Жедел өмір қарқыны және экономика мен қоғамның дамуындағы нарықтық үлгіге ұмтылыс еліміздің еңбек нарығындағы күтілген реакцияға алып келді. Жоспарлы экономикадан нарықтық үлгіге ауысқан барлық мемлекеттер сияқты Қазақстанның еңбек нарығы дамыған Батыс экономикасына тән реттеуші шаралар (институттар тобы) ықпалымен құрылды. Еңбек нарығы бұл шараларға өздігінше жауап беріп, елімізде жалдамалы жұмыспен қатар басқа баламалы еңбек түрлерінің дамуына жағдайлар жасалды. Биресми жұмыспен қамту түрлерінің дамуына өткен ғасырдың аяғында болған еліміздегі дағдарыс және жұмыссыздық әсер етті. Ғаламдық коммуникациялық желілер және жаппай ақпараттану ғасырында нарық шаруашылығында жаңа дәуір бастау алды. Оған жеделдену, материалсыздану, орталықсыздану құбылыстары тән. Осы процестермен қатар кіші кәсіпорындар және биресми сектордағы жұмыспен қамту түрлерімен айналысатын адамдар саны артып, орта деңгейлі менеджерлерге сұраныс төмендейді. Халықаралық бәсекелестік салалардың интерұлттану процесін күшейтеді. Техникалық прогресс арқасында адам еңбегін қолдану азайғандығы –күрделі мәселе болып табылады. Калифорния университетінің профессоры Мануэль Кастельстің айтуынша, қазіргі күні жер бетіндегі еңбек және ақылы жұмыс әлемі қатты өзгеруде. Егер индустриялы әлемде жұмыс негізінен топтық, иерархиялық билік маңайында ұйымдасқан және кең ауқымды өндіріспен байланысты болса, қазіргі таңда жеке сипатқа ие және жұмыс орындарының желілік орталықсызданудың қарқыны өсуде [1]. Демек, Қазақстан экономикасындағы биресми жұмыспен қамту да өзінің ерекше еңбекті ұйымдастырушылық жағдайларымен қоса өте жедел дамуда. Жұмыс істеуге ниетті адамдардың барлығына мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдарда еңбек етуге мүмкіндік бола бермейді. Адамдардың көбісі жеке ісімен немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға, жеке еңбек етуге және жеке жауапкершілікке ұмтылады. Көп жағдайда оларға өзінің іс-әрекеттерін заң аясында жүзеге асыруға құқықтық шектеулер мен жүйенің бюрократиялық бұғаулары бөгет болады. Яғни, осындай жағдайда адамдардың жалғыз шешімі ғана қалады – биресми жұмыспен қамтумен айналысу. Егер биресми жұмыспен қамтудың еліміз үшін пайдалы тұстарын айтатын болсақ, оның таралуы және күшеюі жалпы еңбек сипатын өзгертеді. Дағдарыс жағдайында дәстүрлі жұмыспен қамту түрлері аясынан шыққан қоғам үшін биресми жұмыспен қамтусыз даму мүмкін емес. Биресми жұмыспен қамтудың түрлері мобильді және тиімді болғанымен, қазіргі кезде ел экономикасында құқықтық жағынан жеткілікті дәрежеде қорғалмаған және оны заңдастыруға жағдай жасау бастамалары қарастырылмаған. Мемлекет биресми жұмыспен қамту түрлерін (өз бетінше жұмыспен айналысу және жеке үй шаруашылығының күшеюі, қоғамдық-пайдалы жұмыс, т.б.) жұмыссыздықпен күресу үшін қорғауы қажет. Биресми жұмыспен қамту елімізде аса зерттелмеген мәселелердің бірі және көбінесе қауымдастық арасында бұл құбылысқа кері көзқарастар басым. Аталмыш мәселе еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады және осы бағыттағы зерттеулердің келесі даму бағыттарын ұсынуға болады: 1. Ең алдымен биресми жұмыспен қамтудың эволюциясын айқындау қажет. Бұл саланың таралу қарқынын анықтау өте маңызды, себебі оның нәтижелері бойынша мәселенің өзектілігін және бұл саланы әрі қарай зерттеу қажеттігін бағалауға болады. Оның қаншалықты жедел таралуын және даму мүмкіндіктерін бағалау маңызды болып табылады. 194 2. Өзекті мәселе – биресми жұмыспен қамту түрлеріне нені жатқызуға болады. Осы тұста тек қана абстракциялы ойларға сүйенбей, сонымен қатар нақты сандарға назар аудару қажет. Биресми жұмыспен қамтудың құрылымын анықтау, осы салаға тиісті іс-әрекеттер мен кәсіптерді айқындау маңызды. Осы бағыт аясында эмпиририкалық жолмен биресми жұмыспен қамтудың және ресми жұмыспен қамту арасыедағы ерекшеліктерді айқындау пайдалы шара болады. Бұл ерекшеліктер биресми жұмыспен қамту түрлерін зерттеуде негізгі тірек қызметін атқарады. 3. Биресми жұмыспен қамту түрлерінің құрылымын, ішкі және ұйымаралық қатынастарын, басқару тәжірибесінің ерекшеліктерін зерттеу жеке мәселе болып табылады және болашақта өз алдына дамитын бағыт бола алады. 4. Биресми экономика – қосымша зерттеулерді қажет ететін сала. Оған биресми сектордағы жұмыс істейтін адамдардың тағдырлары тәуелді. Сонымен қатар, дәстүрлі экономика заңдары биресми жұмыспен қамту саласында жарамсыз болып қалуы немесе өзгеруі мүмкін. 5. Биресми жұмыспен қамтудың жаңа түрлерінің ерекшеліктері туралы мәліметтерді жинау және талдаудың арнайы әдіснамасын құрастыру қажет. Мысалы: биресми жұмыспен қамтуға қатысты еңбек сұранысы мен ұсынысын зерттеу аса қиын шара емес, себебі ғаламдық торда ол туралы мәліметтер өте көп. Алайда, олар тек «белгілік» мәліметтер [70, 55]. Нақты ақпаратты жинау қиындыққа соғады. Жұмысқа қабылдау жеке сипатқа ие және көп жағдайда биресми түрде болып, ешбір жерде белгіленбейді. Қазіргі кезде «жаңа экономикада» қызмет етуші адамдар көп жағдайларда жоғары білімі бар, интеллектуалдық потенциалға ие адамдар ретінде қабылданады. Еліміз ашық нарықтық қарым-қатынастарға өтуіне байланысты еңбек нарығында биресми, яғни ресми түрде тіркеусіз жұмыстар саны жедел көбейе бастады. 90-шы жылдардағы дағдарыс салдарынан жұмыссыз қалған қаншама жоғарғы білімі бар адамдар өздерін биресми жұмыспен қамту түрлерінде тапты. Қызмет көрсету саласы дамыған экономикада биресми секторда негізінен адамдардың білім деңгейін алдыңғы орынға қояды, сол себептен «жаңа экономикада» біз мұғалім, инженер, экономист сияқты жоғары білімді адамдарды жиі кездестіре аламыз. Алдағы ғылыми жұмыс аясында Қазақстандағы биресми жұмыспен қамтуды әлеуметтанулық зерттеу арқылы респонденттердің субъективті мәліметтері бойынша зерттеу жоспарлануда. Зерттеу барысында адамдардың биресми жұмыспен қамту түрлерімен айналысуына ықпал ететін факторларды талдау, олардың мотивтері, құндылықтары және өмір салтының ерекшеліктерін анықтау жоспарда. Сонымен қатар биресми секторда еңбек ететін адамдардың өмірбаяндарын қарастыру барысында оларға «құрылым-қайраткер» әлеуметтік дилеммасы шеңберінде талдау жасауға болады. Бір топ ресейлік ғалымдардың айтуынша: «Барлық адамдар нарық заманында өмір сүргісі келеді, бірақ сонымен қоса, мемлекет оларды Кеңес одағы уақытында сияқты қамтамасыз етуін де қалайды.». Осы тұжырыммен келісуге болады. Қазіргі таңда еңбек қатынастары күрделі өзгерістерге ұшырады және кеңестік экономикалық жүйедегі билік пен халық арасындағы қарым- қатынастарды нарық заңдары аясында қолдану мүмкін емес. Яғни, ол тәжірибелер ескіріп қалды. Қазіргі уақытта адамдарға жеке еңбек етуіне, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына, билікке аса тәуелді емес болу талаптарын нарық заңдары алға қоюда. Егер Қазақстандағы еңбек нарығын бөлшектеп қарастыратын болсақ, оның құрамындағы биресми жұмыспен қамтудың қарқынды өсіп келе жатқандығын байқауымызға болады. Төмендегі сурет