Дина Нұрпейісова өмірбаяны

Дина (1861­1955) ­ дәстүрлі халық профессионалдарының өнерінен сусындап, үлгі­өнеге алған ұлы күйшілердің соңғы буыны. Оның творчествосы аспаптық музыка-мәдениетіміздің сан ғасырлық эволюциясын тәмамдай келе, күй формасының жаңаша өркендеп дамуына жол ашты. Дина, біріншіден, халық композиторларының күйлерін бізге жеткізген шебер орындаушы. Күй атасының жолын қуған Дина өзінің ұлы ұстазы Құрманғазының күйлерін шебер орындаумен қатар Ұзақ, Есжан, Байжұма, Дәулеткерей, Түркеш, Әлікейдің күйлерін тартқанда алдына жан салмайтын.

Дина күй желісі мен қағыстарды дәл сақтап, күй құрылысындағы барлық ерекшеліктерді бұзбай, өз қалпында бере білетін. Күй образдары мен ырғағын жандандыра түсіп, күйлерді тек қана өзіне тән шебер, виртуозды мәнерде орындайтын. Ал өз күйлерін Дина импровизациялық формада еркін тартқан. Ол күйдің негізгі композициялық принциптерін сақтай отырып, әр тартқанында күйін жаңаша өрнекпен орындай беретін. Батыс Қазақстанның күй формасына сүйене отырып, Дина күй құрылысын өзінше дамытқан.

Бас буын мен орта буын аралығындағы күй тақырыбы дәстүрдегідей өзгермей, дәл сақталса да, күй құрылысындағы басқа буындар үнемі өрнектеліп, құбылып отырады. Кіші сағаның өзінде дәстүрлі үстіңгі ішекте жүретін өрнек жоқ, ол күйдің даму бөлімін құрайды. Дина күйлеріндегі оң қолдың қағыс техникасы мен сол қолдың аппликатуралық тәртібінің өзі де өз алдына бір төбе. Борандатып келе жатқан күй сарынының кілт тоқтап, күй ырғағының үнемі құбылып отыруы Дина күйлеріне тән басты қасиет болып табылады.

Динаның 1935 жылға дейінгі шығарылған күйлерінің көпшілігі оның өмір сәттерімен тығыз байланысты. «Байжұма», «Жігер», «Жаңа бозшолақ» күйлері дарынды күйші­ композиторлар Дәулеткерей, Құрманғазы, Түркешке арналып, солардың күйі желісінің негізінде туған. «Қарақасқа ат» туған ауылын, жас кезін, бақытты шағын еске алуға, «Кербез» өмірінің ауыр кезеңінде ақыл беріп, демеу болған сүйікті абысынының бейнесіне арналған.

Жас қазақ республикасының өмірі Дина творчествосының басты тақырыбының біріне айналды. Оның негізгі оқиғаларын өз творчествосында, атап айтқанда, «Тойбастар» (Қазақстанның 20 жылдығына тарту), «Қазақстанға ­ 30 жыл», «Жеңіс», «Сегізінші март» сияқты күйлерінде бейнеледі. Оптимистік рухқа толы Динаның творчествосы тыңдаушысын үнемі өмір мен күреске шабыттандырады.

Читайте также:  Кеңес одағының батыры Жұмағали Қадықараев

Оставить комментарий