Әділ сот туралы

Қазылар өздерінің ісі «jus dare» ­ заңдарды жасау және шығару емес, «jus dicere» ­ оларды түсіндіру екенін есте сақтауға тиіс. Әйтпесе Рим шіркеуі өзіне еншілеп алған билікке ұқсас бірдеңе болып шығады, ол Қасиетті кітапты түсіндіру сылтауы мен толықтырулар мен өзгертулер жасаудан қаймықпайды, онда жоқты тауып алады да, ескіні қорғау сылтауымен жаңаны енгізеді. Қазыларға тапқырлықтан гөрі көбірек оқымыстылық, дәлелдемелердегі шеберліктен гөрі көбірек қадірлеу, менмендіктен гөрі көбірек байыптылық лайық. Бірақ олардың ең басты жақсылығы ­ пара алмау. «Өз жақынының омақасын бұзғанды қарғыс атсын»,­ дейді Қасиетті кітап. Кім омақа белгісін жылжытып қойса, сол сотталуға лайық. Бірақ, жерді және иеліктерді дұрыс белгілемейтін бейәділ қазыдан артық омақа белгілерін жылжытып қоятын ешкім жоқ. Бір теріс үкім көптеген жаман үлгілерден қауіптірек, өйткені соңғылары ағысты, ал алғашқылары – бұлақтың өзін ластайды. Сүлеймен нақ солай дейді: «Fons tnrbatus, et vena corrupta, est justus ccidens in causa sua coram udversario». Өз қызметін атқарғанда қазылар дауласушы тараптармен, оларды қорғайтын адвокаттармен, өздеріне бағынышты сот хатшыларымен және шенеуніктермен және өздері бағынатын тақсырмен немесе үкіметпен істес болады.

Әуелі қазылардың дауласушы тараптарға қатысы туралы айталық. «Сотты уға айналдыратындар бар»,­ дейді Қасиетті кітап, сондай­ақ әділ сотты сірке суға айналдырып жіберетіндер де бар, өйткені ол әділетсіздік салдарынан ащы және сөзбұйда салдарынан қышқыл болып шығады. Қазының басты міндеті зорлық­зомбылық пен алаяқтықты ауыздықтау, өйткені зорлық­зомбылық ашық жасалғанда, ал алаяқтық жасырын жасалғанда қауіптірек. Бұған даулы істерді қосыңыз, ондайларға соттардың бас ауыртпай­ақ қойғаны жөн болар еді. Қазы, «кез келген сайды толтыра және кез келген төбені төмендете отырып» құдайдың өз жолын салатыны сияқты әділ үкім әзірлеуге тиіс. Егер қандай да бір тараптан озбырлық, зорлық­зомбылық, қулық, ымыра, күшті қолдау, шебер қорғаушы болса, міне, нақ сол кезде әділетті қазы теңсізді теңестіруге және сот төрелігі таразысының табақтарын қалай да теңестіретін етуге тиіс. «Qui fortiter emungit, clicit sanguinem», яғни жүзім сығымдағыш тым қатты қысса, шарап ашқылтым болып, дәнек дәмі білініп турады. Қазылар жаман жағына қарай бұрудан, негізсіз байлам жасаудан сақ болсын, өйткені заңмен қинаудан жаман қинау жоқ. Әсіресе қылмыстық заңдар бөлігінде олар қорқытудың қатыгездікке ұласып кетуіне жол бермеуге; және Қасиетті кітапта: «Pluet super eos laqueos» делінген сұмдыққа халықты ұрындырмауға ұмтылуға тиіс; өйткені қатаң қылмыстық заңдар халық үшін тор мен тұзақтан басқа түк те емес. Ал сондықтан ұзақ ұйқыда жатқан немесе жаңа уақытқа жарамсыз болып қалған қылмыстық заңдарды дана қазылар шектеп пайдаланады: «Judicis offlcium est, ut res, ita tempora rerum ets». Іс өмір мен өлім туралы болып отырған жерде, қазылар сот төрелігін атқарғанда, мейірбандықты естен шығармауға, жаман үлгіге аяусыз қарауға, бірақ кінәлінің өзіне ­ мейірбан болуға тиіс.