арқылы еңбек нарығындағы биресми жұмыспен қамтудың таралу ерекшеліктерін қарастырайық. Еңбек нарығы теория бойынша үш бөліктен тұрады: ауыл шаруашылығы, өндірістік сала және қызмет көрсету саласы. Ауыл шарушылығы мен өндірістік салада биресми жұмыспен қамту аса таралмаған. Оның негізгі таралу саласы – қызмет көрсету секторы. Қызмет көрсету саласындағы биресми жұмыспен айналысатын адамдарды шартты 195 түрде үш топқа жіктеуімізге болады: «қарапайым» қызмет көрсету саласындағы жұмыскерлер (үй шаруашылығымен айналысу, жеке адамдарды немесе жүктерді тасымалдау, тұрғын және жұмыс ғимараттарын жалға беру, жалдамалы жұмыскерлер, балаға қарау қызметі, т.б.), биресми саудамен айналысатын адамдар (заңсыз сауда жүргізу, контрафактілі өнімдерді сату, үй шаруашылығы өнімдерін сату, желілік маркетингпен айналысатын адамдар, саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер т.б.), «интеллектуалдық» қызмет көрсетумен айналысатын адамдар (жеке сабақ беретін оқытушылар, диллерлер, тележұмыскерлер, фрилансерлер, бірнеше жұмыспен айналысатын адамдар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, т.б.). Өкінішке орай, қазіргі таңда биресми секторда алғашқы екі топтың (заңсыз «қарапайым» қызмет көрсету мен сауда) үлесі басым болып табылады, ал қоғамда интеллектуалдар саны өте аз. Дегенмен, осы топ өкілдерінің саны жылдан жылға өсу динамикасына ие және келешекте еңбек нарығында үлкен сұраныс потенциалы бар екендігін мойындауымызға болады. Жұмыссыдық салдарынан адамдар түрлі жұмыспен айналысуға мәжбүр. Өзгерістер ықпалымен жұмыспен қамту саласында еңбек үлгілерінің кең ауқымды диверсификациясы орын алды. Схемада көрсетілген «зияткерлердің» қатары ақпараттық-инновациялық технологиялар мен байланыстың жаңа мүмкіндіктері, еңбек қатынастарының жаңа типтерінің дамуына байланысты жұмыспен қамтудың жаңа түрлерінде жұмыс істейтін адамдармен толықты. Жалдамалы жұмыс, өз бетінше жұмыспен айналысу және үйдегі жұмыс, фриланс, тележұмыс, портфелдік жұмыс, т.б. еңбек етудің диверсификациялық түрлері кең таралды. Биресми жұмыспен қамтудың еліміз үшін жаңа түрлеріне нақтырақ тоқталатын болсақ [2]: Фрилансер (freelancer) — Белгілі-бір кәсіп шеңберінде жоғарыдәрежелі қызметтер көрсетеді. Ұйымның штат құрамындағы қызметкері болып табылмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы (self-employed) — Тауар және қызметтерді жалдамалы еңбектің қызметінсіз нарықта өткізу үшін өндіреді. Ұйымның қатардағы қызметкері болып есептелмейді. Тележұмыскер (teleworker) — істеуге жұмыс алып, оның нәтижелерін қашық жерге ақпараттық-байланыс технологияларын пайдалану арқылы жібереді. 196 Үйдегі жұмыскер (home-worker) — үйде жұмыс істейді. Портфельдік жұмыскер (portfolio worker) — жұмыспен қамтудың бірнеше түрлері негізінде «жұмыстар портфелін» құрайды (әртүрлі жұмыс берушілер, жұмыспен қамту түрлері, іс-әрекет және білім түрлері). Ерекше адамдық капитал еңбек өнімділігін арттырудың басты құралдарының бірі болып табылады. Бұл қорды ескермеген жағдайда еліміз экономикалық дамудың негізі болып табылатын еңбек бөлінісі және маманданудың артықшылықтарын жоғалтып алады. Мемлекеттік билік осы жағдайларды түсіне отырып, еңбек нарығының мәселелерін шешудің әдістері мен идеяларын дамытуға ерекше ықылас бөліп отыр. «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасында еліміздің халқы арасындағы адамдық капиталды дамыту арқылы экономиканы дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген