ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ТІЛДІК НОРМА

Опубликовано Июль 12, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Тілдік норма мәселесі тіл мәдениетінде қарастырылады. Тіл мәдениеті дегеніміз қарым-қатынас барысын қамтамасыз ету үшін тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, жүйелі түде қолдану болып табылады. Тіл мәдениеті тілдік норманың үш түрін, тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық); этикалық сөз нормаларын (сөйлеу этикасының ережелері); коммуникативтік нормаларды (сөйленіс) қамтитындығы белгілі. Қазіргі таңда тіл мәдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» деп те аталып жүр. Бұл туралы Д.А. Әлкебаева: «Тіл мәдениеті сөзді дұрыс тәртіпті құрау болып саналмайды, тіл мәдениеті эстетикалық бағдарды қамтамасыз етеді. Ол өзінің ең жоғары деңгейінде стилистикамен түйіседі, оның проблемалық мәселелеріне игі ықпал етіп, стилистикалық норманың қалыптасуына толық мүмкіндік жасап береді. Стилистикалық нормадан тілдік норманың өзгешелігі мынада: әдеби тілдің тілдік нормасын қолдану аясы шектеулі емес. Тілдік норма жалпы қолданыстың дұрыстық сапаларын игеріп отырады. …Тілдік норманың функционалдық табиғаты варианттылықтың бар болуымен байланысты. Тілдік тәсілдердің варианттылығы әдеби тілдің функциональды-стилистикалық жіктелуін қамтамасыз етеді» [1, 39 б.],- деп стилистикалық норма мен тіл нормасының аражігін айқын көрсетіп береді. Тілдік нормаларға орфоэпиялық норма, орфографиялық норма, лексика-фразелогиялық норма, грамматикалық (сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік) нормалар мен нормаға ұқсас, жақын тілдік категориялар тілдік жүйе, тілдік дағды (узус), т.б. құбылыстар жатады. Ал кез келген ұлттық тілдің негізгі құраушысы сөйлеуші тілдік тұлға болып табылады. Бұл ретте хабар жеткізуші тілдік тұлғаны әлеуметттік қарым-қатынас тұрғысынан мінсіз сапаға ие субьекті ретінде қарастыруға болады. Сөйлеушінің тілдік тұлғасы поэтикалық дискурстағы тыңдаушының тілдік тұлғасының өзге де компоненттерімен тығыз байланысты. Дискурс аясындағы тілдік тұлғаның № 1 (86) 2012 165 стереотиптік және жеке қасиеттерін зерттегенде, олардың табиғаты кешенді өзара байланысты ғылымдар негізінде қарастырылмайтындықтан, табиғи теоретикалық лакундармен толығатынын байқаймыз. Бүгінде поэтикалық дискурстың антропоцентристік моделі жаңа ғылыми қырынан, яғни прагмалингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық ғылымдардың тоғысында қарастырылып отыр. Драматургиялық дискурстың антропоцентристік моделін кешенді зерттеудің маңыздылығы, ұлттық тілдік мәдениеттің көрініс табуы, поэтикалық дискурсты құрайтын сөйлеушінің тілдік тұлғасының лингвистикалық мәселелерін жаңарту қажеттілігіне негізделеді. Ол үшін поэтикалық дискурстың негізгі сапаларын (перформатифтілігін, интенциялығын) айқындау қажет. Тілдік тұлғаның қалыптасуы туралы белгілі ғалым Н. Уәлиев «Тілдік тұлға тек тілдің ғана субъектісі емес, адресант пен адресат ретінде сөздің де субьектісі. Дәстүрлі парадигмада сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, бейдәстүрлі парадигмада сөз мәдениетінің түп қазығы тілдік тұлға болуға тиіс» [2, 58 б.], — деп көрсетеді. Сахнаның басты шарты ауызша сөздің нормалары мен жазба сөздің ара жігін ажырату болып табылады. Әрине, барлық уақытта сөздің жазылуы мен айтылу нормасының сәйкес келе бермейтіндігі белгілі. Сондықтан, сахнада орфоэпиялық норманың сақталуы да негізгі талаптардың бірі. Мысалы, орфографиялық нормада жазылған мына сөздер сахнада мүлде басқаша айтылатындығын актер ескеру керек. Баян. Қара күн қайта орнады, Тез жетсін деп айтты де, Баян. Үстіме тау құлағалы тұр, өзі құтқарып алсын деп айтты де, Баян. Отым сөнгелі тұр, өзі келіп тұтатсын деп айтты де, Баян. Таңым атқанша, Күнім батып та болды деп айтты де, Баян… (40 б.) Баянның осы монологын сахнадағы айтылым ырғағына қарай транскрипциялайық: Баян. // Қарагүн // ғайтаорнады, // // Тежжетсіндеп // айттыде, // Баян. // // Үстүме // тауғұлағалұтұр, // // өзүғұтқарып // алсындеп // айттыде, // Баян. // // Отұмсөңгөлүтұр, // // өзүгеліп тұтатсындеп // айттыде, // Баян. // / /Таңыматқанша, // // Күнүмбатыпта // болдыдеп // айттыде // Баян… // Лингвистикалық ғылыми-қолданбалы парадигманың қазіргі кездегі даму деңгейі өзара байланысты ғылымдарды жаңа бағытта қарастыруда ауқымды теориялық база ұсынады. Дискурстың антропоцентристік моделі (автор – мәтін – оқырман) тілдік шығарма (мәтін) төңірегінде шоғырланған, прагматикалық мазмұнға бай және коммуниканттардың жеке мінез-құлқын айқындайтын күрделі коммуникативті жүйе ретінде сипатталады. Демек, тілдік формалардың, тілдік жағдаяттардың болмысы, қарым-қатынасқа түсушілердің прессупозициясы арқылы айқындалады. Тілдік тұлғаның дискурстық моделі мен концептуалдық жүйесі туралы ғалым Г.Ә. Мұратова былай дейді: « …Ұлттық мәдениетті меңгеру мен психологияның қалыптасуы тіл көмегі арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан тілдік тұлғаның болмысын зерделеу кешенді талдау негізінде тарихи- мәдени қайнар көздерді, мәтіннің этноұлттық ерекшеліктері мен әлеуметтік сипатын, халықтың философиялық дүниетанымы мен психологиялық мінездемесін айқындау арқылы іске асуы және адамның тілдік болмысын түсінуге, зерделеуге жетелейтін лингвистикалық категория ретіндегі тілдік тұлға құбылысы қазіргі білім парадигмасының мазмұнын, күй-қалпын айқындаушы маңызды ғылыми ұғымға айналуда» [3, 10 б.]. Дискурстық талдау XXI ғасырдың басындағы 50 жылдары француз тіл білімінде пайда балды. Бұл ретте дискурсиялық сөйленіс, яғни сөйлеушінің негізгі позициясын білдіретін зерттеулердің қатарынан табылды. Сондай-ақ дискурс ұзақ сөйлемдерден гөрі, мәтіннің шағын үзігі болып табылатын қысқа сөйленістер ретінде қарастырылды. Одан кейін когнитивті ғылымның және тілдің коммуникативті-прагматикалық моделі теориясының ықпалымен, дискурсты айқындауға функционалды – лингвистикалық тұрғыда талдау жасала бастады. Дискурс мәтіннің өзектілігін, тілдік Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы 166 форманың күрделі бірлігін, тілдік әрекетті және мағынаны коммуникативті акт немесе коммуникативті жағдаяттар түсінігінің көмегімен қарастыруымен де сипатталады. Нәтижесінде дискурстық талдаудың зерттеу нысанын қарастыруда дискурстың динамикалық характері бірінші орынға қойылады. Демек, дискурстық талдаулардың қатарына контекстуалды когнитивті және прагматикалық факторлар (жағдаяттар контексі, әлемді тану ілімі, прессуппозиция) жатады. Ал XXI ғасырдың 70 жылдарынан бастап дискурстық талдаулардың өзара байланысты ғылымдардың зерттеу нысанына айналуы, атап айтқанда, этнолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық және өзге де ғылыми бағыттардың жетістіктеріне сүйенеді. Сондықтан, этнолингвистикада дискурстық мәдениетті танытатын мәтіндер әлемдегі ментальді фрагменттер болып табылады. Әлеуметтік лингвистикада дискурсты коммуникативтік жағдаяттар есебінде қабылдау қалыптасқан. Ал, психолингвистикада дискурс түрлі типтегі мәтіндердегі (жазбаша және ауызша) тілдік әрекеттер негізінде қарастырылады. Қазіргі таңда дискурс термині жиі қолданылып жүргенімен, кең түрде зерттелді деп айта алмаймыз. Бұған дәлел сөйлеуші тілдік тұлғаны поэтикалық дискурстағы әмбебап антропоцентристік модельдің бөлшегі ретінде қарастыруды қажет етеді. Сондықтан бүгінде лингвомәдениеттану аясында тіл және ойлау, тіл және тілдік тұлға, тіл және мәдениеттің өзара байланысы жіті қарастырылуда. Лингвомәдениеттану көптеген филологиялық парадигмаларды, соның ішінде антропоцентристік, функционалдық, прагматикалық, салыстырмалы- салғастырмалы, лингвокогнитивті, коммуникативті, яғни, интердисциплинарлы мәселелерді қамтиды. Лингвомәдениеттанудың нысаны – репрезентанттың тілдік-мәдени кодын атқаратын тіл болып табылады. Сондай-ақ, лингвомәдени код тіл және мәденитеттің кешенді қызметін қамтиды. Демек, лингвомәдени кодтың иесі тілдік тұлға болып есептеледі. Тіл және тілдік тұлға да белгілі бір мәдени ортада өмір сүреді. Ал мәдениет болса, белгілі үш нәрсені қамтиды. Біріншіден, адамның материалдық және рухани қажеттілігін, екіншіден, мәдениетті тұтынушылық, үшіншіден, институционалдық байланыстарды жүзеге асырады. Мұндай жағдайда мәдениетті құрайтын әлеуметтік-психологиялық, модустық және өркениеттілік бағыттарды көрсетуге болады. Бұл ретте орыс ғалымы С.В. Иванова: «Соответственно, специфику, обусловленную принадлежностью к определенному этносу, будет логично именовать национальной, или этнокультурной, или национально-культурной. Культурно-языковая специфика предполагает особенности проявления лингво-культурных связей в широком смысле. Итак, лингво-культурное исследование сосредоточено на анализе национальной специфики, реализующейся в особенностях культурно-языкового взаймодействия. При этом данное взаимодействие покрывает широкую область фактов языка и культуры. Им оказывается охваченной вся система языка, а также все пространство культуры что предполагает учет трех ее составляющих: цивилизационной, социально-психологической и модусной» [4, 12 б.], – деп атап көрсетеді. Мұндағы өркениетті мәдениет адамзат дамуының түрлі дәрежедегі техникалық және технологиялық тұрғыдан жетілуіне қатысын қарастырады. Әлеуметтік- психологиялық мәдениет ұлттық характер, менталитет, халықтың болмыс-бітімінің көрінісін зерттейді. Ал модустық қызметі болса, шындықты көрсету тәсілдерін, ақпаратты қабылдау және беру жағын көздейді. Абыз. Кәрі көңіл о бір зәр. Күні еңкейіп, көлеңке басқан бейуақтай. Самал желі мұздай, көк майсаны сыздай етті. Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай… Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тас ошақтың басында от шашып ойнайды, от шашып ойнайды. Қамыққан қамқор қаны… Бек буынған бағлан батыр қаны. (8 б.) Поэтикалық дискурстың әмбебап күрделі моделі семантикалық, синтаксистік, прагматикалық деңгейлерде қарастырылады. Мұндағы семантикалық зерттеу сөйлеуші мен тыңдаушының ақпаратты шынайы жеткізуімен байланысты болса, синтаксистік деңгей тілдік формалардың мәтіндегі байланысын көрсетеді. Ал прагматикалық қызметі сөйлеуші мен тыңдаушының прессупозициясы мен индивидуалды, әлеуметтік ситуативті мінездемесіне, тілдік жағдаяттарға сүйенеді. Тілдік тұлға поэтикалық дискурстың белсенді субьектісі ретінде белгілі бір лингвистикалық, және экстралингвистикалық құралдар арқылы коммуникацияда көрінеді. Демек, сөйлеушінің тілдік тұлғасы лингвистикалық, экстралингвистикалық элементтер арқылы қарастырылатын күрделі құрылым болып табылады. Мұндай құрылым инвариантты, когнитивті, прагматикалық негізде қалыптасады. Сонымен, инвариантты деңгей, яғни автордың тілдік тұлғасының құрылым деңгейі (вербальды-семантикалық, вербальды-грамматикалық, семантикалық-түзілімдік) тілдік бірліктерге қатысты қарастырылып, № 1 (86) 2012 167 тілдік шығарманы құруға және қабылдауға негізделеді. Бұлар морфема, сөз, сөзформа, сөз тіркесі, синтаксема, басқару, келісу болып табылады. Сондай-ақ тілдік тұлғаның когнитивтік құрылым деңгейі тілдік бірліктердің қатысуымен, яғни нақты тілдің иесі ретіндегі автордың тұрақты индивидуалды концептуалды әлем бейнесін жеткізуімен жасалады. Мұндай бірліктерге денотат, сигнификат, фрейм, басты пікір (афоризмдер, сентенция, мәтелдер), фразеологизмдер, метафоралар жатады. Сонымен қатар, тілдік бірліктер, тілдік тұлғаның әлем бейнесін танудағы динамикасы, белсенді позициясы арқылы ойын, мақсатын білдіруінде де көрініс табады. Мысалы, прессупозиция, дейксис, дәлелдердің берілу тәсілі, жоспарлар, коммуникативті және тілдік стратегияларды тілдік тұлғаның прагматикалық деңгейінің құрылымы деуге болады. Сөйлеуші тілдік тұлғаның инвариантты деңгейін талдау морфемаларға, сөз, сөз тіркесі, сөзформа және коммуникативтік ортада қабылданатын басқа да қолданыстағы нормативті модельдерге сүйенеді. Мұндай талдаулар тілдік нормалардың ерекшеліктерін меңгеруге бағытталады. Лингвистикадағы «тіл – сөз – дискурс» үштағанына сүйенсек, біздің зерттеуіміздің нысаны болып отырған драма алдымен мәтін күйінде хатқа түсіп, мәтін ішінде орналасады. Одан кейін сахналану барысында нақты вербалды, бейвербалды тұлғалар арқылы сөйлеу актісі бойынша жүзеге асырылады. Соңында субстанциялық әрекет бойынша драма тілі дискурстық айналымда өмір сүреді. Драматургиялық дискурс нақты адресат пен адресанттың арасындағы көзбе-көз жүзеге асатын ағымдық сипатқа ие сөйлеу әрекеті. Нақты уақытта, белгілі бір орында, нақты коммуниканттар арасында жүзеге асатын драматургиялық дискурстың табиғаты субстанцияға (тілдік тұлғаның өзара қарым-қатынас жасап, ақпарат алмасуы) жатады. Драма тілі де көп пропозициялы дискурс түріне жатады. Оның ішінде макропропозициялар, әрекет және күй пропозициялары ерекше орын алады. Бұл туралы ғалым К.Қ. Садированың «Қазақ тіліндегі көп пропозициялы дискурстың құрылымдық негіздері» (2009) атты зерттеуінде көп пропозициялы дискурс когнитивтік-семантикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Автор: «Көп проппозициялы дискурс танымның, ғалам туралы білімнің тілдегі көрінісін жеткізетін бірлік. Демек, онда ұлттық таным да көрініс табады. Оны зерттеу тілдің, сөздің (речь) коммуникативтік қызметінің когнитивтік астарын, тетігін анықтап, дискурс пен мәтін арасын ажыратуға ғана емес, коммуникативтік тұлға сөзінің, қазақша сөз сөйлеудің оң және теріс өзгерістеріндегі әсер ететін факторларды ажыратуға, ұлттық танымды бекітетін модельдерді саналы түрде іске қосуға мүмкіндік береді»,-деп тұжырымдайды [5, 9 б.]. Демек, драматургия тілі халықтың тарихи-мәдени өмірінен хабардар ететін тілдік деректік ақпарат көздеріне ие. Сондай-ақ, драмалық шығармалар тіл мен мәдениет сабақтастығын поэтикалық жүйеде көркемдейді. Сөзімізді қорытындылай келе, қазіргі таңдағы тілдік парадигмада – тіл ұлттың мәдени коды ретінде айқындалып жүр. Суреткерлер ұлттық драматургияда ұлттың сол кездегі тыныс-тіршілігін, менталдық болмысын, өмірге деген көзқарасын, мәдениетін, сол кезеңнің әдеби деңгейін тілдік тұлға арқылы танытты. Бұл өз кезегінде, тілдің әлеуметсіз өмір сүре алмайтындығын көрсетеді. Бұл жағдай көркем әдебиет тілінің ішінде, әсіресе, драма тіліне де қатысты. Өйткені, драматургия тікелей әлеуметке бағытталатын, тілдік норманы толық қамтитын жанр.

Оставить комментарий

Загрузка...