ДІНИ ЭПОСТАРДЫҢ ТАҚЫРЫБЫ МЕН ИДЕЯСЫ

Қазақ әдебиетіндегі көп зерттеле қоймаған эпикалық жанрларға жататын жырлардың бір тобы – діни дастандар. Дін шарттары мен ғибраттарын түсіндіретін, халық мұрасы болып кеткен аңыз, әпсаналар, ертегілер, шежірелер, көне сөздер мүлде жиналмады. Діни кітаптарды жинау былай тұрсын, олардың көзін жоғалту, тіпті өртеп жіберу әдеттегі іске айналған еді. Мешіттердің жойылуымен бірге солардағы сақталған кітаптар, тарихи материалдар құрдымға жіберілген. Жұмыстың негізгі мақсаты – халқымыздың асыл қазынасы – діни эпостарды тереңнен зерттеп, жан-жақты саралау болып отыр. «Діни қиссалар – Пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер, періштелер мен сахабалар, т.б. өмірі мен олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелеген шығармалар. Діни қиссалар сюжеті Құран Кәрімнен алынған. Өйткені, Құран Кәрім тек діни кітап қана емес, сонымен бірге, араб классикалық әдебиетінің де ғажайып үлгісі. Солардың барлығын идеялық мазмұны жағынан топқа бөліп қарастыруға болады, яғни біз діни дастандар мәнінің айқындылығы, тақырыптық ерекшелік тұрғысынан қарағанда үш топқа бөлеміз: Аллаһ Тағаланың Жер мен Көкті, адамзатты, хайуанаттар мен тау, тасты, бүкіл әлемді жаратқаны туралы хикаялар; Пайғамбарлар, әуле-әмбиелер, сахабалар, тағы басқалардың өмірі мен іс-әрекеттері жайындағы аңыздар; Хижраның (мұсылман жыл санауы) алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғаларды бейне бір шежіре түрінде баяндайтын хикаялар болып келеді» [1, 45]. 105 Кезінде қазақ халқы арасында ауызша да, жазба түрінде де кең тараған діни мазмұндағы қиссалар көп болған. Бұлардың бәрін тақырыптық жағынан да үш топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі — бұрын басқа дінде болған адамдарды Ислам дініне енгізу идеясын жыр еткен Діни қиссаларлар. Бұған «Сал-сал» және «Заркүм» қиссаларының сюжеті дәлел. Бұл қиссаларда Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) өзінің төрт серігімен (Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әли) әскери жорықтарға аттанады да, ұдайы жауды жеңіп, оларды Ислам дінін қабылдауға мәжбүр етеді. Екінші топтағы қиссалар – өмір жолындағы қиындықтарды жеңе білуге, төзімділікке, мейірімділікке, достыққа, халық үшін еңбек етуге, махаббат адалдығына үндейді. Бұған «Әзірет Әлидің құлдыққа сатылғаны», «Әзірет Әлидің сараң байды дұрыс жолға салғаны», «Жүсіп-Зылиха» қиссалары дәлел. Үшінші топтағы қиссалар – бақи дүниедегі, яғни жүмақ пен тозақтағы өмірді бейнелеп көрсетуге арналған шығарма болып келеді. Мұндай қиссаларда әрбір пенде жалған дүниеде жасаған күнәсі үшін Аллаһ алдында жауап беретіні негізгі идея ретінде жырланады. Діни қисса имандылыққа, қанағат-ынсапқа, күншіл болмауға, біреуге зорлык-зомбылық жасамауға, жетім-жесірлерге көмек көрсетуге, қайырымдылыққа, т.б. ізгі қасиеттерге үндейді. Тӛ ртінші топтағы қиссалар – ертегі сарындас діни қиссалар. Бұл топқа қисса сарынында қиял – ғажайып, ертегілік кейіпкерлердің кездесуі, уақыт пен кеңістің сияқты нысандармен суреттелетін діни қиссалар жатады. Діни дастандардың көбі ХІХ ғасырдың екінші жартысында және ХХ ғасырдың бас кезінде жеке кітап болып басылып, халық арасына қисса-хикая деген атпен тараған, жыршы-жыраулар репертуарынан да берік орын алған. Діни дастандарды көпшілік алдында мәнерлеп оқып,насихаттау өзгеше дәстүр болып қалыптасқан. Оларды ежелгі Тұран жерінде қиссахан немесе қиссашы деп атаған. Қиссаның құндылығы–сенім,наным ақиқаттығын қорғау үшін ұрыстың тарихи шындық деректеріне сәйкес баян етілуі, көптеген қаһармандардың мінез-құлқын ашатын сипаттамалардың берілуі, әрі осының биік көркемдік деңгейде көрінуі. Діни дастандарда замандар бойы әсері кемімей,тартымдылық қасиетін жоғалтпай келуі таңғаларлық құбылыс. Мұның себебін адам баласының белгілі бір ереже заңдарға бағынып, ақиқатты мойындап, аллаға құлшылық етіп отыруының қажет болғанынан іздеу керек. Сенім жоқ жерде имандылық жоқ. Ал қауым сенімнен айырылса, азу — тозу, әркім өз бетінше лағу басталмақ. Діни қиссалардың да ең қымбат жері адамдарды сенімге, имандылыққа тәрбиелейтіндігінде. Барлық жұрттың мойындайтын, тоқтайтын, аттап өтуіне болмайтын шарттарға көну, асылық жасамау әр пенденің парызы саналғанда ғана өмір орнықты, дәстүр тұрақты болмақ. Діни дастандардың соңы дұшпанның жеңіліп, тірі қалғандарының мұсылмандылыққа өтуімен аяқталады. Осылайша эпос мұраты діни мұраттың үстем болу идеясымен қабысып, нақтылы нысананы көздейді. «Діни қисса, дастандардың құрылыстық жағынан бір ерекшелігі ғаламды жаратушы алла мен пайғамбарларды мадақ етіп, таныстырумен, оларды үлгі етіп, ұсынумен басталып отыратындығы. Бұл қатарда дүниеден тірі кеткен төрт пайғамбар: Исаның, Мұсаның, Қызыр Ілиястың, Имам Мәдидің аттары аталады, тақ Сүлейменнің желге мініп ұшқаны, Даниялдың ғылым тауып, суда жүзгені, Смағұлдың Намруд жаққан отқа күймегені, Дәуіттің темір соғып, дүкен құрғаны, т.б еске алынады. Қайталанып айтылатын қасиетті есімдер сан қауымның санасына сіңіп, олардың көңіліне сенім мен үміт ұялатқан. Адамдарды қанағатшылыққа, сабырлылыққа, бір алланы хақ деп білуге шақыруы, сенім жолында шейіт болғандықты мәртебе деп көрсетуі, адалдыққа, имандылыққа, қайырымдылыққа үндеуі үлкенді-кішілі діни дастандардың ортақ желісі деуге болады» [2, 18]. «Пенделердің Алла дидарын көргені», «Жәннат ғадиндегі хорлар баяны» дейтін шығармалардың да айтпағы осы. Бұл қиссаларда діни білімнен хабары жоқ оқушының түсінуіне ауыр араб сөздері мен тіркестері көп, өлеңдік жағы да аса шебер деуге келмейді. Сонда да болса, бұларда айтылмақ ойдың түп қазығын, асыл аңсарын пайымдауға болады. Өлеңнің кейбір шумақтары мен жолдары ескі Орта Азиялық түркінің тіл құрамына жақын келетін тұстары бар, мұндай аралас тілді шығармалар бұрын аз 106 болмаған. Қазақ арасына ислам ұғымдары мен дәстүрлері көбінесе осы тектес туындылармен тарады. Сондықтан діни дастандардың тілін қазақ әдеби тілінің өзгеше бір саласы деп қараған жөн. Араб, парсы сөздері аса қажет тұстарда, табиғи қажеттіліктен енгенін көреміз. Тіл жағдайы бір басқа, ал діни бағыттағы шығармалардың бізге үндес, мұраттас келетін тұстарын бірінші кезекке шығаруымыз керек. Халық ауыз әдебиетінде діни эпостардың қайталанбас үлгісі болып табылатын тақырыптық, мазмұндық жағынан талдауды қажет ететін дастандар қатары мол. Соның бірі «Жүсіп – Зылиха» дастанының Құрандағы Юсуф сүресіндегі Жүсіп пайғамбар қиссасымен байланыстылығы. «Жүсіп – Зылиха» дастанының қазақ ауыз әдебиетіне келуі көп дәуірлерді қамтиды және бірнеше мәселелер арқылы зерттеуді талап етеді. Жүсіп Зылиха дастаны гуманистік идеяға толы, қарапайым көркем шығарма. «Жүсіп – Зылиха» дастанын тек қазақ халқы ғана емес, түркі тілдес халықтар жырлаған. Шығыс ақындары жырлаған. Жүсіптің туылған жері Канған елі. Бұл қазіргі Ирақ, Сирия мемлекеттері орналасқан жерлерде. Дастанның кіріспесінде, ұзын – ырғасында Ислам діні, мұсылманшгылық, Аллаһ тағала жайында, Жебірейіл періште жайында да бар, пайғамбарларларды мадақтайтын шумақтар көп кездеседі. Парсы әсіресе араб сөздері көптеп кездеседі. Дастанның негізгі идеясы діни, Ислам дінінің идеологиясын негізге ала отырып адамгершілікті, гуманизмді уағыздайды. Зылиханың Жүсіп пайғамбарға деген махаббаты жырланады. Махаббат деген ұлы ұғымды Зылиханың Жүсіп пайғамбарға деген махаббаты арқылы суретеледі. Осыған байланысты дастанда Ислам тағылымдары, пайғамбарларды мадақтау көбірек кездеседі. Жүсіп пайғамбар ағайынды он екі ұл болады. Әкесінің аты Яғқуб (алайһис сәләм) (Жақып) ол кісіде пайғамбар