Досан батыр (1829-­1876)

Еліміздің қолы жетуіне байланысты соңғы жылдары халқымыздың бірсыпыра ел бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендерінің есімдерін жадымызда жаңғырту мақсатында бірсыпыра іcтep жүзеге асырылуда. Ac беріліп, мәңгілік мекен тепкен орындарының.үсті жаңғыртылып, әртүрлі ғылыми конференциялар өткізіліп,жинақтар шығарылу үстінде. Ал, мұның бәрі сандаған жылдар бойы өзін қор сезініп келген халықтың басына қонған тәуелсіздік атты бағының қадірін бағалаған, сол тәуелсіздік үшін өмірін сарп еткендердің рухына тәу етіп, тәубаға: келуінің шынайы көрінісі. Дүниеде жер басып жүрген жұмыр басты пенде үшін тәуелсіздік атауының қастерлі қандай ұғым болуы мүмкін? Сол ұғымның қадір­қасиеті мен бағасын тарих сахнасына жеке ел, ұлыс, ұлт болып шыққаннан бері ылғи да күресумен, ыңғай бір өліп­тірілумен келе жатқан қазақтан артық кім танып, кім әспеттемек? Ал,осынау соңғы жылдарда Қазақстанның әр аймағында елі үшін өмірін құрбан қылғандардың рухына тағзым ету. мақсатында осыншалық атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі бірігіп келіп, елтануға, қазақ елін танытуға, қызмет ететіндігіне ешкім де күмән келтіре алмақ емес. Осы реттен келгенде Ресей империясының Қазақ даласын отарлауына қарсы XIX ғасырдың. екінші жартысында Маңғыстау түбегінде өткен Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы бастаған көтеріліс жайының да бүгінгі таңда жаңғыртыла. әңгіме болуы құптарлық жағдай. Өйткені, бұл.мәселеге. 1870—1880 жылдардағы әр алуан басылымдардың беттерінде, сол тұстардағы түбектің халқын «бас білдіруге» басшылық еткен жазалаушы отрядтардың бастықтары мен кейін сол түбекті басқарғандардың бүгінде тек архивтерде ғана сақталатын жазбаларына мұқият назар аудара отырып, жаңаша пайымдаулар жасау керек­ақ. Рас, Кеңестік дәуірімізде де әр жылдарда жарық көрген қазақ тарихына байланысты материалдарда Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы басшылық еткен көтеріліс жайы өз мүмкіндіктеріне қарай жазылып келді. Әсіресе, ,бұл тұрғыда белгілі тарихшы, марқұм Мәриям Сүлейменқызы Тұрсынованың еңбегінің орны бөлек. Осынау іргелі еңбектің тек бүгінгі күнгі ғана емес, келешекте де аталмыш мәселе туралы қалам тартатындардың әманда жадында. болатындығына, көп жайларды танып, бағамдауда жолбасшылық жасарына күмән жоқ. Осы кітапшаға арқау болып отырған Естерек Жаманбайұлы мен Сайын Әділханұлының жазбаларында да бұл жай барынша ескерілгендігі соның бір кепілі болса керек. Тарихта Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған қарулы көтеріліс — шын мәнісінде тек Маңғыстау өлкесін мекендегендердің ғана патшалық режимге қарсы бас көтеруі емес, бұл сонымен қатар, бүкіл қазақ қауымының Ресей империясының, отарлаушылық тойымсыз ындынына қарсы тойтарыс беруді мақсат еткен ең ірі де, ең ақырғы да айқасы болатын. Өйткені, мұнан кейін Ресей патшалығының отарлық құрығына амалсыздан мойынсұнған бүкіл қазақ ұлысында бұдан әрмен қарай ел болып көтеріліп, зеңбіректі әскермен айқасардай қайрат қалмаған еді. Олай болса бір жарым ғасыр бойы жартылай тәуелсіз — бодан болып өмір кешіп келген елдің сол күйінен айырылып қалмауды мұра біліп, тұяқ серпер ақырғы айнасының бүкіл ұлт тарихында ерекше орны болуы заңды. Оның осындай тарихи мәні мен маңызын бүгінгі күннің зерделі қауымы ғана емес, отаршылдықтың ойранды мінезін Шортанбай мен Дулат. сынды замандастарымен жарыса жырлаған Мұрат Мөңкеұлы өткен ғасырда­ақ айтудай­ақ айтып кеткен­ді, Ақын Маңғыстау қазақтарының көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қазақстанды былай қойғанда, бүкіл орта Азияны толықтай бұғалықтауға жол ашылғанын шерлене жыр еткен болатын. Осы сезім­түйсіністің лебі Сәттіғұл Жанғабылұлы туындысында да айқын байқалатын. Ал, бүгінгі замандастарымыз — халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаевтың өлке туралы зерттеулері мен жазушы Маршал Әбдіхалықовтың, ғалым Қабиболла Сыдиықовтардың осы мәселелерге қатысы бар еңбектерінде де бұл көтерілістің мәні мен мағынасы сөз болмай қалған емес. Естерек Жаманбайұлы мен Сайын Әділханұлының бұл жазбасында жоғарыда аттары аталған жазушы­ғалым ағаларымыздың шығармаларындағы тарихи деректер үйлесімін туып, орынды енгізілген. Сонымен қатар, олар Досан батыр жайлы ел аузындағы аңыздарды да әңгіме арнауының тіліне суыртпақтап қосып, халық жүрегіндегі батыр бейнесін бүгінгі ұрпаққа паш етуге ұмтылған. Оқырман назарына ұсынылып отырған белгілі журналист­қаламгер Сайын Әділханұлы құрастыруындағы «Досан батыр» жинағында 1870 жылғы көтеріліс туралы егжей­тегжейлі мағлұмат беру мақсат етілмегенмен, бұл жинаққа еніп отырған Сәтекең атамыз дастанымен басталып, Есенғали Бөкенбаев, Темірхан Медетбеков, Сайын Назарбекұлы Айтуар Өтегенов, Қыраубай Домбайұлы, Көмек Ыбыраев, Рахат Қосбармақов сынды ақындардың туындыларына ұласқан өлең­жырлардың бастарының біріктірілгені Досан батырға деген бүгінгі ұрпақтың шынайы сезімін, сүйіспеншілігін танытары даусыз. Олай болса, бұл жинақты түптеп келгенде елі үшін басын оққа байлаған халықтың өр тұлғалы өрен перзенттерінің ерлігін кейінгі буын ұрпақтардың қадіріне жетіп, рухтарына тәу еткендігінің бір көрініс ретінде бағалаған орынды. Демек, бұл кітаптың осы тұрғыдан­ақ оқырманның жүрегіне жол табарына сенім мол.

Читайте также:  Балуан Шолақ

Оставить комментарий