Демократиялық халықтар қандай деспотизмнен қауіптенуі керек

Құрама Штаттарда болған кезімде мен америкалық сияқты демократиялық қоғамдық құрылыс деспотизмді орнатуға ілуде бір мүмкіндік беретінін байқадым, ал Еуропаға оралып мынаны көрдім: біздің көптеген билеушілеріміз оз билігінің шекарасын кеңейту үшін сол қоғамдық құрылыстың идеяларын, сезімдерін және қажеттіліктерін пайдаланып үлгеріпті. Бұл мені христиан халықтар түптің түбінде көптеген ежелгі халықтар бір кездері бастан кешкен қысымды көруі мүмкін­ау деген ойға жетеледі. Бұл мәселені неғұрлым егжей­тегжейлі талдау және бес жыл тыңнан толғану менің қаупімді сейілтпеді, алайда оның себебін өзгертті. Бұрынғы замандарда бірде­бір монарх, оның билігі қандай құдіретті де абсолютті болса да, алып империяның барлық бөлігін, биліктің аралық органдарының көмегінсіз басқаруды жеке­дара мойнына алмас еді. Ешкім де барлық бодандардан біркелкі заңдардың бәрін ештеңесіне қарамай мұқият орындауға мәжбүрлеуге тырысқан жоқ, ешкім де әркімді оның барша ісінде басқаруға тырысқан жоқ. Мұндай ойдың мүмкін екендігі адамдардың басына ешқашан келген емес. Бірақ егер біреу осындай бірдеңені жүзеге асырмақ болса да, ол білімді адамдардың жетіспеуінің, әкімшілік құрылымының жетілмегендігінің және ең алдымен адамдардың тіршілік ету жағдайларының тең еместігінен туындайтын табиғи кедергілердің болуының пәрменімен соншалық ауқымды ойды іске асырудан коп ұзамай бас тартуға мәжбүр болар еді. Біз цезарьлар құдірет асқарына жеткен заманда Рим империясын мекендеген түрлі халықтар өздерінің сан алуан құқықтары мен салттарын сақтап қалғанын білеміз; монархқа бағынса да, провинциялардың көпшілігінің, дегенмен, оз басқару органдары болды; оларда күшті де іскер муниципалитеттер болды және империяда бүкіл билік толығымен жалғыз императордың қолына шоғырланып әрі ол қажет жағдайда кез­келген істі шеше алатын болса да, қоғамдық және жеке өмірдің егжей­тегжейі әдетте оның бақылауынан тыс қалатын. Расында да, императорлардың орасан зор әрі ешкім шектемейтін билігі болды, бұл оларға тоятын қанағаттандыру үшін өздерінің көбіне оғаш нәпсілеріне ерік беруіне бүкіл мемлекеттің құдіретін пайдалану мүмкіндігін берді.

Билікті жүгенсіз пайдаланып, олар көбіне заңсыз жолмен әлдебір азаматты мүлкінен немесе өмірінен айырды, олардың тиранясы жекелеген адамдарға аса ауыр қамыт болды. Алайда тирания олардың тым көп санын қамти алмайтын. Тирания нысанасы ретінде көбінесе баз бір аса көрнекті тұлғалар таңдап алынатын да, басқалары назардан тыс қалдырылатын; тирания сұмдық болса да, шектеулі еді. Меніңше, қазір демократиялық қоғамдарда деспотизм орнаса, ол басқаша сипат алар еді: ол біршама жұмсақтау, бірақ әлдеқайда кең ауқымды, және адамдарды қорласа да, оларды азапқа салмас еді. Менің мынаған күмәнім жоқ: біздікіндей білімді да эгалитарлық заманда монархтар ежелгі дүниенің билеп­төстеушілері ешқашан бара алмайтын нәрсені істеп, азаматтардың жеке мүдделері шеңберіне неғұрлым еркін де тереңірек бойлап, бүкіл мемлекеттік билікті оз қолына оңай жиып­теріп ала алар еді. Алайда деспотизмді орнатуға жәрдемдесетін осы теңдіктің өзі бір мезгілде оны жұмсартады да. Адамдардың бір­біріне ұқсас әрі тең бола түсуіне қарай, қоғамдық құлықтар жұмсара түсіп, неғұрлым адамгершіл сипат алатынын біз білеміз. Азаматтардың ешқайсысы айрықша билігімен де, байлығымен де оқшау тұрмайтын кезде, тирандық билік өзінің тартымдылығынан, маңғаздығынан айрылатын секілді көрінеді. Барлық дәулет орташа болғанда, адамдардың нәпсісі қанағатшыл, қиялы ­төменшік, ләззаты ­ қарапайым болып келеді. Бұл жаппай қанағатшылдық билеушінің өзінің де талап­тілектерін белгілі бір аяда шектеп, оны қанағатшыл етеді. Мен адам қоғамы табиғатының өзінен алған осы уәждерге, біз талқылап отырған тақырыпқа тікелей қатысы жоқ көптеген басқа уәждерді де қоса алар едім, бірақ белгілеген шектен шығып кетуді қаламаймын. Демократиялық үкіметтер халықтың жаппай толқуы және зор қауіп төнген кезінде аяусыз да зұлым бола алады, бірақ бұл дағдарыстар сирек және қысқа мерзімді болады. Біздің замандастарымыздың мүдделерінің ұсақтығы, олардың құлықтарының жұмсақтығы туралы, олардың білім­танымының кеңдігі туралы, олардың сенімінің тазалығы және моралінің міскіндігі туралы, олардың ұқыптылығы мен еңбекқорлығы туралы, олар кемшілікте де, қайырымдылықта да көрсететін ұстамдылық туралы ойланған кезімде, мен олардың билеушілері тиран емес, қайта олардың тәлімгерлері болады­ау деген ойға келем. Сондықтан мен демократиялық халықтарға қатер төндіретін қанаудың пошымы бұрын болғанын ештеңесімен еске салмайды деп санаймын; менің замандастарым өздерінің жадынан соған ұқсас ештеңе таба алмайды.

Читайте также:  Ұлт, ұлттық идея және элита

Менің өзім қанаудың өзім тұжырымдаған идеясын дәл білдіретін анықтаманы іздеп әлекпін: «деспотизм», «тирания» деген ескі сөздер жарамайды. Бұл жаңа құбылыс, сондықтан да егер біз оған атау таба алмасақ та, оны айқын анықтап алуымыз қажет. Біздің әлемде деспотизм қандай жаңа пошымдарда дамитынын елестеткім келеді. Мен бір­біріне тең әрі ұқсас адамдардың қисапсыз тобырын көремін, олар өз өмірін өздерінің жан­ дүниесін билеп алған болмашы да пасық қуаныштарды тынымсыз іздестірумен өткізуде. Жекелеп алған олардың әрқайсысы барлық басқалардың тағдырына селқос: оның бала­ шағасы мен ең жақын достары ол үшін бүкіл адамзат тұқымын құрайды. Басқа отандастарға келсек, олар өзінің қасында, бірақ бұл оларды көрмейді; ол солармен түйісіп қалады, бірақ сезінбейді; ол тек оз бетімен және өзі үшін ғана өмір сүреді. Ол үшін отбасы әлі болғанымен, бері салғанда онда енді отан жоқ деуге болады. Осынау барлық тобырдың үстінен бәріне ләззат тауып беретін әрі тобырдағы әркімнің тағдырын қалт етпей қадағалап отырған күзетші өкімет асқақтайды. Бұл абсолютті, жіті, әділетті, көреген әрі аялайтын өкімет. Егер оның міндеті ата­ананың міндеті сияқты адамды ересек өмірге дайындау болса, оны ата­ананың ықпалымен салыстыруға болар еді. Әйтсе де, бұл өкімет, қайта керісінше, адамдарды сәби күйінде сақтауға тырысады; ол азаматтардың ләззат қана алып, ештеңе туралы ойламауын қалар еді. Ол ортақ игілік үшін қуана­қуана жұмыс істейді, бірақ бұл орайда бірден­бір уәкіл және төреші болуды қалайды; ол азаматтардың қауіпсіздігін күйттейді, олардың қажеттіліктерін алдын ала көздеп, қамтамасыз етеді, олардың ләззат алуын жеңілдетеді, олардың негізгі істеріне басшылық етуді өз мойнына алады, олардың өнеркәсібін басқарады, мура қалдыру құқығын реттейді және олардың мұрасын бөліп берумен айналысады. Оларды бұл жалғанда ойлау мен өмір сүрудің беймаза қам­қарекетінен неге айырмасқа? Нақ осылай осынау өкімет таңдау бостандығына жүгінуді неғұрлым тиімсіз де сирек нәрсе етеді, ол әрбір жеке азаматты өзінің барлық қабілетін пайдалану мүмкіндігінен бірте­ бірте айырып, адам ырқының қарекет аясын ұдайы тарылта береді. Теңдік адамдарды осындай жағдайға толық дайындады: тендік онымен татуласуға, ал кейде тіпті игілік деп қабылдауға үйретті. Барлық азаматтар билеушінің мығым құшағынан кезегімен өткеннен және ол солардан өзіне керегін илеп жасағаннан кейін, ол өзінің қуатты қолын тұтасымен қоғамға салады.

Читайте также:  Этология және этнология

Ол қоғамды ұсақ етіп өрілген, түсініксіздеу, біркелкі заңдар торымен қымтайды, ол неғұрлым соны оймен қайсар жандардың тобырдан асқақтап кетуіне кедергі жасайды. Ол адамдардың ырқын күйретпейді, бірақ оны жұмсартады, қалауынша иеді және бағыттап отырады; ол қарекет жасауға ілуде бір жігерлендіреді, бірақ кімде­кім өз ынтасымен қарекет жасағысы келсе, оған әрдайым қарсы шығады; ол ештеңені бүлдірмейді, бірақ жаңа нәрсенің пайда болуына кедергі жасайды; ол тирандық жасамайды, бірақ аяқтан шалады, жаныштайды, тұншықтырады, топастандырады, сөйтіп, түптің түбінде күллі халықты үркек те бейнеткеш жануарлар табынына айналдырады, ал оның бақташысы әрине үкімет болады. Көрінісін мен жаңа ғана бейнелеген құлдықтың мұндай тып­тыныш, біркелкі де бейбітшіл пошымы, елестету қиын болса да, бостандықтың кейбір сыртқы атрибуттарымен ұштасуы мүмкін екендігіне қашанда сенімді болғанмын және бұл тіпті халық билігінің көлеңкесіне де орнығуы әбден мүмкін. Біздің замандастарымызды өзара дұшпан екі сезім ұдайы өкшелеп келеді: олар өздеріне басшылық жасалуы қажеттігін және сонымен бір мезгілде бостан болып қалу ниетін сезінеді. Осы кереғар инстинкттердің бірде­бірін еңсере алмайтын азаматтар олардың екеуін де қанағаттандыруға тырысады. Олар біртұтас, күзеткіш және құдіретті, бірақ өздері сайлаған өкімет болуын қалар еді. Олар орталықтандыруды халық билігімен ұштастырғысы келер еді. Бұл оларды әлдеқалай тыныштандырар еді. Қамқорлықта бола отырып, олар өздерін қамқоршыларын өздері сайлағанымен жұбатады. Әрбір жекелеген азамат егер шынжырдың бір ұшы бір адамның, тіпті тұтас таптың қолында емес, бүкіл халықтың қолында екенін көрсе, шынжырға таңылуға мақұл. Мұндай жүйе тұсында азаматтар тәуелділіктен тек өз қожайынын сайлау сәтінде ғана босайды да, содан кейін сол қамытты қайтадан киеді. Кісінің бостандығын күйттеудің мемлекеттік билікке берілу фактысы оның анық кепілі деп санап, бүгіндері көптеген адамдар әкімшілік деспотизм мен халық билігі арасындағы мұндай мәмілеге оп­оңай бейімделіп алды. Бұл мені тіптен де қанағаттандырмайды. Мен үшін қожайын тұлғасының маңызы бағыну қажеттілігінен гөрі әлдеқайда кем дәрежеде маңызды. Әйтсе де, мен мұндай жүйе бүкіл билік өкілеттігін жиып алып, бір жауапсыз адамның не сондай адамдар тобының қолына бергеннен гөрі әлдеқайда тартымдырақ екендігін теріске шығармаймын. Демократиялық деспотизм қабылдай алатын түрлі пошымдардың ішінде ол, даусыз ең нашары болар еді. Билеушіні халық сайлаған немесе ол нағыз сайланбалы әрі тәуелсіз парламенттің бақылауында тұрған кезде, оның индивидуумдарға жасайтын қысымы көбінесе неғұрлым елеулі болады, алайда кез­келген жағдайда ол адамдар үшін кемірек қорлау болып табылады, өйткені әрбір азамат өзін қысымға алып, дәрменсіздікке ұшыратқан кезде өзінің бұл бағынуы өзіме есе бергенім және өзімнің тілектерімнің біріне басқаларының бәрін құрбандыққа шалғаным деп ұйғаруы мүмкін.