Читайте также:  Торговые интересы русских купцов при завоевании Средней Азии

Бұдан әрі қазылардың істі қорғайтын адвокаттарға қатысы туралы айталық. Шыдамды, сабырлы тыңдай білу қазылық міндеттердің маңызды бөлігін құрайды; мылжың қазы «кимвал сыңғырлатушы» емес. Қазыға дер уақытында адвокаттардан ести алатын нәрсені бірінші болып айту, куәнің немесе қорғаушының сөзін бөліп, өзінің ұғымталдығын көрсетіп қалуға тырысу және орынды болғанның өзінде куәлікті сұрақтармен бөле беру жараспайды. Істі тыңдау кезіндегі қазының міндеті мынадай төрт жайға: жауаптарды бағыттауға; көпсөзділікті, қайталауларды және орынсыз сөздерді азайтуға; айтылғанның неғұрлым елеулілерін іріктеп, біртүтас біріктіруге және шешім не үкім қабылдауға саяды. Осылардан басқаның бәрі артық және атаққұмарлықтан, сөзқұмарлықтан, не сабырсыздықтан, не ұмытшақтықтан, не назарын шоғырландыра білмеуден туындайды. Ұятсыз адвокаттың қазыға қалай ықпал ете алатынын көру таң қалдырады; ал қазы, құдай секілді, соның уәлиі болғандықтан, «тәкаппарларға қарсы тұруға, ал момындарға береке беруге» тиіс. Бірақ қазылардың сүйіктілерінің болуы тіптен оғаш. Өйткені бұл адвокаттарға ақы төлеуді арттыруға және парақорлықтан сезіктенуге апарып соғады. Іс дұрыс және ар­ұятқа сай қорғалғанда, қазы адвокатты, әсіресе ұтылған тараптың адвокатын белгілі бір амалмен көтермелеуге міндетті, өйткені бұл дауласушының адвокатқа сенімін орнықтырады және өзінің ісі онсыз да дұрыс деген сенімін шайқалтады. Екінші жағынан, қулық­сұмдық, өрескел ұқыпсыздық, хабардарсыздық, қысым жасау немесе арсыздық көрінеу көзге орын алғанда, қазы адвокатты жария түрде жазғыруға тиіс. Және адвокат сотта қазымен тәжікелеспейтін әрі үкім шығарылғаннан кейін іске қайта араласуға ұмтылмайтын болсын; бірақ қазы да өз тарапынан шешім шығаруға асықпайтын және қандай да бір тараптың қорғаушымыз немесе куәларымыз тыңдалған жоқ деп шағымдануына негіз бермейтін болсын.

Бұдан әрі соттардағы хатшылар мен шенеуніктерге көшелік. Сот қасиетті орын, сондықтан қазының орындығы ғана емес, сонымен бірге оның табалдырығы да, барлық кіре берістері де нәпсі мен жаман атақтан қорғалуға тиіс. «Шомырттан жүзім жинай алмайсың», ­ дейді Қасиетті кітап. Сол сияқты сот төрелігі де тікенектер мен тікенді бұталар секілді ашкөз әрі пайдакүнем хатшылар мен шенеуніктер арасында тәтті жемісін бере алмайды. Бүл әбілеттер торт түрлі болып кезігеді. Олардың біріншілері – дау­шар тудырудың шеберлері, олардан қазылар семіреді, ал халық кедейленеді. Екіншілері – өз құзырының шекарасы жөнінде соттарды қақтығысқа ұшырататындар, іс жүзінде олар «amici curiae» емес, «parasiti curiae», өйткені өз пайдасы үшін соттарды өздерінің өкілеттіктерін арттыруға арандатқысы келеді. Үшіншілері ­ сот төрелігінің сол қолы деуге болатын адамдар: оларда сот төрелігінің әділ жүруіне кедергі жасап, оның бұрыс та бұралаң жолға түсуіне септесетін қулық­сұмдық пен айла­шарғы әркез дайын. Төртіншілері – бопсалап пара алатындар, солар үшін сотты шеңгелге жиі теңейді, онда ауа райының қолайсыздығынан пана іздеген қойлар сөзсіз жүнінің бір бөлігін қалдырып кетеді. Және керісінше, прецеденттерді (бұрын қаралған істерді) жақсы білетін, сот ісін жүргізуде сақ және барлық істе тәжірибелі қарт шенеунік тамаша басшы болып табылады және көбіне­көп қазының өзіне де жол көрсете алады.

Читайте также:  ҚАЛАДАҒЫ ГАЗ ТАРАТУ ЖЕЛІЛЕРІ

Тақсыр мен мемлекетке келетін болсақ, онда бұл орайда қазылар ең алдымен римдік Он екі Кестенің «Salus populi suprema tex» деген қорытынды нұсқауын есте ұстауға, және заңдар осы мақсатқа қызмет етпесе, тек қыңыр да жалған сәуегейлік болып шығатынын білуге тиіс. Король мен билеушілер қазылармен жиі кеңесетін, ал қазылар билеушілермен және корольмен жиі кеңесетін мемлекет; алғашқылары – мемлекеттік істерге құқық мәселелері араласқанда, екіншілері – құқық мәселелері саяси пікірлермен қақтығысқанда жиі кеңесетін мемлекет игі. Өйткені, іс сырт қарағанда көбіне­көп «meum» және «tuum» ұғымдарына саяды, ал оның салдары мемлекет мүдделерін қозғауы мүмкін. Мемлекеттік іс деп мен тек жоғары билік құқықтарын ғана емес, маңызды өзгерістер туындататын, не қауіпті прецедент жасайтын, халықтың көп бөлігіне қатысты болатын нәрсенің бәрін айтамын. Және ешкім де әділетті заңдар мен парасатты саясат бір­біріне дұшпан деп ойламайтын болсын, олар жүйке мен бұлшық ет іспетті ғой: бір­ бірінсіз тіршілік ете алмайды. Қазылар Сүлеймен тахытын екі жақтан арыстандар көтеріп тұрғанын ұмытпасын. Сөйтіп олар арыстандар, бірақ тахыт табалдырығындағы арыстандар болсын, және жоғары билікке ешқандай кедергі жасамасын. Сонымен бірге қазылар, заңдарды даналықпен қолдану олардың ең басты міндеті болып қала беретінін түсінуі үшін, өздерінің құқықтарын жеткілікті білетін болсын. Өйткені, тегі, оларға басқа бір ең жоғары заң туралы апостолдың: «Nos scimus quia lex bona est, modo quis ea utatur leqitime» дегені таныс болуы керек.

Оставить комментарий