Загрузка…

ДИЗАЙНДА ЭТНОСТИЛЬДІК ТҮСТІК ШЕШІМДІ ҚОЛДАНУ

Дизайндағы этностиль дегеніміз – ұлттық нақышты заманауи дизайн салаларында қолдану әдісі. Әрине, этностильді дизайнда қолдану дәл сол ерте заманғы нақышты тура көшіре салу емес. Бұл жерде стилизация әдісін қолдану қажет. Мысалы, қазіргі кезеңде интерьер дизайнында этностильді жиі қолдану көрініс табуда. Бұл жағдайда австралиялық абаригендердің немесе солтүстіктегі эскимостардың тұратын үйшігін тура көшіре салып, жұртшылықты таң қалдырудан аулақ болған жөн. Ең бастысы – қалаған этностильді қажетті мөлшерде және аса талғампаздықпен қолдана білу қажет. Екіжүзжылдық тарихы бар этностиль қазіргі кезеңде дизайнда сұраныс шыңында тұр. Этностиль, ең әуелде, белгілі-бір елдің мәдениетіне тән интерьердегі жиһаздың декормен, материалдармен, түстермен өзара үйлесімділігімен сипатталынады. Ендігі кезекте әлем халықтарының түстерге деген қалыптасқан көзқарастарға сай оларды қол өнерінде қолдану ерекшеліктеріне шолу жасап кетейік. Әуелде ежелгі өркениеттердегі, атап айтсақ Мысыр, Майя, Рим, Қытай, Үнді және тағы басқаларының өзіне тән мәдениеттері қалыптасқандығын, олардағы дүниетанымдарына сай бейнелеу өнерінің ерекшеліктері бар екендігін тарихтан білеміз. Ертеде қалыптасқан этностильдерге деген қызығушылық бүгінгі күнде дизайн саласында қайта жаңғырып, кең қолданыс табуда. «Этностиль» деп аталатын ағым сұранысқа ие. Бұл стильдік ағым атап өтілген адамзаттың бәріне белгілі елеулі түрлерінен басқа батыстық ненесе шығыстық, еуропалық немесе азиялық, әртүрлі этносқа сай – орыс, араб, парсы, жапон, қазақ тағысын тағы ұлттық сипаттағы стильдерді қамтиды. Әр халықтың өзіне тән нақышы мен қатар түстік шешім қолдану ерекшеліктері сол халықтың өнер туындысын жазбай тануға септігін тигізеді. Мысалға «батыстық» стильде түстерді климаттық ерекшелікке, яғни табиғи құбылыстарға сай суық әрі 51 солғын түстерді қолданумен ерекшеленсе, керісінше «шығыстық» стильде ыстық климатты, гүлденген табиғатты, піскен жеміс-жидекті сипаттайтын түрлі-түсті ашық түстер қолдану норма болып табылады. Әр халықтың тұрмыс-трлігіне сай түстік шешім қалыптасқан: қазақ халқы көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан мал өнімдерінің бірі жүндердің табиғи түстерін жиі қолданған. Ал орыс халқы егіншілікпен айналысқандықтан өсімдік түстес түстерді қол өнері бұйымдарында қолдануы заңдылық болып табылады. Өзбек халқына тән түстер сауда-саттықпен айналысуды кәсіп ететіндігіне сай базардағы сан алуан түстерді көз алдымызға елестететін мата бұйымдарының түстерін еске алайық. Тарихи стильдермен салыстыратын болсақ, этностильде әр елдің өзіне тән ерекшелігі, өздерін қоршаған заттық ортаға деген көзқарасы, әшекей заттардың қайталанбас сипаты және түстерге деген ерекше сезімдерімен ерекшеленеді. Мысалы араб, яғни мавритан стиліндегі интерьерде түрлі-түсті ашық түсті жастықшалардың және кілемдердің көп болуы, жиһаздың бетінде күмістен жапсырма ою-өрнектердің болуы тән. Сегіз қырлы ағаш үстелддің үстінде табаққа салынған жеміс-жидектің болуы жиі кездесетін жайт. Үй ішінде текстильдің әсіресе, күміс пен алтынмен кестеленген барқыт пен жібектің көп болуы да араб стилін сипаттайтын ерекшеліктердің бірі. Египет стилі қанық түстермен (көк, қара, алтын, құм түстес) және таза геометриялық сызықтар мен жазықтықтармен ерекшеленеді. Ферғауындар елінде жүргеніңізді елестету үшін, интерьерде жарық көзінің күрделі жүйесі қолданылады. Әрине, декоративтік элемент ретінде мысықтардың мүсіндері мен папирустардың болуы шарт. Жерорта теңізіне тән стиль — өмірдің, жаздың, күннің ашық түстері