Загрузка…

ДАУЫССЫЗ ФОНЕМАЛАР ЖІКТЕЛІМІ

Қазақ тіл білімі дамуының жаңа кезеңдегі жетістіктері қазақ фонетикасын жетілдіріп, оның теориялық жағынан жаңаша зерттеп дамытуға себеп болып отыр. Қазақ фонетикасындағы әр фонема сингармофонологиялық ерекшелігіне қарай үндесім белгілері анықталып, тіліміздің табиғатына сай жүйелі жіктеле бастады. Қазір қазақ тіліндегі дыбыстардың жіктелімі дауыс желбезегінің қатысына қарай қарастырыла бастады. Ғалым Ә.Жүнісбектің зерттеулерінде дауыс желбезегінің қатысымы жасалым белгі ретінде алынып, тіліміздегі дыбыстардың жасалым ерекшеліктері олардың тербеліс толқындары арқылы сипатталып жүр. Сонда дауыс желбезегі толық тербелсе — дауысты дыбыстар, мол тербелсе – үнді дауыссыздар, жартылай тербелсе – ұяң дауыссыздар, ал тербелмесе – қатаң дауыссыздар жасалады. Дауыс желбезегінің жартылай тербелуі арқылы ұяң дауыссыздар жасалады десек, олардың басқа да үстеме жасалым белгілері бар екенін ескеру қажет. Ерін қатысына, іргелес дыбыстардың әсеріне қарай дауыссыз дыбыстардың да түрленімі әр түрлі болды [1]. Бұрынғы фонетика оқулықтарында: «Тілдегі дыбыстардың бір саласы тонмен байланысты: бұлар — дауыстылар. Енді бір саласы салдырмен байланысты: олар – дауыссыздар. Дыбыс тонмен байланысты дыбыстар (дауыстылар) музыкалы болып келеді де, салдырмен байланысты дыбыстарда (дауыссыздарда) бұл қасиет болмайды» — деген анықтама берілетін еді [2; 223]. Дауыссыз дыбыстар дауыс қатысына қарай үш топқа (қатаң, ұяң, үнді) бөлініп: «Ұяң мен қатаң екеуі қосылып үнсіздер деп аталады. Үнділерді айтқанда дауыс басым болады да, салдыр кем болады, ұяңдарды айтқанда, керісінше, дауыстан салдыр басым болады, ал қатаң дыбыстарды айтқанда дауыстың қатысы (демек дауыс шымылдығының вибрациясы) болмайды деген қағида ұстанылды [2; 256]. Шұғыл (эксплозив) фонемалар: п, б, т, к, г, қ, д, ч, ц; Ызың (фрикатив) фонемалар: ф, в, с, ғ, ш, х, з, ж, һ», — деп, үздікті-үздіксіз, жабысыңқы-жуысыңқы айырым белгілері арқылы жіктелді [2; 257]. Қазақ тілі дыбыс жүйесін жаңа бағытта зерттеудің ғылыми ұстанымдарын негіздеп берген ғалым Ә.Жүнісбектің шәкірттері де оның басшылығымен ғылым жетістіктеріне сай ізденіс жүргізіп келеді. Осы орайда, Ә.Бәйімбетованың тоғысыңқы дауыссыздардың дыбыстық түрленімі жөніндегі зерттеуін атап көрсетпекпіз[3 ]. Сөйлеу мүшелерінің өзара тоғысуы арқылы жасалатын тоғысыңқы дауыссыздарды сөйлеу мүшелерінің өзара жуысуы арқылы жасалатын жуысыңқы дауыссыздарға қарама-қарсы қойып, тоғысым-жуысым айырым белгілеріне назар аударады. Тоғысыңқы дауыссыздардың жасалымы, түрленімін көрсету бағытында сөйлеу мүшелері қозғалысының әр түрлі араласымын нақты талдап берген. Фонетикалық талдаудың нәтижесінде тоғысыңқы дауыссыздардың айтылым, жасалым, естілім ерекшеліктеріне жүйелі сипаттама жасаған. Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі ызың дыбыстардың ерекшеліктері С.Оразалин зерттеуінде жан-жақты тиянақталды [4]. Ғалым соңғы кезеңдегі ғылым жетістіктеріне сай жүйелі зерттеу жүргізіп, қазіргі қолданысқа енген қазақша ғылыми атауларды сәтті пайдаланған. Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі дауыс желбезегінің қатысымына, дәлірек айтқанда, тербелісіне қарай тербеліңкі (ұяң), жасалу орнына қарай жуысыңқы дауыссыз болатын с, ш, з, ж дыбыстарының жасалым түрленіміне құрылымдық талдау жүргізген. Тербеліңкі дауыссыздар жасалым ерекшелігіне қарай тоғысым-жуысым болып бөлінеді. С.Оразалин тербеліңкі жуысыңқы дауыссыздардың жасалым амалының түрі сөйлеу мүшелерінің өзара жуысуы екендігін көрсете отырып, жуысыңқы дауыссыздардың жасалым түрленіміне жүйелі сипаттама берген. Ғалым жуысыңқы дауыссыздарды жинақы жуысыңқы (с, з) және жайылыңқы жуысыңқы (ш, ж) деп бөледі. Әрбір жуысыңқы дауыссыздың фонетикалық варианттарына тоқталып, жан-жақты сипаттама берілген. Қазақ тілі дыбыс жүйесін тіліміз табиғатына сай, үндесім ерекшеліктері тұрғысынан, зерттеу жұмыстарына соңғы кезеңде ерекше назар аударыла бастады. Қазақ тілі дыбыстарының саны мен олардың жасалым, айтылым, естілім ерекшеліктері фонетикалық және фонологиялық жағынан жүйелі түрде жан-жақты зерттеуге алынды. Осы орайда, Б.Баймұхановтың «Қатаң дауыссыз дыбыстардың жасалым және түрленім жүйесі» атты зерттеуінде қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының дауыс желбезегі тербелісіне қатысты жасалымының бірі қатаң дауыссыз дыбыстар мен олардың үндесім түрленімі нысанаға алынған [5]. Қатаң дауыссыз дыбыстардың құрамы мен жүйесін фонетика және фонологиялық ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке тани білудің ғылыми маңыздылығын көрсетіп, осы мәселеге орай, белгілі ғалымдар пікіріне жүгінеді. Қазақ тіліндегі қ-к қатаң дауыссыз дыбысының фонологиялық табиғатының өзіндік ерекшелігі жөнінде ғылыми бірізді пікір болмай келгендігін нақты мысалдар арқылы алға тартып, өзіндік көзқарасын білдіріп: «Шындығында қ мен к, ғ мен г дауыссыздарының арасындағы айырмашылық өзге дауыссыздардың жуан-жіңішке түрлерінің арасындағы айырмашылықтан өзгеше. Олардың жасалу орны бір-бірінен өте алшақ жатыр, сонымен қатар естілім белгілері де бір-бірінен ерекше»,- дейді [5; 9]. Қазақ тілі дыбыстарының өзіндік табиғаты мен орыс тілі дыбыстарының ішкі ерекшелігін жасалым, айтылым, естілімі тұрғысынан салғастыра баяндап, тіл дыбыстарын айту мен жазу жағынан да шатастырмай, дербес қарастыру жолдарын түсіндіреді. Екі тілдің артикуляциялық базасының табиғаты, фонологиялық ерекшелігі жөнінде айтылған теориялық анықтамаларға сипаттама беріліп, қазақ тілі жасалым қорындағы қатаң дыбыстардың түрленім жүйесі жөнінде жүйелі талдау жасалған. Мысалы, сазсөзі құрамындағы қатаң жуысыңқы с дауыссызының жасалымы жөнінде төмендегідей сипаттама берілген: 1) тіл ұшы тіс пен қызыл иектің шегара тұсына жуықтап келеді; 2) тіл ұшы мен үстіңгі күрек тісі түбінің арасында аз ғана саңылау қалады; 3) дауыс желбезегі бейтарап күйде қалады, яғни тербеліске түспейді. Қазақ тілінде с қатаң дауыссызы тіл ұшы арқылы, ал орыс тілінде тіл алды арқылы жасалатындығы, естілімі жағынан орыс тілінде «ысқырық» күші басым екені, қазақ тілінде «суыл дауыссыз» деп аталып жүргенін ескертеді. Сөйтіп, Б.