Читайте также:  КОРЕЯ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ САЯСИ ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫҢ ТАРИХИ АСПЕКТІЛЕРІ

Мен сондай­ақ мынаны мойындамаймын: бүкіл ұлттың өкілі болып табылатын әрі оның ырқына кіріптар жоғарғы өкімет өзі әрбір азаматтан алған құқықтар мен өкілеттіктерді мемлекет басшысының мүдделеріне ғана емес, мемлекеттің өзінің игілігі үшін пайдаланады, сөйтіп қоғам жолында қиған жеке бостандықтары үшін жеке адамдарға есе қайтарады. Елде күшті орталықтандырылған халық өкілдігін құру әсіре орталықтандыру әкелуі мүмкін жамандықты жою болмаса да, кемітуді білдіреді. Мен осылайша аса маңызды мемлекеттік істерге азаматтардың жекелей араласуы мүмкіндігі сақталатынын жақсы түсінемін, бірақ бұл орайда ол ұсақ та жеке мәселелерді шешуден алыстатылады. Алайда адамдарды нақ осы ұсақ­түйекте бұғаулау қауіптірек екендігін ұмытпау керек. Мен өз тарапымнан егер біреуін екіншісінен бөліп тастау мүмкін екендігіне сенімді болсам, ұсақ істерге қарағанда ірілерінде бостандықтың қажеті кемдеу деп санауға бейіммін. Ұсақ істерде бағыну қажеттігін азаматтар түгелімен күнделікті сезінеді. Бұл адамдарды ығыр етпейді, бірақ ұдайы қысып ұстайды да, өз ырқын білдіруден бас тартуға жиі­жиі мәжбүрлейді. Ол адамдардың ақыл­есін тұқыртып, жанын шамырқандырады, ал аса күрделі, бірақ сирек жағдайларда ғана қажетті мойынсұну тіпті де барлық кезде және тіпті де бәрін құлдыққа ұшыратпайды. Сіз орталық өкіметке соншалықты тәуелді етіп тастаған азаматтарға ауық­ауық осы өкімет өкілдерін сайлау мүмкіндігін беруден пайда жоқ: бұл азаматтар таңдау бостандығын іске асыратын соншалықты маңызды, бірақ соншалық сирек әрі қысқа мерзімді салт азаматтар өз бетінше қабілетінен айрылатын, сөйтіп өзінің адамдық қадір­қасиетінен бірте­бірте жұрдай болатын кезде оларды одан әрі азғындаудан құтқара алмайды. Тағы қосарым, көп ұзамай олар өздерінде қалған осы жалғыз, үлкен артықшылығын да іске асыруға қабілетсіз болып шығады. Саясат саласына бостандықты енгізіп, бұл ретте атқарушы билік өрісінде деспотизмді күшейткен демократиялық халықтар өте оғаш нәрселерге тап болды. Мәселеге, олар азаматтар ұсақ істерді қарапайым естілікке сәйкес өздері жүргізуге қабілетсіз деп біледі. Ал әңгіме тұтас мемлекетті басқару туралы болған кезде олар осы азаматтарға орасан зор билікті сеніп тапсыруға дайын тұрады. Адамдар кезек­ кезегімен біресе билеушінің қолындағы ойыншыққа, біресе оның әміршісіне айналады, біресе корольден артық, біресе қарапайым пендеден де кем болып шыға келеді. Барлық мүмкін болатын сайлау жүйелерін байқап көріп, өздеріне ұнайтын бірде­бірін таппай, олар таң қалады да, олар айналасында жамандық қиянат тіптен де сайлаушылардың өздерінен емес, ел конституциясынан ғана туындайтындай­ақ, жаңасын іздей бастайды.

Расында да, өз істерін өздері басқару дағдысынан толық бас тартқан адамдар, өздерін басқаратын жандарды қалайша ойдағыдай сайлай алатынын елестету қиын. Сондықтан да малайлыққа бейім халықтың дауыс беруі нәтижесінде парасатты, жігерлі де либерал үкімет құруға болатынына сену мүмкін емес. Өзінің преамбулаларында республикалық, ал қалған жағында ультрамонархиялық конституция маған әрдайым әлдебір ұзаққа бармайтын албасты сияқты көрінетін. Билеушілердің сырқаулары мен басқарылатындардың мақаулығы оны өте тез күйретуге тиіс, сонда өз өкілдерінен және өздерінен шаршаған халық не неғұрлым бостан саяси институттар құрады, не қайтадан бір қожайынның аяғына жығылады.

Оставить комментарий