көтеріңкі көңіл тудыратынымен ерекшеленеді. Терезелерден күн сәулесі молынан түсіп, мозайкалар түрлі-түсті бояуларымен ойнайды. Басты түстер осы регионның табиғатынан алынған: теңізді елестететін көкшіл жасыл, алтын түстес қызғылт сары және қоңыр түстер тобы жатады. Интерьерде тас пен қыш текшелерді, темірден иілген немесе ағаштан жасалған жиһаз орын алған. Біздіңше, африкалық стиль – ең экзотикалық стиль болып табылады. Оған себеп, табиғи материалдарды – эбен ағашы, ротанг, бамбук, саз балшық, крокодил мен жылан терісі, мүйіз бен піл сүйегі, жабайы аңдардың терілері декор ретінде қолданатын болғандықтан. Сонымен қатар, үй ішінде сәндік әшекей ретінде ағаш маскалар, түрлі мүсіндер, зебра, жираф т.б. аңдардың бейнеленген үлкен табақтар көз жауын алады. Тоқылған жиһаз бұйымдар т.т. Скандинавия (швед) стилі өзінің қарапайымдылығы мен табиғылығымен ерекшеленеді: ағаш тақтайларынан жасалған едендер, қарапайым ағаш жиһаздар, табиғи маталар. Түстік гамма ашық реңді – сұрғылттау,боз, ашық жасылдау, көкшілдеу реңдер және ақ түсті болып келеді. Ең тартымды, әрі жиі қолданылатын стильдердің бірі жапон стилі болып табылады. Ол дизайнда минималистік стиль ретінде танымал. Жапон үйі жылжымалы жұқа қабырғалармен бөлінген ашық кеңістік болып табылады. Интерьерде артық зат жоқ. Бамбуктан жасалған аласа үстелдер мен дивандар орналасады. Басты түстік гамма – ақ, сүт түстес, крем түстес, боз түстің барлық реңдері болып табылады. Осы күнде ең сұранысқа ие жапон стилі болып табылады. Түстік үйлесімділігі ең мінсіз және қарапайым формаларымен ерекшелінетіндіктен, минималистік стиль ретінде көпшіліктің көңілінен шығады. Жапон интерьеріндегі жиі қолданылатын өрнек түрі — иероглифтармен үй бөлшектерінің бәрі дерлік әшекейленген десек те болады. Қытай стилін жапон стилімен саластыратын болсақ, ұқсас болғанымен әлдеқайда 52 қуаттылығымен ерекшеленеді. Қытай интерьерінде декор белсенді түрде қолданылады: лакпен боялған тапал үстелдерде мүсіндер мен құмыралар орналасқан. Қабырғалар дәстүрлі қытай өрнектері мен әртүрлі мифологиялық кейіпкерлері бар сюжеттермен көмкерілген маталармен қапталған. Әрине, айдаһар жиі бейнеленетін басты кейіпкер болып табылады. Басты түстер – алтын сары, жасыл, ал доминантты түс ретінде әрине отты айдаһар түсі – қызыл түс болып табылады. Үнді стилінде басты түс ролін қанық әрі ашық түстер орындайды: бирюза түстес, құлпынай түстес, қызғылт сары түстер. Интерьер дизайны түрлі-түсті жібек перделер мен төсек жапқыштарға толы. Үнділіктердің әшекейге құмарлығының дәлелі ретінде өрнектелген аласа жиһаздар орналасқан. Майя өнеріне тән тасқа қашалған мифологиялық және діни тақырыптардағы стилизациялық образдарды еске түсірейік. Басты мотивтер – құдайлар, жыландар мен маскалар. Майя өнеріне тән түстер қызыл түстер тобын айтуға болады. Қоршаған ортамен гармониялық қатынаста болып, жайлы да тыныш күй кешу үшін осы күнде ұсынылатын бір амал — өзіңізді туған үйіңізді еске түсіретін қарапайым да жақын әрі жылы заттармен қоршау. Терезедегі гүлді матадан тігілген перде, көне жиһаз бен жастық көрпешелер және т.