Баймұханов естілім тұрғысынан аңғарыла бермейтіндіктен сөйлеу үстінде мән берілмейтін жасалым ерекшеліктерін нақты сипаттама мысалдар арқылы дәлелдеп көрсеткен. Сингармонизмге арқа сүйеген түркі тілдері қатарындағы қазақ тілінің акцентті тілдерден, орыс тілінен, фонологиялық ерекшелігін таныту жұмыстары тіл дыбыстарына фонетикалық сипаттама беруден басталуы керектігін, автордың өзі айтқандай, «қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп жеті-сегіз дыбысты» бірден бөліп алып талдаудың дұрыс еместігі ғылыми және әдістемелік жағынан орынды айтылған. Зерттеуде қазақ тіліндегі қатаң дауыссыз дыбыстардың құрамы мен моделі көрсетіліп, осы дыбыстарды жасалу орны мен жасалу тәсіліне қарай топтастырған. Жасалу орныжағынан 1) ерін (п), 2) тіл ұшы (т, с, ш), 3) тіл ортасы (к), 4) тілшік (қ) және жасалу тәсіліжағынан 1) тоғысыңқы (шұғыл – п, т, к, қ), 2) жуысыңқы (сүзілмелі – с, ш) деп топтастырады. Осы тіркесімге сай қатаң дауыссыздардың іргелес үйлесім моделі ұсынылған. Қатаң дауыссыздардың үндесім варианттары іргелес дауыстыларға байланысты қалыптасатындығы, олардың айтылымына тілдің көлденең және тік (жақ) қалпы, ерін, ауыз және көмей қуысы қатысымы жөнінде ғылыми нақты сипаттама берілген. Тіліміз артикуляциялық базасындағы дыбыстар санын анықтап, олардың өзіндік айырым белгілерін көрсетіп, қазақ тіліндегі фонемалардың дыбыс қорын сингармофонологиялық тұрғыда зерделеген З.Бадамбекқызының зерттеуінің маңызы зор. Ғалым тіліміздегі әр дыбыстың айырым белгілерін, әр фонеманың дыбыс қорын жүйелі талдап көрсетті. Тіліміздегі дауыссыз дыбыстардың ерекшеліктері А.Молдшева, Ж.А. Исаеваның зерттеулерінде одан әрі терең қарастырылды. Ғалым Ә.Жүнісбеков қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының санын 17 деп көрсетеді. Ғалым қ-к, ғ-г дыбыстарын бір дауыссыздың үндесім варианты деп есептейді [1]. «Дауыссыз дыбыстардың жасалымы — үш айырым белгісі (жасалу орны, дауыс қатысы, жасалу тәсілі), айтылымы — екі айырым белгісі (ауыз бен көмей қуысының өзара қатынасы, тоғысым-жуысым күші), естілімі – екі айырым белгісі (тоғысым-жуысым қарқыны, үн қатысы) арқылы сипатталады», — дейді Ә.Жүнісбеков. Ғалымның айтуынша, дауыссыздарды қатаң, ұяң, үнді деп бөлу жасалым белгі емес, естілім белгісіне қатысты, дегенмен дәстүрлі фонетикада олар жасалым белгілер ретінде қалыптасқан. Сондықтан ғалым олардың жаңа атаулар алғанын жөн санайды: қатаң (тербеліссіз), ұяң (тербеліңкі, үнді (тербелімді): «Дауыссыз дыбыстардың басты жіктелім белгісі дауыс қатысы» деп көрсетеді. Дауыссыз дыбыстар жіктелімі төмендегідей болады: 1.Қатаң дауыссыз дыбыстар. П — ерін- ерінді, тоғысыңқы, қатаң; Т — тіл ұшы, тоғысыңқы, қатаң; Қ (К)- тілшік, тоғысыңқы, қатаң; К- тіл ортасы, тоғысыңқы, қатаң; С- тіл ұшы, жинақы, жуысыңқы, қатаң; Ш- тіл ұшы, жайылыңқы, жуысыңқы қатаң; 2. Ұяң дауыссыз дыбыстар. Б – ерін-ерінді, тоғысыңқы, ұяң; Д – тіл ұшы, тоғысыңқы, ұяң; Ғ-Г – тілшік, тоғысыңқы, (жуысыңқы), ұяң; Г – тіл ортасы, тоғысыңқы, (жуысыңқы), ұяң; З – тіл ұшы, жинақы жуысыңқы, ұяң; Ж – тіл ұшы, жайылыңқы жуысыңқы, ұяң; 3. Үнді дауыссыз дыбыстар: М — ерін, тоғысыңқы, үнді; Н – тіл ұшы, тоғысыңқы, үнді; Р – тіл ұшы, діріл, үнді; Ң — тілшік, тоғысыңқы, үнді; Л – тіл ұшы, жанама жуысыңқы, үнді; Й – тілшік,жуысыңқы, үнді; У – ерін-ерінді, жуысыңқы, үнді; Жинақтап айтқанда, Ә.Жүнісбек еңбегінде дауыссыз дыбыстар төмендегіше жіктеледі: 1. Дауыс қатысына қарай: а) қатаң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі тербелмейді (п, қ-к, с, ш); ә) ұяң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі жартылай тербеледі (б, д, ғ-г, з, ж); Б) үнді дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі мол тербеледі (м, н , ң, р, л, и, у); 2. Жасалу орнына қарай: а) ерін-ерінлі дауыссыз дыбыстар ерін мен еріннің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (п,б,м,у); ә) Тіл ұшы дауыссыз дыбыстар тіл ұшы мен қызыл иектің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (т ,д, н, с, з, р, ш, ж, л); б) Тілшік тіл ортасы дауыссыз дыбыстар тілшік (тіл ортасымен) мен тіл түбінің (таңдайдың )тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (қ(-к), ғ (-г), ң, и); 3. Жасалу тәсіліне қарай: а) тоғысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен тоғысымы арқылы жасалады (п, б, м, т, д, н, қ-к, ғ-г, ң); ә) жуысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен жуысымы (с, з, ш, ж, й, у, ғ-г, діріл жуысымы – р, жанама жуысымы – л арқылы жасалады); Дауыссыз дыбыстар дәстүрлі фонетикада тірек дауыссыздар (негізгі аллофон) ретінде дауыссыздардың тек жуан езулік үндесім варианттары алынып келгені аян. Осы мәселені ескерте отырып, Ә.Жүнісбек дауыссыздарды үндесім ерекшелігіне қарай қарастырады. Осы мақсатына сай, үндесім дауыссыздардың жасалым сипаттамасын беру үшін алдымен «ілгерінді-кейінді», «еріндік-езулік» деген атаулар енгізуді ұсынады [1]. Сонымен, үнді дауыссыз дыбыстар төрт түрлі үндесім әуезбен айтылып, үндесім варианттары 26 дыбыс болып шығады. Ә.Жүнісбек еңбектерінде қазақ тілі дыбыстары сингармонизм тұрғысынан да, одан тыс та қарастырылып, алғаш рет толық дыбыстық сипаттамасы жасалды. Қазақ тілі дыбыстары фонетикалық жасалым белгілеріне қарай жіктеліп, тірек дыбыстардың (әліпби дыбыстар) басы ашылды. Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі дауыссыз фонемалар жіктелімінің соңғы зерттеулерде аталған айырым белгілеріне назар аударамыз. Пайдаланылған әдебиет 1. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 783 бб. 2. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. – Алматы: Мектеп, 1975. — 304 б. 3. Бәйімбетова Ә. Қазақ тілі тоғысыңқы дауыссыздарының фонетикалық түрленімі. КДА. – Алматы, 1999. – 28 б. 4. Оразалин С. Қазақ тілі жуысыңқы дауыссыздарының жасалым түрленімі. КДА. – Алматы, 2001. – 28 б. 5. Баймұханов Б. Қатаң дауыссыз дыбыстардың жасалым және түрленім жүйесі. КДА, – Алматы, 2005. – 22 б.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar