Дін және саясат

Бұл сөзбен жер бетіндегі барлық халықтарда орын тепкен діни табынуға қызмет ететін барлық адамдарды нобайлайды. Сырттай табыну адамдардың сезіміне ықпал етуді, олар құрмет көрсететін құдайға олардың құлшылығын нығайта түсуді мақсат тұтатын рәсімдерді көздейді. Соқыр сенімдер әртүрлі діндер рәсімдерін көбейтті, ал оларға қызмет ететін адамдар ерекше сословие құрып алып, ол тек қана михрабтарда қызмет атқаратын болды. Осыншама маңызды міндет жүктелген адамдар құдайдың сүйікті құлдары деп сене бастады. Сол кезден бастап бүл адамдар құдаймен қатар құрметтелетін болды. Кәдуілгі еңбек оларға лайық еместей көрінетін болды, сондай халықтар ең қасиетті де ең маңызды міндеттер жүктелген бұл адамдардың күн көрісін өзіміз мойнымызға алуымыз керек деп ұйғарды. Өздерінің храмдарынан шықпайтын олар оқшау өмір сүрді де, бұл оларға көрсетілетін құрметті арттыра түсті. Оларға құдайдың сүйген құлдары, алланың әмірін сақтап, түсіндіруші, құдайлар мен адамдар арасын байланыстырушы ретінде қарауға дағдыланды. Өзің сияқтыларды билеп­төстеу қандай рахат! Дінбасылар адамдардың миына өздері жөнінде қондырған биік пікірді пайдалана білді; құдайлар бізге сырын айтады деп ойлай бастады; олардың бұйрығын жеткізе бастады; адамдарға догматтар үйретті; неге сеніп, неге сенбеу керек екендігін міндеттеді; құдайға не ұнап, не ұнамайтындығын көрсетті; сәуегейлікпен айналысты; беймаза да әрнеге әуес адамдарға болашақты айтып беріп отырды; дінбасылардың миссиясына күмән келтіргендер мен олардың іліміне сын көзімен қараған батылдарға құдай бұйрығымен берілетін азапты айтып қалтыратты.

Өз билігін мықтырақ негіздеу үшін олар құдайларды аса қатал, кекшіл, мейрімсіз етіп көрсетті; олар рәсімдер бағыштаулар, сырлы құпиялар енгізіп, олардың қаталдығы адамдарды енжарлыққа үйретті, мұның өзі фанатизмнің үстемдік етуіне соншалық қолайлы. Сонда адам қаны михрабтарда өзен болып ақты. Қорқыныштан құты қашып, соқыр сенімнен бастары айналған халықтар көктің ілтипатына не болу үшін ештеңелерін аямады. Аналар көзіне жас алмастан бейкүнә сәбилерін отқа тастады, мыңдаған жазықсыз жандар қанішер абыздардың қатыгез пышағына ілікті. Адамдар үшін соншалық өрескел әрі мағынасыз, ал дінбасылар үшін пайдалы көптеген міндеттерді атқаруға әбден мойынсұнды; барып тұрған қисынсыз соқыр сенім халықтар арасына таралып, дінбасылар билігін нығайта берді.

Читайте также:  КӨКТЕМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ

Күнделікті күйбеңнен қолы бос және оз үстемдігіне сенімді осынау дінбасылар жалғызбастықтың зерігушілігінен құтылу үшін табиғат жұмбақтарымен және жәй адамдарға беймәлім құпиялармен айналыса бастады. Египет дінбасыларын соншалық даңққа бөлеген істер осыдан. Барлық жабайы, надан халықтарда дінмен де, медицинамен де бір ғана адамдар айналысқанын айта кету керек. Дінбасылар халықтарға тигізген пайда да олардың билігін нығайтуға жәрдемдесті. Олардың кейбіреулері тіпті ілгері кетті; Олардың физикамен айналысуы әдеттен тыс тәжірибелерімен жұртты қайран қалдырды, олар жаратылыстан тыс есептелді, өйткені олардың себептерін жұрт білмейтін еді. Осыдан барып неше түрлі ғажайыптар, сыйқырлықтар, кереметтер туралы аңыз­әңгімелер көбейді. Осындайларға қатты таңырқаған адамдар өз абыздары стихияларды билеп­төстейді, көктің жазасын да, рахымын да өз қалауынша үлестіреді, сондықтан пенделердің құлшылығы мен қорқынышына құдайлармен ортақтасуға тиіс деп ойлады.

