Дәстүр (традиция) туралы

«Дәстүр»жөніндегі менің түсінігім бір жағынан Р. Генон, Г. Вирт сияқты ғұламалардың гипербореялық «Ілкі Төр» (Изначальная Традиция) ұғымымен сабақтасып жатыр, қазақтарды (түркілерді) аталмыш Дәстүрден бастау алған халық ретінде қабылдай отырып, тек әлгі ғұламалардың ұсынған «Ілкі Төрдегі арийлардың біріншілігі» жөніндегі тұжырымына балама ретінде «Ілкі Төрдегі түркілердің біріншілігі»деген тұжырымды ұсынамын. Екінші жағынан, осылардың барлығының да бүгінгі қазақ үшін, оның руханияты үшін тым бұлыңғыр дүние болып табылатындығын ескере отырып, барынша нақтылы уақыт пен кеңістікке қатысты дәстүр жөнінде айтар болсам, «қазақ дәстүрі» дегеніміз — соңғы 7­8 мың жылдық уақыт пен 10­15 миллион шаршы шақырымдық кеңістікте мекендеген сансыз ұрпақтардың өзара сабақтас шығармашылығының (творчествосының) ең соңғы қорытындысы. Зиялы түгілі, орташа статистикалық қазаққа өздерінің тегінің байырғы қазақстандық тайпалардан, мәселен, сақтардан немесе арийлардан бастауды, солардан бергі сабақтастықты дәлелдеп жатудың пәлендей қажеттілігі жоқ, қазақ үшін ол — аксиома. Сабақтастықты дәл, нақтылап көрсету — тиісті ғылыми салалардың шаруасы, осындай тізбектегі сабақтастықтардың санын, уақыт мөлшерін, кеңістік ауқымын қас қағым сәтте, көз алдымызда (яғни, іс жүзінде уақыттық пен кеңістіктік өлшемдерді жоқ қылып жіберіп) өткен әрекет деп, басқаша айтқанда, бір ғана нүкте немесе қобдиша түрінде қабылдау — руханият үшін ең басты шарт осы. Яғни, мәселе — осы сабақтастықтың бар екендігіне құр тамсануда емес, қазаққа қатысты барлық нәрсені тауып алуға болатын қобдиша түрінде қабылдауға қол жеткізуде болып отыр. Әрине, мұндай сиқырлы қобдиша үнемі толы болу үшін іздену қажет. Дәстүр дегеніміз де — сабақтастық «моншақтарын»бір жіптің бойына тізіп қойған таспиық, немесе, әлгі айтылған қобдиша. Керек моншақты саусақ ұштарымен жылжытып отырып тауып алуға немесе қобдиша қапағын ашып көсіп­көсіп алуға болады. Өткенді тани білу арқылы бүгінгі және болашақ қазақ үшін қажетті жауаптар мен үлгілерді, қарым­ қатынастарды табуға болады. Әлбетте, оларды сол күйінде көшіре салуға болмайды, көнені пайдалану жаңа заманға сай болуы шарт.

Читайте также:  «Термиялық өңдеу» арқылы материал сапасын арттыру

Оставить комментарий