ДІНИ СЮЖЕТТЕР: ТАРИХИЛЫҚ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК САБАҚТАСТЫҚ

Қазақ әдебиетінің тарихында ислам діні дүниетанымының ене бастауы Х-ХІІ ғасырлардағы әдеби мұраларымыздан көрінеді. Ислам діні осы кезеңде түркі халықтарының барлығына дерлік таралды. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін құрайтын осы кезендегі ақындардың, ғалымдардың шығармалары Құран сүрелері мен аяттарын негізге ала жырлады. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иасауидің «Ақыл кітабы» Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Сүлеймен Бақырғанидың «Бақырғани кітабы»- бәрі де Құранның сүрелеріндегі («Фатиха», «Бақара», «Ғымыран» және т.б.) аяттарды шығармалардың идеялық-композициялық желісіне үйлестіре қосқан. Ислам дінінің көркем әдеби шығармашылық дәстүрмен ықпалдаса таралуы халықтық дүниетаны- мның эстетикалық-гуманистік көзқараста- ры аясында жүзеге асты. Бұл орайда көрнекті шығыстанушы ғалым, профессор Ә.Дербісәлиев ислам діні аясында өркендеген Шығыс халықтары әдебиетте- ріне былайша баға береді: «Құран араб әдебиетінің тарихынан ең алғашқы жазба ескерткіш ретінде үлкен орын алады. Өйткені, ол араб тілінің сақталып қалуы мен өзге елдерге таралуы, араб тілінің грамматикасының қалыптасуына барынша әсер етті. Кейінгі ғасырларда өмір сүрген Шығыстың көптеген ақын, жазушылары, шежіреші, тарихшы географтары Құран- нан көп дәйектемелер алып, оны өз шығармаларында пайдаланған» /1, 46/. Қазақ мәдениетінің тарихында да осы ықпалдастық дәстүрі қалыптасып әрі дамыған. Қазақ әдебиетінің негізгі сипаты поэзиялық шығармалар болғандықтан ақындардың ислам дініне арналған туындылары халқымыздың тарихында имандылық-адамгершілік тәлім-тәрбиесі жолындағы насихат құралы болды. Ислам діні тарихының ең басты тұлғасы Мұхаммед пайғамбардың өмір кезеңдерін арнайы жырлау арқылы ақындар ұлттық және жалпы адамзаттық гуманистік мұраттарды тұтастандыра меңгергендікте- рін танытады. Мұхаммед пайғамбарға арналған эпикалық дастандар осындай әдеби дәстүрдің жалғасы болып саналады. Тарих ғылымы да Мұхаммед с.а.с. байланысты деректерді пайғамбарымыздың үйленуін, ұрпақтарын нақты көрсетеді: «Мұхаммед 25 жасқа толып кемеліне келген жігіт болған тұста Меккеге бай, ауқатты жесір әйел Хадиша өзінің сауда- саттық жұмысын басқаруға шақырады. Ол Мұхаммедтің әріректен қосылатын туысы, төртінші атасы Әбді-Мәнәптің немересі Хобейлиеттің қызы болатын. Бұрын екі рет тұрмыста болып, отасқан адамдардың екеуі де қайтыс болған жесір еді. Мұхаммедтің сауда істеріндегі табыста- рын, оның дін жөніндегі көзқарастарын ұнатқан Хадиша 595 жылы оған тұрмысқа шығады. Осы некеден ол екі ұл, төрт қыз көреді. Ұлдары ерте қайтыс болып, Рухия, Күлсім, Зейнеп, Фатима атты қыздары өседі» /4, 286/. Мәшһүр Жүсіптің «Мұхаммед ғалайссаламның туғаны» атты өмірбаян- дық дастанының негізгі бөлімінде Мұхаммедтің с.а.с. үйлену тарихы жырланады. Дастан құрылымындағы осы оқиға шындық пен қиял тұтасумен беріледі. Байдың сұлу қызы Хадишаның түсінде Мұхаммедті с.а.с. көруі, соған тұрмысқа шығуды аңсағаны, Әбутәліптің інісі Мұхаммедті Хадишаның сауда керуеніне түйеші қызметіне тұрғызуы, оның жалшы болып сапарға аттанғанына апасы мен тілекшілерінің күйінгені, жетімдігін ойлап күйзелген Мұхаммедтің с.а.с. зарына бүкіл ғаламның ортақтасқаны — бәрі де ақынның психологиялық сыршылдығы терең тебіреністерімен берілген: Жалшылық шын болды ма киген киім Балалар үйінде жүр менің теңім. Қарайды өзге жұрттың ата-анасы, Артымнан қарап қалар менің кімім?! Жетімдік көрдім сенен ынтызарлық, Киім менен тамақтан көрдім тарлық. Жетектеп жаяу түйе жөнелгенде, Шықты ғой менің зықым сонда барлық. Атамның атасы шықты бірге, Ата-анам қалды шықпай жатып көрде. Зарлығын Мұхаммедтің естігенде, Жылапты жан-жануар көк пен жерде /2,156/. Ақын дастанда кейіпкерінің осындай психологиялық хал-ахуалын реалистік шындықпен танытады. Көркем шығарманың шындықты негізге ала отырып, романтикалық сарын- дармен түрленетіні дәстүрлі ерекшелік. Алланың құдіретімен жол сапарындағы Мұхаммед с.а.с. ақынның «Басына бір ақ бұлт сая болып, Жебірейіл өзін түзу жолға салды» деп жырлауы — туындының көркемдік уақытқа тән болмысын аша түседі. Үстінде қорғалаған ақ бұлты бар керуеннің ішінде әулиесі бар екені Шамдағы /Сирия/ бір діндар адамға білінеді. Балаға ерекше құрмет жасалады, Шам шаһарындағы оқиғалар (пұттардың бұзылуы, темірлердің балқуы, жүһүдтер- ден жасырыну, Әбубәкір досының қапқа салып құтқаруы, Мұхаммед мінген арық түйенің семізге айналғаны, Жебірейілдің адасқан Мұхаммедті түзу жолға салғаны), Мұхаммед пен Хадишаның үйленуі — бәрі де тарихи негіздерді сақтай жырланған. Ақын жетім Мұхаммедтің бай әйелге үйленуін, ұрпақтарының туылуын пайғамбарлықтың келуі қарсаңындағы жаратылыс заңдылығы ұлағаты түрінде үғындырады: Бай болды Хадишаны алғаннан соң, Терілер несіп шағы болғаннан соң. Алладан келер уақи шағы болды, Жастары қырыққа жетіп қалғаннан соң. Хадишадан туыпты жеті бала, Бесеуі — қыз, екеуі — еркек бала. Фатима, әм Гүлсім, Зейнеп, Рақия, Қасым, Таһыр, Махбүбі — гауһар дана. Бірін Ғалы, екеуін Ғүсман алды, Екеуі және орынды жерге барды. Екі бала жасында өліп қалып, Жалғыз-ақ Фатимадан нәсіл қалды /2, 161/. Қазақтың ақындық поэзиясында Мұхаммед с.а.с үйленуі, оның балалары, күйеу балалары туралы жырлаудың әртүрлі үлгілері бар. Пайғамбардың осындай қарапайым тұрмыс тауқыметте- рінің ортасында еңбекпен танылған өзіндік таланты мен сүйкімділігі арқылы лайықты әйелге тап болып, бақытқа жеткен қалпында жырлау арқылы ақындар отбасы одағындағы береке арқылы жалпы адамзаттық өркендеуге жол ашылатынын дәлелдейді. Ақыт ақынның «Хазірет Расулдың некелену баяны» атты дастаны — қазақ поэзиясындағы эпикалық дәстүрдегі шығармалардың осындай көрнекті үлгіле- рінің бірі. Дастанның идеялық-компози- циялық құрылымы мынадай бөліктерден құралады: біріншісі — Меккелік бай жесір әйел Хадишаның тұрмысы, оның болашақ күйеуі Мұхаммед с.а.с. туралы түс көргені; екіншісі — оның Хадишаның сауда жұмыстарын басқару қызметіне кіріскені, оған Хадишаның ғашық болғаны; үшіншісі — Мұхаммедтің пайғамбарлық қасиетінің басталуы, пұтқа табынушылар дініне ықпалы, Хадишамен некелесуі; Алла жіберген Жәбірейіл періштенің хабары арқылы Құран Кәрім аяттарын оқып- үйреніп пайғамбарлық жолға түсуі; Мекке, Медине қалаларын мекендеп ислам дінін насихаттап таратуы. Дастанда Мұхаммед с.а.с. мен Хадишаның некелесу оқиғасына байла- нысты туыстарының (Ғатыке, Әбутәліп — Мұхаммедтің с.а.с. туыстары: Майсара, Әбубәкір, Афира, Мағрифа — Хадишаның туыстары) да мінез-құлық, іс-әрекеттері оқиға жүйесіне кірістіріле жырланады. Мұхаммедтің пайғамбарлық жолының Алланың ұйғарымымен болғаны, оған өзге діндердегі кәпірлердің қарсы болған әрекеттері дастан сюжетінің аса шиеленісті кезеңінде суреттеледі. Дастан сюжетінің шарықтау жері — Хадиша мен Мұхаммед с.а.с. үйленуі. Хадишаның ағасы Уәзаха мен Мұхаммедтің ағасы Әбутәліптің арасындағы құдаласу сұхбаттары, екеуінің той жасап қосылуы тарихи деректілікке сай бейнеленді: …Хадиша қазынаны ашты дейді, Гауһар мен алтын, күміс шашты дейді. Халайық неше күндей ойнап-күліп, Жын-шайтан іші күйіп састы дейді. Той қылды Ніл дария тасуындай, Есігін сегіз ұжымақ ашуындай. Ұжымақтан хор қыздары тамақ ұстап, Меруерт, маржан-гауһар шашуындай Хадиша ғашық болған керім сиық, Зар болған мұнафихтар іші күйіп, Екеуіне хұтпа оқып Әбутәліп, Қосыпты ғашықтарды неке қиып /3, 197/. Қазақтың ақындық поэзиясында Мұхаммед с.а.с. Алладан жеткен аян бойынша пайғамбарлықтың келгеніне де арналған көптеген дастандар бар. Әсіресе, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихындағы көрнекті ақындардың шығармашылығында осы тақырыпта жырлау дәстүрлі сипат алды. Мәшһүр Жүсіп Көпейүлының, Ақыт Үлімжіұлы- ның, Шәді Жәңгірұлының, Омар Шораяқ- ұлының және т.б. ондаған көрнекті ақындардың Мұхаммед с.а.с. пайғамбар- лыққа Жаратушы Алла ұйғарымымен жариялы түрде мәлім болуына байланысты оқиғалар жырланады. Ақынның «Хазірет Расулдың некелену баяны» атты дастан сюжетіндегі оқиғалар желісін байланыстырып тұрған маңызды мәселе — түс аяндары. Хадишаның өзінің болашақ күйеуі Мұхаммедті, оның пайғамбар болатынын сезінуі, түс аяны арқылы дәйектеледі: …Сол Хадиша былайша түс көріпті, Түсінде бек тамаша іс көріпті. Ай мен күн көктен түсіп қойыньгна, Әлемге жарқьгратьгп нүр беріпті /3, 176/. Көрген түсін Афира есімді сопыға жорытқанда оның айтқандары да исламның пайда болу, қалыптасу тарихына орайластырыла өріледі: …Раһыб оған: «Түсіңіз жарар», — деді, Бұл түстен еш көрмейміз залал, — дейді. Мұхаммед ақырзаман пайғамбары, Сол Сізді некелесіп алар, — деді. Туған шығар немесе туар — деді, Ғаламнан кәпірлікті қуар — деді. Сені алған кезінде пайғамбар боп, Көп халықты мұсылман қылар, — деді. «Тауратта» айтқан сол асыл енді туар, һәшімнің ұрпағынан келіп шығар. Сен сонда алдыменен дін қабылдап, Хадиша, бағың өсіп көңілің тынар» /3, 177/. Дастанда ислам дініндегі мұсылман әйелдерінің ғашықтық сезімін бейнелеуде ақын лирикалық-психологиялық сыршыл- дықпен толғайды. Хадишаның Мұхаммед- ке ғашықтығын көптеген ишаралы іс- әрекеттерімен, үйлесімді әдет-ғұрыпқа сай қылықтармен орындағанын ақын дәлелді түрде көрсетеді. Ал, некелері қиылып, ерлі-зайыпты оңаша дидарласу сәтіндегі тебіреністерін де ақын фәнидегі романтикалық-реалистік сарынмен орай- ластырады. Ғашығына мәңгілікке қосыл- ған бақытта тағдырына шаттанған Хади- шаның жарына ақтарылған көңіл-күйін оқырман да шынайы ықыласпен қабылдай- ды. Сол сияқты Мұхаммед с.а.с. үйленгеннен он бес жылдан кейін қырық жасында пайғамбар болғасын, ислам дінін таратуда көмекші болған зайыбы Хадиша- ның, шаһариарлары Әбубәкірдің, Ғұмар- дың, Ғұсманның, Ғалидың және т.б. жақындарының, халқының исламды қабылдаған жолының сенімге, сүйіспен- шілікке негізделгені дәлелденеді: …Хадиша онан кейін кірді дінге, Түспеген көңілі оның шүбә кірге. Онан соң дінге кірді шаһариарлар, Сонымен дін таралды бірден-бірге. Кеңейде дін ықпалы күн-күн сайын, Жаратқан затың артық бір Құдайым. Мекке де, Медине де кірді дінге, Сөйлесем сөз ұзарар оның жайын /3, 200-211/. Дастанның құрылысындағы түс аяны- ның шындыққа айналуының тағы бір көрсеткіші «…үңгірлердің бірінде ұйықтап кеткен Мұхаммедке Алла Тағала аян беріп түсіне енеді. Бұл 610 жылы Рамадан айы болатын. Мұхаммед бірнеше күн өзінің көргендеріне сене алмай жүреді. Осындай қалың ойға беріліп, бірде үйінің жанында гүлзар бағында шапанына оранып ұйықтап кеткенде, оған Алла Тағала екінші рет аян беріп, Алланың айтқанын адамдарға жеткізіп, атын шығаруға тиісті елшісі екенін айтқанда Мұхаммед оған шын көңілмен ден қойып сенеді» /4, 286/. Профессор Ж.Дәдебаев: «Кейбір деректерде пайғамбардың жаратылысында жай пенденің бойынан кездесе бермейтін 46 үздік қасиет бар. Мұның себебін біз білмейміз, сірә, ондай құбылыстарды, қасиетті Кітапта айтылғандай, білуге болмайтын да шығар. Хадисте: «Жақсы түс — пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір нышаны» деп жазылған…» /5, 44/ демек, Ұлы Жаратушы Алланың аманатын түс аяны арқылы жетіп, Құран кітабы, ислам діні қағидалары адамзатқа имандылық ұлағаты болып таралды. Ақыттың дастанында Мұхаммед с.а.с. Хадишаға үйленгеннен кейін құлшылық мүнәжатымен айналысып, Меккедегі Хира атты үңгірге барып жүргені, Жәбірейіл періштенің Алланың аян-аманатын «Оқы, оқы және оқы!» деген сөзбен жеткізгені, ақыры пайғамбарлық жолға түскені аталған тарихи дерекке сай жырланады: …Бүркеніп ол Мұхаммед бір күн жатты, Көреді бұрынғыдай көрген затты. «Оқиын!» — дейді енді Нұр Мұхаммед, Көрмеп ем ұстап, бірақ қалам-хатты. Үйретті Жәбірейіл Құран — аят, Әмірін хақ бұйырған қалмады аяп. «Иқра-и бисми раббик сүрелерін, Жақындап құлағына айтты таяп /3, 200/. Дастанның композициялық құрылы- мында Алланың исламды тарату жолын- дағы әрекеттерді, пайғамбарды, бүкіл мұсылмандарды қолдайтын құдіреті романтикалық бейнелеулердің фольклор- лық-мифологиялық тәсілдері арқылы өріледі. Мысалы, сапарда жүрген Мұхаммедті үш жүз кәпір өлтірмекші болып ұмтылғанда, Алланың ұйғарымы- мен болған оқиға дастанның әсірлілігін күшейте түседі: …Құдайдың құдіретімен бір топ бұлт, Аспаннан шыға келді заһар шашып. Бұлтпен бірге сұрапыл боран соқты, Күн күркіреп, жаңбырлы тұман бопты. Халайық бірін-бірі көрмей қалды, Үйіріп біреуіне бірін соқты. Жер жүзі тұман болып бұзылыпты, Түйенің бұйдалары үзіліпті. Атан мен нар түйелер бура болып, Шабынып адамдарға жүгіріпті. Кәпірлер қашуға енді оңтайланды, Халайық мұндай іске қайран қалды. Келген үш жүз кәпірдің бәрін қоймай, Буралар басын шайнап, мыжып салды. Қырылды тәмам кәпір қаза жетіп, Тақсырды оңай деген мазақ етіп /3, 189/. Дастанның идеялық-композициялық желісіндегі Мұхаммед пайғамбар мен Хадишаның үйленуі негізге алына отырып, исламдағы имандылық негіздерінің ақ некелі ерлі-зайыпты жұп одағынан бастау алатыны дәйектеледі. Қорыта айтқанда, Ақыт ақынның «Хазірет Расулдың некелену баяны» атты дастаны — исламдық-ағартушылық бағдары айқын ұлттық әдебиетіміздегі дидактика- лық-гуманистік сипаттағы эпикалық шығарма.

Читайте также:  Төле мен Тоқсандардың пәтуасы

Оставить комментарий