Осындай қадірлі жандардың берік қоғамдық тәртіпке бағыныштылық шегінде ұзақ уақыт бойы қала беруі қиын еді; өз биліктеріне насаттанып кеуде көтерген дін иелері корольдердің құқықтарына таласа бастады. Тақсырлардың өздерін де, дін заңдарына бағынып үйренген оның бодандарына дін басыларының өктемдігі мен тираниясына қарсы тұратын жеткілікті күш болмады, фанатизм мен соқыр сенімдер монархтардың өздеріне қатер төндіріп тұрды; дін басыларын ауыздықтау немесе жазалау әрекеттері жасала бастаған бойда олардың тақтары шайқала бастайтын, өйткені дін басыларының мүддесі жаратушының мүддесімен бірігіп кететін. Оларға қарсы тұру – көкке қарсы шығу, олардың құқығына қол сұғу – күнәһарлық, олардың билігін шектеуге тырысу ­ діннің негіздерін шайқалту деген сөз болатын.

Бұтқа табынушы дін басыларының өз құдірет­күшінің шыңына шығу баспалдақтары міне осындай болды. Египеттіктердің патшалары абыздардың қадағалауында болуға тиісті­тін. Құдайға жақпайтын монархтар солар арқылы өздерін өздері өлтіру жөнінде нұсқау алып отырды; және соқыр сенімдердің күші соншалық, тақсыр оны орындауға амалсыз көнетін. Галлдардағы друидтар бүкіл халыққа шексіз билік жүргізді; олар дін қызметшісі атағын місе тұтпай, абыздар халық арасындағы талас­тартыстарға да қазы болды. Мексикалықтар өзара құпия әңгімелерінде жабайы дінбасылар оларды құдай атымен жан түршігерлік қатыгездіктерге баруға итермелейтінін айтып қынжылатын; абыздар көк жарлығын жеткізген кезде патшалар тіпті нағыз әділетсіз соғыс ашудан да бас тарта алмайтын. «Алланың әмірі солай», ­ дейтін олар, ал мұны естіген әміршілер сол сәтте жазықсыз көршілеріне қарсы қарулана бастайтын да, әркім­ақ қолдарына көбірек тұтқын түсіруге тырысып, оларды оз пұттарының немесе дұрысы, олардың қызметшілерінің қатыгез де тираниялық соқыр сенімдерінің жолына құрбандыққа шалатын.

Читайте также:  Ленин орденді Исатай Сүйеубаев

Егер жалғандықтың қызметшілері діни дәрежесі беретін билікті асыра пайдаланып қана қойса, халықтар әлі бақытты бола берер еді. Інжіл соншалық табандылықпен уағыздайтын бағыну мен жұмсақтыққа кереғар, түнек ғасырлары көтеріліс туларын жоғары көтерген, бодандарын тақсырларына қарсы қаруландырған, корольдерге арсыздықпен тағынан түсуді бұйырған, халықтарды өз әміршілерімен байланыстырып тұрған киелі дәнекерді үзу құқығын өздерінікі деп жариялаған, өрескел пиғылына көнбеген тақсырларды тирандар деп жариялаған, барлық азаматтар үшін бірдей жасалған заңдардан тәуелсіз болуға ұмтылған дінбасыларды, Құдай қызметшілерін көрді. Осынау пендешілік дәме кей кездерде орасан зор қантөгістерге ұрындырды; оларды мүмкін еткен халықтардың надандығы, тақсырлардың әлсіздігі, дінбасылардың айлакерлігі; дінбасылар өздері тартып алған құқықтарын көбіне сақтап қалып отырды; жан түршігерлік инквизиция енгізілген елдерде мексикалық дінбасылар құрбандықтарынан бірде­бір кем түспейтін адам құрбандықтары өте көп болды. Ал парасат пен философия сәулесі нұрландырған елдерде жағдай тіпті басқаша: ол елдерде дінбасы өзінің адам, бодан, азамат екенін ешқашанда ұмытпайды.

Оставить комментарий