болған. Арғы атасы Исхақ (алайһис сәләм) пайғамбар. Ибраһим (алайһис сәләм) пайғамбардың екі ұлы болған бірі Исмаил (алайһис сәләм) екіншісі осы Жүсіп пайғамбардың атасы болып келетін Исхақ (алайһис сәләм) пайғамбар. «Жүсіп пайғамбар жайында жазылған дастан қазақ еліне, қазақ тілінде жетіп келгенше біраз өзгерістерге түскен. Ұлттық Ғылым Академиясының кітапханасында Шейхул Ислам ибн Юсуфбектің Қазанда 1915 жылы шыққан «Қиссаи Юсуф алайһис сәләм илән Зулайханың мәсәләси» деген кітабы, және араб тілінде жазылған «Юсуф Зулайха қиссасы» деген кітап сақтаулы. Бұл кітап араб тілінде жазылған. Бірақ авторы және шыққан жері жоқ. 2409 папкада сақтаулы. «Жүсіп – Зылиха» дастаны лиро – эпостық туындылар қатарына жатады» [3, 25]. Сонымен бірге мұсылманшылыққа тән кейбір мәселелер қозғалған. Сол замандағы Канған елінің жағдайы, Жүсіп пайғамбар мен ағаларының арасындағы жағдай кейін Жүсіп пайғамбардың Мысыр еліне келуі жайында айтылған. 1976 жылы Алматы «Жазушы» баспасыннан шыққан «Ғашық-наменің» Ү.Субханбердиева жазған алғысөзінде: «Жүсіп көп жылдардан кейін Мысыр патшасының әйелі Зылихаға қызметші болады…. Ақыры Жүсіп Мысыр еліне патша болып, Зылиханы алады….», — деп жазылған. Ал Қасиетті Құрандағы аяттарда Жүсіп пайғамбардың Зылихаға үйленгендігі жайында жоқ. Бірақ оқиғаның Мысыр жері екендігі айтылған. Зылиха аты аталмаған, тек әйел деп жазылған. Тафсирлерде ол әйелді патша уәзірінің әйелі деп жазылған. Итфир қайтыс болған соң Жүсіп оның орнына отырады, қазыналық істі басқару Жүсіпке беріледі. Итфир о дүниелік болған соң, Жүсіп оның әйелі Зулайхаға үйленеді. Зулайхаға үйленген уақытта ол әлі еркек көрмеген екен. Итфир қарт болған әрі Зулайхаға баруға шамасы болмаған көрінеді. Уәзір балалары жоқ егде тартқан кісі еді Зулайха Жүсіптен екі бала тапты. Мысыр патшасы Жүсіпке үлкен сенім артатын, әрі оны сарай істеріне араластыратын. Жүсіп саясатқа араласып әділ үкім жүргізді. Жүсіпті жергілікті халық өте қатты жақсы көретін. Бізге келемін дегенше «Жүсіп – Зылиха» дастаны бірнеше өзгерістерге түскен. Шығыста бір ақынның жырлаған тақырыбын және бір ақынның жырлауы, қайта әңгімелеуі ол ертеден қалыптасып келе жатқан дәстүр. Бұл жайында М.О.Әуезов былай дейді: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше 107 алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратын болады….» [4, 47]. Адамдарды ысырапшылықтан, нысапшылдықтан, қомағайлықтан ірку үшін ойлап табылған қиял әлемінің өзі қандай мағыналы. «Дүниеден өз нәпсісін тыйған адам, осындай хорды құшып, ізет көрер» деген жолдар халықты көз жұмбай қызыққұмарлықтан, ойсыз жүрістен тиып, салдарлы, салихалы, өмір жолына түсіру қиын емес. Демек, дін қиссалары бір күннің немесе өткінші бір кезеңнің ұранын көтермейді, жалған қызықтарды мадақ етпейді, адамзаттың бүгіні мен болашағына қажет құндылықтарды жыр етеді. Мұндай рухани байлық адам мінезін түземесе, бұзбайды. Жұмысымызды қорытындылай келіп, мынадай тұжырымдар жасаймыз: — Діни эпостардың қоғамдағы мән-маңызы айқындалды. — Фольклордағы діни эпостардың өзектілігі, олардың шығу тарихы, сюжеттік желілері, құрылымдық ерекшелігі сараланды. — Діни эпос — халқымыздың сан ғасырлық діни мәдениетін, тарихи әлеуетін, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар көрінісінен сыр шертетін қанша ғасырлық терең де, тағылымды шежіресі бар халық мұрасы екендігіне ерекше назар аударылады. Қолданған әдебиеттер тізімі 1. Бердібай Р. Эпос-ел мұраты. Алматы, «Рауан»1992. 2. Қазақ фольклорының типологиясы. Алматы, Қазақ ССР-інің «Ғылым», 1981. 3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958. 4. Пайғамбарлар қиссасы. Құрастырғандар: А.Қадыров, Ж.Жакипов, Қ.Қыдыралыұлы. Алматы, «Қаблан» ЖШС, 2007.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar