iRef.kz

ЕГЕМЕНДІКТІҢ БӨЛІНБЕЙТІНДІГІ ТУРАЛЫ

Егемендіктің оқшаулатылмайтындығы себебінің пәрменімен ол бөлінбейді де, өйткені ырық не ортақ болады, не ондай болмайды; ол бүтін ретінде халықтың, не оның бір бөлігінің ғана ырқын білдіреді. Бірінші жағдайда осынау жария ырық егемендік актысы және ол заң жасайды. Екінші жағдайда – бұл жекелеген ырық немесе магистратура актысы; бұл, әрі кеткенде, – декрет. Бірақ біздің саясаткерлеріміз егемендікті принципінде бұза алмайтындықтан, егемендікті көріністеріне қарай бөледі. Олар оны күш пен ырыққа, заң шығарушы өкімет пен атқарушы өкіметке; салық салу, қазылық жасау, соғыс жүргізу құқығына; ішкі істерді басқару мен сыртқы қатынастарды жүргізу өкілеттігіне бөледі; олар біресе осы бөліктердің бәрін бытыстырып жібереді, біресе бірінен бірін бөліп тастайды; олар егеменнен әр жерден алынып, әртүрлі бөлшектерден құралған фантастикалық мақұлық жасайды. Бұл біреудің көзін алып, біреудің қолын алып, біреудің аяғын алып, басқа ештеңесін алмай, қолдан құрастырған адам сияқты болып шығады. Жапон көз байлаушылары көрермендердің көз алдында баланы бұтарлап тастап, содан кейін оның барлық мүшелерін бірінен соң бірін аспанға лақтырады ­ бала жерге сап­сау, бүтін күйінде түседі дейді. Біздің саясаткерлеріміздің де тірлігі, шамамен, осындай: Қоғамдық организмді, жәрмеңкеге лайық фокустар көмегімен бұтарлап, олар бұдан кейін не істерін білмей, оны бөлшектерден қайта құрастырады. Бұл адасу олардың жоғарғы билік туралы дәл түсінігі жоқтығынан, тек оның көріністерін, соның өзі деп қабылдауынан туындайды.

Осылай, мысалы, соғыс жариялау актысы мен бітімге келу актысын олар егемендік актылары деп қарастырады, бұл дұрыс емес, өйткені бұл актылардың әрқайсысы да заң емес, тек заңды қолдану ғана, заңды қолдау оқиғасын анықтайтын жеке сипаттағы акты ғана болып табылады, мұны біз заң сөзімен байланысты ұғым дәл анықтаған кезде айқын көреміз. Егемендікті бөліп­жарудың осындай мысалдарын ізерлей отырып, біз егемендіктің қалай бөлінгенін байқап отырған сияқты болғанымызда, біз қате жібереміз; біз егемендіктің бөлшегі деп қабылдайтын құқықтардың бәрі сол егемендікке бағынышты нәрселер екенін және олар жоғарғы ырықтың бар екенін, олар тек сол жоғарғы биліктің жүзеге асуына жол ашып беретінін көреміз. Жоғарғы билік жөніндегі соншалық жаңсақ түсініктерінің салдарынан саяси құқық туралы жазған авторлар өздері белгілеген принциптер негізінде корольдер мен бодандардың тиісті құқықтары жөнінде пікір айтпақ болғанда, олардың қорытындыларының қаншалықты қойыртпақ болып шыққанын сөзбен айтып жеткізу қиын.

Гроцийдің алғашқы кітабының үшінші және төртінші тарауларынан осы ғалым мен оның аудармашысы Барбейрактың өздері бітістірмек болған мүдделер туралы толық немесе жеткіліксіз айтып, оларды қақтығыстырудан қорқып, өздерінің софизмдерінде қалай бытыстырып, шатысып кететінін әркім көре алады. Өз отанына разы болмай Францияға қашып келген Гроций, езінің кітабын арнаған XIII Людовикке жағынбақ болып халықтардан олардың құқықтарын алып қойып, ол құқықтармен корольдерді барынша шебер жарылқау үшін ештеңеден тайынбайды. Өз аудармасын Англия королі I Георгқа арнаған Барбейрак та анық соған ұмтылған. Бірақ, өкінішке қарай, II Яковтың елден қуылуы (ол мұны тақтан бас тарту деп атайды) оны әртүрлі құйтұрқыларға барып, Вильгельмді билікті тартып алушы етіп көрсетуден бұлтаруға мәжбүр етеді. Егер осы екі автордың екеуі де нағыз ақиқат принциптерден айнымаса, барлық қиындықтар артта қалар еді, олар ылғи да дәйекті адамдар болып қала берер еді, бірақ онда олар не керек, шындықты айтып, сонысымен тек, халыққа ғана жағар еді. Бірақ ақиқат ешқашан байлыққа бастамайды, ал халық елші кызметін де, кафедра да, зейнетақы да бермейді.

Пікір қалдыру