Демократиялық қоғамдарда адамдардың сезімдері

Егер теңдік дәуірінде адамдар күшті орталық билік идеясын оңай қабылдаса, бұл олардың салттары мен сезімдері адамдарды осы билікті танып, қолдауға мәжбүрлейтіндігінен ғана. Мұны бірер сөзбен түсіндіруге тырысайын, өйткені бұл туралы негізгі пайымдаулар бұрын айтылып кеткен. Демократиялық қоғамда өмір сүретін және төңірегінен бастықтарды да, не бағыныштыларды да көрмейтін, дағдылы да міндетті әлеуметтік байланыстардан айрылған адамдар қиналмай тұйықталады да, өздерін қоғамнан бостанбыз деп біледі. Әңгіме индивидуализм туралы болғанда мен бұл тақырыпта талай ойларымды ортаға салғанмын. Адамдар қоғамдық істермен айналысуға әрдайым дерлік жеке шаруасынан оз қолын әрең­ әрең босатады, сондықтан олардың осы шаруаны жалғыз өзі айдан анық және әрдайым ұжымдық мүдделерді көздейтін мемлекеттің мойнына артып қоюға ұмтылысы әбден табиғи. Олар жай ғана қоғамдық қызметке ілтипаттан айрылып қоймайды, олардың бұған көбіне уақыты да бола бермейді. Демократиялық қоғамда жеке өмірдің соншалықты белсенді тіршілікке айналып, беймазалыққа, ой­ниеттерге тола және жұмысбасты болатыны сондай, адамның саяси өмірге күші де, уақыты да қалмайды. Қоғамдық қызметке салғырттық еңсерілмес нәрсе деп ойлағым келмейді; онымен күрес менің кітабымның басты мақсаты. Мен жай ғана мынаны айтамын: бүгінде осынау құлықсыздық адамдар жанын әлдене тылсым күштің ықпалымен қажымай­талмай жайлап барады, егер оны тоқтатпаса, ол адамдарды толық билеп алады.

Бұған дейін менің адамдардың дәулеттілікке ұмтылысының күшейе түсуі және меншіктің тұрақсыз сипаты демократиялық халықтарды әлеуметтік қолайсыздықтардан қауіптенуге мәжбүрлейтінін көрсетуге мүмкіндігім болды. Басқа саяси ұмтылыстардың жойылу шамасына қарай олардың қоғамдық өмірдің тұрақтылығына өсе түсетін бейімділігі бірден ­ бір саяси құштарлыққа айналып келеді; бұл азаматтарды орталық өкіметке барған сайын жаңа құқықтарды бере түсуге табиғи түрде ынталандырады, өйткені олар жалғыз сол ғана, өз қамын өзі жеп, біздерді анархиядан қорғауға мүдделі әрі қажетті мүмкіндіктерге ие деп санайды. Теңдік дәуірінде ешкім де жақынына жәрдемдесуге міндетті болмайтындықтан, сондай­ақ ешкім де сырттан жасалатын елеулі қолдауға сенуге хақылы болмайтындықтан, әрбір индивидуум бір мезгілде әрі тәуелсіз, әрі қорғанышсыз. Бытыстырып жіберуге де,бөліп тастауға да болмайтын осы екі ахуал демократиялық қоғам адамының бойында екідай сезім туындатады. Тәуелсіздік оған сенімділік және теңдестері арасындағы өзінің абыройы сезімін береді, ал дәрменсіздік оған ешкімнен күте алмайтын сырттай қолдау қажеттігін ауық­ауық сезіндіреді, өйткені оның айналасындағылар да тап өзі секілді әлсіз және салғырт. Жанталасқан ол жанарын жаппай құлдырау арасында жалғыз асқақтап тұрған алыпқа амалсыз тігеді. Ол өзінін мұң­мұқтаждарымен ұдайы нақ соған жүгінетін болады, сайып келгенде өзінің дәрменсіздігі жағдайында қажетті жалғыз тірек нақ сол деп біледі . Осының бәрі бізге демократиялық қоғамдарда жиі болып жататын бір құбылысты түсінуге мүмкіндік береді, онда кез­келген бастыққа қыжырта қарайтын адамдар қожайынның билігін сабырлы қабылдайды және бір мезгілде өркеуде де, құл секілді жарамсақ та бола алады. Адамдардың артықшылықтарға өшпенділігі сол артықшылықтар неғұрлым сирек және неғұрлым елеусіз болған сайын арта түседі. Демократиялық нәпсі алауы сол алауды жағатын материал азайған сайын өрши түседі деуге болады.

Читайте также:  САЯСИ НӘРСЕ ҰҒЫМЫ

Мен бұл феноменнің себептерін көрсеткенмін. Адамдардың тіршілік ету жағдайы әрқилы болған кезде, теңсіздік соншалық өрескел көрінбейді; жаппай біркелкілік тұсында одам кез­ келген ауытқу наразылық туғызады, біркелкілік дәрежесі неғұрлым жоғары болса, ол наразылық та өсе түседі. Сондықтан теңдікке ұмтылу теңдіктің өзінің орнығуына қарай күшейе түсетіні әбден­ақ қалыпты: оның талаптарын қанағаттандыра отырып, адамдар оны дамытады. Кішкентай артықшылықтардың өзіне демократиялық халықтарда тұрақты да үнемі өсе беретін өшпенділік өзін мемлекеттің бірден­бір өкілі ретінде көрсететін адамның қолына барлық саяси құқықтардың бірте­бірте шоғырлануына оғаш түрде жәрдемдеседі. Міндетті түрде және сөзсіз барлық азаматтардан жоғары тұратын тақсыр ешкімнің де қызғанышын туғызбайды, бұл орайда әркім әлі өзі құралпыластардан барлық артықшылықтарды тартып алып, соған беруді өзінің борышы деп біледі. Демократия дәуірінің адамы өзімен теңдес деп санайтын көршісіне аса жиренішпен бағынады; ол оны өзінен неғұрлым білімді деп санаудан бас тартады; ол оның әділдігіне сенбейді және оның билігіне жирене қарайды; ол одан қауіптенеді және менсінбейді; оған екеуінің де бір қожайынға бағынышты екендігін өз көршісінің есіне ұдайы салып отыру ұнайды. Кез­келген орталық өкімет, осынау жаратылыстық инстинкт бұрмаламай, теңдікке бейімдігін көрсетіп, оны ынталандырып отырады, өйткені теңдік осы биліктің өзінің қарекетін айтарлықтай жеңілдетеді, оны кеңейтіп, нығайтады.

Сондай­-ақ кез­келген орталық үкімет біркелкілікті ұнатады деуге болады. Біркелкілік оны саны шексіз заңдар шығарып отыру қажеттігінен құтқарады: барлық адамдар үшін заң жасаудың орнына, үкімет барша адамды талғап­талдап жатпай, бір заңға бағындырып қояды. Осылайша, үкімет оз азаматтары жақсы көретін нәрсені жақсы көреді, олар жек көретін нәрсені жек көреді. Демократиялық халықтарда әрбір индивидуум мен билеушінің ой­ ниеттерінің ұқсастығынан көрінетін осынау сезім бірдейлігі олардың арасында бүркемеленген, бірақ тұрақты ұнату сезімін орнатады. Үкіметке оған тән бейімділік үшін оның қателіктері кешіріледі; ол тек экцестер мен адасулар кезеңінде ғана халық сенімінен айырылады, алайда бұл сенім халыққа кезекті жолдау тұсында тез қалпына келеді. Демократиялық қоғамда азаматтар орталық өкіметтің нақты өкілдерін көбіне жек көреді, бірақ олар сол биліктің өзін әрдайым жақсы көреді. Сонымен, әрқилы екі жолмен мен бәз баяғы бір нысанаға жеттім. Мен теңдік адамдарда орталықтандырылған, біртұтас әрі күшті үкімет идеясын орнықтыратынын көрсеттім. Мен оның адамдар бойында сондай үкіметке бейімділік сезімін туғызатынын көрсеттім. Бүгінде халықтар көрсетудің нақ сондай пошымына ұмтылып отыр. Оларды бұған жан­жүректерінің табиғи сұранысы жетелейді, сондықтан олар өздерін өздері тежемесе, онда міндетті түрде осыған келеді. Демократиялық дамудың келешек ғасырларында жеке адамның тәуелсіздігі мен жергілікті бостандықтар әрқашан жасанды қолдау тауып отырады деп санаймын. Басқарудың табиғи тәсілі орталықтандыру болады.

Читайте также:  Тіл және ұлттық тіл туралы шығарма

Оставить комментарий