б. сол сияқты майда-шүйделер. Ауық-ауық адамдар өркениеттің шулы да қаурыт тірлігінен шаршағанда, дем алғысы келелгенде, жанына сая болатын осындай әжелеріміздің жылы алақанын еске түсіретін жерді аңсайды. Сол мезгілде сахнаға ауылдың көрінісі шығады. Ұлттық этностиль бүгінгі күнде қайта жаңғырған мәдениетіміздің бір елесі іспеттес. Бұрынғы заманның ұмтыла бастаған тұрмыстық келпетін осы күнде дизайн саласында жаңаша сипатта көрсету модаға айналып отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын экономикалық даму қарқындай бастағанда еліміздегі кейбір дизайнерлер дамыған елдердегі дизайндық ағымдарға еліктеушілік көрсететін. Қазіргі кезеңде өзіміздің ұлттық болмысымызға тән дәстүрлі бай мәдени мұрамызды қайта зерделеп, оның тереңінен небір асыл жәдігерлер табылып жатқан кезеңді бастан кешудеміз. Әуелде өз санамызда ұлттық нақыштардың орын алуы содан кейін оларды бүкіл адамзатқа паш ету – біздің мәдениет өкілдері ретіндегі басты міндетіміз болып табылады. Атам заманынан ғасырлар бойы түрлі сынақтан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген ұлттық нақыштардың осы күнде заман талабына сай дизайн салаларында орынды да оңтайлы қолдана білуге дағдылануымыз керек. Әр нақыштың өз тарихы өз мәні мен мағнасы барын, оның көркем құндылығының қаншалықты жоғарылығын шын сезіне отырып, болашақ қызметтеріңізде ұлт өкілі ретінде асқан құрметпен қолдануларыңыз керектігін естеріңізге саламын. Қазақтың қолөнері ұлтымыздың болмысының айнасы ретінде қабылданады. Тұрмыс тіршілікте қолданған заттарды үлкен шеберлікпен жасап, оларды көркем өнер туындысы деңгейіне көтеруі хақымыздың мәдени мұрасын басқа да өркениет иелерімен үзеңгілес етеді. Сондықтан осы күнде қазақ этностилін дамытуға қолайлы заман туындады. Алдында аталған этностильдер сияқты қазақ этностилінің өзіне тән сипатының бар екенін еске ала тұрып, қысқаша шолу жасайық. Қоршаған орта ретінде үй іші жабдықтарын сипаттап отырғандықтан, қазақтың бас панасы — киіз үйді сипаттайық: көшіп қонуға ыңғайлы, жеңіл материалдардан жасалған, дөңгелек формалы, қабырғалары ағаштан жасалған кереге мен уықпен бекітілетін, төбесінде барлық құрылымды біріктіріп ұстап тұрытын шаңырағы бар, сырты жүннен бастырылып жасалған киізбен қапталған құрылым. Ішкі жағы іргедегі шимен жағалай қоршалған. Әшекей ретінде тұс кілемдер мен өрнекті басқұрлар қолданылған. Еденде киіз төсемдер, оның үстінде құрақ көрпелер мен жастықтар жатыр. Жиһаздан сандықтар мен ағаш төсек, дөңгелек үстел бар. Сандық үстінде текшелеп 53 төсек жиналған. Бәрінің өз орыны, өз қажеттілігі бар. Басы артық зат жоқ. Барлық тұрмыстық заттардың бәрі табиғи материалдардан жасалған. Қазақ халқының басты түстері ретінде жылы түстік гаммаға жататын түстерді, яғни — сары, қызыл, қоңыр түстерді атап өткен жөн. Суық түсті — көк, күлгін түстер көп қолданылмайды. Бұндай ерекшілік тек киіз үйде ғана емес, киім киюде, зергерлік бұйымдарда, ер-тоқым, қару-жарақ, ыдыс-аяқ сияқты қолданыстағы заттардың бәріне тән. Барлық заттар ағаш, темір, жүн мен тері сияқты табиғи материалдардан жасалатын болғандықтан түстері осы табиғи өнімге тиесілі болып келеді. Ағаштың түсі жылы сары түстен қызылқоңыр түс аралығындағы түстік реңдерді қамтыса, ақ немесе қара жүннен жасалған бұйымдар: киіз төсемдер, сырмақтар мен басқа да бұйымдар осы материалдың табиғи түсіне сай реңде. Ал, кілем мен алаша, басқұр сиықты бұйымдарға боялған түрлі-түсті жүн қолданылған. Жалпы түстік гамма өте бай әрі тартымды. Қазіргі кезеңде этностильді дизайн салаларында кеңінен қолдану өріс алған құбылыс. Мысал ретінде ел ордамыздың сол жағалауындағы қатар орналасқан мейрамханалар жүйесін еске алайық. Кавказ, бавария, өзбек тағысын тағы этностильдік нақышта жасалған демалыс орындарының дизайны өзіне тән ерекшелігімен қызықтырады. Графикалық дизайн салаларында да этностильді қолдану қарқынды дамып келеді. Қала ішін безендіруде, жарнамалық және баспа бұйымдарында, теледидар мен ақпараттық құралдарда, түрлі фирмалық стильдерде ұлттық нақыш қолдану қажеттілігі туындап отыр. Әсіресе, логотиптер мен түрлі символдарды, дизайн