалардың халықтарына сіңісіп кетуі көзделді, ал, олардың жерлері республикалардың шекараларымен екі, үш, төрт бөлікке бөлінген болатын (мысалы, ноғайлар кеңес өкіметі кезінде, одан кейін де аумақтық автономия ала алмады). «Ұлттық-мемлекеттік құрылыстың» бұл кеңестік жүйесі мұсылмандарға ғана емес, жалпы елдің барлық халықтарына қатысты болғанымен, биліктің «ислам факторына» деген ерекше назары байқалды [183,с. 110]. Кеңес өкіметі мұсылмандарына қатысты саясатта 1920-шы жж. басынан мұсылмандардың діни сезімдеріне көңіл аударуы дінге қарсы жауыққан саясатпен қайшылыққа келгені байқалды. Революция және азамат соғысы жылдары институттардың мұсылмандық сипатын анықтайтын (мұсылман комитеттері, мұсылман съездері, мұсылман әскері бөлімшелері) терминдер бірте-бірте ресми тілден шығарылып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс ісінде халықтардың (конфессиялық емес) этникалық еркіндігі қағидасына баса мән берілді. Бірақ Таяу Шығыстағы одақтастарға кеңес өкіметінің мұсылмандардың құқықтары мен мүддесі қорғаушы саясатын көрсететін ескі жүйе сақталып, жаңа жалпыодақтық және республикалық конституцияларда бекітіліп отырды. Мысал ретінде Грузия құрамындағы Аджар АКСР-ын алуға болады. Ол этноаумақтық емес, конфессиялық негізде, яғни Ислам дінін ұстанатын грузиндер үшін құрылған жалғыз автономия болды [183,с. 110].
Кеңес өкіметі насихаттаған «халықтар достығы», «адамдардың жаңа қоғамдастығы – кеңес халқын» құру, қоғамның «моральдық-саяси бірлігі» сияқты ұрандары сөз жүзінде қалып, іс жүзінде халықтардың жақындасып, достық қатынас орнауына барынша кедергі келтірді, діні мен мәдениеті жақын халықтарды қолдан шиеленістірі, іріткі салуға тырысты. Мысалы, 1918 жылы декларативті түрде еділ татарлары мен башқұрттарын біріктерген «Татбашреспубликасы» құрылып, кейін ол ұлттық (этникалық) белгісіне қарай бөлініп, 1919 жылы Башқұрт, ал 1920 жылы – Татар АКСР болып бөлінді. Шекараны бекіту барысында бұрыннан татар халқы мекендеген кең аумақтар башқұрттарға берілді (сонымен қатар башқұрт жайылымдары мен башқұрт отырықшы мәдениетінің дәстүрлі аймақтары башқұрттарға ешбір автономия бермейтін Орынбор, Курган жәна басқа да орал облыстарына қосылды). Сөйтіп, 94 халықпен санаспай, ерікті түрде татар халқының көп бөлігін Башқұртстанның құрамына қосу және башқұрт халқының «өз» республика аумағында азшылықты құрауы аймақта ұлтаралық шиеленісті тудырды. 20-жж. жарияланған «жергіліктендіру» саясатының қағидалары мен «ұлттық» республикаларда этникалық басымдықтарға сәйкес Башқұртстандағы татар азшылығы қысым жағдайында қалды. Олардың этникалық тұрғыдан ассимиляциялануы көзделді (көп жағдайда татарларды башқұрт деп «жазылуға» күштеп көндірді); татар халқы наразылық танытып, башқұрт мәдениетін жатсынып, Татарстан татар халқы бар Башқұртстан аумағының бір бөлігін өзіне алғысы келіп, бұл татар-башқұрт шиеленіісн күшейтті. Ерте орта ғасыр кезеңінен аймақтағы сунниттік исламның тірегі болған ислам мәдениетінің тұтастығына кері ықпалын тигізді. Башқұрттардың көп бөлігі (башқұрт интеллигенциясымен қоса) «татар діні» деп исламнан бөлініп шықты. Кейін Ресейдің еуропалық бөлігі және Сібір мұсылмандарының діни басқармасының негізгі тірегі болған (ЕСМДБ) «адал мұсылмандар» қатарында қалып, білімді дін басылар ортасынан шыққан татарлар мен башқұрттар да өзара келісе алмады [183,с. 112-113].
Кеңес өкіметінің ислам дініне және мұсылмандардың түпкілікті мүдделеріне деген дұшпандық пиғылдары бүкілресейлік мұсылмандар қозғалысын ресми түрде басып тастау (1918 ж.сәуірде), Қоқан Автономиясын асқан қатыгездікпен талқандап, күйрету, революцияны Бұхара, Хиуа жеріне экспорттау, т.б. оқиғалар кезінде байқалған. Көптеген ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан діни бастауларға қарсы күрес оңай болмайтындығы мойындалды. Осыдан барып қайшылықтар, бұлтару, алдау туындады. Дінге қарсы күресті жанама түрде жүргізу, оның негізін жаңа дүниетанымдық көзқарастарды кеңінен тарату арқылы біртіндеп әлсірету қажет деп саналды. Коммунистердің тактикасы уақытты оздыра отырып, асықпастан іс-әрекет жасауға бағытталған еді, бұл саясаттың әсіресе мұсылмандар мекендейтін аймақтарға қатысы болды. Шығыстың консервативтік күйі, діннің ұлттық әдет- ғұрыппен бірге тұтасып кетуі, сонымен қатар, «мұсылмандардың арасында христиан миссионерлерінің ұзақ жылдар бойына жұмыс жүргізгендігін еске ала отырып, олармен біздің насихатшыларымызды шатастырып алуға сылтау табылуынан сақ болу керек» деген жәйт те алға тартылды. Большевиктер мұсылмандық қозғалыстан сескеніп, алғашқы кезде ислам дінімен тікелей күресуге күш салмай, ең алдымен түркі-мұсылман халықтарының араларына жік түсіре отырып, олардың ауыз бірліктерінің шырқын бұзуға тырысты. Этникалық ерекшеліктерге көңіл бөлу, ұлттық сезімдерді қолдау іс жүзінде дінге қарсы қолданылатын өте белсенді саясат болды [65,б. 6]. Коммунизм мен мұсылмандық Шығысты практикада үйлестіруге тырысып, орталықтың ұлт аймақтарына қатысты саясатын ұлы державалық және шовинистік деп сынаған М. Сұлтан-Ғалиевтың әрекеттері оның барлық лауазымдардан шеттетіліп, 1923 ж. қамауға алынуымен аяқталғаны белгілі. Мемлекет барлық діни бірлестіктерге қатысты, оларды конфессияларға бөлмей, ұлттық аумақ ерекшеліктерін ескермей, қатал секуляризация саясатын ұстанды 95 [57,с. 130-131].
Дінге қарсы жалпы қастандық әрекеттер, қызыл гвардияшылардың шектен шыққан жүгенсіздіктері, бұзақылығы бекітіліп, рұқсат етілмегеніне қарамастан, діни қызметшілерді тұтқындау, өлтіру, монастырьлар мен шіркеулерді талан-таражға салып, тонау сияқты адамның жаны түршігерліктей зұлымдық әрекеттер барлық жерлерде жүріп жатты. Дін басылары (ең алдымен христиан дініндегілер) «құдайсыз өкіметтен» қорыққандықтан, белгілі дәрежеде революцияға қарсы күштерге қолдау көрсетуі, идеологиялық қарсы тұру әрекеттерінің күшейіп, үдей түсуіне себепкер болды [65,б. 6]. Қорыта айтқанда, бұрынғы Ресей империясының бірқатар аумағын мекендеген мұсылман халықтарының саны жағынан, әлеуметтік-мәдени, саяси тұрғыдан үлкен әлеуетке ие болғандықтан большевиктер үкіметі олармен санаспай отыра алмады. Шығыс аймақтары, оның ішінде, дәстүрлі және жаңашыл идеялар өзара әрекеттесіп, саяси козғалыстар орын алған Түркістан мен Дала аймағы ерекше назарда болды. Мұсылмандардың саяси мүдделерімен санаспай, оларға қарсы шабуыл бастау жаңа орнаған биліктің өміршеңдігіне қаіпті болды. Сондықтан алғашқыда жаңадан құрылған кеңес өкіметі «Шығыстың қаналған халықтарының қорғаушысы» болып, мұсылмандар мүддесінен шығатын бірқатар саяси шаралар ұйымдастырды. «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» қабылдап, «Ресей мен Шығыстың барша мұсылмандарына үндеуін» жариялады. Мұсылмандарға қатысты империялық саясатты сынға алып, мұсылмандарға еркіндік пен бостандықты уәде етті. Демократиялық мазмұны бар құжаттар большевиктердің ұлттық шет аймақтарындағы мұсылман халықтарының қолдауына ие болуға жәрдемдесті. Кеңес билігі ұлттық шет аймақтарда большевизм идеясын кеңінен тарату үшін мұсылман дін басыларының көмегін пайдаланды. Әсіресе дәстүрлі ислам кең тараған аймақтардың мұсылман халқының қолдауын қамтамасыз ету мақсатында коммунизм мен шариғаттың ұқсастығы туралы идея насихатталды. Мұсылман дін басылары тарапынан «Кеңес билігі үшін, Шариғат үшін !» деген ұрандар айтылды. Бірақ, кеңес билігінің алғашқы жылдарында ұлттық шет аймақтырының мұсылмандарына қатысты ниеттілік сипаттағы саясат дінге қарсы ашық шабуыл мен жазалау шараларына ұласты.