элементтерін жасауда қазақ орнаменттерін, тамғалы тастағы бейнелерді, түрлі образдарды қолдану әдетке айналуда. Бұл заңды құбылыс деп білеміз. Келесі кезекте түстік ассоциялармен танысу барысында түстік шешімдерді қолдану тәсілдеріне кеңірек тоқталамыз. Негізі кез келген этностың түске деген өз көзқарасы қалыптасқан. Бір елдерде белгілі-бір түске деген көзқарас екінші бір елде басқаша тіпті қарама-қарсы болуы мүмкін. Қазақ халқының түстерге деген қалыптасқан наным-сенімдері бар. Ақ түс табиғатта жиі кездесетін түстердің бірі. Жұмыртқаның ағы, аққу, аққұтан, көздің ағы (белогі), ақ қар, ақ бұлт, ақ тастар, ақ әк (извест), ақ мақта, ақ гүлдер т.т. Жалпы ақ түс адамдар санасында тазалық пен пәктіктің символы ретінде қалыптасқан. Қазақ халқының дәстүрінде жақсылықты ақ түспен салыстыру әдетке айналған. Молшылықты тілегенде «Ақ мол болсын!» десе, жас отауға тігілетін ақ үй тек жақсылық болсын деген ниетті білдіреді. Ақ киізге отырғызып «Хан көтеру», яғни хан сайлау дәстүрі, жолы болсын деген ниетпен «Ақ жол!» тілеу, «Бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық», «Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты апалар» ұғымдары да осының айғағы. Керісінше «қара жамылу» — қаза болғандағы киінетін киім түсін білдіреді. «Қара бет», «қара ниет» деген сөз тіркестіктері жаманшылықты білдіреді. Осы орайда айта кететін бір жайт – түстердің адам психологиясына әсер ету ерекшеліктерін ғылыми түрде зерттей келе, бір түске деген біржақты көзқарастың болуы қате түсінік екенін осы мәселе төңірегінде терең ізденіс жасаған психология, физиология, эстетика, социалогия және түстану ғылым салаларының зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып айтарымыз – түстің әсері мен қасиеті әлдеқайда кең ауқымды құбылыс. Қазақ халқында төрт түлік малды ажырату үшін қолданылатын түстік атаулар – күрең, жирен, ақ боз, сұр т.т. атап кетуге болады. 54 Табиғи құбылыстарды сипаттайтын немесе балама түрінде қолданылытын түстерді атап өтетін болсақ – алтын күз, көгілдір аспан, жасыл шөп, қоңыр күз, ақ қар, теңіз толқыны түстес түс, көк шалғын, ала тау, қызыл алма, ащы сары, сұр жауын т.б. Халқымыздың қолданбалы өнерінде жиі қолданылатын түстерді бала кезімізден жақсы білеміз. Мысалы, құрақ көрпені еске алайық. түрлі-түсті маталардан құралған көрпе табиғатың гүлденген шағын еске салады. Жасыл түсті пүліш жасыл шөппен көмкерілген жайлауды, қызыл түсті мата бөлшектері қыр гүлі қызғалдақтарды, көк түстілері сылдырап аққан су жылғаларын еске салады. Киіз бұйымдарында қой жүнінің табиғи түстері – ақ пен қарақоңыр түстердің контрасты қатынастары қолданылады. Өмірде ақ кезең мен қара кезеңдердің алмасып отыратынын білдіреді. «Тұсау кесу» рәсімінде ақ түс пен қара түсті жүндерден аралас иірілген арқан қолдану адам өмірінде осы екі жағдай қатар кездесетінін, солардан сәбидің болашақ өмір жолында сүрінбей өтуі керектігін ырымдап, тұсауын кесу халқымыздың ерекше дәстүрі екенін білеміз. Ақ және қара түсті жүндерден жасалған киіз сырмақтар мен бітпестердің оюларының бір-бірімен қиылыса сырылуы табиғат құбылыстарының алма- кезектілігінің айғағы: күн мен түннің, жаз бен қыстың ауысуы, сол сияқты жамандық пен жақсылықтың және тағысын тағылардың. Жоғарыда қазақ халқының түстерге деген көзқарасы мен нанымдарына тоқталып өттік. Баяндамада көтерілген мәселе бойынша қорытындылай келе айтарымых заманауи дизайн саласында жобалау жұмыстарын атқару барысында этностильді түстік шешім табуда қолдануды қажетті мөлшерде және орынды етіп қолдана білу қажет деп білеміз.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar